ойын сауық отауы
Нартай Бекежановтың шәкірті Арзулла Молжігітовтың өмірбаяны, өлеңдері
20.05.2017 2 449 0 Гүлбарам

Нартай Бекежановтың шәкірті Арзулла Молжігітовтың өмірбаяны, өлеңдері

Өлеңдер
Нартай Бекежановтың шәкірті Арзулла Молжігітовтың өмірбаяны, өлеңдері

Арзулла Молжігітов 1936 жылы Еңбекші бастауыш мектебінде оқып, 1942 жылы аяқтады. 1943 жылы Шиелі ауданындағы қазақ орта мектебінде білім алып, 1945 - 1946 оқу жылында бітірген. 1948 жылы сол кездегі «Жиделі арық» орталау мектебінің бастауыш сыныбына мұғалім болып орналасады. 1949 жылы «Еңбекші» жеті жылдық мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. 1951 - 1955 жылдары мұғалімдік қызмет атқарады. 1955 жылдан бастап мәдениет саласына қызметке ауысып, Қызыл отау меңгерушісі болып жұмыс атқарады. 1959 - 1981 жылдар аралығында «Коммунизм» колхозының клуб меңгерушісі, 1981 - 1988 жылдары мәдениет үйінің әдіскері, 1989 - 1990 жылдар аралығында Ы. Жақаев музейінде ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды. 1990 жылдан Натай Бекежанов музейінде ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды.
Жастайынан Нартай атамен ауылдас болып, оның орындаушылық өнеріне тәнті болып өскен Арзулланың бұл ықыласын сезген Нартай, Арзуллаға өзінің жақсы ықыласын аямаған. Мектепке барғаннан бастап Нартайдың үйіне жатып оқып, оның жыраулық, ақындық, мектебіне ден қойып өскен өнерпаз. Облыстағы Нартайдың шәкірттерінің ішіндегі Нартай дәстүрін жалғастырушы. Арзулланың бұл өнерін кешегі өткен жырау Балхашбай Жүсіпов, Тұрсынкүл Баяханова, Ақмырза Тұйяқбаева, Фатима Төлегеновалар ерекше бағалаған еді.
Нартай ақынның ұлылығын бойына дарытқан Арзулла атамыз, сыр бойы Шиелі өңірінде Нартай мұражайы ашылғанда көптеген баға жетпес дүниелерді елден жинап айтулы ұстазына адал қызмет атқарды. Нартай ақынның ел аузында тарыдай шашылып жүрген өлеңдерін жинақтап, мақам, саз әндерін кейінгі толқын жеткіншектерге үйрете білді. Бұдабай, Нартай, Есенбек, Иманжүсіп, Гүлжамал, Ақсалы Балайым, Іскендір мұраларын аман сақтап бізге аманаттады.
Нартай өнерінің соңғы шырақшысындай мұражай қызыметін жөнге келтіріп, өмірінің соңына дейін ел тарихын болашаққа жеткізген, асыл тұлға халықтың қадірлісі атанды.
Арзулла Молжігітов ерекше дарын иесі, мәдениет майталманы, шебер шежіреші, бір сөзбен айтқанда, ол ел адамы болып аты қалды.
Республика, облыстық ақындар айтысына да Есмағзам, Балайым, Апуза, Гүлжамал, Іскендір, Бибігүл, Мұхамбетқали, Есіркеп, Манап ақындармен иық қағысып айтысқа түсті.
Бала жасынан ән салумен, өлең жазумен, кейін хисса, дастан жазумен айналысты. Оның көптеген өлеңдері ел аузында кеңінен тараған.
Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығына орай «Жаса Қазақстаным» әнін жазды. Әннің сөзі ұстазы Нартай Бекежановтікі.
Арзулла атамыз Санкт – Петербур қаласында Бүкіләлемдік Лорд конференциясына қатысып, «Иман Жүсіпке хат» дастанын орындап, тыңдаушыларына Нартайдың сырнайға қосып шырқайтын сазын жеткізді, лауреат атанды, дауысы бүкіл әлемдік алтын қорға жазылып қолжазбалары мұрағатқа табысталды.

