ойын сауық отауы
Әмин ағаның желаяқтығының сыры
14.02.2020 3 581 0 Admin

Әмин ағаның желаяқтығының сыры

Спорт
Әмин ағаның желаяқтығының сыры
Қай кезде де қазақтың батыр ұлдары қазақтың ұлы халық екенін мойындатып жүрді. 1896 жылы тұңғыш Афиныда өткен олимпиадаға орыс халқы бара алмаған кезде Арменияның Урарту тайпасынан бір топ атлеттер Олимпиадаға барған дейді. Бұл сол кездегі армян халқының жетілгендігін білдіреді. Алып атамыз Қажымұқан орыс спортшыларымен бірге олимпиадаға барайын деп Ресейге барған, қаржы болмай бара алмай қалған деген әңгіме бар. Бұл сол кездегі қазақ халқының дамығандығын көрсетеді. Сонан кейін дүниені дүр сілкінткен қазақтың ұлы Әмин аға еді.
Мен бала кезімнен спортқа жақын өстім, соның ішінде гимнастикаға. Мектептегі барлық спорт түрінен жарыстарға қатысып, мектебіме, ауданыма жүлделі орын алып келіп жүрдім. Соның ішінде спорт патшасы жеңіл атлетикаға келуіме Әмин ағаның жерлесі жеңіл атлет, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, Маңғыстау балаларының спортқа көзін ашқан, артына шәкірт ерткен, халықтың балаларымен ерінбей еңбек ететін спортшы педагог Тлегенов Сабақбай ағай ықпал етті. Сабақбай ағай Әмин аға туралы бізге тәрбиелік мәні зор әңгімесін аңыз етіп айтып беретін.
Әулиелі Маңғыстаудың киелі Шайыр ауылынан Қашағандай дүлдүл ақын, Әминдей желаяқ, Исатайдай батыр шыққан. Ақмыш Маңғыстау адайларының эпостық жырына айналған, арманына жете алмаған ғашықтары Ақбөбек пен Қайыптың туған жері. Бұл жердің құнарлы топырағы мен балдай тәтті бұлақ суы талай тарландарды дүниеге әкелген. Соның бірі - біздің Әмин аға.
Ағамыз қарапайым малшының баласы. Қашаған малды қайырып айдап келудің өзі жүгіру спортына алғашқы дайындықтың бір баспалдағы демеске қақымыз жоқ. Ат құлағында ойнайтын ептілігі және бар.
Мал ауыл елді мекеннен 8 - 10 шақырым жерде болуына байланысты, таңертең ерте тұрып, орталықтағы мектепке келіп сабақ бітісімен үйге оралғанның өзінде күнбе - күн 16 - 20 шақырым жерді жаяу жүріп өтуі керек. Ағаның болашақ спортшы болып шыңдалуының бір сыры, міне осында.
Әбекеңнің әкесі Елемес ақсақал асау түйелерді тырп еткізбей ұстап қалатын қара күш иесі болған. Әмин ағаның әжесі (өзі шеке деп атаған) Адайдың Шоңай руының Боқай тақтасынан шыққан. Оның туыстары, ұлдары мен қыздары өте қажырлы күш иелері екендігі ел аузында айтылып жүретін әулет. «Шекесі Мақпал менің жақын апам екенін мақтан тұтамын», - дейді Сабақбай ағай. «Ағаш үйдің жақсылығы ағашынан, азаматтың жақсылығы нағашыдан» - дегендей, Әмин ағада нағашыдан дарыған қара күш бар десек, артық айтпаған болар едік. Спортшыға бірден - бір керек қасиет – күш.
Әмин аға студенттік кезі туралы бір сөзінде: «Ол кезде тұрмысымыз қиын болды. Отбасында 8 бала бармыз. Ақша аздық етіп, дұрыс тамақтана алмадым. Спорт үйірмесіне қатысып, жақсы көрсеткіш көрсеткен студентке тамаққа талон беретін еді. Үйірмеге қатысып алған талоныммен достарымды да риза етуші едім», - дейді. Жақсы спортшы болудың бір сыры міне, осы үйірмеге қалмай қатысуына байланысты.
