ойын сауық отауы
Мұзафар Әлімбаев нақыл сөздері
03.04.2019 2 879 0 Дауыл

Мұзафар Әлімбаев нақыл сөздері

Бата, тілектер
Нақылнама
Мұзафар Әлімбаев, Қазақстанның халық жазушысы.

Нақылнамаға сенім

Алпыс жеті жыл түзген ақын дара,
Парасаттың нәріндей «нақылнама»,
Көңіліне жағарын, көрікті асыл,
Таңдап алар талғампаз халқым дана.

Алғы сөз
Мен Ертістің Керекулік өңірінде – Маралдыда туып - өстім. Әкем – мұғалім Айтмағамбет Әлімбайұлы мен ауыл ақыны анам Зейнеп Тәшембайқызының тәлім арқасында, Маралды атырабының ақын - жыраулары, ділмар - шешендері, әзілкеш - әзілқойлары мен ақылмен ұстаздарым арқасында бала кезімнен - ақ бейнелі - бедерлі, айшықты - ақылды сөздер тыңдап, талғап - теріп әдеттендім.
... Педучилищеде курстасым, досым Әйтіш Мәлікұлы оқыстан ауырып қалып, ауруханаға түсті. Дұрыс диагноз қоя алмаған емдеушілер есіл досымды өлтіріп ала жаздады. Соларға ыза болғанан: - Ебі жоқ дәрігердің емі жоқ! – деппін...
Бұл менің өз жанымнан шығарған ең тұңғыш елеулі сөзім екен! Онда мен он алтыға әлі толмаған тұсым.
Содан бергі 60 жылдан аса уақыт ішінде мен ен сүйгенде, не күйінгенде ауызша айтқан сөздерімді тізіп, сұрыптап, анда - санда баспасөз бетінде, өз кітаптарымда жариялап келемін. Ел аузына көшкендері де бар...
Нақыл жазылмайды, ойланбаған оқыста, табан астында ауызша шығарылады.
«Нақыл сөздің төркіннамасы» атты туындыда солардың біразының туу тарихы баяндалған...
Осы күнге дейін төл нақылдарым бір шаңырақ астында жиналып, кітап боп жарық көрмей келді.
Соның сәті енді түсті білем!
Оқырман қауым, талғамды замандастар осы кітаптағы өрнектемелерді тіл үйіріп, тұшынып оқыса, зердесіне пернелеп тоқыса, мен ырзамын!
Мұзафар Әлімбаев,
Қазақстанның халық жазушысы.

Алғыс айтқан қарғыс алмайды.
***
Ашудың ағат болмай, сауап болатын кезді де бар.
***
Асып төгілсе де алғыстың артығы жоқ.
***
Апыл - ғұпыл ішкен ас,
Асқазанға түскен тас.
***
Араққордың үсті бүтін болғанмен, ары жыртық.
***
Ақынның әкім болуы шарт емес,
Хәкім болуы шарт.
***
Арманнан айырсаң да,
Алламнан айырма.
***
Ауылдың алаяғы, ауылдан аулақта. «Әулиемін!» деп көкиді.
***
Абайға тоқтамайтын қазақ
Құдайға да тоқтамайды.

***
Адам досынан гөрі қасын терең таниды.
***
Аз тындырған айғайшыл.
***
Аз ақша санағанмен көбеймейді.
***
Академик мақтаса да, ақымаққа ақыл қонбас.
***

