ойын сауық отауы
Өтірік өлеңдерінің жинағы
19.02.2018 26 803 0 Дауыл

Өтірік өлеңдерінің жинағы

Өлеңдер
Өтірік өлеңдерінің жинағы
МАЗМҰНЫ
Түсіндірме хат
О. Әубәкiровтiң өтірік өлеңдері
Суайттың өтірік өлеңдері
Тазшаның өтірік өлеңдері
Оқушылар шығармашылығынан
Әдебиеттер тізімі

Түсіндірме хат
Өтірік өлең – қазақ халқының тұрмыс салтына байланысты шығарылған ауыз әдебиетінің көне түрі. Біріне бірін шендестіре айту арқылы бір заттың екінші заттан өзгешелігін, артықтығын көрсету. Өтірік өлеңде суреттелетін оқиға желісі нақтылы шындықтан алынғанмен, ондағы іс - әрекет шынайы өмірге жанаспайды: «Аспанға алты жерден тіреу қойдым, Той қылып, мың масаны сонда сойдым» сияқты үлкен фантастикалық қиялға, қызықты күлкіге құрылады. Өтірік өлеңде қиыннан қиыстырылған тапқырлық, ойдың өткірлігі мен логиканың күштілігі сарапқа түседі. Әсіресе салалардың ақыл - өрісін кеңейтетін фантазиялық қиял пырағы кең шарықтауға мүмкіндік береді.
Бастауыш сыныптарда күнтізбелік - тақырыптық жоспар бойынша 2 - сынып «Ана тілі» пәнінен « Өтірік өлең»тақырыбы өтіледі. Оқулықта аз өлеңдер берілген соң, мен балаларға қосымша түрінде авторлардың, оқушылардың жазған өтірік өлеңдерін оқып бердім. Содан соң үйге тапсырма берілді өтірік өлең жазып келу. Оқушыларымның өлеңдері жинақта берілді. Бұл қандай нәтиже берді? Ойлау қабілеттерін, мазмұндама жазу, шығарма жазуға әсер етті. Мен бұл « Өтірік өлең» жинағын бастауыш сынып мұғалімдеріне қосымша ақпарат ретінде ұсынып отырмын.

Жинақтаған: Шакенова Б. Б.

Қазақ сатирасының классигi Оспанхан Әубәкiровтiң жары Нұрсұлу Рақымжанқызының айтуынша, Осекеңнiң әлi баспа жүзiн көрмеген бiраз дүниелерi бар екен. “Егер мұның бәрiн жинастырсам, бiр кiтаптың көлемiндей болып қалады” дейдi Нұрсұлу жеңгей. Нұрсұлу Рахымжанқызы Осекеңнiң еш жерде жарияланбаған бiр топ өтiрiк өлеңiн “Сүзеген сөзге” ұсынды. Осекең бұл өлеңдердi кезiнде неге жариялатпаған? Бiздiң ойымызша, өнерге аса зор жауапкершiлiкпен қарайтын Осекең бұл өлеңдердi әлi де пiсiре түсудi, жетiлдiре түсудi ойластырған секiлдi. Бәлкiм, басқалай себептерi де болуы әбден мүмкiн...
Не десек те, қазақ сатирасының өрен жүйрiгiнiң артына қалдырған әрбiр сөзi – бiз үшiн үлкен мұра. Iрi сый. Сондықтан да Осекеңнiң өлеңдерiн “Тәбәрiк” деген айдармен жариялауды жөн көрдiк.

***
Түсiмде мая - мая түбiт көрдiм,
Жылы дүние жинауға үмiткермiн.
“Бөкебай табылды!” деп ұмтылғанда
Мөңiреп ұшып кеткен бұлтты көрдiм.

***
Бiр жасымнан жұмысқа орналастым,
Қазанның қақпағына қазан астым.
Қазанымды басыма киiп алып,
Өрт шығарған қақпағын ала қаштым!

***
Жөнi жоқ ақша шашып шашылғанның,
Iсi ол көзi ағарып асынғанның!
Қысып ап башпайыма ұстараны
Аяғыммен өзiмнiң шашымды алдым.
***
Көрiп едiм аюды, арыстанды,
Қасқырды, Қабаныңды, Сауысқанды.
Бiр күнi өз көзiммен өзiм көрдiм
Өзiн даттап, өзiмен алысқанды.

***
Бiр күнi дәп алдымнан айна көрдiм,
Бос айнаға қарауды пайда көрдiм.
Қарасам қарсы алдымда көк желкем тұр,
Ойладым “мұндай адам қайдан көрдiм!”