Әмин аға - еңбекқор, тапқыр. Ол сиырдың терісінің ішіне түйенің жүнін салып қатты кішкентай доп жасайтын болған. Ол доппен сол кездегі атақты ойын «қашпа доп» ойнайтын едік дейді. Ал «қашпа доп» ойыны болса, жылдамдыққа, ептілікке, мергендікке тәрбиелейтін ойын.
Міне, осындай табиғи факторлардың өзімен спортшыларға ең керекті жылдамдық, ептілік, күш, төзімділік т. б. сапалары жетіледі. Әмин ағамыздың спортты кеш бастаса да, үлкен көрсеткіш көрсетуінің бар сыры осында жатыр. Табиғи факторлардың арқасында жалпы дене дайындығынан сақадай сай өткен Әмин ағамыз спортқа деген арнаулы дайындықты жоғары оқу орнына түскеннен кейін ғана бастады.
«Финал. Алдыңғы күнгі қашықтықтағыдай Әмин бұл жолы да сәл кештеу қимылдады. Бірақ 30 метр өтпей - ақ қарсыластарын қуып жетіп, оза бастады. Бұрылыста бақталастарынан екі метрдей алда болды. Ақырында басымдығын уысынан шығармастан мәре сызығынан өтті. Тағы да жеңіс. Гурьевтіктер ауылында тағы да той. Спартакиадаға келген делегация мүшелері түгелдей жиналған. Ентігіп тұрған спортшы, жанкүйерлер арасынан шыға алмай әуре. Екі қашықтықта да алтыннан алқа таққан Әминді танитындар да, танымайтындар да құттықтаудан жалығар емес. Сол сәтте стадиондағы жаршы – төреші 200 метрге жүгіруден чемпион атанған Әмин Тұяқов 22, 0 секунд, екінші жүлдегер Юрий Рыбин – 22, 3 секунд, үшінші жүлдегер Олег Рахманов – 22, 4 секунд нәтиже көрсетті, - деп хабарлай бастады. Қуанышты сәтті пайдаланып қалғысы келген Гурьев облысы спортының басшысы Е. Әсенов мырза команданың қамы үшін Әминге 400 метрге жүгіру керектігін арға тартты. Әмин бұрын - соңды республикалық жарыста, бұл қашықтыққа жүгіріп көрмеген - ді. Оның үстіне екі бірдей қашықтықта жеңіп, үшіншісінде ұтылып қалсам ұят болар деп, екі ойлы болып тұрған сәтте Қазақстан құрамасы бапкерлерінің бірі Ф. П. Суслов келіп:
- Шалабыңды шайқама. Сен ұта алмайсың, – дегені.
