ойын сауық отауы
Келдік талай жерге енді
04.04.2016 2 921 0 Дауыл

Келдік талай жерге енді

Өлеңдер
Абай Құнанбаев

Келдік талай жерге енді,
Кіруге - ақ қалдық көрге енді.
Қызыл тілім буынсыз,
Сөзімде жаз бар шыбынсыз,
Тыңдаушымды ұғымсыз
Қылып тәңірім берген - ді.
Осы жасқа келгенше,
Өршеленіп өлгенше,
Таба алмадық бір адам
Біздің сөзге ергенді.
Өмірдің өрін тауысып,
Білімсізбен алысып,
Шықтық міне белге енді.
Енді аяңда, жығылма,
Сыймас жерге тығылма,
Қой бұрынғы желгенді!
Қайғы шығып иыққа,
Қамалтпасын тұйыққа,
Сергі, көңілім, сергі енді!
Балапан құстай оңдалып,
Қанатыңды қомданып,
Жатпа ұяда қорғанып,
Ұш, көңілім, көкке, кергі енді!
Көңілде қайғы, қалың зар,
Айтатұғын сөзім бар,
Салсын құлақ ұққандар,
Өрбі, сөзім, өрбі енді!
Іште қайғы дерт пысып,
Көкіректі өрт қысып,
Айтуға көңілім тербенді.
Өзің жалғыз, надан көп,
Ұқтырасың сен не деп,
Әулекі, арсыз елге енді?
Тыныштық сүймей қышынып,
Өтірікке тұшынып,
Пәледен тұрмас шошынып,
Тұл бойын желік жеңген - ді.
Туған жерді қия алмай,
Тентекті жеңіп, тыя алмай,
Әлі отырмыз ұялмай,
Таба алмадық өңге елді.
Әзелде тәңірім сорлы етті,
Арсыз елмен әуре етті,
Жалғыз үйде күңірентті,
Тағдырға білдік көнгенді.
Адам деген даңқым бар,
Адам қылмас халқым бар,
Өтірік пен өсекке
Бәйге атындай аңқылдар —
Тұла бойым шіміренді.
Барма топқа шақырмай,
Жат үйіңде шатылмай,
Шыдармын ба, япырмай,
Жатуға шықпай үйде енді?
Қатыныңның ойнасын
Көрсең, білсең қоймасын,
Не ойлар едің өз басың,
Сонымен тең біз де енді.
Абай Құнанбайұлының басқа өлеңдерін қарау

Әй, көңілім - патшасың - ау, патшасың! Әй, көңілім - патшасың - ау, патшасың!
Әй, көңілім - патшасың - ау, патшасың, Армандайсың біреудің бау - бақшасын. Тілегіңді орындаймын деп күнім, Көбеюде ақ шашым.
Кетпейтін естен ғашық жар - Сәкен Сейфуллин Кетпейтін естен ғашық жар - Сәкен Сейфуллин
Кетпейтін естен ғашық жар! Айта алмай жүрген сөзім бар, Талай жерде оқталып, Айтуға көріп ұят-ар.
Домбыраға қол соқпа Домбыраға қол соқпа
Домбыраға қол соқпа, Шымырлатып бір - бірлеп. Жүрегім, соқпа, кел тоқта, Жас келер көзге жүр - жүрлеп.
Қаламыма Қаламыма
... Енді, бетім, елді көр еңбек емген, Басында бағы жанып, күнде күлген, Қомданып, қас қырандай қаруланып, Алыста орағытқан жауға төнген.
Құдіретті Қазақ тілі Құдіретті Қазақ тілі
Қазіргі бейбіт тіршілігіміз, жарқын күндеріміз, шуақты өміріміз бәрі, бәрі де тек қана тұғырлы Тәуелсіздігіміздің арқасы! Тәуелсіздігіміз мәңгілік
Онда күз еді, тағы да енді күз келді Онда күз еді, тағы да енді күз келді
Онда күз еді, тағы да енді күз келді, Хазар жақтан ақша бұлттар жүзді енді. Сол бұлттардан сарбаздың ұқ сәлемін, Қауыштырар күн де жақын бізді енді.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×