***
Тау мен шөлiм өзiме өзi мекен,
Тау – рахат, шөл деген төзiм екен.
Ай жоқ, Күн жоқ. Бiрдеме жарқырайды,
Бұл не десем... өзiмнiң көзiм екен.

***
Спорттың шұғылдандым түрнiгiмен,
Үй тiктiм үй үстiне түндiгiмен.
Қызымыздың бiр қызы ұл туғанда
Салып қалды басыма кiндiгiмен.

***
Қорықпаймын Аюдан, Арыстаннан,
Қасқырдан, Құмырсқадан, Сауысқаннан
Қорқамын өз - өзiмнен бәйге алғаннан,
Тамағын жұрттан бұрын тауысқаннан.
***
Мен өзiм кiшкентайдан өрге бастым,
Табаныма сурет сап көрме аштым.
Көлеңкемдi қораға байлап қойып
Өтiрiк сурет салғаннан жалықпаспын...
Оспанхан Әубәкiров

Суайттың өтірік өлеңдері


Есімде ессіз тауда қонақ болдым,
Бал тамған бармағымнан олақ болдым.
Шілдеде үш саусағым үсіп түсіп,
Өмірге келмей жатып шолақ болдым.

Жетпіске келгенімше доп ойнадым,
Есімнен кетер емес сол ойнағаным.
Қандырдым мың жылқыны «ә» дегенше.
Шелек қып жеңешемнің қол оймағын.

Жасымнан жалғыз жүріп, жапада өстім,
Жаз күні жалаң аяқ ақ қар кештім.
Байқаусыз бөркім бауы шие байлап,
Ойланып, алты жылда әзер шештім.

Сайран сап бес ай жүрдім көк аспанда,
Ақ бұлтты белгі қылдым адасқанда.
Тура айттым қисық сөзбен төрелігін,
Ай мен шолпан жұлдыз таласқанда.

Жайлауда шыбын баққан тайлақ сойдым,
Ұйқымды бір күн емес, айлап қойдым.
Алты айда ала мешін үйге сыймай,
Тұсына тереземнің байлап қойдым.

Өмірге немереммен бірге келіп,
Жүйрігін қуып жеттім ту еліктің.
Кірпінің бір талшығын таяқ етіп,
Қаңтарда қарбыз егіп күн көріппін.

Тазшаның өтірік өлеңдері


Айттым да өтірік өлең жұртқа жақтым,
Қой қылып құмырсқаны жаздай бақтым.
Айғырын шегірткенің ұстап мініп,
Адыр - адыр қойтасты түлкі қылдым.

Мен өзім жас күнімде тырна бақтым,
Тырнамды семірсін деп қырға бақтым.
Байлықтың бас - аяғын түгендеуге
Іледе итке мініп үш жыл бақтым.

Мен өзім жас күнімде қарға бақтым,
Қарғаны семірсін деп жарға бақтым.
Менің жылы ақ сүйек үлкен жұт боп
Арығына қарғаның жабу жаптым.

Қарға жеріп ішпеді суын қақтың,
Қашықтық қылды суы белбұлақтың.
Ақөзектен инемен құдық қазып,
Күнде үш уақ қарғамды суға жаптым.

Шымшықтың шылым қылдым қу басынан,
Шылбыр естім бозторғой шудасынан.
Көбелектін қанатын көпір қылып,
Теңіздің өте шықтым турасынан.

Көбелек тумай жатып ойын көрдім,
Балықтың соймай жатып миын көрдім.
Өзгем өтірік болса да, осыным шын,
Астыма тышқан мініп, түйе өңгердім.

Оқушылар шығармашылығынан


****
Көгершінмен достасып,
Аспанға ұштым қалақтап.
Бұлтты кезіп, көкті асып,
Биіктерде шарықтап.
Жұлдыздарды тіздім де
Санап алдым анықтап.

Қарлығаш Сейдімханова, 3 - сынып оқушысы.
Қарағайлы ауылы, қарасай ауданы, Алматы облысы.

*****

Бар екен бір құмырсқа,
Жорғалауға тым ұста.
Ерттеп оны мініп ап,
Жетіп алдым жұмысқа.

Мақсат Дүйсебиев, 2 - сынып оқушысы.
Томпақ ауылы, Ақжайық ауданы, Батыс Қазхақстан облысы.

*****
Тышқанды арқандадым,
Өзім де талтаңдадым.
Күн бойы құмырсқаны
Қуам деп салпаңдадым.

****
Мысықты жылаттым,
Тышқанды құлаттым.
Пілді әкеп тақтаға
Есептер шығарттым.

Аида Жұбанияз, Жұрын ауылы, Мұғалжар ауданы, Ақтөбе облысы.

