ойын сауық отауы
Салт - дәстүр сөйлейді: Қыз баланы құрметте
20.01.2022 490 0 Admin

Салт - дәстүр сөйлейді: Қыз баланы құрметте

Салт-дәстүр
Салт - дәстүр сөйлейді: Қыз баланы құрметте
Баяғыда бір жігіттің жалғыз аты болыпты. Бір жаққа шыққанда, қарындасы оның атын қарауылдайды екен. Бірде қарындасы аттан көз жазып қалыпты. Ағасы:
– Ат қайда? – деп сұрайды. Қарындасы:
– Көз жазып қалдым, – дейді. Ағасы ашуланып:
– Жоғал, онда, – деп қарындасына қолы тиеді.
Қыз ағасына өкпелеп, басы ауған жаққа кетіп қалады. Жолда келе жатып:
– Бүйткен ағам бар болсын. Онан да тас бауыр құсқа айналып кеткенім жақсы емес пе? – дейді. Содан тілегі қабыл болып, заматта құсқа айналып кеткен екен.
Ертеңіне ағасы қарындасын іздеп шықса, бір жалғыз ағаштың түбінен қарындасының киімдерін көреді. Ағаштың бұтағында бір құс қонып отыр екен. Жақын барса, әлгі құс:
– Көк, көк, – деп дыбыстайды екен.
Қарындасы бұрын ағасын «көке» деп атайды екен. Құстың «көк, көк» деп дыбыстағаны «көке» дегені екен. Ағасы қарындасын танып, оны ренжіткеніне қатты өкініпті. Аңыздың айтуынша, ағасы қатты қайғырғаны сонша, самай шашы ағарып кетіпті.
Ал беймәлім құс содан бастап ел арасында «көкек» атаныпты. Көкектің өз атын өзі шақырады дейтіні «көкесінің» атын атағанына байланысты деседі.
Осыдан бастан ел ішінде «қыз баланы ренжітпеу керек, қарындасына қол көтеруге болмайды» деген ырым - тыйым пайда болыпты.
Қарындасты қадірлеу жөнінде тағы бір аңыз былай сөйлейді.
Қорқыт ата қырық жыл өлімнен қашады. Ажалға айла таптырмай ұзақ жасапты. Өлімге себеп болар барлық апаттың алдын алып, аралда қобызын зарлатып отырады екен. Оған шәкірттері тостақпен ас әкеліп тұрыпты. Бір күні қарақұрт тостаққа жабысып аралға өтіп кетеді. Қорқыт ауқаттанып отырғанда өрмекші башпайын шағып алады. Қорқыт қарақұрттың уынан ісініп, дірілдеп, жаналқымға келеді. Соңғы демі үзілер шақта шәкірттеріне:
– Мені кебіндеп жерлегенде сол аяғымның башпайларын көмбей, сыртқа шығарып тастаңдар, – деп өсиет айтады. Шәкірттері:
– Баба, неге олай дейсіз? – дейді.
– Себебі бозбала шағымда сол аяғымның башпайы қарындасыма тиіп кетіп еді. Қарындасына қолы, не аяғы тигендердің көрдегі азабы қатты болады. Осы қателіктің өкініші өзекті өртеп кетті. Көмілмеген аяғым кейінгі ұрпаққа өнеге болсын. Қыз баланы ұрып - соқпаңдар. Құдайдың қаһарына ұшырайсыңдар, – депті жарықтық.
Қорқыттың оқиғасы қыз баланы құрметтеп, оған қол көтеруге тыйым салған дәстүрге себеп болған екен.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Таңғы асты тастама Таңғы асты тастама
Бірде Жақып пайғамбар таңертең жолға шықпақ болады. Бәйбіше: – Мына таңғы асты ішіп кет, шайды дайындап қойдым, – дейді. Жақып: – Жолдан қаламын, –
Қолды жуған соң сілкіме Қолды жуған соң сілкіме
Бірде Ғайса пайғамбар жолаушылап келе жатып Ібілісті көреді. Ібіліс ізіне жүздеген ұрпағын ертіп алып, сап болып кетіп бара жатыр екен. Ғайса: – Әй,
Салт - дәстүр сөйлейді: Өсек айтпа Салт - дәстүр сөйлейді: Өсек айтпа
Бірде Мұхамбет пайғамбар (с. а. с.) сахабаларына: – Өсек айту – ғайбат, зинадан да ауыр күнә, – дейді. Сахабалар таңғалып: – Уа, Алланың елшісі! Өсек
Нан қиқымын қастерле Нан қиқымын қастерле
Бірде Ыбырайым пайғамбар Құдайға: – Уа, Тәңірім! Өзімді бай еттің, төрт түлігімді сай еттің. «Алмақтың да салмағы бар» деген. Мыңғырған малдың сұрауы
Қыз баланы құрметте Қыз баланы құрметте
Баяғыда бір жігіттің жалғыз аты болыпты. Бір жаққа шыққанда, қарындасы оның атын қарауылдайды екен. Бірде қарындасы аттан көз жазып қалыпты.
Ағасы мен інісі Ағасы мен інісі
Көктайғақ тауға талпынып, Қара тер болып алқынып, Інісі сыйлап ағасын, Шығады сүйреп шанасын.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×