ойын сауық отауы
Динозаврлар мен егеуқұйрықтар
13.04.2016 2 066 0 Дауыл

Динозаврлар мен егеуқұйрықтар

Өлеңдер
Мұхтар Шаханов

Динозаврлар мен егеуқұйрықтар
(«Атлантиданы қиратқан ала» атты жаңа романнан үзінді)

Динозавр алыптығы үшін ерте жойылды,
Сан мыңдаған майда сойыл оған қарсы қойылды.
Тарақандар динозаврлардан бұрын күн кешкен.
Әлі ғұмыр сүріп жатыр,
Тірлік - салты жүріп жатыр,
Алыптықтың неге қажет екендігін білместен.
Тарақандар тіршілік кемесінде,
Қарын - мүдде өресінде,

Бірлік сақтап пенде - үмітке қатар - қатап мінгескен,
Өзгеде мүдде барын қаперіне ілместен.
Сол тарақан «ұлтыңда» даралық жоқ,
Ал даралық жоқ жерде жаңалық жоқ,
Ұқсастықтан тауыпты олар өз дарынсыз шындығын.
Кемшілігі айналмай айыбына,
О, ғажап, бір - бірінің мойынына
Өзгелердей тастамапты қызғаныштың шылбырын.
Ұқсас жандар ешқашан қызғанбайды бір - бірін.
Қауымшылдық мінезге бай майда қуат тағылар,
Әр тағылық ортақ күштен ортақ тілек табылар.
Пенделіктің майдаларды біріктірер заңы бар,
Соған қарсы тұра алмаған сорлы динозаврлар...
Байлық құсы жиі қонды нәрсіз - сараң мүскінге,

Даңқ та ұялмай мадақтады тұрса жойқын күш кімде,
Шындық сирек билік құрды ұлы жердің үстінде.
Сондықтан да Сократ та, Бетховен де,
Пушкин де Мейірімсіз, рухсыз күштермен мәңгілік оппозицияда.
Нанымсыздық, дарынсыздық жолыңды ылғи орай ма,
Қара күштер ізгіліктің зейініне қарай ма?
Теңсіздік көп, аю, қасқыр сайран салған тоғайда.
Қазақтың қос рух шыңы — Махамбет те, Абай да
Сол үшін де пенделікпен мәңгілік оппозицияда.
Иә, әлемде барлық шыншыл ақындар оппозицияда,
Жомарттарға — дүниеқоңыз пақырлар оппозицияда.
Кей тіршілік иелері қызғанышсыз гүлдемес,
Айыптымыз ба солармен болғанымызға іргелес?

Қандай жағдайда қандендер үлкен иттерді күндемес?
Мұхиттарда күллі балықтар киттерге ырза емес...
Атыңды, даңқыңды шығарғың келсе осы заманда,
Жерден ап, жерге сап атақты тұлғаны жаманда.
Зорлығың ерлікке телініп, зорайып бағаң да,
Бір күнде - ақ белгілі боласың қоғамға.
Аристотель кезінде сыналып, шыңдалған бұл әдіс,
Осынау тарихкөз әдіске қазір көп сұраныс.
Ежелден ақша мен сатқындық бір жүрген, таңданба,
Сол мінез дөп келді бүгінгі бизнестік талғамға:
Қалталы, дарынсыз қаламгер теңеліп Шиллерге,
Бейәдеп, рухсыз журналист айналды киллерге.
Бәріне кінәлі тойымсыз қарындар ғана ма?
Қайшылықтар көп өмірдің заңдылықтарында да.

Байыптап зерттеп адалды, арамды, иықтыларды,
Қайткенде адамдық олардан биік тұрады?
Шындықты көксеген мақсаты, мүддесі нанымды,
Өзге жұрт шықпаған биікке шықса бір дарынды,
Кеудеге сенім мен мейірім желкенін жүздіріп,
Тек сырттай тілектес жүрудің өзі — зор ізгілік.
Қиратқыш ойлар көп бірлікке негізделмеген:
О, тоба, кішкене көлшіктер — теңіздерменен,
Шымшықтар, қарғалар — сұңқарларменен,
Есектер өзінше тұлпарларменен
Қашанғы жүре бермекші оппозицияда?
Қаншама бет - бейне жатыр орынсыз тырналып,
Нағыз әділет оппозициясын шатастырмалық
Бас қамын көздеген бейпіл сөз «шатақ - ит - цияға».

Толық нұсқасын жүктеу

«Таң» журналына жаңа әнмен байғазы «Таң» журналына жаңа әнмен байғазы
Жаңа ойдан шығарған бір бөлек бұл ән, Жақсы үнді, ұғымды жас керек бұған. Толға, шырқа байқап жас жүрек. Әншілерден сол тілек.
Бақыт геометриясы Бақыт геометриясы
"БАҚЫТ деген немене бұл, немене екен, немене, Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?" Бәлкім Бақыт байлық па екен сараңдықтан бас алған,
Жатыр Жатыр
Басқа жұрт аспан - көкке асып жатыр, Кілтін өнер - білім ашып жатыр. Бірі - ай, бірі - жұлдыз, бірі күн боп, Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр.
Сусыз ең ұзақ өмір сүре алатын ол – егеуқұйрықтар Сусыз ең ұзақ өмір сүре алатын ол – егеуқұйрықтар
Қалталы егеуқұйрықтар мүлде су ішпейді. Судың оған қажеті шамалы, олар суды күнделікті жейтін тамағынан алады.
Екеумізде арман да ортақ, бірге үміт Екеумізде арман да ортақ, бірге үміт
Екеумізде арман да ортақ, бірге үміт, Жанымызға жуытпаймыз бір күдік. Сен алыстан оралғанда үйіңе, Шаңыраққа бірге енеді күн күліп. Осы күнді шын
Құрбының тілегі Құрбының тілегі
Уақыттың бірге жылжып күндері, Жылыстайтын әр кезеңмен жыл легі. Ортақ еді біздің салған әніміз, Таңымыз да қарсы алатын бірге еді. Бірге еді
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×