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қошқар орта мектебінің оқушылары
Шегіртке кеп орманға,
Аюларды ұстады.
Терісінен аюдың,
Өзіне тон жасады.
Жансая Сәрсенханқызы

Наурыздың сегізінде
Балық келді базарға.
Шоқ - шоқ қызыл гүл алып,
Сыйлады гүлін шаянға.
Нұрдос Маратұлы
Ерттеп мініп тышқанды,
Шауып келдім қалаға.
Таксиден түскен қоянды,
Мінгестіріп тышқанға.
Шерхан Қадырханұлы

Көктем келіп жеткенде,
Лақтады сиырым.
Сиырымнан сүт шықпай
Тауыққа мен еміздім.
Гүлмира Дәулетбекқызы

Орамалын жамылып,
Сиыр сауды тауығым.
Отырып алып әтешім,
Сүтті тартты ағызып.
Мәрлен Балтабекұлы

Жұмыртқалап ешкілерім,
Балапандар шығарды.
Балапанның үлкендігі,
Мені таң қалдырды.
Шыңғыс Амангелдіұлы

Түлкі келді ауылға,
Бақша салды ауылға.
Өске кезде жемістері,
Жинай алмай мәз болды.
Бекболат Нұрланұлы

Көкектеді тырна,
Тыраулады қарға.
Қаңқылдады үйрек,
Саңқылдады терек.
Көктем келді деп күшік,
Көңілденді жүз мысық.
Аян Ерланұлы

****

Аспанға ұшып едім мен,
Екі тауықпен.
Бірінші тауық ақ еді,
Екінші тауық көк еді,
Қара тауықпен Айға дейін,
Көк тауықпен Күнге дейін,
Ақ тауықпен Айға барып едім,
Ол жерде көрдім Алтын адамды,
Көк тауықпен Күнге барып едім,
Ол жерде көрдім қарт адамды.
Жерге қайтадан ұшып келдім. (2005 жыл)
Сымбат Тағаева, Қарағанды қаласы, №6 орта мектебінің 5 - сынып оқушысы

Шығыс Қазақстан облысы, Бородулиха ауданы,
«Ивановка орта мектебі» ММ, 2 сынып оқушысы, Аширхан Ернар

Бір күні қоян жүгіріп келеді,
Қасқырды мұрнынан бір переді.
Қасқыр жылап, қашып кетеді.
Қоян күліп, қасқырды басып кетеді.
***
Аширхан мен Ернармын,
Ай мен күнге дегдармын.
Жерде жүріп жалығып,
Айға да ұшып барғанмын.

Сайлаубаева Мақпал, 2 сынып оқушысы

Беліме буынғаным бесті бұқа,
Жетпейді екі орауға тұрқы қысқа.

Шегірткенің құйрығын үзіп алдым,
Масаның қызын тоқалдыққа алдым.
****
Әуеде боталы інген айнала ұшқан,
Жетеле ала арғымақ, міндім тышқан.

Әдебиеттер:
1. « Жас Алаш», №11 2010 жыл.
2. «Жыл - он екі ай», № 6(31) 2009 жыл.
3. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. –
Алматы: «Аруна Ltd.»ЖШС, 2005.- 576 б.
4. Мектепалды сыныптары мен топтарына арналған көркем әдебиеттің хрестоматиясы.- Алматы. «Аруна», 2010. – 144 бет.
5. Балдырған, № 6, 2010

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.

Өтірікті анықтау Өтірікті анықтау
Адамзат өтірікті анықтау үшін қаншама аппараттар мен техникалар ойлап тапты: қан қысымын өлшеуіштер, тыныс алудың жиілігін есептегіш, дауыс ырғағының
Өтірік өлең: Жануарлар туралы Өтірік өлең: Жануарлар туралы
Жануарлар бақшаға Жеміс жеуге келіпті. Суда өскен жүзімді, Жылқы мен есек теріпті.
Ұрлық, өтірік туралы мақал - мәтелдер Ұрлық, өтірік туралы мақал - мәтелдер
Ұры байымайды, Сараң семірмейді.
Өтірік Өтірік
Ә дегенге мә десіп, өре тұрып, Бет ауызды соққыға бере отырып, "Құладым деп оқыста" ата - анаға Қорыққаныңнан айтасың бір өтірік!
Ақиқат пен өтірік Ақиқат пен өтірік
Ақиқат пен өтірік - бөлек бесік, Ар - ожданға жүрсек те көмектесіп. Ажыратып болмайсың ақ - қараны, Адамдардың өмірге көп өкпесі.
Адамдар неге өтірік айтады? Адамдар неге өтірік айтады?
Адам бойындағы жағымсыз қасиеттердің бірі – өтірік айту.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×