Жас алашқа 80 жыл
Сексеннің құтты болсын Жас Алашым,
Әдепке, әділдікке дос алашым.
Егеменді елімнің жырын жырлап,
Берік етіп бекіте бер босағасын.

Жастардың темір қазық – жұлдызындай,
Әркімнің ең аяулы ұл – қызындай.
Тұғыры – тәрбиенің ақыл – ойдың,
Жаршысы жақсылықтың – күн нұрындай.

Жас алаш дихан болып егін екті,
Шаруа боп мал бағып өнім төкті.
Шахтер болып қара алтынды,
Геолог – боп ақтардың жер мен көкті.

Қиып тастап қырсығын даналардың,
Ракета боп – ғарышты араладың.
Ауыр жүгін арқалап әділдіктің,
Баспа сөздің ішінен дараландың!

Озбырлықтың ордасын талқандадың,
Қарсы шаптың қорқауға қорқ алмадың.
Жақсылықтың жазығын жайлау қылып.
Жамандықты аттатпай, арқандадың.

Қазақтың қуанышты шаттығы үшін,
Адамдардың адалдық пәктігі үшін.
Әлі де талай сексен өткере бер,
Алаштың, әділеттің – ақ туысың!
06. 08. 2001 ж

Бұларда Алланікі
Белгіл арғы бабам Төлес мерген
Жүректі ерлік істен елес берген
Он қалмақты жайпаған бір соғыста
Жаужүрек екі жақты егестірген.

Шиті мылтық қаруы қолындағы
Бір оғын, бір оғына ілестірген
Қарасанда жүрсе де садақ оғы
Он жаумен аттың басын теңестірген

Бергі атам ел білетін Иманжүсіп
Жауынан тірісінде басым түсіп
Бір түнде сегіз қызды алып қашқан
Жау болыс Рахымжанмен ерегісіп

Нартайдың Арзуллаға арнаған өлеңі /1952 жыл май/
Арзулла балам

Бір сабақ, балам саған ей Арзулла,
Үмітсің жолымды ұстар өз ауылымда.
Әкең де қара жаяу емес мынау,
Өлеңмен үйір жүрді «базарлығы»,
«Ұстаның әулеті» мәлім болған,
Туысың, ата – тегің көз алдымда.
Басыңды кір шалдырмай күтіп ұста,
Жастықтың желікпелі базарында.
Білім ал, оқу оқы үлкен жерден,
Білімсіз қолың созба шамалыға.
Өтірік, өсек қабат болады үйір.
Ер жігіт елден шығып қаларында.
Мал таппа арамдықпен жаныңа қас,
Өмірдің дүние қуған сонарында.
«Пәленше сөзі құрсын», - демесін жұрт.
Боп жүрме «арыз жазғыш» жоғарыға.
Ор қазсаң терең қазба еш адамға,
Өкініш – өзің түссең сол орынға.
Ер жігіт – талабы озған елдің құлы,
Бұл нұсқа болсын әр кез хабарыңда.
Биікке шықсаң көз сал ойдағыға,
Ала жүр кем - кетікті қоғамыңда.
Хас жақсы қалтырасаң пана болар,
Нұр жауар адал ердің талабына.
Жамандыққа жақсылық етуді үйрен,
Сабырмен ақыл ойлап, шама қыл да.
Өмірдің бос өткенін білмеймін көп,
Адам боп жүргенелдің санағында.
Қолыңа билік тисе адырайма,
Жазықсыз қалма жанның обалына.
Барыңда адамзатқа жалпаңдамай,
Қарайлас жігіт болсаң, жаманыңда.
Арақ деген пәлені үйір қылма,
Кесапат қырсық салар саналыға.
Пірмағанбет жалын еді жанып тұрған.
Қызмет еткен Ақмешіт оязында.
Сондай ер әзәзілге бой алдырып,
Ақыры қалды соның азабына.
Жігітке жүз өнер де аздық етер,
Оза шап, қамшы басып қадамыңа,
Айтушы – әкең Нартай еске тұт деп,
Қыр, Сырдың аты мәшһүр қазағына.

