ойын сауық отауы
Абай айнасы – рухани кемелдену: Сезім қанағаты
20.10.2020 914 0 Admin

Абай айнасы – рухани кемелдену: Сезім қанағаты

Әңгімелер
Абай айнасы – рухани кемелдену
Сезім қанағаты

Адамның бақыты – оның сол сәттегі ләзаттану шағы. Ал ең жоғарғы ләззат – жанның Алла тағаламен байланысқан шағы. Бірақ бұл деңгейге жету әркімнің қолынан келе бермейді. Себебі Абай қырық үшінші сөзінде жазғанындай «Адам ұғлы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан». Сондықтан адам ләзатты тән арқылы немесе жан арқылы алуы мүмкін. Әрі қарай Абай адам ләзатты тән арқылы қалай алатынын түсіндіреді: «Көзбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретіменен көңілге түседі. Ол көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен өткен соң, оларды жайғастырып көңілде суреттемек. Ол – жанның жибили  қуаты дүр. Бір ұмытпастық жақсы нәрседен көңілге жақсы әсер хасил  болып, жаман нәрседен көңілге жаман әсер хасил болу секілді нәрселер».
Бұл сөздерден жан сыртқы хабарды бес сезім мүшелерімен қабылдап, түрлі әсер алатынын ұғамыз. Егер алған әсер жақсы болса - қуанып, ләззаттанамыз, ал жаман болса – ренжіп, қайғы шегеміз. Сонымен бірге сезім дегеніміз – сезім мүшелерінің қабылдағандары ғана емес, одан да кең деңгейде түсіндірілетін құбылыс. Сезім мүшелері арқылы өмір көріністерін біздің тәніміз сезінеді. Бұл – тұрпайы физикалық әлем. Көзбен көрген, құлақпен естіген, мұрынмен иіскеген, тілмен алынған дәм және дененің терісімен алынған хабарлар көңілге түсіп суреттеледі. Бұл – ақыл - ес пен жанның жұмысы. Ішкі сезім дегеніміз – осы. Осыдан білетініміз, сезімге сыртқы сезімдерден басқа адамның ішкі дүниесінің құбылыстары жатады. Сырттан алған хабарлар біздің ақылымызға келіп түскенде ми компьютер тәрізді оны саралап қорыта бастайды. Сөйтіп оның жақсы екені, не болмаса жаман екені, яғни қабылдауға болатыны немесе болмайтыны анықталады.
Ал егер өмірдің осы құбылысын ақылдан жоғары тұрған есіміз арқылы талқылайтын болсақ, оның мәніне тереңірек үңіліп, пайда болу себебін, келешекте болатын салдарын да біле аламыз. Сөйтіп өзіміздің оған деген ойымызды, қалау - ниетімізді білдіреміз. Бұл кезде қуаныш - қайғы, сүйіспеншілік, мейірімділік, рақымдылық, ашу - ыза, қорқыныш, өкініш, қызғаныш, алдау, ар - ұят, өркөкіректік, реніш, таң қалушылық тәрізді басқадай да сезімдерге бөленуіміз мүмкін.
Жан хабары сезім мүшелері және ақыл - ес арқылы алатын болғандықтан, түскен хабардың рухани тазалығы солардың тазалығына байланысты болады. Сондықтан сезімдерді рухани жолмен, ең болмаса көркемөнер көмегімен жетілдірудің маңызы бар. Егер сезім мүшелері таза болмаса, оның берген хабарлары да лас болып, жанның алатын ләззаты күңгірттенеді. Жанның өзі әуелден таза, сондықтан ол тазалық арқылы ләззаттанады. Жанның алатын ләззатының жоғарылығы оған түскен хабарлардың тазалығына да байланысты. Өкінішке қарай, күнделікті өмірде имандылығы төмен адамдар нені көріп, нені білуді айыра алмайды. Оған сөз бостандығын дұрыс пайдалана аламағандықтан теледидар, газет - журналдар, ғаламтор тәрізді ақпарат құралдарының бетінде беріліп жатқан келеңсіз хабарлар дәлел. Бұлардың рухани жетілуге үлкен зиян келтіретіні белгілі. Ондай хабарға үйір, көкірек көздерін шел басқан, жандары ұйқыдағы адамдар өздерінің бақытсыздығын сезінбейді. Ішкі жан дүниесі әлі тазармаған адам өмірдің ләззатын толық ала алмайды. Себебі, адам жоғары ләззатты жан арқылы алады. Ал таза рухани жан Жоғары Рухпен тура байланысып, ләззатты материалдық денеден тыс тікелей алады. Сондықтан кірленген сыртқы сезім мүшелері арқылы жанды қанағаттандыру мүмкін емес. Себебі сезімдер материалды болғандықтан, олар рухани ләззатты қабылдай алмайды. Жан рухани құмарын қандыра алмай ашығып, бүкіл адам болмысы сергелдеңге түсіп, жан иесін тұйыққа әкеліп тірейді. Осының салдарынан жан өмірден түңіліп, бәрінен жалығады. Бұл туралы Абай жиырмасыншы сөзінде былай деп жазады:
«Тағдырдың жарлығын білесіздер – өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол – тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір іліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суи бастайды. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақұлыққа Құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ».
Ойшылдың осы сөздерінен көп нәрсені ұғуға болады. Бұл фәни өмір жалған, тұрақсыз. Жан қанағат ала алмағандықтан адам бәрінен де жалығады. Бірақ жалығу деген ақылы түгел, ойлы адамның баласына ғана лайық. Ақылсыз адамдар жалығуды білмей, фәни қызығын алған үстіне ала бергісі келеді. Себебі олардың жүрегі әлі ұйқыда, жандары тазармағандықтан, өмірдің жоғары деңгейі бар екенін сезінбейді. Ондай адамдарды Абай «Партия жиып пара алған, пейілі кедей байлар» деп бағалайды. Бұларды Руми тәрізді Абай да өздерінің бақытсыз екенін сезінбейтін малмен салыстырады. Ол бұл туралы пікірін толықтырып, әлгі қара сөзін былай деп жалғастырады:
«Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының ақырының щолақтығын көрген - білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет  екен деп ойлаймын».
Әрине, ойшылдың бұл сөздерінен ақымақ болған жақсы екен деген ой тумаса керек. Ол бұл арада ақылды адамның қасиетін ғана беріп отыр. Ақылды адам фәни өмірдің өткінші, жалған екенін түсініп, жаны қиналғандықтан тіршіліктен де бас тартуы мүмкін. Сөйтіп өмірден бақыт таба алмай, «байлар да жылайды». Айталық, тұрмысы жетілген, бай саналатын батыс елдерінде рухани тығырықтан шыға алмай маскүнемдікке, анаша тартуға, зинақорлыққа ұрынып не болмаса өзіне - өзі қол салып, бұл өмірден мезгілсіз кетіп жатқан адамдар аз емес. Бұл – олардың жандарының ашығып, азаптануының көрінісі. Адамның осындай жағдайын Абай бірінші қара сөзінде: «... енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» деп білдіреді. (жалғасы бар) 

