ойын сауық отауы
Қыз әулие. Қазақ тарихындағы әйелдер
01.05.2017 2 963 0 Дауыл

Қыз әулие. Қазақ тарихындағы әйелдер

Бұл қызықты
Қыз әулие. Қазақ тарихындағы әйелдер
Ақтөбе облысындағы «Қыз әулие» атанып кеткен киелі жер туралы айтылып жүрген аңыз көп. Бірақ «Қыз әулиенің» тарихтағы орны туралы нақты ешкім білмейді. Халық санасында қалып қойған қасиетті мекен. Оның шын аты – Сұлу болған екен.
Жұрттың айтуы бойынша, «Қыз әулие» - Кеңқияқ маңында жатқан тағы бір киелі қорым иесінің қызы. Өйткені, апатты жағдайлар болғанда, не боларда жергілікті халықтың түсіне бір қарт адам мен қыз әулие кіріп ескерту жасайды. Сондықтан исі қазақ, ағайын-туыс болып 1996 жылы «қыз әулиенің» басына құлпытас орнатқан. Ол жерде ерекше бір ағаш өсіп шыққан. Жаман түзде жалғыз өзі тұратын. Сосын халық сол ағаштың маңына құлпытас белгі орналастырған. Өскен ағашты да, орнатқан құлпытасты да 2007 жылы Ваххабистер жиналып келіп, қиратып-шауып тастаған. Дендертас – Қыз әулиенің шашуы. Жиембет жыраудың «Жотасы биік Дендерім» деп жырға қосқан мекені Атырау облысының Батыс Қазақстан облысымен шектесер тұсында орналасқан. Ресейдің Орал тауының сілемі осы Дендер өңірінде аяқталады. Жергілікті халық бұл тауды Дендертау деп атайды. Дендер деген атау қалмақтың төбе, биіктік деген сөзінен шыққан. Тау-тасы мен жотасы жан түсінбес жұмбақ сыр бүккен бұл мекенге қатысты аңыз көп. Соның бірі – Дендертас жөнінде әпсана. Осы жерде өмірге келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қойшығұл Жылқышиев бізге Дендертас туралы аңызды айтып берді. Дендердегі атақты бір байдың Жауһар атты қызы болыпты. Бір күні қыз отауының сыртына біреу дүбірлете шауып келіп, атын мама ағашқа асығыс байлай сала, киіз үйге іріп келеді. Қаннен қаперсіз отырған қыз сасқалақтап, киініп те үлгере алмай қалады әрі үйде жалғыз еді. Аңғарғары – алдында тұрған жігіттің көз тоймас көріктілігі, таныс емес үйге баса-көктеп кіргені де іштей батылдыққа жорып қояды. Бай әкесінен қаймығып бұл үйге қыздың қатар-құрбылары да емін-еркін кіре бермейтін. Шала-шарпы қымтанған қыз әдеп сақтап, жігітке «төрлетіңіз» дейді де, өзі жүгіре басып әкесінің шаңырағына барады. Әңгімені естіген әкесі «бұл қай басынғандық?» деп ашуға басып, жандайшаптарын шақырып, жігіт отырған қыз отауының сыртын қыл арқанмен шырмап байлап тастайды да, байлауда тұрған айғырын піштіртіп жібереді. «Қыз үстіне баса-көктеп кіргенді көрсетейін!» деген түрі болса керек. Бір күн өтеді, жігіттен үн шықпайды. Екі күн өтеді, тым-тырыс. Шілденің аптап ыстығы. «Бұл тым болмаса су сұрамай ма екен?» деп енді байдың өзі қобалжи бастайды. Байлаудағы айғыр да ұшты-күйлі жоқ. Құдайдың құдіреті, бай қыз отауының шырмауын шешкізіп, ішке кірсе, ешкім жоқ! Ақылға келген бай әлгі жігітпен тым болмаса тілдеспей, біліспей қалғанына өкінеді. «Жын ба, шайтан ба?» деген күдік көңіліне кіріп, қызынан қайталап сұрай береді. Жын дейін десе, айғырды піштірген кезде өзі де жұртпен бірге қарап тұрған. Осы күннен бастап қыз мінезіне өзгеріс ене бастайды. Күндіз-түні көз алдынан көркем жігіттің бейнесі кетпей қояды. Сондай күндердің бірінде жігіт қыз түсіне еніп, аян береді: «Жауһар, сенің әкең жайлап отырған Жамантау, шын мәнінде, жаман тау емес, заманның тауы. Асты-үсті тұнған байлық. Оны аулға сенің көңілі тар әкеңнің ғұмыры жетпейді. Енді оның бұрынғы бар заманы зар заманға айналады. Мен Мәтен деген әулие едім. Саған әулиелік дарытқалы келіп едім, әкең кедергі болды. Бірақ бәрібір сен әулиелік жолға түсесің. Әке байлығының саған қажеті жоқ, еліңе қызмет қыл, ауырғанды емде, алдағыны болжа, жеріңді қазағыңнан басқаға таптатпа. Сенің әр сөзің, тіпті көз жасың халқыңа пайда әкеледі. Әулиелігіңе елді сендіру үшін тау басына түнде жанып, қасына адам жақындағанда қозғалып, алыстап кететін «Дендер» деген ғажайып тас қалдырдым. Ол тас әзірге сенің қолыңа түспейді, қартайғанда ие бола аласың. Сол кезде ғана еліңе керемет заман орнайды», деп. Жауһар ұйқыдан оянған бойы Жамантауға бет алады. Құрбыларына көрген түсін айтып, бір өзі барғысы келетінін айтады. Артынан шауып келген әкесіне құстай ұшып жеткізбейді. Бойына бір қасиеттің қонғанын сезген қыз күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады, ойынан көрікті жігіт кетпей қояды. Амалы жоқтығынан диуаналық күй кешіп кетеді. Бірақ қыздың айтқаны айнымай келетін, қолының ұшы тиген сырқаты тәуір болып кететін болады. Солай ол «Қыз әулие» атанады. Бай әкесінің бар малы бір жұтта қырылып қалып, байғұс күйге түседі. Қыз әулиенің кереметтігі сол – ел шетіне жау кіргізбейді, халықтың байлығын тау астына жасырып ұстайды. Баяғы көрікті жігітке деген ғашықтығы бір сәт те басылмайды. Бірде Қыз әулие төбе басына шығып, құсалықтан жылайды, біраз уақыттан кейін басын көтеріп қараса, алдында жарқырап айдын көл жатыр дейді. Бұл қыздың көз жасынан жаралған көл екен. Күркіреуік, Сарқырауық деген бұлақтардан құйылып жатқан көлдің суы мен балшығына Қыз әулие емдік қасиет қосады, тұзды бұлаққа айналған бұл мекен талай адамның дертіне шипа болады.
Осы көрініс жанын нұрландырған Қыз әулие айналасына қараса, өріс малға толыпты, ел еңсесін көтеріпті. Алақанында – ғашығы Мәтен айтқан Дендертас! Жарқыраған тасты қолына қыса ұстаған күйі «Мәтен мен Дердертасты таптым!» деп төбеге қарай жүгіре жөнелгенде алдынан бір қария кезігеді. «Жауһар, мен мұндамын. Дендертасты еліңе шашу қылып шаш. Бұл – байлық нұры, бақыт жыры! » - дейді де, көзден ғайып болады. Құшағын жайған бойы ауа қармап қалған Қыз әулие: «Мен енді не істеймін, Мәтен?» - деуге ғана шамасы келеді. Сол кезде бейіт астынан: «Біз өмір бойы бір-бірімізге қолымыз жетпей өттік, енді сен менен алыстама», - деген дауыс естіледі. Қыз әулие сол сәтте Дендертасты еліне шашу қылып шашады. Жұрттың бәріне жетті-ау деген кезде өзі де Мәтен зиратының жанына барып, жер астына кіріп жоқ болып кетеді. Сөйтіп, Мәтен мен Жауһардың зираттары ел бас иетін қасиетті мекенге айналады. Қыз әулиенің көз жасынан жаралған Индер көлі айнадай болып ағып жатыр. Қазақстанда теңдесі жоқ Мұзқұдық та – осы маңда. Қысы-жазы ерімейтін Мұзқұдық жайлы да ел аузында аңыз көп, соның бірінде ол Жауһардың Мәтенді енді таба алмайтынына көзі жетіп, көңілі суынғанда пайда болған делінеді. Мәтен бейіті мен Қыз әулие мәңгілік тыныстаған жеден сәл алға жүрсең, алдыңнан Махамбет пен Сырым батырға бата берген Малайсары бидің мазары көзге шалынады. Одан 40 шақырымдай жерде Мұрат Мөңкеұлының зираты жатыр.

