ойын сауық отауы
Күй аңызы: Арман
15.10.2020 1 344 0 Admin

Күй аңызы: Арман

Әңгімелер
Күй аңызы
Арман
Бір ауылда той болып, сол тойға Тілендіұлы Нұрғиса арнайы шақырылыпты. Өзі той болған соң, оған Нұрғиса шақырылған соң, әрине, күй тартылады. Күйді, әрине, Нұрғиса тартады. Елдің де күткені сол, күй тартылған сайын тыңдаушы жұрттың айызы қанып, желпіне түседі. Жұрт желпініп, қошамет көрсеткен сайын Нұрғисаның арқасы қозып, домбырасын қырық құбылтады. Тыңдаушының делебесі одан сайын қозады. Жұрт осылайша мәз - мейрам болып жатқанда, бір ақ сақалды қарт құйған мүсіндей болып, шеттеу отырады. Бейне бір тас керең адам секілді, тартылып жатқан күйге селт етпейді. Әрбір күйді тартқан сайын қолпашты қардай боратқан көпшілік Нұрғисаны одан сайын қолқалай түседі. Еті қызып алған Нұрғиса домбыраны төсіне қойып, басына шығарып, шырқ үйіріп тартады. Тыңдаушы көпшіліктің есі шығып, одан сайын үздіге түседі. Тек, әлгі шеткерірек отырған ақ сақалды қарт сол құйған мүсін сияқты қалпынан селт етер емес. Нұрғиса болса арқаланып алған, домбырасын одан сайын бебеулетіп, одан әрман безілдете түседі. Әлден уақытта делебесі қозған бір жас жігіт: «Нұрғиса, сіз күйді башайыңызбен тартады дейді ғой, башайыңызбен тартыңызшы!» деп өзеурейді. Нұрғиса болса сұраушыны жалындырмайды, кебісті қағып тастап, домбыраны башайымен қағады. Жұрт қыран - топан, айран - асыр, таң - тамаша.
Бірақ, шеткеріде отырған қарт қана, селт етпестен, сол тұнжыраған қалпынан танбайды. Содан, күйдің неше атасы тартылып, әннің неше атасы айтылып, тыңдаушының құмары қанып, түннің бір мезгілі болған кезде Нұрғиса тынығып, дем алмақшы болады. Қонақтарды алдын - ала сайланған үйлерге бөліп - бөліп жатқызу үшін тарата бастайды. Нұрғиса болса, бағанағы құйған мүсіндей тұнжыр қарттың үйіне бөлінеді.
Үйге келеді. Тап - тұйнақтай қонақ түсетін үй екен. Нұрғисаның көзіне төрде ілулі тұрған қозы қарын қызыл домбыра алдымен шалынады. Домбыра көрсе Нұрғисада тағат қала ма, қызыл домбыраны қолына алып, шертіп көрсе, домбыраның көмейі күмбірлеп, көкірегі өксиді екен. Нұрғиса қызығып кетеді де, үй иесіне: «Ақсақал, бір күй тартып берейінші!» - дейді. Үй иесі самарқау қалпымен Нұрғисаның бетіне барлай қарап алады да: «Тартсаң тарт, шырағым. Тек, үйдің берекесін алмай, адам құсап тартшы!» - дейді. Қарттың үні мүлде түңілгендей, дені дұрыс күй тыңдаудан күдерін үзгендей болып естіледі.
Нұрғиса болса дүние төңкеріліп түскендей «Ах!» дейді. Күнұзынғы қолпаштыың, күнұзынғы марапаттың бәрі желге ұшқандай, бәрі жалған сияқты жаны құлазып сала береді. Ол аздай - ақ, сол сәт әкесі Тіленді марқұмның дәл жанағы қарт сияқты «Күйдің берекесін алмай, күйін келтіріп тартар болар» деп отыратын сөзі есіне түсіп, одан сайын құмығады. Тап бір әке өсиетін аттағандай, күйші әкесінің арманына қылау түсіріп алғандай, жан - дүниесі әп - сәтте әптер - дәптер болады. Сол сәт көкірегінен «Ах, арман - ай!» деген сөздің қалай лықсып шыққанын өзі де аңғармай қалады. Нұрғиса тұғырдағы қырандай дүр сілкініп, есін жияды. Сол қалпында домбыраны үгітіп жіберердей құшырлана бауырына басып отырып, жөргектен құлағына сіңген ескі сарынды сұңқылдатып қоя береді. Күй қолымен емес, жүрегімен тартылады. Тереңнен тепсініп шыққан шұңғыла сарын гөй - гөйлеп, небір нақышты иірім - қайырымдар өзінен - өзі құйылып арманымен қауышқандай сезіне беріледі.
Күй аяқталады. Нұрғиса қарсы алдында қақшиып отырған қартқа қарайды. Қарттың қабағы ашылып, жанары шоқтай жайнап, мүлде басқа күйге түскен. Сол қалпы ботадай елпілдеп: «Ой, бәрекелді, өркенің өссін, қарағым!» дейді. Нұрғиса сонда ғана өзіне - өзі келгендей болып, көңілі орнына түседі...
Сөйтсе, бұл қартыңыз соғысқа барғанға дейін тыңдаушысын тәнті еткен дәулескер домбырашы екен. Соғыстан сол қолы шынтағынан кесіліп оралыпты. Қол кесілгенмен, көкірек сау, күйге ынтық көңілін өзінше аулап, домбырасын баптап қояды екен. Міне, осы қарттың алдында тартқан күйін Нұрғиса кейін «Арман» деп атап жұртқа жайса керек.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Күй аңызы: Сары өзен Күй аңызы: Сары өзен
Ертеде, қалмақтардың жаугершілік заманында, қалмақтар қазақ ауылдарына шабуыл жасап, адамдарын тұтқындап, малдарын айдап кетіпті. Сол тұтқынның
Алғыс дәметпе! Алғыс дәметпе!
Бір ауылда данагөй ақсақал өмір сүріпті. Одан ақыл сұрап жан - жақтан адамдар келіп тұрады екен. Күндердің бір күні әлгі қарияға көрші ауылдан бір
Стресстен арылу жаттығулары Стресстен арылу жаттығулары
Тыныс алу жаттығуы. Мұрын арқылы жай тыныс алыңыз да, аздап ұстап тұрып жіберіңіз. Әр дем шығарып жатып, стресстен айығып жатырмын деп ойлаңыз.
Сұлу әйел Сұлу әйел
Баяғыда бір жігіт көпке танымал дана қартқа келіп, оған өзін қинаған бір мәселені айтып шағымданған көрінеді. Сондағы айтпағы мынау екен: "Мен
Әр күн сайын құлшынып Әр күн сайын құлшынып
Әр күн сайын құлшынып, Әр күн сайын түле бір. Мәңгі күрес - тіршілік, Мәңгі майдан - бұл өмір.
Ескі Түркістан Ескі Түркістан
ЕСКІ ШАҺАР Ескі шаһар - таң дүние, Салар болсаң назарың, He көресің? Көресің - Майдан сайын мазарын.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×