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Абай айнасы – рухани кемелдену: Рухани жетілу сатысы Абай айнасы – рухани кемелдену: Рухани жетілу
Рухани жетілу сатысындағы толық адамдардың басқалардан екінші айырмашылығы – олардың өмірлерінің түпкі мақсаты. Толық адамдардың мақсаты – Түп Иеге
Абай айнасы – рухани кемелдену: Адам өзінің жан екенін түсінуі Абай айнасы – рухани кемелдену: Адам өзінің жан
Адамның жан дүниесі тазарып, білімі толысқан сайын өзін балайтын нәрселер шеңбері өсе береді. Ондай тұлғалар кемелдену барысында отбасы мүддесінен
Абай айнасы – рухани кемелдену: Адам өзінің жан екенін түсінуі Абай айнасы – рухани кемелдену: Адам өзінің жан
Адамның имандылығы дамып, белгілі бір дәрежеге жеткенде оны бұл өмірдің қызығы жалықтырып, одан да жоғары ләззат барын сезе бастайды. Ол ізденіс
Абай айнасы – рухани кемелдену: Сезім қанағаты Абай айнасы – рухани кемелдену: Сезім қанағаты
Абайдың он бесінші қара сөзінен есті кісі мен есер кісінің әрекетін салыстыруға болады. «Әуелі – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір
Абай айнасы – рухани кемелдену: Дәулетке жету Абай айнасы – рухани кемелдену: Дәулетке жету
Ақиқатында, дәулетке жету деңгейіндегі адамда терең рухани білім жоқ. Ол тек қана өмір заңдылығын бұзбайтын, адал еңбек етіп, адал өмір сүретін адам.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым Қалың елім, қазағым, қайран жұртым
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×