Арзулла Молжігітовтің жинағынан алынған...
Біз келген бұл дүнияға аз күн қонақ
Бәндәні сыйға қонған - десе болат
Алладан бұйрық болса - ажалыңнан
Ала алмас ешкім сені арашалап
Болмайды бар көргенің бір күнгідей
Қанша уақ өткізгенмен тамашалап
Біз надан, жақсылықтың құнын білмес
Қаншама қонғанменен басыңа бақ
Шығар еді тұлға, қайдан, нар қайдан
Шиелінің ән - жыры мен думаны
Басталады Иманжүсіп Нартайдан!
Дүниеден Хазіреті Омар көшкен ақын
Ақ туын ғадаләттің, ұстаған нақ
Фәниден өтті солай һақ жолында
Саһабба 33 - мың неше Мәзһап
63 - жасқа келіп шаһит болды
Алланың қалаулысы – ол Мұхаммед!
Жақсы күн жамандықпен қатар жүрер
Адам жоқ бұл ғұмырда көрмеген бақ
Дүниеге біз бір мейман – аз күн қонақ
Біз келген бұл жалғанға аз күн қонақ
Ғылымның ғаламдағы бәрін біліп
Аспан жер ортасынан соғып жәннат
Жәннаты өзі соққан нәсіп болмай
Алламен арпалысқан өтті Шәддат!
21. 11. 1999 жыл қараша айы

Тәуелсіздік тұғыры
Бойда күші буырқанған жастарым,
Ауыр ісін арқалайтын дос - жардың.
Елдің мұңы өздеріңнің мойныңда,
Туған елге еге болар басқа кім?!
Ақыл, сезім, қайрат - жігер бойыңда,
Бір мезгілдік сәтсіздікке мойыма.
Ата жолын жалғайтұғын ұрпақтар,
Болмайтынға, оңбайтынға бой ұрма.
Биыл міне тәуелсіздік он жылы,
Бабалардың аңсап кеткен елдігі.
Арыстандай аш құрсақта жүрсең де,
Биыл тойда шырқалады ел жыры.
Жолбарыстай жойқын күшті жастарым,
Кесір болмақ сәл нәрсенің кемдігі.
Тоқыраған құрбың болса қатарда,
Қолдау жасап қасыңа қос сен оны.
Ей, жас ұрпақ ата жолын аздырма,
Бір шегі бар молшылықтың, аздың да.
Бір сәтсіздік бола қалса өмірде,
Адамды да, заманды да жазғырма.
Төктірмеңдер ата - ананың көз жасын,
Сөктірмеңдер ата жолын тозбасын.
Аялаңдар алақанда алтынды,
Кір шалмасын еркіндіктің ордасын.
Мұның бәрі жастар сенің қолыңда,
Тас - талқан кыл, кесір болса жолыңда.
Ата жолын аздырмауға ант берер,
Міндетіміз менің, сенің, оның да

