ойын сауық отауы
Құмдағы «женьшень»
12.04.2021 733 0 Admin

Құмдағы «женьшень»

Денсаулық
Зерделі зерттеу
Құмдағы «женьшень»
Жанболат Аупбаев
Мойынқұмда іссапарда жүргенбіз. Шаруамыз бітіп, қонақ үйге қайтып келе жатқанымызда, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқан Сабыров мынадай қызық тақырыптың шетін шығарды.
– Осы жерде Серғазы Қылышбаев деген азамат бар, – деп бастады əңгімесін жолбасшымыз. – Мамандығы фармацевт, ол Мойынқұм даласындағы цистанхе деген өсімдіктің дəрілік қасиетін байқап, арнайы цех ашқан. Беталысы жаман емес. Кəсіпкерлердің өңірлік, аймақтық көрмелеріне қатысып, жақсы бағаға ие болып жүр.
– Патенті бар ма?
– Иə. Барып көргіңіз келсе, жүріңіз. Апарайын. Кеңсесі əне, анау мүйісте тұр.
…Біз келгенде кəсіпкер компьютерге үңіліп, əлденені асығыс іздестіру үстінде екен. Шаруамыздың жайынан хабардар болған соң жұмысын доғарып, аулаға алып шықты. Бұл оның шикізатты елден қабылдап алып, жуып, кептіріп, сақтайтын ашық жəне жабық қойма кешені болып шықты. Оны көріп болған соң іргелес ғимарат ішіне кірдік. Мұнда тазартудан толық өтіп, əбден іріктелген цистанхе өсімдігі тамырларын уататын аппарат тұр. Осыдан кейін барып ұсақталып, үгітілген шикізат торкөз елеуіші бар станокқа жалғасатын болып шықты. Осы үдерістен соң ұн секілді майда өнім 100 грамдық стандарт пакеттерге қапталып, конвейермен арнаулы картон жəшіктерге барып түседі екен.
– Көріп тұрсыздар, менің шаруашылық цехым міне, осы, – деді Серғазы бізді бөлмесіне қайта ертіп келе жатып. – Ал мұнымен шұғылдануыма не нəрсе əсер етті дейсіздер ғой. Енді соны айтайын. Бала кезімізде үлкен кісілер осы өңірдегі сексеуілдердің арасындағы құмда «қасқыр жем» деген өсімдіктің бар екенін сөз ететін. Көктемде тез бой көтеріп, ал жаз шыға бере сабағы қурап қалатын оған тасбақа мен кірпі жəне қасқыр, қарсақ қатты үйір екен. Ауыл адамдарының айтуынша, түз тағылары аталмыш өсімдіктің тамырын қазып, кеміретін көрінеді.
Аудан орталығындағы мектепті бітірген соң С. Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина университетіне оқуға түстім. Фармацевт мамандығын алып, көп жылдар сондағы аптека жүйесінде қызмет еттім. Осы салада жүріп байқағаным, шетелдік мықты деген дəрі - дəрмектердің бəрінің өсімдіктер шикізатына тікелей тəуелді екендігі еді. Сол сəтте көз алдыма Мойынқұм даласының тұмса табиғаты елестемесі бар ма?! Онда не жоқ дейсіз, бəрі бар ғой. Мəселен жоғарыда өзіміз сөз еткен «қасқыр жем» өсімдігі… 2010 жылы ауылға демалысқа келгенімде аталмыш табиғат сыйын барып көруге бел байладым. Ғажабы сол, оның жер бетіндегі діңінің биіктігі 40 - 50 сантиметрден аспайды екен де, құм астындағы тамырының ұзындығы 1, 2 метрге дейін баратын болып шықты. Өсімдіктің жерге жақын жердегі жапырақтарында құмырсқа, шыбын - шіркей өріп жүр. Демек сөлдің, тіршілік иелеріне қажет дəруменнің болғаны ғой! Осыны көріп, байқағаннан кейін өңірдегі қарттардан цистанхе – «қасқыр жемнің» мəн - жайын анықтауға көштім. Сөйтсем оның шын атауы сұңғыла екен. Оны айтқан мойынқұмдық агроном Тұрсынбек Айдынбеков еді.
