ойын сауық отауы
Ұлы Даланың рухани жауһары: Т. Әлімқұлов / Ақбоз ат
26.03.2021 1 453 0 Admin

Ұлы Даланың рухани жауһары: Т. Әлімқұлов / Ақбоз ат

Әңгімелер
Ұлы Даланың рухани жауһары: Т. Әлімқұлов / Ақбоз ат
«Ақбоз ат» романы – Тәкен Әлімқұловтың проза жанрындағы ең көлемді, әрі ең маңызды шығармаларының бірі. Романның негізгі тақырыптық арқауы ХХ ғасырдың 60 - 70 жылдар шындығымен сабақтасады. Мұнда бірнеше сюжеттік арналар қатар жарысып келіп, бір мәселе төңірегінде тоқайласады. Ол – ауыл өмірі, ауылдан шыққан қазақ жастарының өмірі.
Ауыл мектептерінде сауат ашып, білім алып, кейінгі жылдарында алып қалалар Мәскеу, Петербор сияқты әлемдік ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің кіндігі саналатын оқу ордаларында студенттік өмірлерін жалғастырған қазақ жастарының өмір - тағдыры қызғылықты баяндалады. Көзі ашық, көңілі сергек, білім мен ғылымның биік шыңына қарай ұмтылған осынау жастардың әр сәттегі көңіл - күйіне, олардың жан сезімін, көзқарас ерекшеліктерін қаламгер асықпай, байыппен, барынша жан - жақты, барлық қырынан ашып көрсетуді мақсат етеді.
Алғашқы махаббат сезімі, қызғаныш, күйініш, түңілу, бір сөзбен айтқанда, өрімдей жастарға етене жақын ішкі сезім толқындарының барлығы өз арнасында терең көрініс табады. Оқиғалар арнасы да осы жастар төңірегінде өрбіп, кейіннен олар әртүрлі, әркелкі бағыттағы авторлық мақсатқа сай тарамдалып кете барады. Қаламгердің тартымды, келісімді тілмен, қызықты оқиғалармен кестелеп, астарлап отырып жеткізген өмір шындығы, яғни жастар өмірі оқырманын жалықтырмайды.
Романның алғашқы тарауларында поезбен елге қарай сапар шеккен екі жігіттің алып ұшқан көңіл - күйі, ой - толғамдарын суреттей отырып автор бізді бірден ауыл тіршілігінің қайнаған ортасына алып барады. Осы жерде романның бас кейіпкерлері Елеусізбен, Қарашпен, Гүлнәшпен, Біркімбаймен танысамыз. Бір - бірін қайталамайтын бұл кейіпкерлердің негізгі мінез ерекшеліктерін де қаламгер созбаламай, шырғалаңға салмай, әу дегеннен бірден аңғартады.
Романда суреттелетін барлық оқиғалардың бел ортасында Елеусіз тұлғасы оқшау көрінеді. Елеусіз көзімен, Елеусіз ойымен, кей тұстарда соның естелігі пішінінде берілетін оқиғалар арнасы, оның басынан кешкен әрқилы кезеңдердің қызығы мен шыжығын, үміті мен өкінішін, қуанышы мен ренішін, бір сөзбен айтқанда бір азаматтың басынан өткен өмір өткелдері бар бояуымен тізбектеліп өтіп жатады.
Жазушы Елеусіз тұлғасын бірегей сомдау мақсатында психологиялық талдау әдісін өте ұтымды меңгерген. Осы арқылы кейіпкердің ішкі әлеміне терең бойлайды. Профессор Т. Сыдықов: «Психоанализ – көркем әдебиеттің зерттеу әдістемесі. Өйткені, ол адамның жан - жүрегіне үңіледі. Адам жанының иірімдері, тылсым тұңғиығы, нәзік тебіреністері, томаға тұйық сырлары адамның ішкі әлемінде бүгулі, бүркеулі жатады. Сол басқаның көзінен қалтарыстағы сана мен сезім ағысын тек қуатты қалам иесі ғана көрмек, кестелемек», - деп өте дәл айтқан. Яғни қаламгердің әу баста алдына қойған мақсаты – Елеусіз тұлғасын орталық кейіпкер ретінде ұсыну болса, сол жолда жазушы бейнелеудің барлық құралдарын қатар қолданып отырған.