Дананың ой арманы жүзеге асты
/М. Шоқай ескерткішінің ашылуына орай/

Аяула арманда өткен асыл текті,
Халқының қамын ойлай Мұстафа өтті.
Мақсаты – азаттықтың туын ұстап,
Құрбан боп осы жолда басы кетті.
Көксеумен түркі елінің бостандығын,
Бұл жолда тартты қанша қасіретті.
Кешегі фашистермен қан майданда,
Ажалдан қанша жанды азат етті.
Ал бүгін Мұстафаның армандаған,
Қазақтың бостандыққа қолы жетті.
Көсемі дүние жүзі түркілердің,
Әз тұтты оның атын қасиетті.
Дананың ой - арманы жүзеге асып,
Ел болдық қан төгіссіз қасиетті.
Күн санап жер шарына бедел артып,
Біледі әлем «қазақ» деген мемлекетті.
Орнатқан Торғай датқа алтын шатыр,
Сен туған сол шатырдың орны жатыр.
Боп өткен ел қорғаны атың Шоқай,
Атадан қалған мирас ой мен ақыл.
Қақ жарған қара қылды әділ еткен,
Сабырлы қай жұмыста баспай ғайып.
Қаймығып қай нәрседен қайтпайды екен,
Соқса да борандатқан ысырайл.
Сен сондай жылдардың тұқымы едің,
Халқыңның қамын ойлап нәсіп еткен.
Ер ұлдар арманыңа қол жеткізді,
Орнына отырып ол Лениннің!

Ұстазыма
/Нартайдың 110 жылдығына орай/

- О, Нартай, жыр дүлділі, ән дүлділі,
Сайрасаң, гүлзардағы тән бұлбұлы.
Тәтті еді бал – шекерден сұлу ән,
Ойға азық бойға қуат, жанның құсы.
Сұлу ән жанды ерітіп бой балқытқан,
Аспанға қоңыр желдей ән қалқытқан.
Бойына қайрат біте қанаттанып,
Жүрекке жігер құйып, ой шалқытқан.
Қалды ғой Қаратаудың мұзбалағы,
Шарлаған жер - су, таулы құз даланы.
Сипақтап оп - оңай ақ бұзып өткен,
Егестің тұрса алдынджүз қамалы.
Ащы айқай - кейде бұрқап дайылдатқан,
Бұлт бүркеп жылы селдей жайынжатқан.
Тағдыры уақытында жетіп бір кез,
Мәңгілік ән еркесін дамылдатқан.
Тағдырға барлық ғылым бас июге,
Жазылған туғаннан - ақ әсілінде.
Жерде нұр, аспанда бол, жанды жансыз,
Қосылмақ топыраққа нәсілінде.
Пейілі ашық сақи еді, кім келсе де,
Дос жардай сыйлаушы еді - бір келсе де.
Тапқанын мейман сыйлап - сарп етуші еді,
Қарамай бала - шаға сыр берсе де.
Жан еді - жаны жомарт маңайына,
Кем - кетік жетім - жесір ағайынға.
Шекпенін Ақмырза шешіп берді,
Түрмеден келген кезде май айында.
Бір кезде Нартай көңілін қалдырса да,
Артистік қызметтің орайында...
Осындай азаматтың мәрттігіне,
Болмайды көрген көңіл қалай ырза.
Соншама таршылық кез болса – дағы,
Осыны көзім көрді баяғыда.
Бір мінез Нарекеңнің қанындағы,
Жаны жас жағымпазға жанындағы
Қиын еді мәні - мәнға бағынбағы.
Айтыста қара сырнай алса қолға,
Көп ақын күйбеңдеген шауып сорға.
Қарағанды жүйрігі – Қазанғапты,
Шаңына ілестірген зорға - зорға.
Арқаның ардагері Нұрлыбекті,
Жеңілістің аулына – салды жолға.
Үмбетәлі жлді екі – айтысып,
Атанған Жетісуда – «Қара жорға».
Ақынның майталманы – ол Майасар,
Жеңілістің құйқасын татқан ол да.
Оңдырмай Орынбайын Оңтүстіктің,
Қалдырған Кененді де, орта жолда.
«О, Нартай, шешен таңдай қасқа маңдай»- деп
Жамбыл бекер айтпас қағып таңдай.
Жүйріктей заманында қырып озған,
Өттің марқұм, алдыңа қара салмай.
Нарекең болды ақынның ардагері,
Қуанып қошеметтеп барған елі.
Өмірдің ерекше бір құбылысы,
Үлгі боп кейінгіге қалған еді.
Аударып жақсылыққа заман өңін,
Тойдан - той куәгермін оған өзім.
Қуанып бүгін менде тебірендім,
Тіріңде әлпештеген балаң едім.
Арзулла Молжігітов 7 ақпан 2000ж

