ойын сауық отауы
Күй аңызы: Қаншайым
05.02.2024 402 0 Admin

Күй аңызы: Қаншайым

Аңыздар
Күй аңызы: Қаншайым
Бір жылы Кенесары қалың қолымен Арқаның Бетпақдала жақ жапсарындағы Болат, Тайатқан, Шұнақ, Мұңлы, Қулы тауларын тұрақ етеді. Бұл жерлер Шұбыртпалы, Тарақты, Тама руларының іргелес қонып жайлайтын мекені.
Сол жылы Кенесары інісі Наурызбайдың жанына қырық жігіт қосып, Кіші жүздің Тілеуқабақ деген ірі байына аттандырып, жасағына жұмсайтын мал алдырмақ болады.
Наурызбайдың от пен судан қайтпай жалындап тұрған кезі. Оның үстіне қаһарлы ағасына арқа сүйейді. Сонсоң да батыл қимылдап, Үшбурыл өзенін қиып өтіп, Тілеуқабақтың үш қос жылқысын айдап, жөнелсе керек. Сол кезде Тілеуқабақтың ер жеткен Әлі, Мұса деген екі ұлы, Қаншайым атты ақылына көркі сай қызы болады екен.
Қолды болған малының соңына түскен Әлі мен Мұсаны Наурызбай жалғыз өзі қарсы алып, екеуін де қуып тастайды. Сонда, намысқа шыдамай Қаншайым атқа мініп, Наурызбайды жекпе - жекке шақырады. Күш - қайратына сенімді Наурызбай қызға қол көтеруге намыстанып, Қаншайымды сөзге тартады. «Қол көтеріп қарсыласатын емес, құшақ ашып жар ететін жан екенсің», — депті Наурызбай. Сонда Қаншайым: «Құшақ ашып жар етсең, басыңа басым тең, Наурызбай! Бірақ ата салтынан үлкен емессің, өлетін мал мен тозатын дүниенің жолында аруаққа шет болмағайсың!» деген екен.
Сол жолы Наурызбай Қаншайымның ақыл - парасатына тәнті болып, көңілі құлай беріліп, жылқыны өз өрісіне кері айдатады. Сонан соң Тілеуқабаққа кісі салып, құдалық сөйлесіп, ақыры Қаншайымды алып қайтады.
Қаншайымның келін болып түскен жері Болат, Тайатқан, Шұнақ тауларының Бетпақдала жағындағы Майтөккен деген жер. Кенесары соңынан ерген жалғыз інісінің бас құрауына ұлан - асыр той жасайды. Көп мал сойылып, ақ май ағып, майлы сорпа көп төгілген осы жұрт кейін Майтөккен аталып кеткен.
Наурызбайдың үйлену тойы дүрілдеп өткен соң, екі жасқа арналып алтын үзікті ақ отау тігіледі. Ел - жұрт Наурызбай мен Қаншайымға ақ тілеу айтып, оң аяқпен босаға аттатады.
Жортуылда жүрген елдің ұйқысы сергек, етек - жеңі жинақы болатын әдеті ғой. Бірде, Наурызбай ерте тұрып, жасақ қосын аралауға кетеді.
Сонда, сыртта жүрген Кенесары отау үйдің жанынан өтіп бара жатып жабықтан қарап еді дейді. Бұл кезде Қаншайым отау ортасына қойылған жез леген үстінде суға түсіп тұрса керек. Кенесары өңі жылып, жымия күлген қалпы бұрылып кетеді.
Ханның осынау тосын қылығын байқап тұрған бәйбішесі «Мұның не?» деп сұрағанда, Кенесары: «Бір шүйкебасқа бола құр қол келгені қалай деп пұшайман болып жүр едім, Науанымның қосағы үш қос жылқыға тұрады екен!» — депті.
Бұл сөзді естігенде ханның ырымшыл бәйбішесі: «Апыр - ай, көзің жаман еді, сұғың өтер ме екен, түкір, түкір!» — деп шыр - пыр болады.
Айтқанындай, арада үш күн өткенде ару Қаншайым аз сәтте қарайып дүние салады.
Ел - жұрт күні бүгінге дейін Қаншайым сұлуға Кене ханның көзі тиіп еді дейді...
... Осы оқиғаны бала кезінде жалықпай тыңдап өскен Ықылас есейген шағында күй етіп тартып, оны «Қаншайым» деп атаған.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Күй аңызы: Қос ішек Күй аңызы: Қос ішек
Ертеде бір аңшы жігіт болыпты, деп айтылады «Қос ішек» күйінің аңызы. Сол аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы -
Шешендік сөздер: Қарадос деген екен... Шешендік сөздер: Қарадос деген екен...
Кенесары хан бастаған азаттық көтерілісі кезінде Қарадостың ауыл - аймағы ерте көктемде көшіп, Сырдарияның мұзы түспей тұрғанда өтіп, Қарақұмға қарай
Күй аңызы: Төремұрат Күй аңызы: Төремұрат
Көркіне аттылы бұрылып қалар асқан сұлу Данай қыз (кейін Қыз Данай аталып кетеді) сөзге шешен, ақылды болып өскен еді. Оның сұлу көркіне қызықпаған
Күй аңызы: Қасқыр Күй аңызы: Қасқыр
Ықыластың жастау кезінде әкесі Дүкен өзімен бірге Қоянды жәрмеңкесіне ертіп барыпты дейді. Онысы, ел көріп, жер танысын деген әкелік қамқорлығы болса
Қойсана ана. Қазақ тарихындағы әйелдер Қойсана ана. Қазақ тарихындағы әйелдер
Қойсана – Тарақты Байғозы батырдың қызы. Қазақ-жоңғар соғысындағы белгілі қолбасшы Шұбыртпалы Ағыбай батырдың анасы болады.
Бұқар жыраудың Наурызбай батырға айтқаны Бұқар жыраудың Наурызбай батырға айтқаны
Ей, Наурызбай, Наурызбай! Шапырашты Наурызбай! Асылы едің асылдың, Жасылы едің жасылдың.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×