Әмин болса, Адайдың «асаулығына» салып:
- Жүгіремін. Міндетті түрде ұтамын, - деп бірден кесіп айтты. Суслов болса кекесін кейіппен, миығынан күліп кете барды. Феликс Павлов келіп қытығына тимегенде, Әминнің жүгірмеуі де мүмкін еді. 400 метрлік қашықтықта ширек және жартылай финалда, спортшылар 50 секунд маңайында өнер көрсетті. Әмин де жоғары нәтиже үшін тырысқан жоқ. Финалға шығуды ғана мақсат тұтты. Оның үстіне қарсыластарының тактикасын байқауды, кімнің қандай мүмкіндіктері бар екендігін білуді жөн санады. Бір сөзбен айтқанда, үшінші нәтижемен финал табалдырығынан аттады. Финалдық бәсекеге іліккендердің ішінде Әминнен басқасы 400 метрлік қашықтықтың әккі мамандары болатын. Әмин алғашқы 200 - 250 метр шамасында үшінші болып жүрді. Бірақ алдағы екеуі де онша ұзап кете алған жоқ. Аралары бар болғаны екі - үш метрдей ғана. Олардың ығында отырған Әмин мәреге алпыс метрдей қалғанда зулап алға шықты. Қарсыластары ешқандай қауқар көрсете алған жоқ. Бас бәйгені алсаң, ала бер дегендей, дәрменсіздік күй танытты. Тағы да бірінші. Сөйтіп Әмин Тұяқов 400 метрлік қашықтықта алдына жан салмай чемпион атанды. Бұған дейін және онан кейін де, дәл осындай үш қашықтықта қазақ топырағында ешкім ұтып көрген жоқ. Қапелімде бұл ерліктің қайталануы да екіталай. Мәреден кейін жаңағы Ф. Сусловты іздеп еді, құйын қуғандай маңайда болмай шықты. Ұялғаннан тайып тұрса керек. 400 метрлік қашықтықта мұрынын шүйіріп, өздерін құдайдай санап жүргендер де үнсіз қалды. Таулары шағылып, жігері құмға айналды. Олардың іштарлығы соншалық, дәстүр бойынша жеңімпаздың қолын алып құттықтауды қажетсінбеген. Бірақ кешеден бері «Әмин, Әмин», - деп өңешін жырта айқайға басып, жанын шүберекке түйіп жүрген жанкүйерлер, күнделікті күйбің тірліктің болмысына елең етер емес. Бәрінің жан - тәні Әминге, оның жеңісіне ауған.
- Жігіттер, біз құрылысшымыз, «Қайраттың», Әминнің, Әбдісаланның, Әбілсейіттің жанкүйерлеріміз. Әминге рахмет. Төбемізді көкке жеткізді. Енді қасымыздағы жұмыстас орыстарымызға мақтанатын болдым. Әмин 100, 200 және 4х100 метрлік эстафетаға бекітілді. КСРО Халықтарының бірінші спартакиадасында «ұлттық кадр, елдің қожасы» деп мазақтап жүргендердің аузына құм құйылғандай. Бұған дейінгі кекесін сөздер мүлдем ұмытылған. Бұл Әминнің талантын мойындағандықтың белгісі», - деп жазады өз повесінде Жүсіп аға.
1982 жылы Орал педагогикалық институтының спорт факультетіне түсіп оқып жүрген кезімізде дәріс берген мұғалімдер қазақтың қос ұлы Әмин мен Ғұсман Қосановты айтқан кезде жерлесіміз үшін қатты қуанып отыратынбыз. Бізден екі курс жоғары оқыған Әмин ағаның інісін «анау Әмин Тұяқовтың інісі, Әминнің кім екенін білесің бе?» деп студенттер бір - бірінен сұрап жататын. Бала күнімнен мен Әмин ағамен кездессем деп армандайтынмын. Бірақ ол мүмкін еместей көрінетін. Ол қол жетпес арман деп ойлайтынмын.
Бұл арманым 2012 жылы наурыз айында Әминнің әрбір жетістігін насихаттаушы, есігін ашып кірген оқу орындарының балаларынан «Әмин кім, Әминді білесің бе?» деп сұрайтын, пәні басқа болса да спорт жанкүйері, қазақтың патриот ұлы Фермебай ағаның арқасында орындалды.