Осылай деген Серғазы сəл үнсіз қалды да іле əңгімесін қайта жалғады. Оның сөзінен аңғарғанымыз, цистанхе, яғни, сұңғыланың тамыры өзінің емдік қасиетімен шығыс медицинасында ертеден бері белгілі екен. Атап айтқанда ол сол заманда - ақ адамдардың бүйрегі мен қуығына суық тигенде пайдаланылып отырыпты. Сөйтіп қазіргі медицина тілімен айтқанда емшілер мұны цистит жəне пелионефритке қарсы қолданған. Бүгінгі фармацевтика ғылымы бұл өсімдіктің тамырынан жасалған препараттардың антиоксигентті белсенділігі өте жоғары екендігін айтады. Бұл миды, сондай - ақ денені қимыл - қозғалысқа келтіретін жүйке жүйесін барлық зиянды факторлардан қорғайды деген сөз. Себебі цистанхенің құрамында жоғарыдағы сөз еткендерімізден басқа көптеген белсенді заттардың жиынтығы бар. Ол осы ерекшеліктерінің арқасында кең ауқымды фармакологиялық спектрге ие. Нақ осындай себептерге байланысты əлемде өсімдік шикізаты негізінде дəрі - дəрмек препараттарын өндіруде жетекші рөл атқаратын Қытай мемлекеті оны қандай жолмен болса да алуға өте - мөте мүдделілік танытып отырған жайы бар.
– Мен цистанхенің осы қасиеттерін көптеген ғылыми еңбектерден оқып біліп, Мойынқұм даласында біраз зерттеу жұмыстарын жүргіздім, – деді Серғазы. – Содан соң Алматыдағы өзім фармацевт болып істеп жүрген қызметімді тастап, осы жұмыспен нақты айналысу үшін ауылға көшіп келдім. Сөйттім де аудан орталығынан жер телімін алып, өздеріңіз көріп отырған мына цех ғимараты мен қойманы салуға кірістім. Мақсатым – шөл даланың өзіміз сөз етіп отырған шөбі – цистанхе негізінде фитошай өндіру болды. Осы оймен 2013 жылы əзірлеген жобам кəсіпкерлікті демеу жөніндегі «Даму» қоры тарапынан қолдау таппасы бар ма?! 3 миллион теңге көлеміндегі сол грант қаржысына өсімдік тамырын ұнтақтайтын аппарат пен өнімді фильтр пакетке салатын жабдық сатып алдым. Соның нəтижесінде көптен күткен төл тауарымның тұңғыш партиясын шығаруға қол жеткіздім. Ал 2014 жылы бизнесті дамытудың қосымша көзі ретінде жоғарыдағыдай мөлшердегі несиені «Еңбекпен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша алдым. Ол қаржы маған ауладағы бұрын қолға алып бітпей тұрған жерасты кəрізі мен сорап жəне шикізатты тазалап, кептіретін алаңды аяқтауыма көп көмек берді.
Серғазының əңгімесіне қарағанда оның шығарған «Сұңғыла» фитошайы бастапқы кезде онша көп сұранысқа ие бола алмаған. Жұрт жаңа тауарға сенбестікпен қарапты. Бірақ уақыт өте келе кəсіпкердің өз кеңсе ауласына жанашыр қауымды жиып, өнімді насихаттайтын тұсаукесер өткізуі, аудандық газеттегі: «Бұл бүйрек пен несеп жолдары жұмысын жақсартады. Артериалды қан айналымын қалыпқа келтіріп, қанның құрамындағы қант мөлшерін төмендетеді, буын ауруларын бəсеңдетуге көмектеседі», – деген жарнама жолдарын оқығаннан кейін жергілікті тұрғындардың фитошайды сатып алып, жақсы пікір білдіруі оның жолын ашады. Сөз орайында «Сұңғыланың» елге жақсы танылуына Серғазы Қылышбаевтың 2016 жылғы «Қазақстанның үздік тауарлары» аймақтық конкурсы көрмесіне қатысуы айтарлықтай серпін беріпті. Сонда Мойынқұмда өндіріліп, əдемі дизайны бар қораптарға салынған 2 грамдық фильтр қалта мен 100 грамдық пакеттегі фитошай келушілерге қатты ұнаған. Қонақтардың көпшілігі сонда оны асқан құштарлықпен сатып алып, үйлерінде 1 - 2 ай пайдаланған соң оның өзіндік əсер ету күшіне тəнті болады. Сөйтеді де өз өңірлерінен алғыс айтқан хаттар жолдап, оны қалай сатып алудың жолдарын сұрайды.