Салт - дәстүр сөйлейді: Марқұмдарды риза ет Салт - дәстүр сөйлейді: Марқұмдарды риза ет
Жүрек көзі ашылған бір әулие жапан түзде келе жатып, түнде жалғыз қалады. «Жалғыз қалсаң, зиратқа түне» деген сөз есіне түсіп, қорымға барып қоныпты.
Қыздар туралы мақал - мәтелдер Қыздар туралы мақал - мәтелдер
Қыздар туралы мақал - мәтелдер Қызды ауылдың иті жатпас Ақылды қыз — ауыл көркі. Алқатсаң алқат қызынды, ақтар ол дәм - тұзыңды. Апасы киген
Ақтолыс ана. Қазақ тарихындағы әйелдер Ақтолыс ана. Қазақ тарихындағы әйелдер
Есімі ел аузында сақталған көріпкел және емші. Есім ханның замандасы Жарылқамыс батырдың інісі Жалаңның зайыбы.
Болған ана. Қазақ тарихындағы әйелдер Болған ана. Қазақ тарихындағы әйелдер
Болған ананың күмбезі Жезқазған қаласының оңтүстігінде Сарысу өзенінің жағасындағы биік төбенің басында орналасқан. Сол маңдағы күмбездердің ішіндегі
Белең ана. Қазақ тарихындағы әйелдер Белең ана. Қазақ тарихындағы әйелдер
Белең ана – Жошының екінші қызы. Оны қарахандар әулетінен шыққан, Тараз бен Қашқарды билеуші Арыстан ханға ұзатқан. Шыңғыс ханның мұндағы мақсаты
Бегім ана. Қазақ тарихындағы әйелдер Бегім ана. Қазақ тарихындағы әйелдер
Бегім ана – Қарабура әулиенің қызы, Салжұқ мемлекетінің ханы Санжар сұлтанның әйелі. «Мәлік шахтың патшалық құрған тұсында Салжұқтар елі әбден
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×