Әмин аға, 1961 - 68 жылдарда КСРО құрама командасының сапында аламан бәйге айтулы жарыстарына қатыстыңыз. КСРО мен АҚШ, Англия, Франция сияқты алып мемлекетердің «Алыптар айқастарында» I, II орындарды уысыңыздан шығармапсыз. КСРО, Қытай, Польша, Венгрия, Болгария, Вьетнам желаяқтары арасында өткен Халықаралық жарыстардың жеңімпазы болдыңыз. Еуропа чемпионаттарында жүлделі орындарды иеленіп, 11 алтын, 3 күміс, 4 қола медальдарды иелендіңіз. Ең бастысы, үлкен спорттан кетсеңіз де 1971 - 91 жылдарда олимпиада резервін дайындайтын мектепте, кейін Ұлттық құрама командасына бас бапкер болдыңыз, О. Шишигина, И. Потапович, Г. Егор сияқты шәкірттеріңіз ел үмітін ақтады. Сіздің «Әттең осы жампоздардың арасында бір қаракөздің болмағаны мені күні бүгінге дейін қынжылтады» деген сөзіңізге мен көзіме жас алып жыладым да. «Қуаныштысы, «Айгөлек» журналының оқырмандарының Қазақстан спортының өткеніне қызығушылық танытуы» деген сөзіңізден кейін, бір топ сізді бір сәт те есінен шығармаған спорт жанашырлары Фермебай Ережепұлы Ережепов, Құрақ Жұмабаев және мен кітап жазуға бел будық.
Бұрын «Әмин» атты деректі повесть, естеліктер жазылса, Фермебай ағаның ұсынысымен біз жасөспірімдерді жаттықтырып тәрбиелеуде жеңіл атлетиканың жаттықтырушылары мен дене тәрбиесі пәні мұғалімдеріне арнап «Әминнің сабақтары» әдістемелік құралын жазуды қолға алдық. Өзіңізбен де кездесіп сұхбаттастық. Сондағы сіздің бойыңыздан көргенім, еш қаймағы бұзылмаған таза қазақилығыңыз, адами қарапайым қасиетіңіз. Чемпиондарды баптап жүрген сіздің үйдегі бапкеріңіз, жанұяңыздың жылуы, жарқыраған Алма апаның тәрбиелі өнегесін көріп тәнті болдым. Сіздермен қонақта бірге болған кезімізде астың батасын қайыруды бір жас болса да үлкен деп Әбіш аға сізге береді екен. Бұл қазақты әлемге танытқан қазақтың, Маңғыстаудың қос ұлының бір - біріне деген сыйластығы, қазақы тәрбиеліліктері інілерге өнеге.
Бүгінде «Әминнің сабақтары» кітабы әрбір мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімдерінің қолынан тастамайтын көмекші құралына айналған. Олардың дайындап, жаттықтырып жүрген балаларының арасынан болашақта чемпиондар шығатынынан үміттіміз.

Ағуза Далабайқызы РАМАЗАНОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Маңғыстау облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты
Деңгейлік бағдарламалар
орталығының тренері.

Туыстық атаулар сыры: аға, іні Туыстық атаулар сыры: аға, іні
Аға (ер) – Бір әке - шешеден туған (немесе рулас ағайын - туыс) жасы үлкен жігіт – аға деп аталады. Ағаның жөні де, жолы да үлкен деп есептеледі.
Тоғызқұмалақ – қазақ халқының ұлттық ойыны Тоғызқұмалақ – қазақ халқының ұлттық ойыны
Тоғызқұмалақты қырғыздар да, қарақалпақтар да, алтайлықтар да ойнайды. Алайда қазақтың «Тоғызқұмалақ» ойыны кемеліне келген және дамыған ойын.
Суда жүзудің пайдасы Суда жүзудің пайдасы
Шынығудың ең тиімді құралы – ауа, күннің көзі және су екенін ғалымдар үнемі айтып келеді. Қай спорт түрін алсаңыз да, әрқайсысының адам денсаулығына
Дубай ағаның батасы Дубай ағаның батасы
Нар артатын жүгің болсын, Жүрегіңнің түгі болсын. Елің үшін ерінбейтін Табаныңның бүрі бол!
Тұңғыш қазақ ғарышкері Тұңғыш қазақ ғарышкері
Әубәкіров ағаның Даңқы көкке самғаған. Тоқтар аға Гагарин Салған жолды жалғаған.
Суға барған сұлулар Суға барған сұлулар
Бойжеткендер, Балдыздар Бір кездегі аңыздай. Су тасиды бал қыздар Бір тамшысын тамызбай.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×