Сөзімсіз құрғақ болмас үшін кəсіпкердің сайтында тұрған сондай пікірлердің кейбіреуін оқырмандар назарына ұсынайық. «Серғазы, – депті Олег Фессель деген тұтынушы өзінің хатында. – Сіздің мен сұратқан өніміңізден əлі бар ма? Айтайын дегенім, сізді мазаламай - ақ, оны өз өңіріміздегі салалық аптекалардан сатып алсам деп едім. Оны Ресей аумағының қай жерінен табуға болады?». Көрші ел азаматы осылай десе, өз отандасымыз Бақыт Кəрібоз: «Ең бастысы бұл иммунитетті күшейтеді. Сондықтан да мен оны кəдімгі шай орнына ішемін», – депті. Ал, Махамбет Құрыш атты Астана тұрғыны болса: «1, 5 литрлік əйнек банкідегі қайнаған суға 2 ас қасық фитоөнімді шай секілді шығарып, оған аздап бал қосып ішіп көріп едім, денемді сергітті. Үш ай сусын орнына пайдаланғанымда, бүйрегімнің күн бұлыңғыр тартқанда сыздайтын ауруы басылды», – деген пікірін білдіріпті.
– Өзің айтып отырған сұңғыла Мойынқұм даласында соншалықты көп пе? – дедім мен келесі кезекте кейіпкерімізден. – Мұны сұрап отырғаным көктемде жинағанда сіздер оны түп - тамырымен қопарып, тұтастай қазып алады екенсіздер. Осылай бола берсе ол кейін бұл өңірден жойылып кетпей ме? – Жоқ, – деді əңгіме иесі. – Бұл – жабайы өсімдік. Болмысы мен бітімі берік арамшөп. Қазылған жерде тарамыстай жұқанасы қалса болды, жер бетіне қайтадан тырмысып шыға келеді. Былайша айтқанда жаны сірі. Олай болатыны басқа өсімдіктердің өсіп - өнуіне өте қажет алғышарт – фотосинтез құрылымы мұнда жоқ. Сондықтан да сұңғыла жер астынан өзі нəр алатын серіктес іздейді. Тамырының ұзын болатын себебі сол. Ақыры ондай демеушіге инстинкті түрде қол жеткізген соң, ол соған арқа сүйейді де «уайым - қайғысыз» өсіп - өне береді. Ал оның сондағы сүйеніші не дейсіздер ғой. Сексеуіл мен жүзген. Ол осылармен «тіл табысып», өзіне қажетті су, басқа да нəрлі дүниелерді солардың бойынан тартып алады да отырады.
– Түсінікті. Енді мынаны айтыңызшы. Сұңғыланы қай уақытта жинап, дайындайсыздар? Сіздің цехтағы жұмыс ырғағының тоқтамауы үшін жаздың соңы мен күз, қыс маусымдарына қанша килограмм немесе центнер тамыр қажет?
– Цистанхеге жорық əдетте көктемде, яғни сəуірдің ортасында, ол гүлдеп жатқан кездегі 10 - 15 күн ішінде жүргізіледі. Сексеуіл тоғайлары арасындағы құмнан қазып əкеліп тапсыратындар – ауыл адамдары. Олардан сатып алынған шикізаттың артық - кемі кесіліп - жонылып өңдеуден өткеннен кейін мына ауладағы əк төселген ашық алаңға жаймаланып қойылады. Əк шыбын - шіркей мен құрт - құмырсқа жоламас үшін қажет. Содан соң осында тамырларды тазалап жуып, кептіру жүргізіледі. Осы термоөңдеудің бəрі атқарылып болғанда, шикізаттың салмағы мен көлемі айтарлықтай азаяды. Егер мен орта есеппен бір маусымда 4, 5 тонна сұңғыла жинайтын болсам, содан «құрғатылған қалыпта» ол шамамен 700 - 800 килограмға азаяды. Содан қалғаны маған жеткілікті.
