ойын сауық отауы
Оқымысты һәм жасын иесі Тенгере-Тедыгечи хақында
22.09.2021 356 0 Admin

Оқымысты һәм жасын иесі Тенгере-Тедыгечи хақында

Аңыздар
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар
Оқымысты һәм жасын иесі Тенгере-Тедыгечи хақында

Баяғы өткен замандарда жер бетінде Теер-Жанғы есімді бір кісі өмір сүреді. Оның Тенгере-Тедыгечи, Төре-Керелты және Шар-Жаалты деген үш ұлы болады. Сол уақыттардағы барлық халықтар тауға жылына екі рет барып, Үлкен Тәңірге әркім өз білгенінше сыйынатын. Ал Тенгере-Тедвгечи бұлармен келіспеді. Ол дін туралы ілімді қағазға өзінше жазып алып, халыққа қарсы дау айтып, олардың сыйынғанындай сыйынуға болмайды, хақиқат дін менің жазғандарымда деп түсіндірді.
Алайда халық оны мойындамайды. Сонда Тенгере-Тедыгечи: «Егер маған сенбейтін болсаңдар, мен сендерден кетемін. Мені ұзақ уақыт көрмей көздерің талады!» - деді. Осыны айтып, ол аулаға шықты да, сол жерде бір қолына кітап ұстап, екінші қолын, құдды сыйынғандай, маңдайына қойып, қырық үш күн мен түн отырды. Осы қалпынан ол ұзақ уақыт тапжылмады.
Осы кездерде інісі Төре-Керелты үнемі қасында болды. Қырық үш күн мен түн өткен соң Тенгере-Тедыгечи орнынан тұрып, осыншама уақыт бойы ешқайда кетпей, иесінің қасында түн қатқан ерттеулі тұлпарына келді. Атына мініп, шығысқа бет түзеді. Төре-Керелты да атын тез жүгендеп, ағасының соңынан шапқылап, қуып жетті. Бір уақытта алдарынан үлкен өзен ұшырасты. Сонда Тенгере-Тедыгечи семсерін өзенге сермеп қалып еді, су қақ айырылып, ағайындылар құрғақ арнадан желе-жортып өте шықты.
Сәлден кейін олар Көктен төңкеріліп, жерге шаншыла түскен кемпірқосақты көрді. Кемпірқосақ жермен түйіскен тұста алдыңғы аяқтарын алтын шашақ бағанға, артқыларын сағымды белеске тіреген ерттеулі ат тұрды. Тенгере-Тедыгечи атқа жақын келді де, қарғып мінді. Сол үнсіз қалпымен, ешқайда бұрылып қарамастан жоғарыға өрлеп көтеріле берді. Биікке самғаған кезде күннің күркірегені естілді.
Төре-Керелты ағасының, әдетте, өлгендердің жандары жоғарғы әлемге аттанатын кемпірқосақ бойымен көтеріліп бара жатқанын көріп: «Мен де жалғыз қалмаймын, сенімен бірге кетемін!» - деп айқай салып, жылап жіберді.
Тенгере-Тедыгечи: «Жоқ, сенің менімен бірге жүруіңе болмайды. Үйге қайт, бірақ әуелі өзіңе не керегін айт!» - деп жауап қайырды.
Ағасын кейін қайтара алмайтынын ұққан інісі: «Мен өзеннен қалай өтемін?» - деп сұрады.
Сонда Тенгере-Тедыгечи оған семсерін лақтырып, «Менің істегенімді істе, сонда өзеннен өтесің!» - деді.
Тенгере-Тедыгечи Көкке бірте-бірте биіктеп көтеріліп бара жатып, былай деп айқайлайды: «Жер үстіндегі барлық нәрсе саған бағынсын, барлығына әміріңді жүргіз! Ал жерден жоғары тұрғандардың бәрін мен билеймін! Мейлі, жақсы ма, жаман ба, қорқынышты ма, әлде, жоқ па, әйтеуір мен аспанды шарлап жүрген кезімде күн күркіреп, жанды атаулының бәрінің үрейін ұшырады. Найзағай мен жасынның әміршісі боламын! Енді мені ешкім көре алмайды, тек саған ғана жыл сайын өзім келіп тұрамын!»
Тенгере-Тедыгечи осыны айтты да, көзден ғайып болды.
Жалғыз қалған Төре-Керелты осында ағасы екеуі келген жолға түсіп кейін қайтты. Өзенге жеткенде семсерді алып, суға қарай сермеп қалды. Су қақ жарылып, мұны өткізіп жіберді. Қас қарайып, түн болды. Сол кезде оған Тенгере-Тедыгечи келіп, қолына кітап ұстатып: «Осымен халықты оқыт! Мен оқта-текте айналып соғып, кітапты жұртқа қалай үйреткеніңді бақылап жүремін. Оқудан қолың тимеген соң мені сағынып жыламайсың!» - деді.
Кітапты алып, Төре-Керелты бірден оқи бастады. Ол осы арада түнеп, үйіне тек келесі күні ғана оралды. Бір жыл өткенде Тенгере-Тедыгечи інісіне тағы да келіп: «Оқуға үйреткендерің көп пе?» - деп сұрады.
Тере-Керелты: «Мен барлық халықтарды оқытуға тырыстым. Тек бір ғана халық – татар-аймақтардың ғана зердесіне оқу кірмей жатыр», - деп жауап берді.
«Менің семсерім қайда?» - деп сұрады ағасы.
«Өткен жылы өзіңнен қайтып оралғанымда кітап пен семсерді әкеліп, міне, мына жерге қойғанмын. Кітап сол орнында, ал семсер жоқ», - деді інісі.
«Менің семсерімді сенен Таптан-қара деген бір адам ұрлаған. Ал одан Шөлеміс шайтан алып кетіп, жердің бірінші қабатының астына тығып қойды. Сен оны өз бетіңмен тауып ала алмайсың. Сондықтан Таптан-қараның жылқысынан көз алмай, байқап жүр. Күн күркіреген, найзағайлы бұлт келген күнді күт. Бұрын мені Тенгере-Тедыгечи дейтін, қазіргі атым – улуин-Кеген. Ауызымнан от жалындап, кеудем күннің күркіріне толады. Ал, сен, Төре-Керелты, патша бол!»
«Жоқ, мен патша болғым келмейді, - деп жауап қатты бұған інісі. – Маған Құдайдың кітабынан басқа түк те керек емес. Мен Тәңір туралы ойлармен ғана өмір сүруді қалаймын. Таққа отыруға ініміз Шар-Жаалты лайық».
Тап сол күннің кешінде қара бұлт қаптап, қатты дауыл тұрды. Таптан-қараның малы жүрген жайылымды бұлттар баса сала-ақ, күн күркіреп, найзағай жарқ етті. Дүние мұндай жарқыраған жарықты көрмеген еді!
Күннің күркірегенін естіп, Төре-Керелты киіз үйге ұмтылды. Қараңғыда басын есіктің маңдайшасына соғып алып, лажсыздан үш күн сонда отырды. Ол мынадай өзгеше алапат дауыл мен ғаламат күн күркіреуінен зәресі ұшып, қорыққаннан қалшылдап: «Бұл ағамның ісі болса, ештеңе етпес, өтер, кетер. Егер Тәңірден келсе, бір сойқан болмай қоцмас», - деп күбірледі.
Үшінші күні оған Тенгере-Тедыгечи келіп: «Маңдайың неден жарылған?» - деп сұрады.
«Үш күн бұрын ғаламат күн күркіреуін естіп, елде-күнде болмаған керемет жарықты көріп үрейім ұшты, сонда байқамай маңдайымды есікке соғып алыппын», - деп жауап берді бұған Төре-Керелты.
«Ауызым жалын шашып алаулайды, кеудем күндей күркірейді деп мен саған айтпап па едім? Бар, енді Таптан-қараның табындарын көріп кел...»
Сол сәтінде жөнелген Төре-Керелты Таптан-қараның қонған жұрты мен малдары қақ жарылған жер астына түсіп кеткенін көрді. Орнында тек шұңқыр қалыпты. Шұңқырда майланған сары су қайнап жатыр. Мынадай ғажап жайтқа қатты таңырқаған Төре-Керелты үйіне қайтып келді.
Сонда Тенгере-Тедыгечи оған: «Осы көргеніңнен қандай сыр ұқтың? Саған тағы да есткертпесем болмайды: Таптан-қара табынының аман қалған малынан бірде-бір тұяқ алма және оларды өз малыңмен араластырма. Өйткені, оның өзі де, малы да қарғысқа ұшыраған. Оның табынының қалған-құтқаны елсіз құла дүзге айдалып тасталып, тағы аңдардың жемі болсын», - деді.
Содан бірталай жыл өтті. Төре-Керелты үлкен таудағы үңгірге кетіп, төсенішке сұлап жатып, өлген адамның кейпіне түсті. Қисапсыз шәкірттері оның бір жапырақ хатын тауып алды. Онда былай деп жызылыпты: «Бұлттар Шығыстан Батысқа қарай көшкенде, күн Шығыстан бастап күркіреп, Батыста аяқталғанда, ақыр заман болады».

