ойын сауық отауы
Үй жануарлары туралы тақпақтар топтамасы (5 - 7 жасар балаларға арналған)
15.03.2019 8 957 0 Дауыл

Үй жануарлары туралы тақпақтар топтамасы (5 - 7 жасар балаларға арналған)

Өлеңдер
Авторы: Жақсыгүл Қалжанова
«Әліпби. Анамен бірге оқып үйренемін» - 5 - 7 жасар балаларға арналған.
Топтама танымдық тақпақтардан, жаңылтпаш пен жұмбақтардан, өтірік өлеңдерден, әңгіме мен ертегілерден тұрады.
Үй жануарлары туралы тақпақтар

Арғымаққа қарғып мініп,
Шабандоз бала шауып кетті.
Жүйрік аттың арқасында
Мәресіне бұрын жетті.

Әукім - әукім! Сиырым,
Сүтіңді сауып алайын.
Кілегей тартып, май шайқап,
Дастарқанға қояиын.

Тойған бота ойнақтап,
Биігін жардың сезбеді.
Түйе боздап жағада
Төлін жоқтап іздеді.

Өрістен лағын сағынып,
Ешкі ерте келеді.
Жем орнына қолыммен
Киви берсем жемеді.

Жуасытып мінсін деп,
Жұманға бердім жылқымды.
Салдырмай жүген басына
Асау жылқы жұлқынды.

Марғау көзін ашты да,
Сүртті бетін қолымен.
Кім білсін, қарны ашты ма?
Жуынды ата жолымен.

Дөненіме төрт жасар
Арпа бердім дорбамен.
Жаяу жүрмей жайлауды
Араладым жорғамен.

Ер салмай мініп есекке,
Ел аралап жүретін
Диуана барын далада
Балалар да білетін.

Қосайын деп бәйгеге
Құнанды күтіп қарадым.
Щеткамен жуып тұяғын,
Тарақпен жалын тарадым.

Жылқы сауып, саумал ішіп,
Сары қымыз сапырдым.
Ағайын, туыс, көршімнің –
Бәрін үйге шақырдым.

Бұзаулады сиырым,
Апам уыз пісірді.
Түбіне қатып қалар деп,
Қазанды оттан түсірді.

Тазы түлкі алады,
Төбет үйде қалады.
Болған соң адам серігі
Қойды да ит бағады.

Қой жүнінен киіз басар,
Арқан есіп, көрпе жасар.
Кисе – киім, жесе – тамақ,
Мал жоқ шығар қойдан асар.

Күшігім өсіп ит болды,
Түнде тынбай үреді.
Адал досым қасымнан
Қалмай бірге жүреді.

Қара қозым, көз қозы,
Қоңыр қозы – көп қозы.
Көп қозының ішінде
Аласы, ағы, жоқ бозы.

Секеңдемей, лағым,
Енеңді тыңда, шырағым.
Тыңдау үшін жаралған
Тікірейген құлағың.

Мамыр айда гүлдеген
Мамыр гүлдің түбіне
Қодығымды қалдырдым
Қызыққан соң гүліне.

Нар түйеге
Ноқта салып жетеледім.
Жайлауға тез
Жету үшін төтеледім.

Әңгі есегім шаршамайды,
Таудай жүкті арқалайды.
Жалқауларға ақырып,
Ашуы оның тарқамайды.

Бір отар мал айдадым,
Боталы түйе байладым.
Дертке шипа шұбатын
Ішейін деп ойладым.

Арба жегіп өгізге, соқа байлап,
Күн көріпті ертеде жерін айдап.
Жер жыртудан құтылған бұзауыммен
Жүрмін енді жүгіріп, бірге ойнап.

Шалғы алып, пішен шауып,
Қора - қора мал бақтым.
Төрт түліктің тілін тауып,
Жастай табыс мол таптым.

«Құр - құр!» десіп, жылқының
Құрық салдым басына.
Үйретуге асауды
Ат бегі келді асыға.

Зеңгі баба атасы,
Сиыр – сүтті жануар.
Торпақ, бұзау – төлдері,
Құнажыны тағы бар.

