ойын сауық отауы
Мешіт һәм абақты
02.05.2016 2 079 0 Дауыл

Мешіт һәм абақты

Өлеңдер
Мағжан Жұмабаев

Б а л a:
Әкетай, мынау не үй ұзын мойын,
Тым ірі, ұлық ұстап тұрған бойын?
Басына шыққан адам білер еді - ау
Сырын айтпас қаракөк көктің ойын.
Тып - тыныш бұл үйге, әке, кім барады?
Тыныштықта қасиетті кім қалады?
Биікте көк күңіреніп сыр айтқанда,
Бақытты кім көзінен жас тамады?

Ә к е:
Бұл үйді мешіт дейді, құлыншағым,
Ерігіп, қуған болып ата заңын,
Анда - санда домалап бармағы үшін,
Салдырған өзіне арнап «жуан қарын».
Бес минут «жатып - тұрып», жуып алмақ
Былғанған бұзықтықпен ұят - арын.
Шығатын жоғарыға молдасы да
Азанмен құттықтайды қарын таңын.
Бұл мешіт - Көк үйі емес, қарын үйі,
Көргің келсе, барып көр мал базарын.

Б а л a:
Әкетай, анау не үй түсі суық?
Жанына жібермейді жанды жуық.
Терезесі темірлі, көр - есігі,
Қабырғасын қойған ба қанмен жуып?
Тас қима, темір қақпа, шойын құлып.
Тым - тырыс. Жалғыз - ақ жел тұр ғой ұлып.
Сасықта, қараңғыда аш, ауру
Кім жатыр екен, әке, тірі өліп?

Ә к е:
Жиһанда бір жас жан бар, Қиял аты,
Мәңгі ойнайтын, сөнбейтін сәуле заты.
Жанға жан беретұғын тәтті жырлы,
Меруерттен тізілген қос қанаты.
Ұшып жүріп жырымен жанды ояту -
Жас Қиялдың ежелден бар мұраты.
Тірі жанға жырламақ тәтті жырын,
Адамзаттың жоқ оған жақын - жаты.
Жиһанда бар нәрсені жаратқан сол,
Тәңірі бар бір ғана - Қиял аты...
Анау үйді адамзат абақты дер,
Адам - доңыз, еменнің тамырын жер.
Тәңірісі, жан жыры Қиялға арнап,
Сонау үйді салған ол болсын деп көр.
Көремісің күзетшіні жүрген жарап,
Қабақ түйіп, терезеге қойған қарап?
Есалаң малданып жүр: «Қиялды ұстап,
Тарихтың таңында,- деп,- қойдым қамап!»
Есалаң! Қиял қайда?.. Қиял кезбек,
Жиһанда ақ қанатпен ылғи жүзбек.
Жердегі жары - «жанды» жұбатуға,
Тоқтаусыз Көк үнінен әндер тізбек.
Балам, енді білдің ғой, ол - абақты,
Ашуменен түйіп тұр ол қабақты.
«Қиялды ұстап, жаптым!»- деп бос малданған
Ақымақ деп болмай ма адамзатты?!

Шәкірт - Міржақып Дулатов Шәкірт - Міржақып Дулатов
Ай жарық, салқын ауа, күзгі түнде, Ұйықтаған үлкен шаһар жатыр күйде. Жалғыз - ақ тырыс шәкірт кітап ұстап, Есінеп ояу отыр пәтер үйде.
Шығамын тірі болсам адам болып Шығамын тірі болсам адам болып
Шығамын тірі болсам адам болып, Жүрмеймін бұл жиһанда жаман болып. Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе, Жүргенше өмір сүріп, надан болып.
Мағынасыз мешіт Мағынасыз мешіт
Мешіт көзге көркем, өзі биік Тұрады жұмасына жұрт жиылып. Ғибраттанып борышымды өтейін деп, Мен бардым шаттықпенен көңілім сүйіп.
Жел Жел
«Тәңірі ие, атпады ғой таңың!»- деп, Күңіреніп жатыр тұтқын уһілеп. Естіледі терезеден темірлі, Тұрса керек тыста жүйрік жел гулеп.
Еңбек - өлім жан қанатын қиятын Еңбек - өлім жан қанатын қиятын
Еңбек - өлім жан қанатын қиятын, Еңбек - өлім жанды ашудан тыятын. Еңбек деген - еңбектеген мылқау дию, Жаншып, жанның сұлу сынын жоятын.
Ескі Түркістан Ескі Түркістан
ЕСКІ ШАҺАР Ескі шаһар - таң дүние, Салар болсаң назарың, He көресің? Көресің - Майдан сайын мазарын.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×