Елеусіздің кім екендігін, қандай жан екендігін романның өне бойында жазушы тиіп - қашып, сипай қамшылап таныстырып отырады. Асылы, адамның іші – сиқырлы әлем тәрізді. Тіршілікте не көрдің, не түйсіндің, неден дәмелендің, неден түңілдің – бәрі - бәрі көкірегіңде аян. Көлденең жұрттың көзіне төрт құбыласы түгел жігіттей көрінетін Елеусіздің көңілінде қаншама қаяу, сағыныш, мұң жатыр!
Әр нәрсені салыстыра бағалап дағдыланған Елеусіз Досов өз құралпастарының көбінен кейіншектеп қалғанын жақсы - ақ сезінеді. Сондықтан да өз тірлігіне ризалығы жоқ...
«Сары Арқаның білімдар, бауырмал баласы тұңғыш душар болған теріскейліктердің жоғын жоқтап, жырын жырлаймын», - деп, жел қақты боп қабарып жүргенінде оның «инеліктей ілмиген форымын», «ботатірсек - босбелбеу жүріс - тұрысын», «сеңгірігін бүрген көзілдірігін» неше саққа жүгіртіп келекелеушілер болды. Осымен қатар, зиялы жігіттің қай - қайдағы қалың ойға шомып жүретін жат мінезін, сұрауларының шымбайға батып кететін шымырлығын, өзінің шікіреюді білмейтін кішіктігін, тамақ талғамас қарапайымдылығын аңғарып, іштартушылар да бар еді. Осылай көрінетін Елеусіздің кейінгі тарауларда өмірлік тұғыры берік, қаламы жүйрік, айтқанынан қайтпайтын, жүрегі ел деп, жер деп соғатын азаматтық тұлғасының да қатар көріне бастауы бұл бейненің көтеретін көркемдік жүгін салмақты ете түседі.
Әсіресе, Елеусіздің ел, ұлт қамын көбірек ойлайтындығы оның журналист ретінде дүниеге әкелген, газет беттерінде бастырған көркем очерктері арқылы терең баяндалып отырады. Оңтүстік Қазақстан өңірі, оның ішінде Сейдін ауданының бүгінгі тыныс - тіршілігі туралы, ондағы малшылар қауымының ауыр да азапты, бірақ берекелі еңбегін, от басы мен ошақ қасының қызығын, бала - шаға қамын, тұрмыс тауқыметтерін тәптіштеп, түбегейлі ақтарып көрсетуге ұмтылатын журналист қаламынан көп сыр ақтарылады. Ел өмірінің шым - шымдап тереңнен тартқа көрінісі негізінен Елеусіз қаламы арқылы өтіп отырады. Жазушы осылай журналист көзімен көп сырдың тиегін ағытады. (жалғасы бар)

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Б. Майлин / Азамат Азаматыч Б. Майлин / Азамат Азаматыч
Романның тақырыбы – қазақ кедейлері қатарынан оқыған, интеллигенция өкілдерінің дайындалып шығу жолы.
Білім, ғылым туралы мақал - мәтелдер Білім, ғылым туралы мақал - мәтелдер
Кітап - білім бұлағы, Білім - өмір шырағы.
2017 жылдың соңына дейін ҚР мектептерінде электронды күнделік енгізілмек 2017 жылдың соңына дейін ҚР мектептерінде
2017 жылдың соңына дейін ҚР мектептерінде электронды күнделік енгізілмек. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев тамыз кеңесінде
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы, Бұдан артық рахат табылмайды. Бұлдырасын өткен күн сағымдай бір, Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы.
Сорлы қазақ Сорлы қазақ
Сорлы қазақ жан алқымға тығылып, Қара күн кеп, тіккен туы жығылып, Алға баспай, біткен ісі кер кетіп, Нәр тата алмай, күшсіз, әлсіз бүгіліп;
Жатыр Жатыр
Басқа жұрт аспан - көкке асып жатыр, Кілтін өнер - білім ашып жатыр. Бірі - ай, бірі - жұлдыз, бірі күн боп, Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×