жиған-терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі



Тілдердің сыпырылысуы Тілдердің сыпырылысуы
Адамдарды әлемдік топан судан құтқарған тақуа Жайық - Нама дүние салып, Көкке ұшып кеткеннен кейін таудың солтүстік беткейлерінде орман - тоғай өсіп,
Тақуа жайық - Нама және оның үлкен ұлы Тақуа жайық - Нама және оның үлкен ұлы
Тақуа Жайық - Наманың Балықшыдан басқа екі ұлы Созұнұл мен Сары - ұлға Үлкен Тәңір батасын беріп, оларға былай деген: «Сендерден зерделі ұрпақ:
Еркіліктің жауыздығы Еркіліктің жауыздығы
Еркілік сайтанның патшалығы жойылды. Енді ол Үлкен Тәңірді мазалап, өзіне қандай да бір жер бөліп беруін сұрады. Сен мені патшалығымнан айырдың, сол
Даналық Даналық
Бірде: «Қыстауыма қой жайдың» - деп, қойымды қуған жерлес ағаммен төбелесіп қалдым. Жас едім, жасын едім. Бар жоғы жиырма бірде ғанамын. Ол кісі
Дінге сенбейтіндер ерте қартаяды екен. Дінге сенбейтіндер ерте қартаяды екен.
Аллаға сенбейтін, сенім қағидаларын сақтамайтын адамдар өмірдегі барлық жағдай Алла тағаланың қалауымен болатынына иланбайды. Көптеген ғылыми
Әзіл әңгімелер Әзіл әңгімелер
Қожаның тұрып жатқан ауданында бір бұзақы елге тыныштық бермейді екен.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×