ойын сауық отауы
Арман
09.04.2016 15 693 0 Дауыл

Арман

Өлеңдер
Мұхтар Шаханов

Арман
Ерте, ерте, ертеде Отырарда,
Біздің іңкәр өлкеде,
Иық бұрмай тек білімнен басқаға
Қатар өсті екі бірдей жас бала.

Қатар жүріп сан өнерге машықты,
Бірге оқыды, бірге ойнады асықты.
Екеуіне назар бұрды ел ерек,
Өйткені олар дарынды еді керемет.

"Таңдайымыз өрісті оймен татымақ",
Деп қуана езу тартты атырап,
Ал дарындар медресені тауысты
Он екіге жасы ілікпей жатып - ақ.

Сыбағасын тағдыр дара бөлгендей,
Өсе берді төске шауып, төрге өрлей,
Екеуіне қараған жұрт сүйсінді,
Отырардың болашағын көргендей

Отырарда жаны жайқын дария,
Ойы безбен бар еді бір қария.
Сол қария бір күні екі шәкіртті,
Қүрметпенен өз үйіне шақыртты;

- Балақайлар, балапандар, көк өрім,
Сендерге бір сауал қойсам деп едім,
Туған жан деп өнерімен, өртімен
Екеуіңді сөз етіп жүр ел түгел.

Мен де танып білсем деп ем, Кімсіңдер?
Қандай арман жетегінде жүрсіңдер,
Қандай бағыт ұстайсыңдар түбінде,
Сонша неге құштарсыңдар білімге?

Қане, Дойыл, сен айтшы? Дойыл айтты:
- Жалғыз арман бар менде,
Шектесетін қулықпен де, ар мен де.
Жалын иі ашса өнерімнің өрнегі
Сонау Йемен, Мысыр, Бағдад елдері
Түгел танып жыр ететін тандана,
Саудагер боп шықсам деймін, жан баба.
Тірлігімде жабырқамай, жасымай,
Ата жолын қусам деймін осылай.
Бой шалдырмай бос мақтан мен өсекке
Өмірімді құрсам деймін есепке.
Ұтыласың, жебемесе желекті ой,
Бұл өнердің табиғаты ерек қой.
Қаншама елмен сауда - саттық жасауға
Соншама елдің тілін білу керек қой
Табу үшін жұрт таппаған айланы,
Көру үшін жұрт көрмеғен пайданы,
Шығу үшін жұрт шықпаған белеске,
Жұрттан асқан білім керек емес пе?
Тілін тапсаң кім созбайды қол ұшын,
Өнер қажет, білім қажет сол үшін.

Қарт күрсінді:
- Ұлым, желік қуыпсың!
Неге мұнша желтоқсандай суықсың?
Барымызға туған дарын болар деп
Қуанып ем,
Сорымызға туыпсың.
Сор боларсың, одан не мән табарсың,
Арманыңды, бәлкім, қайта қарарсың?

Бірақ Дойыл тұрып алды паңдана:
- Арманымды өзгерте алман, жан баба!
- Ал сен қалай бағыттадың нұрыңды,
Жасырмай айт,
Жасқанбай айт сырыңды -
деп қария Дойылмен бір отырған
Ұяң шәкірт жас Әбуге бұрылды.

Әбу айтты:
- Менде де бар бір арман,
Маздап жанып, қол бұлғайтын шынардан.
Ұлы баба, бірақ менің арманым
Парыз бенен махаббаттан құралған.
Шамын жақсам ғылым менен өнердің,
Елімді зор мерекеге бөлермін.
Бұл сапарым азапты да шығар - ау,
Не де болса пешенемнен көрермін.
Мейлі мәңгі жарымайын киімге,
Мейлі түйір нан қалмасын үйімде,
Мейлі ұлының еңбек етіп арымен
Жүргендігін ұғынбасын қалың ел.
Қарлы боран қыран жолын бөгер ме?!
Өнеріммен тасып толам кемерге.
Мен өзіме риза емеспін, елімнің
Сүйеніші бола алмасам егер де.

Қарт жымиды:
- Бәрекелде, жаз жайраң!
Көл болмаса тояттайды қаз қайдан?!
Біреуіңнің арманыңнан шошып ем,
Бірің, міне, еттің лезде мәз - мейрам.
Бірің үшін күрсінумен өтермін,
Бірің үшін сүйсінумен өтермін,
Сөйте - сөйте мен де өмірден кетермін.
Беттеріңнен жарылқасын, тәңірім,

Ал жарайды, батам осы, барыңдар,
Отырарда туған ұлы дарындар!
Әжуасын әжіміне жасырып,
Жылдар ақты,
Жылдар ақты асығып,
Жалын еді - ау арманы айқын, өр көңіл,
Екі досты екі арнаға бөлді өмір.
Дойыл солай өзгертпеді шешімін,
Дәулет оған жылдам ашты есігін.
Өнері асқан саудагердің көп өтпей
Бағдад, Мысыр түгел білді есімін.
"Есепсіздің несібесі озар ма?"
Әйелін де баулыды ол со заңға,
Қонаққа арнап асылатын етті де
Өзі салып беріп жүрді қазанға.
Тек байлыққа деген жұтаң сараңдық
Жіберді оның бар өнерін қараң ғып.
Міне осылай жазық дарын, жас тұлға
Ұшырады әбілетті тозғынға.
Саудагерді өзге түгіл өзінің
Ұрпақтары кетті ұмытып аз жылда.

Ал Әбу ше?
Кеңге жайды ол қанатын,
Әбуіміз - әрі ғалым, әрі ақын,
Әбуіміз - біздің ұлы бабамыз
Әбу - Насыр әл - Фараби болатын.

Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға.

Қара ағаш. Қасым Аманжолов өлеңі Қара ағаш. Қасым Аманжолов өлеңі
Қашанғы қайсар қария, Қамкөңіл жалғыз қара ағаш! Жағасында дария Қыстай тұрдың жалаңаш. Жасартып сені келді жаз, Бұтағыңда бұлбұл құс.
Кета балықтың ерлігі Кета балықтың ерлігі
Өріс ашқан сан кеме, сан қайыққа Біздің сонау айтолқын Ақжайықта Кета деген балық бар. Уылдырық шашар кезде сол балық.
Жігерлендіру Жігерлендіру
Сен жыладың, жігітім, Көп көрдім деп тұрмыстың тапшылығын, Қайтпады деп, Жұртқа еткен жақсылығың. Сен жыладың, Бір қатты соққы алдым деп, Бақытсыз
Достық өлкесінің заңы Достық өлкесінің заңы
Алдымызда қанша сауал тосылды, Өмір бізді ерте үйірді биіне. Сәби кезім. Бірге ойнайтын досымды Ертіп бардым нағашымның үйіне.
Дана - Кешірмейсің сен неге? Дана - Кешірмейсің сен неге?
Айтшы неге алыстадың менен, Сөзің қайда біздің тілек бірге деген? Жүрегімді қинап, тағы да мұң сыйлап кеттің. Қанша ма күн сені, қанша ма күн сені
Екеумізде арман да ортақ, бірге үміт Екеумізде арман да ортақ, бірге үміт
Екеумізде арман да ортақ, бірге үміт, Жанымызға жуытпаймыз бір күдік. Сен алыстан оралғанда үйіңе, Шаңыраққа бірге енеді күн күліп. Осы күнді шын
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×