Еңбек дабылы
Қаратаудың баурайында,
Көктемнің есті самалы.
Әкеліп еңбек ауылыма,
Көктем қыз күле қарады.
Тусырап жатқан тың жерлер,
Көктемгі леппен бусанып,
Тракторге мінген ерлер,
Атойлап матор үн салып.
Аударған соқа тереңдеп,
Толқындай құлап топырақ,
Диқан тұр ырыс – себем деп,
Қайнаған еңбек атыр.
Көз жеткізіп нәрлі жер,
Қаратау бойы күріштік.
Механизатор әрбір ер,
Қыздарым елге ырыс - құт.
Жас жігіт отыр рульде,
Жер жыртқан қызға қарады.
Құрбысы міне, өмірге,
Боразда тартып барады.
1962жыл

Шопан
Бұрқанған долы үскірік дауылдарда,
Толассыз құйған нөсер жауындарда.
Қасқайып, дүлей күшпен арпалысқан.
Шопанды солдат десем дауың бар ма?
Шілденің ми қайнаған аптабында,
Қой жусап, су басында жатқанында,
Солдаттай күзеттегі шопан тұрар,
Риза боп ел ырысын баққанына.
Қой өрсе таң алдында бұл да ереді,
Ұйқысын мал төлдеуде мың бөледі.
Күлімдеп қоңыр жүзі, төл туса мәз,
Ойда жоқ ұзақ түн көз ілмегені.
Қиырға көз жіберіп, өріс барлап,
Бөріден, суық көзден малын қорғап.
Баққаны ел ырысы, құт – береке.
Жыр жассақ, жазайықта шопанға арнап.
1969 жыл

Колхозшымын
Колхозшымын ел ырысын өтеген,
Аққан терім дәнді жерден төгетін.
Менің мына алақаным күстенген,
Ұрпағыма бақыт жасап беретін.
Колхозшымын, машинаны меңгерген,
Тусыраған тың далаға өң берген.
Отан – ана перзентімін өр кеуде,
Компартия бойға қуат дем берген.
Колхозшымын – Еңбек Ері атандым,
Колхозшымын – сақшысымын Отанның.
Колхозшымын – жанында өшпес жалын бар,
Октябрьдің шұғыласынан нәр алған.
Колхозшымын бақыт еккен өмірге,
Менің орным коммунизм төрінде.
Колхозшымын – коммунистік іске мәрт,
Мәңгі айнымас берген сертім Ленинге.
1969 жыл

Бүгін
Ерлердің бүгін жауды жеңген күні,
Ел ердің ерлік ісін көрген күні.
Талқандап фашист сұмды тұмастай ғып,
Тепкілеп терең қазып көмген күні.
Ел естен шығармайды тіптен мұны,
Халықтың қуанышпен күткен күні.
Ерлерім дүние жүзін таңдандырып,
Берлинге жеңіс туын тіккен күн.

Жігіттерге
Ақ сұңқар тамақ үшін түсер торға,
Жүйрік те кездеседі бір томарға.
Ашылмас ердің басы қалайда да,
Ғазиз бас кездескенде қалың сорға.
Тарихтың қойнауына көз жіберсең,
Қаңырап иесіз қалған талай орда.
Ақыры «Мәнмәндіктің» - түбі ойран.
Сап болар сағандар өзін – зорға.
Жаманның ісі бітпес ертеңменен,
Жақсының ісі тезбен көкемделер.
Тірлігі тұрақсыздың тұрлауы жоқ,
Баянсыз өмірі өтер селтеңменен.
Жұмыстан халық ұйғарған қалыс қалар,
Ұмтылып, өзі түсер белсенбеген.
Кей арсыз көп олжадан қармақтайды,
Қамтитын арын сатып көршеңгелмен.
Қанағатшыл адамның арты – абат,
Тағынан адалдықтың теңселмеген.
Тәубасы тазалардың қабыл – дейді,
Әр кезде – ақ бас пен бағы өркендеген.
Бар бәнданың байлауы – бір қара жер.
Ажалға адам бар ма өрткенбеген.

