ойын сауық отауы
Құрсақ шашу
27.11.2023 366 0 Admin

Құрсақ шашу

Салт-дәстүр
Қазақтық
Құрсақ шашу
Құрсақ шашу – қазақ ұлтының ежелгі салт - дәстүрлерінің бірі.
Жаңадан түскен келіннен әулеттің, қала берді, сол отбасындағы ененің күтер үміті зор. Сондықтан, келіннің аяғы ауырлағанын байқаған ене «құрсақ шашу» деген кішігірім той ұйымдастырады.
Оның мақсаты – қуанышты атап өту және жүкті әйелдің күтіміне аса назар аудару. Бұл, біріншіден, ертеңгі күні дүниеге келер нәрестенің алғашқы тойы болса, екінші жағынан аяғы ауыр ананың да қамын ойлап, соған жағдай жасаудың амалы.
Дастарқан жайылып, ақ жаулықты аналар мен өмір көрген әжелер жағы жас келінге батасын береді, ал құрбылары, абысындары білгенін айтып, ақыл - кеңес беріп, келіннің көңілін аулайды.
Бойына бала бітісімен - ақ кейбір ананың асқа тәбеті шаппай, жерік болады. Оны «итжерік» деп атайды. Тәбеті шабатын тамағын тауып беру де ененің мойнында. Өйткені ертеңгі күні жерігі қанбаса, баланың толыққанды жетілуі екіталай. Егер жерігі қанбай жүрсе, кейін баланың аузынан сілекейі аға беретін болады деген ырым да бар. Сондықтан тойға келген әйелдер келінге арнап әртүрлі тағам әкеліп, дәм татырады.
Бұл не жерін білмей әр нәрсеге аңсары ауған болашақ анаға көп көмек. «Жерік асын жеген жетілер, жерік асын жемеген кетілер» деп те жатады халқымыз. Осылайша жерік астың әрбірі ана мен баланың қажеттілігін өтейді. Келген қонақтар шашуын беріп, болашақ сәбиге, оның анасына жақсы тілектерін айтады.
Психологиялық мәні:
Дәстүр астарында терең психологиялық, феноменологиялық мағына бар.
Біріншіден, кешегі тұлымшағы желбіреген қыздың бүгін бір босағаға келін болып, бір әулеттің өмірін жалғастырушысы екендігін мойындауымен байланысты. Яғни, әйелдің сан алуан рөлдерінің бірі – өзі келін болып түскен әулетке ел қорғаны батыр мен елдің көркі қыз сыйлайтынына ізет көрсетіледі.
Екіншіден, құрсақ тойында бойына бала біткен кешегі ару, бүгінгі келіншекке арнайы мәртебе беріледі – оның «аяғы ауыр». Яғни, келіннің тек өзі ғана емес, өзгелер де оған ерекше мейіріммен қарауы керек. Бұл дүниеге келер бала тоғыз ай, тоғыз күнін ана құрсағында өткізетін болғандықтан, аяғы ауыр әйелдің ерекше құрмет пен ізетке бөленіп, өзін жақсы сезінуі – құрсақтағы баланың да жағдайына әсер ететіндігін ұлтымыз о бастан білген.
Қазақтың осы түйгені қазіргі таңда перинаталдық психология саласында мойындалған дүние. Ашып айтар болсақ, перинаталдық кезеңде құрсақтағы бала анамен бірге өмір сүретіндігі анық; сондықтан, әйел бойындағы физиологиялық, психикалық үрдістер баланың генетикалық әлеуетіне кері әсер ететіндігі, бала өмірге келгеннен кейін қоршаған ортамен, әлеммен қарым - қатынасын бұзатындығы, қиындататындығы анықталған. Аяғы ауыр әйелдің жағдайы құрсақтың жаңа қалыптасып келе жатқан психикалық қызметтерінің ерекшеліктеріне әсер ететіндігі, онымен қоймай, баланың өмірлік сценарийлеріне (жазмыш осыдан шықса керек) түрткі болатындығы дәлелденген.
Психология ілімі адам болмысының қалыптасу іргетасы оның ана бойына біткен күннен бастап, құрсақтағы өмірі мен дүниеге келген сәтінде - ақ қалыптаса бастайтынын ХХ ғасырдың екінші жартысында білсе, қазақ оны атам заманда пайымдаған. Мысалы, орыс психологиясының негізін қалаушы В. Н. Мясищев жаңа туған баланың бойында тұқым қуалаушылық пен құрсақта пайда болған мүмкіндіктері бар екенін айтады. Сонымен қатар нәресте аталған мүмкіндіктерді тән мен болмыс фенотиптерімен (жеке дара адамның әр кезеңдеріндегі ерекшеліктері) ұштастыру арқылы өмір сүретіндігін алға тартқан. Бұл тоғыз ай, тоғыз күн жалғасқан «ана мен бала» жүйесі бала дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы айларды сақталады деген сөз. Осыны сезген қазақ шарананы қырқынан шығарған.

баспаға әзірлеген
Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Ұмытылған ұлт дәстүрлері: Ашамайға мінгізу Ұмытылған ұлт дәстүрлері: Ашамайға мінгізу
Ашамайға мінгізу /салт/. Баланың сана - сезімін жетілдіру үшін жасалатын тәрбиелік салттың бірі – осы ашамайға мінгізу салтанаты болып табылады.
Ұмытылған ұлт дәстүрлері: Тілашар Ұмытылған ұлт дәстүрлері: Тілашар
Тілашар /салт/. «Тілашар» тойына арнап шашу шашады». /Қазақ халқының салт - дәстүрлері/. Әр отбасы баласы 6 - 7 жасқа толған соң медресеге, мектепке
Туыстық атаулар сыры: қайын ене Туыстық атаулар сыры: қайын ене
Қайын ене (әйел) – әйелге күйеуінің шешесі, күйеуге әйелінің шешесі «қайын ене» деп аталады. Бұлар күйеу бала мен келіннің екінші ата - анасы.
«Өлі - тірісі» берілмеген қыз аурушаң болады. «Өлі - тірісі» берілмеген қыз аурушаң болады.
Екі жас бас қосқанда жасалынатын қазақи дәстүрлердің ішіндегі ең маңыздысының бірі «Өлі - тірі».
Зейнеп Ахметова қазақ тойындағы жат әдеттерді сынға алды. Зейнеп Ахметова қазақ тойындағы жат әдеттерді
Зейнеп Ахметова қазақ тойындағы жат әдеттерді сынға алды. Әйгілі Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова қазіргі заман тойларының қазақы
Жүкті болған келінді күту дәстүрі Жүкті болған келінді күту дәстүрі
Келіннің жүкті болғанын сезген ене «Атамыздың аруағы біліп, қолдап жүрсін» деп ауылдағы үлкен үйдің оң керегесіне ақ орамал таңады.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×