ойын сауық отауы
М. Разданұлы / Алтай ақиықтары
23.01.2023 283 0 Admin

М. Разданұлы / Алтай ақиықтары

Әдебиет
Ұлы Даланың рухани жауһары
М. Разданұлы / Алтай ақиықтары
“Алтай ақиықтары” – тарихи роман. Шін Жаң жастар - өрендер баспасында “Үрімжі” 1998 жылы бірінші рет басылған.
Кейіпкерлері: Жәнібек батыр, Көкен би, Күнгіл Жалсын (Тібеттік Шаған кеген), Музың Тұңжы (Ман Чің ханы), Жин Шурын (Іле губернаторы), Дүзбембет тәйжі, Чи Хың (Қытай мансаптысы), Жақып, Мәми, Өміртай (Биқажы), Қара Оспан (Кәрі Амбы және Аға деп те аталған), Бейсембі би, Бықыш шешен, Ораз Мұхамет қажы, Қамшыбай қажы, Замбы, Ізбайыр, Тілеубай дүңше, Жеңісқан гүң, Жанабыл дүңше, Далай батыр, Дәркен батыр, Бақ би, Бұтабай ақын, Кәкіжан, Қоғабай, Сабылдық, Салыбай шабарман, Қалыбек (Өміртайдың атасы), Ханымай (Өміртайдың апасы), Қожамжар, Қалдыбай, Ақтай, Бозтай, Жылқышы (Сәкесі), Самырқан, Иманбай, Жәйірбай, Сүгірбай, Дәлелқан (Сүгірбайдың ұлы), Қойлыбай балуан, Тұратау зәңгі, Мардан, Дәриға (Қара Оспанның қызы), Қуқабай үкірдай, Әйе апаң (Қара Оспанның бәйбішесі), Ережеп болыс, Сымағұл, Дәуітбай, Зағыфи, Жәбиболла әбзи, Тәукебай, Бүлеке бақсы, Қылыш (Қара Оспанның баласы), Махмұт (Қара Оспанның немересі), Зақария, Баймолла, Шәріпқан, Сақи, Сейіт (Қопа), Хадиша, Хайдар ғұлами, Емілбай, Әз, Шегетай би, Ажы төре, Мирак Бари әпенді, Әбілмәжин, Жәйірбай, Мәрия (Қара Оспанның тоқалы), Нұрилә (Дәлелқанның шешесі), Дәулет, Мыңғыт, Қырықбай, Сапарғали, Ма Бупаң, Ма Жұңиін, Қара пайжаң (Дүңген сардарлар), Ғанифа...
“Алтай ақиықтарында” автор 1860 - 1930 жылдар аралығында болған Алтайдағы аққаптал шежірелерді шерте отырып, ақтайлақтың бауырын арқан кесіп ауа көшкен елдің ежелгі тарихына қалам тірейді. “Қызыл аяқтар қырғыны” деп аталған Күнгіл Жалсынның тобықтарына қызыл маталар оранып алып, қазақтарды қынадай қырған қанды оқиғасынан басталады. Елдің екі тізгін, бір шылбырын қолына алған Шаған кеген Ман Чіңның Музың Тұңжы ханынан Алтайдың бір жерінен бұдхана салуға рұқсат қағаз алады. Бұдхана шығынын бөлісуге атырабындағы алаштың азулыларын шақырады, оның ірге тасын керейдің ата - бабалары көң төккен көне жұрттарына қалайды. Көп өтпей, шалғайы кең жұртты шулатқан бұдхана Абақтың қойының құйрығымен салынып бітеді де Гуаң Шұй патша өз қолымен “Сары күре - Сары сүмбе” деген маңдайшалық жазып береді. Осы кез көрші орыспен келісе алмаған көп даудың құлағы қалқиып тұрған бір беймаза тұс болатын. Сол себептен желдің өтінде, жаудың шетіндегі Іле губернаторы Жин Шурынды хан ордасы әукесін қасып, арқадан қағып, мәртебесін өсіруге сарайға шақырады. Бұл