Шырынкүлдің 80 жылдығына
/ Социалистік еңбек ері Шырынкүл Қазанбаеваға арналады./

О, Шырынкүл, бар қазақтың ардағы,
Еңбекпенен орындалған арманы.
Сұлулықтың, ой - ақылдың үлгісі,
Шаш, самайдың көбейіпті - ау ақ жағы.
Ақыл - ойдың, адалдықтың арнасы,
Ыбырайдың отау тіккен ордасы.
Елдің ырысы ақ күріштен тау үйген,
Өр еңбектің генералы – қолбасы.
Жас күнінен механизм меңгерген,
Ерліктердің басталған ғой жол басы.
Еңбегінің арқасында қай кезде - ақ,
Қызыр – Іляс қолдап жүрді жолдасы.
Қуанышқа, қайғыда да ырза боп,
Көңілінен бір кетпеген Алласы.
Ерден өткен ақыл, қайрат иесі,
Замандағы бибі Патыма жолдасы.
Ақыл, кеңес алып жүрер іздеп ел,
Ой – сезімнен қазынаң мол ізденер.
Сексен түгіл тоқсаннан да әрі асып,
Ортамызда бақыт кешіп жүре бер.
2001 жыл

Көктем термесі
Бұйырып көктем тұз – дәмі,
Қоштасты қыстың салқыны.
Суықтың кетті ызғары,
Қара жер тоңы балқыды.
Сай - салаға су ақты,
Естілді қаздың қаңқылы.
Көктемнің күні шуақты,
Әлемді түгел шарпыды.
Алма ағаштар гүл атты,
Көз сүйсінтіп жалтыры.
Төл маңырап қыратта,
Көктің иісі аңқыды.
Құнарлы жерде дақылдың,
Құлпыра түсті әр түгі.
Шабыты келді ақынның,
Көктемнің нұры арқылы.
Отырмын мен де сырласып,
Айрықша жылмен айтулы.
Лениндік сәуле нұр шашып,
Әлемге жайған даңқыңды.
60 жылдық Ұлы той,
Бар әлемге үлгі еткен.
Советтік сұлу салтаңды,
Табыс пен тұрмыс шырағып.
Қуаныш толы әр күнді,
Сапалы әрі тиімді.
Молайтайық ерлерім,
Мерекелік тартуды.
1977жыл

Адамдарға ең керегі жылылық
Адамдарға ең керегі жылылық,
Аз өмірде бірге жүрсе бірігіп.
Ибалы жас, иманды қарт атанып,
Бір – бірінен жүрсесе ғой суынып.
Біреу сені жүрсе бүгін қаралап,
Жан дүниеңді осқыласа жаралап.
Ертең оған сенің күнің туғанда,
Ризалық қыл, жүрме оны табалап.
Бүгін біреу жара салса көңілге,
Болатын іс, ондай жағдай өмірде.
Түскен даққа ризалық ет жарасып,
Кездескенде қандай жағдай, не күйге.
Имансыздар алдап, арбап ептейді,
Сонда оның да бір кемі бар, жетпейді.
Жамандық та, жақсылық та қайтады,
Қайтарусыз ақыретке кетпейді.
Жамандықты жақсылықпен емдесе,
Ол адамның көсегесі көктейді.
Бізге жеткен жақсылардан нақыл бар:
«Текті адамды шамдандырсаң сөкпейді»
Озбыр күштер - аз уақытта семірер,
Арам ойлар өзіне айбап көрінер.
Бастан бағы тайған күні сорлыны,
Адамдықтан жұрт шеттетер, шегінер.
Әр сөзінің ақыл жатса астында,
Пейілі жылы адамдарды жатсынба.
Жақындауға пейіл бере жат келсе,
Суық қарап, ақ ниетті басқа ұрма.
Ей, адамдар, менен мынау нақты ұғым,
Соғар сағат сап болатын шаттығын.
Ол дүние емес, осы жүрген өмірге –
Ашылады қаралығын, ақтығын.
2000 жыл