Əңгіме аяқталуға жақындап келе жатты. Сол кезде біз Серғазыдан тағы да екі нəрсені сұрап қалуға бел байладық. Оның біріншісі кейіпкеріміздің сұңғыла мəселесімен елімізде өзінен басқа айналысып жатқан жеке ұжым немесе ғылыми - зерттеу орталығы бар ма деген сауал еді. Ал екіншісі кəсіпкердің қолға алған бұл ісіне қатысты шешімін күткен қандай проб лемалардың алда тұрғандығы болатын. Алғашқы сұраққа байланысты Серғазы елордадағы Л. Н. Гумилев атындағы ұлттық университет ғалымдарының сұңғыладан экстракт алу жөніндегі ойларын, оның қызық талпыныс екенін айтты. Ол идея бойынша бір тонна шикізаттан бір килограмм сығынды сөл өндірілуі тиіс. Мұны басқа реагенттермен байытып, шағын шөлмектермен шығарған кезде өнімнің еліміз өңірлеріндегі тасымалдау шығыны азайып, республикамызға өте тез таралар еді дейді кəсіпкер. Сондай - ақ ол бізді Астанадағы медицина академиясы ғалымдарының да цистанхе тақырыбына қызығушылық танытып отырғанынан хабардар ете кетті. Олардың зерттеуіне қарағанда сұңғыла антиоксидтік жəне сергектік беру көрсеткіштері жөнінен көк шайдан 5 есе артық болып шығыпты. «Ал енді шешімін күткен мəселеге келсек, – деді Серғазы. – Мемлекет тарапынан 1 - ден 5 тоннаға дейінгі өнімге қосымша салықсыз квота болса…». Содан кейін тағы бір əңгіме айт ты. Алдағы арманы мұндағы сұңғыла өсімдігінен басқа құмдағы жантақ, мия, дүзгенді де фармацевт көзімен қарап, зерттеп, дəруменді зат алу екен. Өн бойы толған идея. Ісінің бəрі ізденіс. Қиялы қызық. Ойлай келе: «Ел ішіндегілер Серғазы секілді инновация иесіне еліктесін. Ал жазғанымыз жігітімізге жарнама болсын», – деп осы дүниені тудырдық.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Қасқыр киесі Қасқыр киесі
Түнімен жол жүріп, Ақмола жақтан келе жатқан бетім еді. Қар борап тұрған. Күйік асуы жабық дегенді есітіп, амал жоқ тоқтағанмын. Таң атып қалған.
Қасқыр менен мысық - Спандияр Көбеев Қасқыр менен мысық - Спандияр Көбеев
Аңшылар аңға шықты мылтық алып, Иттерін жүйрік - жүйрік ертіп алып, Ішінде қалың тоғай ұйықтап жатқан, Бір қасқыр қаша берді тұра салып.
Қожанасыр мен ұры Қожанасыр мен ұры
Бір күні ұры Қожанасырдың қалпағын ұрлап алып қашып кетті. Қожанасыр дереу жақын маңдағы зиратқа барып күтіп отырды. Оны көрген адамдар: - Сіз мұнда
Мүйісте Мүйісте
Селк етіп, секем алып қарадың - ау, Қай таудың киігі едің, қарағым - ау!? Төбеңде шыр айналып бала қыран, Мүйісте мергені бар қала мынау.
Шойынжол Шойынжол
Бір қаладан шығарып, Азғантай елді қақ жарып, Шойын жол сала бастап ед. Өтіп кетті талай жыл,
Қожанасыр туралы әзілдер Қожанасыр туралы әзілдер
Қожанасыр және бір сараң бай бір ауылда өмір сүріпті. Қожанасыр байды көпшіліктің алдында үнемі қағытып жүреді екен.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×