Тойған түйе шөкті де,
Жайлап күйсей бастады.
Талғат көріп ұялып
Сағызын жерге тастады.

Сабау алып қолыма
Қойдың жүнін сабадым.
Уызын жеп сиырдың,
Уықтарды қададым.

Құру - құру, құлыншақ,
Жем - шөбіңді берейін.
Тұлпар болып өскенде,
Бәйгеге қосып жүрейін.

Үзеңгіге аяғыңды саларсың,
Ат тізгінін өз қолыңа аларсың.
Елін, жерін қорғай білер намысты,
Қайсар мінез, батыр бала боларсың.

Ауыл жылы мәнді болды,
Мал фермасы төлге толды.
«Қысқа азық болар» деп,
Жомарт жердің шөбін орды.

Қойшының хатын поштаға
Кешіктірмей өткіздім.
Кешікпеген себебім –
Жел маямен жеткіздім.

Жылқышының дауысын
Жылқысы тани біледі.
Жайылып жүрген жерінен
«Моһ - маһ!» десе келеді.

Цирк өте қызық болды,
Тоты сөйлеп қарсы алады.
Сиыр сиқыр көрсетіп,
Күшік ұлып ән салды.

Чемпионның атағы
Елдің атын шығарар.
Жүйрік аттың жеңісі
Ердің атын шығарар.

Шөре - шөре, ешкім менің,
Дайын шөбің, жейтін жемің.
Орамал, жемпір тоқу үшін
Түбітің бізге керек сенің.

Аралдың суы ащы деп,
Құдық қазып, қауға салдым.
Науаларды толтырып
Тұщы суды құйып алдым.

Разъезд малға қауіпті,
Қойларды жақын жаймаймын.
Жусаны аңқып тұрса да,
Қойдың амандығын ойлаймын.

Торсыққа қымыз толтырып,
Байлап алдым беліме.
Ерттеулі атқа отырып,
Қайтып кеттім еліме.

Қос өркешті інгенді
Көрдің бе сен мінгенді?
Қоржын салып інгенге
Мінген жақсы білгенге.

Ақ текенің суретін
Көк альбомға жапсырдым.
Көрмегендер көрсін деп,
Көрмеге оны тапсырдым.

Үсті жабық қора салып,
Төлдерді бөліп кіргіздім.
Түнде жарық болу үшін
Электр сымын жүргіздім.

Шопан ата, Сексек ата –
Қой, ешкінің пірлері.
Тұмарша қайнар, қошқармүйіз –
Оюлардың түрлері

Қой бағуды кәсіп еткен
Төзімді жан қойшы неткен!
«Ұлым өссе ұстайды» деп,
Таяғын сыйға тастап кеткен.

Балалар мен үй жануарлары Балалар мен үй жануарлары
Әлбетте, үй жануарларын ұстайтын отбасыда тәрбиеленетін балалар үй жануарларын асырамайтын балаларға қарағанда ақылдырақ болып келеді екен. Бұл ретте
Жылқы төлінің атаулары Жылқы төлінің атаулары
Құлын – жылқының алты айға дейінгі төлі. Жабағы – алты ай мен бір жас аралығындағы жылқы төлі.
Өтірік өлең: Жануарлар туралы Өтірік өлең: Жануарлар туралы
Жануарлар бақшаға Жеміс жеуге келіпті. Суда өскен жүзімді, Жылқы мен есек теріпті.
Үй жануарлары мен жабайы жануарлар туралы жұмбақтар жауабымен Үй жануарлары мен жабайы жануарлар туралы
Жұмбақтар жауабымен: Үй жануарлары мен жабайы жануарлар
Балаларға арналған тақпақтар, өлеңдер жинағы Балаларға арналған тақпақтар, өлеңдер жинағы
Бізге тәртіп үйреткен, Ән салдырып, билеткен, Таныстырған ең алғаш Әріптермен, суретпен, —
Мен неге мінбедім Мен неге мінбедім
Отыр Өркен есептеп, Бөліп жүйе - жүйеге: «Мініп көрдім есекке, Мініп көрдім түйеге.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×