Арзулла мен Есмағзамның айтысы
Есмағзам:
Мен айтам кемшілікті жалықапстан,
Бір әдет ауданыңда қалыптасқан.
Әбішев – бір мектептің директоры,
Қалайша оқушысын алып қашқан.
Дәл сондай қара ниет қалайша жүр,
Халықтың қарғысына шамдықпастан,
Жүр дейді Түркістанда сайран салып,
Бойына ешбір жаза дарытпастан.

Арзулла:
Есмағзам бұрын айтыс көргенім жоқ,
Бүгін де айтысам деп келгенім жоқ,
Басқаның жақсы жағын көрмейтұғын,
Айтсайшы кінә тергіш пендемін деп.
Көргенше өзің тұрып, өзге мінді,
Өзіңді айт ісің қалай өзгерілді.
Басқаның артық – кемін ақтарғанша,
Алдымен жөндеп алсай өз жөніңді.

Жау жеңген күн
Ерлердің бүгін жауды жеңген күні,
Ел ердің ерлік ісін көрген күні.
Талқандап фашист сұмды тұрмастай ғып,
Тепкілеп терең қазып көмген күні.
Ел естен шығармайды тіптен мұны,
Халықтың қуанышпен күткен күні.
Ерлерім дүние жүзін таңдандырып,
Берлинге жеңіс туын тіккен күні.
1947 жыл май

Бір тілек
Айналайын ақ үмітті қыздарым,
Сендер көрме ащы өмірдің ызғарын.
Пәруана боп ақтілеуім ата - анаң,
Мейірімімен татып өстің тұз - дәмін.

Бейне қырдың қызғалдағы құлпырып,
Бой сыладың көздеріңде сыр тұнып.
Құлынымның ұзақ қыл деп өмірін,
Құдіретке етіп әкең құлшылық.

Анаң байғұс сен дегенде жаны жоқ,
Ертелі - кеш жалбарынып сан рет.
Бар жиғанын саған ғана жапсырып,
Не қаласаң соны тауып әзірлеп..
Сүйтіп жүріп қашып кеттің бір түнде,
Шын сүйесің оған ырза кім - кімде.
Сырын білмей бір «вечерде» табыстың,
Баянды өмір болса жақсы - ау бұл күнде.

Арзулла Молжігітұлы 1929 жыл
Шиеліде туып, сыр жайлаған
/ Иманжүсіптің туғанына 135 жыл толуына орай /

