ойын сауық отауы
Ла Валетта маңындағы түн немесе қасиет мұнарасы
10.04.2016 1 534 0 Дауыл

Ла Валетта маңындағы түн немесе қасиет мұнарасы

Өлеңдер
Мұхтар Шаханов

Ла Валетта маңындағы түн немесе қасиет мұнарасы

Мальта қызы жиырма үшке толғанда
Иек артып арманға,
Жанары жайнап,
Шашына аляндр гүлінен жемелек байлап,
Қоштасып бал дәурен шағымен саялы,
Өртеніп іштен,
Толғанып, алқынып,
Нән үлкен ыдысты
Терезе алдына қояды,
Әбден қызарып піскен
Алма мен бананға толтырып.
Бұл — бойжеттім дегені.
Міне, осылай, сынға түспек сұлу қыздың беделі.
Ал, үміткер жігіт біткен қақпа алдына тұра қап,
Алма - кезек өз бақытын сынамақ.
Кім ұнамақ бұл сайыста, кімнің даңқы құламақ?
Қыз отырар терезенің жабығынан сығалап.
Бірі мұңлы гитар тартып, бірі назды ән салып,
Бірі қыздың сұлулығын жырға қосып тамсанып.
Күн батқанша өз өнерін көрсетеді жан салып,
Жанын салған өнерпазда жігер жатпақ қаншалық.
Егер де қыз терезеден саған күліп қараса,
Той қамына кірісе бер, бағың жанды. Тамаша!
Үйлендің бе, бітті әңгіме, жолың болсын, мархаба!
Ажырасу туралы заң атымен жоқ Мальтада.
- Жарың жайсыз боп жолықса бақыт іздеп жаңадан
Әуреленбе, өліп қана құтыласың сен одан, -
деді Мальта тарихшысы көзбен қарап жұмбақты.
Жанарында сөзбен айтып жеткізе алмас мұң жатты.
Мұңыңды ұғар жан табудан не бар екен қымбатты,
Көк теңізді кешіп барып, алауланып күн батты.
Сары аралдың сәні болған, сары мәрмәр қақпалы
Жымыңдайды Лa Валетта қаласының оттары.
Осы маңның бүкіл тыныс тіршілігін қолға алып,
Арнасына шалқып сыймай теңіз жатты толғанып.
Толғанбаса теңіз теңіз, адам адам бола ма?
Біз бөлініп шетке шықтық, үнсіз тұрдық жағада.
Үнсіз тұрдық,
- Аға, — дедің біраздан соң сен маған, -
Аға,— дедің,— мен бір жанмын, бақ жұлдызы жанбаған.
Сырымды ашсам сенгендігім, бұйырмаңыз айыпқа,
Кейде өзімді ұқсатамын ескегі жоқ қайыққа.
Қандай қорлық, шынымен - ақ ескексіз боп қалдым ба?
Осы ұзақ саяхатқа шығар жолдың алдында
Шорт үзіліп үмітім,
Ойда - жоқта тастап кетті, сенген, сүйген жігітім.
Көкірегімде өшпенділік барда мен де өшпеймін,
Бұл қылығын қашан көзім жұмылғанша, кешпеймін!
- Жоқ, сен оны сүймейсің, сүймегенсің және де
Шын махаббат, қалқам - ау, қара күшке көне ме?
Шын махаббат — қасиеттен құралатын мұнара,
Қасиетке сызат түссе, мұнара аман тұра ма?!
Ғашық адам сүйгеніне өзінің
Жаманшылық ойлай ма екен сірә да?
Тек жүрегін салар жерде білек күшін танытқан,
Білек күшін танытам деп тілек күшін арытқан
Тура сенен айнымаған сұлу қыз
Бір кез маған жолыққан, -
деп едім мен, жалт бұрылдың сен кенет,
Жалт бұрылдың көкірегіңді бір қара күш желкелеп.
"Тоқта, тоқта, қара күштің адымы әр кез келте" деп
Тобығыңнан теңіз суы қағып жатты еркелеп.
Қайрылмадың, жауабымды ауыр алдың көңілге,
Адал, батыл мойындау да түспес, қалқам, жеңілге.
Тек табудан, жоғалтудан, іздеуден
Тұратұғын мына қатал өмірде!

Сен жасаған жақсылық өзіңе қайтады! Сен жасаған жақсылық өзіңе қайтады!
Баяғыда бір әйел күнде таңертең ерте тұрып екі таба нан пісіреді екен. Бірін өз отбасы турап жесе, екіншісін көшедегі жай жүргіншіге үлестіреді екен.
Есек пен сандуғаш - Спандияр Көбеев Есек пен сандуғаш - Спандияр Көбеев
Отырған сандуғашқа келді есек, Аузынан сөзі шығып кесек - кесек, — Әй, бұлбұл, сені әнші деп естіп едім, Сайрашы сынайын мен өзім естіп.
Қыздың ары - ұлттың ары! Қыздың ары - ұлттың ары!
Баяғыда Хожай деген бай саудагер болыпты. Бұрыңғылалардың "Ер Қосайдың жолын берсін, Хожай саудагердің саудасын берсін"- дейтін батасында бар. Бұл
Қыз таңдау дәстүрі. Қазақ халқының салт - дәстүрлері Қыз таңдау дәстүрі. Қазақ халқының салт -
Қыз бен жігіт арасындағы туыстық жеті атаға толуы.
Ауғанбай Ауғанбай
Қару орнына қамшы алып, Жол жүрдік біздер қаншалық. Қанымыз кеуіп, тамсанып, Бұлақтың суын аңсадық.
Әпкенің тілегі Әпкенің тілегі
Шаттық күйден естіледі бүгін үн, Бара жатсың бақыт жолға, сіңлім. Ертеңіңе болсын нұрлы бастау жол - Той сәнімен сыңғыр қаққан бүгінін. Бір күніңнен
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×