ойын сауық отауы
Жарлы бай
06.06.2016 3 373 0 Дауыл

Жарлы бай

Өлеңдер
Ахмет Байтұрсынов

Бір күні Жарлы отырып ойға қалды,
Байларға кейбір сараң көзін салды.
«Ішіп - жеді, рақатын көрмеген соң,
Не керек, - деді, - жиып пұл мен малды?
Малыңда не қызық бар ептеп жиған,
Жаныңа еш рақат етпей жиған?
Қызығын малдың көрмей бұл дүниеде,
Алмайсың ақыретте сатып иман.
Өлесің, артыңда көп мал қалады,
Көріне кімнің малы бір барады?!
Адал сүт емген бала қалса артыңда,
Көп болса, асың беріп, там салады.
Дариға, мен бай болсам жұрттан асқан,
Үйлерді салдырар ем қандай тастан!
Сом түгіл, мыңын бірден жұмсар едім,
Аямай киер киім, ішер астан.
Жылқымды, қымызымды, қойымменен,
Жұмсар ем қонағыма тойым менен,
Жұртымның жабықтырмай көңілін ашып
Күнде той, күнде қызық ойынменен!».
Осылай жатты ойлап кедей жазған
Кішкене лашығында жерден қазған.
Аяқта етігі жоқ, баста берік,
Үстінде жыртық көйлек, кір - кір, тозған.
Ақ сақал, ақ сәлделі, таяқ қолда,
Секілді жүрген адам ұзақ жолда,
Кедейдің бай болсам деп ойлап жатқан
Үйіне кіріп келді бір қарт сонда.
Орнынан кедей тұрып, сәлем берді,
Қарт оған: «Алейкүмассалам! - деді. -
Беремін мына саған әмиянды,
Бай болып, мүддеңе жет, балам, - деді. -
Көп емес, онда қазір жалғыз ділдә,
Оны алсаң, ділдә болар тағы орнында.
Оны алсаң, және орнынан ділдә шығып,
Таусылмас, ала берсең, қанша жылда.
Ұмытпа бұл сөзімді, жаным бала:
Мейілің тойғаннан соң ала - ала,
Апар да әмиянды суға таста,
Болады тұтынарға сонда ғана».
Осыны айтты да, қарт кетіп қалды,
Кедейім қуанғаннан естен танды.
Отырып аң - таң қалып, біраздан соң
Шиланды ашайын деп қолына алды.
Ішінде алтын жатыр, ашып көрсе,
(Бай болу сағатында, Құдай берсе!)
Жарлы оны бұлай алып қойып еді,
Білінді орнында бір тағы нәрсе.
О да алтын, оны қойды және алып,
«Өңім бе, түсім бе?!» - деп таңға қалып.
Ертеден кешке дейін Жарлы отырды
Шиланнан саф алтынды санап салып.
Әмиян күндіз - түні болды қолда,
Ас ішу, дамыл алу болмады онда.
Алтынды бөлек - бөлек үйіп отыр,
Өзімен өзі кеңес құрып сонда.
«Мінеки, - деді, - енді мен де баймын!
Байлармен жұрттан асқан сайма - саймын.
Құдайым бермегенде, жаттым ұйықтап,
Тұрғанда Құдай беріп, неге ұйықтаймын?!
Шығарсам қазір алтын үй алатын,
Онан соң бір жүз мыңын бие алатын.
Көшкенде жүктерімді атқа артам ба,
Тағы да алтын керек түйе алатын.
Бір жақсы кең қонақ үй және керек,
Келсе де қанша қонақ сыя алатын.
Ол үйі« жібек көрпе, жастық керек,
Болмайын қонақтардан ұялатын.
Сиыр мен мынау алтын қойға, - деді,
Аналар, қатын алсам, тойға, - деді. -
Жұмсармын мұнан соңғы алтындарды
Қаражат, киім - кешек бойға», - деді.
Табылды бірінен соң бір қажеті,
Күн түгіл, өтті солай неше жеті.
Жемеді оңды тамақ, көрмеді ұйқы,
Тұрғандай аурудан болды беті.
Ай түгіл, әлденеше жыл өтеді,
Алса, енді бәріне де пұл жетеді.
Өзенге әмиянды алып келіп,
Тастауға қимай, қайтып әкетеді.
Шиланды қайтып алып келеді үйге,
Шыдамақ және қиын аштық күйге.
«Тұрғанда қолда әмиян, алтындарға, -
Тағы бар қарттың сөзі деген, - тиме!»
Ағарып сақал - шашы, қариды енді,
Төнінде қу сүйек қап, ариды енді.
Қызығын малдың жұмсап көретұғын
Мезгілдің кетті өтіп бәрі де енді.
Адасты ақылынан деуге жынды,
Санайды бір жаңылмай сонша мыңды.
Осындай ішпей - жемей жиған дәулет,
Қараңыз, ақырында немен тынды?
Үстіне бүтін көйлек алмай сатып,
Алмастан азық - түлік, жарап - қатып,
Баяғы лашығында жан тапсырды,
Оныншы миллионды санап жатып.

* * *
Бір емес, толып жатыр осындай кеп,
Бар болып, жоқтың ісін істейтін кеп.
Малы көп, көңілі жарлы адамдарға
Ат қойған қанша теріс жарлы бай деп?
Жаман ғой жарлылық күй адамзатқа,
Жақсы емес рақатсыз байлық, бақ та.
Мал жиып, бай болуды талап еткен,
Есіңде бұл кеңесті ұғып сақта!
Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері, өмірбаяны

Сүлеймен Пайғамбар мен кедей қарт туралы аңыз Сүлеймен Пайғамбар мен кедей қарт туралы аңыз
Қарт Сүлейменге: «Менің халімды көріп тұрсаң, маған жәрдем бер!» - деп өтінеді. Сүлеймен пайғамбар оған құнды бір тас беріп: «Осы ұрпағыңа жетеді», -
Шал менен өлім - Спандияр Көбеев Шал менен өлім - Спандияр Көбеев
Сорлы шал қара қасқа деген жарлы, Көрмеген өмірінде бір де малды, Қақтығысып бір - біріне тілерсегі, Қысты күн отын ала ағаш барды.
Жарлы мен Данагөй қарт. Жарлы мен Данагөй қарт.
Жарлы байғұс бірде Данагөй қартқа жолығып қалып мұңын шағып сұрапты: «Мен туғанымнан түкке жарымай келемін, мен неге кедеймін?, - депті. Сонда әлі
Бір ханның кеудесіне жара шыққан Бір ханның кеудесіне жара шыққан
Бір ханның кеудесіне жара шыққан Оған ем табылмапты тамам жұрттан. Айтқаны қате кетпес бір балгерді Әкепті естіген соң даңқын сырттан.
Бір ханда екі ұл бопты бір туысқан Бір ханда екі ұл бопты бір туысқан
Бір ханда екі ұл бопты бір туысқан, Күндесіп, араздасып, бұзылысқан. Билеген елін екі бөліп алып, Соғыс ашып, болыпты қатты дұспан.
Тоқта, ботам Тоқта, ботам
Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда! Бұр мойныңды қалжыраған қарт ұлға. Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын Айырбастап ала алмай жүр алтынға.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×