Ежелгі сұлу сырдың жағасында,
Ақмешіт, Түркістанның арқасында.
Өтіпті небір ғазиз – азамттар,
Ғұлама, ғалым, батыр бәрі осында.
Өткен бұрын не жүйрік, жорғалар да,
Хақым жоқ оларды айтпай қоғалауға.
Ақ пейіл, дархан қазақ заманында,
Алтынды қадірлеген қолда барда.
Тұрғанбаай ел егесі – өтті Пансат,
Алты рулы ел қамқор – онда мансап.
Қоқандармен соғыста мерт болыпты,
Халқының қамын жегенелдікті аңсап.
Өткен ғой Шиеліде Досбол датқа,
Мас болып һауаланбай қонған баққа.
Үш жүздің баласына мәлім жүйрік,
Үлгі боп айтқан сөзі бар қазаққа.
Датқалар Бала би мен ер Тұрсынбай
Досбол, Бауке, ақылды өтті Торғай.
Бір өзі қырық адамды байлап алған,
Палуан, әрі датқа – батыр Мыңбай.
Жаназар батыр өтті қартайғанда,
Жолын тосып алысқан ер Бұқарбай.
Ағасынан жеңіліс тапқаннан соң,
Дос болғн, төс түйісіп қосып құдай.
Жаназардың асынан жүз жылқы әкеп,
Сойған соң досқа қызмет етіп сондай.
Шиелі атамекен жайнаған жер,
Жаз болса Сарысуды жайлаған ел.
Иманжүсіп құс салып, ит жүгіртіп,
Сәкеңмен серуен құрып ойнаған жер.
Мұстафа – Шоқай бидің бел баласы,
Атанған жасынан – ақ ел данасы.
Елдікті түркілерге орнатам деп,
Жат елде жеткен ақыр ер қазасы.
Қоңыртбайдың Қалжаны, Әлібегі,
Халқында дегдар тұқым мәлім еді.
Опат боп Голощекин қырғынында,
Әулетте аман қалған Әуелбегі.
Дарытқан байлықты да ақ жаратқан,
Наймандағы Еңсебай Халфе – әулие,
Байлығын тірісінде үш таратқан.
Бұдабай, Байсары – Үсен, Баймахандар,
Ән қосқан аққуменен қайран, Нартай,
Ерітіп қара тасты қайната алар.
Өлеңнің өз әкем де жорғасы жоқ,
Қалқаман, Нартай, Таубай жолдасы еді.
«Молжігіт – бұл заманның Бұдабайы» - деп
Нартай мені көрсе қоймаушы еді.
Іскендір, дүлдүл әнші тәліп өтті,
Қанымкүл талай топты жарып өтті.
Жақсы көп Шиеліде туып өскен,
Мен айтсам тарихтағы мәліметті.
Жетпіс жыл еркімізде жүріп едік,
Мың үшкір, ел боп шықтық іргеленіп.
Қазағым салт – дәстүрін құрып жатыр,
Бір елміз – дінге берік, ділге берік.

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы,
№ 156 Н. Бекежанов атындағы
қазақ орта мектебі оқушысы Рақышева Ақару Ұғланқызы
Мұғалімі Қайықбаева Гүлбарам Жанайдарқызы

Оңайлатылған салық режимі Оңайлатылған салық режимі
Оңайлатылған декларация негізіндегі салық режимі, немесе қарапайым айтқанда, оңайлатылған, салық есептілігін тапсырудың жеңіл процедурасының
2019 жылы ең жиі қойылатын есімдер 2019 жылы ең жиі қойылатын есімдер
Қазақта әрқашан балаларына есімді таңдау ең күрделі және жауапты іс болғаны белгілі. Сіздерге 2018-2019 жылдары жиі таңдалатын есімдер тізімі мынадай
Сүзге ханым. Қазақ тарихындағы әйелдер Сүзге ханым. Қазақ тарихындағы әйелдер
Сүзге ханым 1548-1582 жылдар аралығында өмір сүрген. Қасым ханның кеңесшісі Мейрамсопының кенже немересі. Сүзгеннің әкесі Төртуыл елінің билеушісі –
Рәбия Сұлтан бегім. Қазақ тарихындағы әйелдер Рәбия Сұлтан бегім. Қазақ тарихындағы әйелдер
Рәбия Сұлтан бегім шамамен 1430-1495 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол – Ұлықбек хакімнің қызы, Әмір Темірдің немересі. Самарқанд қаласында жан-жақты
Қамқорлық акциясы Қамқорлық акциясы
Ақтөбе қаласы, №10 жалпы білім беретін орта мектебінің ұжымы «Қамқорлық» акциясының өтуіне бір кісідей ат салысты.
Егер мектепте тәлімгер болып істейтін маман, қазан айында жұмысқа қабылданса, ақылы демалысқа қай уақытта және қанша күнге шыға алады? Егер мектепте тәлімгер болып істейтін маман,
ҚР Еңбек кодексінің 105 - бабына сәйкес қызметкерге жұмыс істеген бірінші және келесі жылдары үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы жұмыс беруші мен
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×