сапарға аттанбас бұрын ол жол - жөнекей Алтайға ат басын бұрады, халық болып қоғадай жапырылып күтеді. Қойын - қоншын алтын - күміспен толтырған ұлық аттанарында елдің игі - жақсыларының патшаға айтар бұйымтай - шаруаларын сұрайды. Сондағы тоқсан ауыздан толғанып шыққан тобықтай түйін: Алтай бұдан кейін де хан ордасы – Пекинге тіке қарайтын ерекше аудан болып қала берсін болады. Оны қағазға жазып мөрі барлары мөрін, жоқтары бармақтарын басып ұлыққа ұсынады. Ол да кісілігінде тұрып, дәм - тұзды ұмытпай ордаға барған соң ханға қол екі тапсырады. Бұл тілекке патшаның әукесі түсіп, қабылдағандығын жарлықпен жеткізеді. Сонымен, күріштің арқасында күрмек боп су ішкен Чи Хыңның тұғыры биіктеп Чыңшай мәртебесіне көтеріліп, арнаулы мәпемен жүретін болады. Оның лауазымына құтты болсын айтуға құзырындағы елдің сорпа бетіне шығарлары тарту - таралғымен жамбылдың табалдырығын тоздырады. Чыңшайдың “көк кітабындағы” сауға әкелген билердің тізімдігі күннен - күнге көбейіп, қара қамба да қабырғасын керді. Ұлық ілгертінде Қобдада тұрған кезінде сақтық ойлап қолына әр ұлттан шеріктер ұстаған, кейін оларды өзімен бірге ала келген. Қазір құралды адамдардың қажеті азайғандықтан, көбін күнкөріс кәсіптерге орналастырған. Жырынды жылпостары саудамен айналысып, аңқау қара халықты сүліктей сорып, байыған үстіне байи түскен.
Өткендегі мерекеге жиналған билер қатар тігілген қалың ақ үйлерінен тек жайлауға көшпей Қара Оспанның “көк үйі” ғана қалған. Оның жанында “көк үйдің” көңілі үшін билер қалдырған санаты селдір аз ауыл тұрған. Қара Оспанның құтты шаңырағына қарлығаш ұя салғандықтан, сары езу балапандары топшысы қатайып қанаттанып ұшқанша, шырқын бұзбаймын деп түңлік бауын шешпей отырған. Қазірше “қанжығада көрісейік” – дейтіндей жау шапты үрей де жоқ болатын. Оның үстіне, Ошыңның төңірегінде топталғандардың барыны барған сайын молайып, қысыр кеңестің де қан баразы қайнаған. Жайлаудың қуаты күшті қымызы да күн құрғатпай келіп тұратын болған. Осылайша, қызықты кез көңілді дуалап, білінбей өте берген. Бір күні қос қарлығаш “көк үйдің” аспанын айнала шырылдай ұшып, арып таласты. Тіпті адамдардың қойнына кіріп кете жаздады. Бір сұмдықтың болғанынан сезіктенген Қара Оспан тысқа қарғи шықты, отты көзіне үй белдеуіне өрмелеп бара жатқан білектей қарасұр жылан шоқтай басылды. Әрі - сәрі болмастан құйрығынан шап берді де жерге сілкіп - сілкіп қалғанда өті аузына құйылған жылан тырып етпеді. Күндер өте қыл матаудағы балапандар тұсауын үзіп, жылы ұяларынан қанаттанды. Оның да “көк үйін” жықтырып, сағынған сары жайлауына көшті.