Ақиқаттың алтыны қоспасыз.
***
Ақылды кітап – атаңдай.
***
Айтылғанның бәрі маржан емес,
Ақындардың бәрі Мағжан емес.
***
Ашық қабақтың – асы дәмді.
***
Ақын – өлеңмен ойлайды,
Өрнекпен толғайды.
***
Айтушысы табылмаса, ән де өледі.
***
Ақсақалдың жасына жетіп ақиқатты айтпасаң, абыройлымын деме.
***
Адалдық өзі – әділдік.
***
Ақ шашты боясаң да, қара болмас,
Ақымақты хан көтерсең де, дана болмас.
***
Ата жауға құл болғанша,
Ата жұртта құл бол.
***
Асылдың сыңары – асыл.
***
Ардан әділ заң бар ма?
***
Алданған қыз, өзі де алдай бастайды.
***
Атаңнан пұл қалғанша,
Жыр қалсын де.
***
Араласпаған – ағайыннан адасады.
***
Аяр мінез, айыр тіл,
Талап жеуге дайын тұр.
***
Алыстағы арыстанның ақырғанынан,
Жақындағы есектің бақырғаны батады.
***
Арыстан мақтаса, ала тышқан да айбынды көрінер.
***
Айқайлап сөйлегеннен гөрі,
Ақырын сөйлеген сөзін жақсы ұқтырады.
***
Адамның ауылын ұмытқаны –
Бауырын ұмытқаны.
Балалық шағын ұмытқаны –
Ата сүтінің дәмін ұмытқаны.
***
Атасы бірдің,
Батасы бір.
***
Ақыл – Алланың бергені,
Білім – Адамның тергені.
***
Арыстанды қанша кемітсең де,
Арланның орнына ие болады.
***
Ауру шалға – арсыз, қап арқалатар.
***
Алаңғасар алты рет амандасар.
***
Ақылын көсем еткен адаспайды.
***
Аллаға тіл тигізсең, аузың қисаяр.
***
Алғыс алсаң да өзіңнен,
Қарғысқа қалсаң да өзіңнен.
***
Асығыс сөздің асылы аз.
***
Тау сыйлаймын деп сендірген суайттан,
Тарыдайды дәметпе.
***
Алашынан алыстағанның астынан су шығады.
***
Атағыңды ауыстыра алсаң да,
Отаныңды ауыстыра алмассың.
***
Ауру әлек салған соң,
Уайымға түсесің.
Жаның тәтті болған соң,
Ащы дәрі ішесің.
***
Ата жолын ұмытсаң, адасасың,
Ағарады мезгілсіз қара шашың.
***
Ана тіліміз анамыздай жалғыз - ақ!
***
Ар – адамды шолжаңдатпайды.
***
Айна – жетім, ақ жүздер үңілмесе,
Ине – жетім, ақ көйлек тігілмесе.
Кітап – жетім, жағалай оқылмаса,
Ту да – жетім, биікке тігілмесе.
***
Атасын сатқан – албасты.
Аруақтың жолын кескен азғындайды.
***
Абыройыңа шақтап сөйле сөзіңді,
Өз сөзіңнен биік қойма өзіңді.
***
Адам өз арманына оқ атпас болар.
***
Жау жамандығыңды көрсе – басынады,
Жақсылығыңды жасырады.

О, қорқайын мен неге? Мұзафар Әлімбаев О, қорқайын мен неге? Мұзафар Әлімбаев
Нағашы атасы: - Шам жақпаған үйде сен Қалмайды дейді. Қараңғы бөлмеге кір десең, Бармайды дейді. Осы рас па?
Сіңлің бар ма сенің? Мұзафар Әлімбаев Сіңлің бар ма сенің? Мұзафар Әлімбаев
Гауһар балабақшадан Мақтанды үйге кетерде: - Менің аппақ шекердей Туған сіңлім – бөпем бар. Өзінің аты – Шекербал!
Ойыннан қайтқан Орақ - Мұзафар Әлімбаев Ойыннан қайтқан Орақ - Мұзафар Әлімбаев
Ойнап - ойнап манадан, Орақ келді даладан. Пальто сүңгіп қуысқа, Бөрік зырлап бұрышқа, Етік шкаф үстіне Ұшып барып түсті де, Қолғап төрге атылды –
Сөз мәнісін айыра біл - Мұзафар Әлімбаев Сөз мәнісін айыра біл - Мұзафар Әлімбаев
Жолдасыңмен келіс те, Жұмысыңды кел, істе!
Туыстық жанға тым ыстық - Мұзафар Әлімбаев Туыстық жанға тым ыстық - Мұзафар Әлімбаев
Күн жетпейді, алаң боп Кітап оқи бастасам... «Шаруам көп, шамам жоқ», - Демейді анам ешқашан. Бізді бағып - қағады, Қайдан мұрша табады?!
Ана тілім ғажап деп айта аламын - Мұзафар Әлімбаев Ана тілім ғажап деп айта аламын - Мұзафар Әлімбаев
Ана тілім ғажап деп айта аламын, Жәннаттай жан балқыта жай табарым. Шырқатып ғұмыр бойы айтар әнім - Келеді толас таппай қайталағым.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×