ойын сауық отауы
Дін үйреткенге
02.06.2016 2 329 0 Дауыл

Дін үйреткенге

Өлеңдер
Мағжан Жұмабаев

Қармаңбай, қарап жатып бақ күтуге,
Ізденбей аласұрып, тақ күтуге,
Тағдырда, бір тақтайда жазулы деп,
Әр іске кім үйретті шақ күтуге?
Шарқ ұрып ерікке ұмтылған ұшқыр жанды,
Қайнаған тамырдағы ыстық қанды
Тұтқын ғып кім қамады? Кім суытты?
Кім алды қалың қайрат, күшті, әлді?
Кешегі арыстандай айбыны зор,
Жүректі жолбарыстай қайраты мол
Айырып ар-намыстан, күштен, естен,
Кім қылды шала-жансар бір қорқақ құл?!
Ақылға, жан-жүрекке кісен салды,
Көрмейтін көзді кер ғып арты-алды.
Үйретіп дін деп құлдық, қорқақтықты,
Қандай құл бізге молда бола қалды?!
Ойламай, қорқақ құлдың тіліне еріп,
Жай жатып, тәуекелге тізгін беріп,
Мінекей, айрылдық қой бақтан, тақтан!
Қайтейін, әсіресе, есіл ерік!
Жоқ енді, жату болмас бос еңбексіз,
Жалбарып: «Жасаған!» деп жас төкпеспіз.
Өзің де, сөзің де кет бізден аулақ,
Жаны өлген, жүрегі өлген мұндар кексіз.
Біз жаңа көрдік таңның желі ескенін,
Салқынмен сескендірмек боп ескенін,
Сылдырлап су, сыбырлап жапырақтар:
«Есіңді жи енді, алаш, тұр!»- дескенін!
Міне, Күн! Сәулесі алтын жерді құшты,
Жарыққа қуанысып құстар ұшты.
Ізгі оймен ерік тілеп, жарық тілеп,
Ұшамыз біз де жиып есті, күшті!

Маймыл менен көзілдірік - Спандияр Көбеев Маймыл менен көзілдірік - Спандияр Көбеев
Жауыздың сақтаныңыз тіліне ермей, Ғасыға тек жүрмеңіз ғақыл бермей, Бір маймыл қартайғанда қор болыпты, Байғұстың бұрынғыдай көзі кермей.
Қазақыес Қазақыес
Күш кемiдi. Айбынды ту құлады. Кеше батыр - бүгiн қорқақ, бұғады. Ерiкке ұмтылған ұшқыр жаны кiсенде, Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қазақ тілі Қазақ тілі
Күш кемiдi, айбынды ту құлады, Кеше батыр – бүгiн қорқақ, бұғады. Ерiкке ұмтылған ұшқыр жаны кiсенде Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Жарыма Жарыма
От жұтқан туысқанның халін көріп, Күнәсіз судай аққан қанын көріп, Айрылған ар - намыстан қарындастың Көз жасы, қалың қайғы, зарын көріп.
Жазғы таң Жазғы таң
Жып-жылы түн маужырап, Көтерілген жерден бу. Саф күмістей жалтырап Тыныш жатқан тұнық су.
Мен жастарға сенемін Мен жастарға сенемін
Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты – Қырандай күштi қанатты. Мен жастарға сенемiн!
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×