Жайлау үсті, үлкен ақ үйдің ортасында Иманбай отыр. Ақ жейдесінің екі білегін сыбанып алып, бар өнерін талдан ойып, сыртын ішекпен қаптаған, төрт шеріктей ғана, тынысы кең аспапқа салады. Алдына ыдысқа құйып су қойған, ол топ жарып күй бастарда сыбызғы көмейін қашанда “Көкбөрі” күйімен ашады. Сыбызғышы көк бөрімен кездесоқ кезіккенін, содан бастап оны өзіне кие тұтып, жебеуші ететінін әңгімеге арқау етеді. Ендігі кезек “Өрікті көлге” келді. Құба қалмақ заманында моңғол жеріндегі “Өрікті көл” жағасында қызыл қырғын болып, сондағы елдің зары көлдің атымен аталып, үңірейген сыбызғының өңешінде осылай қалыпты. Сыбызғышы сырғи - сырғи “Соғыс төбеге” келді. Бұл да сол моңғол жеріндегі бір миқы адырда керейдің екі руы Жәдік пен Шерушінің билікке таласып соғысқан төбеге бола қойылған күй аты. Сыбызғысын суғарып алған Иманбай “Жыландыға” жылжып тағы аңыратты. Кіндіктене келе керей баласында дау - дамай молайып, рулар ара жігі қабыспаған қақтығыстар көбейеді. Соның бірі, Марданның ата дәулетіне буланып, жастықтың желігімен шарбысы шатына симай ел кезіп, сал - серілік құруы, оны Сүгірбайдың бір бақай қулықпен қолдауы, Марданның Қара Оспанның қызы Дәриғамен танысып ұнатуы, араға Дәулеттің әзезілдік салуы, Сүгірбайдың сілтеуімен Дәуітбай шабарманның қыз ұзату көшін орта жолдан тоқтатуы, жас келіннің жалғыз басымен құтты орнына қонуы, ер көңілді Жәдік қызы айласын асырып, Шеруші шалды жүйеге жығып, Бықыш шешеннің: “бұл даудың тесігі аналықтың даналығы жеңген күні бітеді” – деген көреген де алымды сөзін айғақтаумен “Жыланды” күйі боздауын тоқтайды. Осылай ұзақ отырған сыбызғышы Иманбай талай тарихты жамбасынан аунатып, тыңдаушыларының құлақ құрышын қандырады.
Сол Иманбай міне қалпе болып, Зағыфиға ұшық салмақшы. От басында саптаулы балта мен қара бақыр жатыр. Қалпе тірсек жең мешпетін шешіп, көйлегінің жағасын ағытты, домбырасының құлағын теріс бұрауға келтірді де барша әулие - әнбиелерге, сахабаларға сыйынып алып, өлеңмен жындарын шақыра бастады. Бураша жараған қалпең отқа қойған қып - қызыл бақырды жалап - жалап жіберіп, тостағандағы суды ұрттап, науқасқа бүркеді. Кенет есіктен шыға жөнелді, үркердей ұйлыққан жұрт оның енді күлдіреуіште отырғанын көріп көздері атыздай болды. Осы кезде көптің қатарында құдайы қонақ болған Бүлеке бақсының да арқасы қозып, қобызбен жынын шақырып бурадай буырқанды. Сөйтіп, аяқ астынан екеуі арбаса қалды. Біріне - бірі жеңістік бермей, сүт пісірім салғыласты. Ақыры қалпе ырықтылыққа шығып, Бүлеке бүк түсті де табанда тіл тартпай о дүниеге аттанды. Қазақ жолында қос бақсы қатар келсе, бұрынғысы соңғысына, үлкені кішісіне жол беретін үрдіс болған. Бүлекенің ажалы бұл жарғыға томпақ келуінен болса керек. Иманбай Мұхаметтің жуырда келетінін айтып Биқажыны қуантты, ал ауру әйелді теріге салып, жалбызбен булайтын болып үйден шықты. (жалғасы бар)

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Тарихи түптөркін: Алтай Тарихи түптөркін: Алтай
Алтай – терістік жағы Ресей, шығысы Қытай, оңтүстік - шығысы Қазақстан Республикасындағы биік таулы аймақ. Ресейдің Алтай өлкесі Таулы Алтай
Жеке батыр - Сәкен Сейфуллин Жеке батыр - Сәкен Сейфуллин
Болыпты баяғыда Жеке батыр.... Тау бағып жатады екен тігіп шатыр. Бір күні қарауылда қалғып кетіп, Сол батыр бүгінгеше ұйықтап жатыр.
Батырлар туралы мақал - мәтелдер Батырлар туралы мақал - мәтелдер
Батырлығың не керек, байсалдылық болмаса. Ақындығың не керек айтарлығың болмаса.
Жаңғырып Алтай тауы саласынан Жаңғырып Алтай тауы саласынан
Жаңғырып Алтай тауы саласынан, Майысқан ағаш, шөптер арасынан. Деді маған тырысып құтылмасаң, Сахараның, б... іздейсің даласынан.
Қазақыес Қазақыес
Күш кемiдi. Айбынды ту құлады. Кеше батыр - бүгiн қорқақ, бұғады. Ерiкке ұмтылған ұшқыр жаны кiсенде, Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қазақ тілі Қазақ тілі
Күш кемiдi, айбынды ту құлады, Кеше батыр – бүгiн қорқақ, бұғады. Ерiкке ұмтылған ұшқыр жаны кiсенде Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×