ойын сауық отауы
Өтірік ертек
03.05.2016 1 873 0 Дауыл

Өтірік ертек

Өлеңдер
Мағжан Жұмабаев

Бұл Ширазым - сол Шираз,
Гүл, бұлбұлға мол Шираз,
Гүлі қызыл лағылдай.
Гүлге қонған бұлбұлы,
Бұлбұлының бал үні
Жазғы сұлу сағымдай.
Осынау Шираз еркеде,
Ертегідей ертеде
Болған талай ақындар.
Үні бұлбұл үніндей,
Сөзі Шираз гүліндей,
Қайда олардай ақын бар?
Жырлап кетсе жорғадай,
Сөз төгілсе сорғалай,
Төгілгені - шекер, бал.
Жырына адам мас болар,
Көзіне ыстық жас толар,
Бойың балқып, шымырлар.
Бұл Ширазым - сол Шираз,
Тамашасы мол Шираз,
Баулары бар бұйра бұлт.
Бұл бір бауда тізілген,
Адам үзбей үзілген
Қандай - қандай жеміс жоқ!..
Шираз қала - дәу қала,
Айналасы бау қала,
Бауы жеміс сыңсыған.
Үзімі еріп білінбей,
Тәтті дәмі тіліңді
Шымырлатып шымшыған.
Өзім көрдім көзіммен,
Шираз елі үзімді
Бауырсақтай асайды.
Асауды місе қылмайды,
Көп құрмай олар тұрмайды,
Үзімнен арақ жасайды.
Шираз елі - молда елі,
Молдалары сәлделі
Арақты шарап деседі.
Таңырқай мұртты көп тақсыр,
«Шарап - шипа»- деп тақсыр,
Кеу - кеулесіп ішеді.
Сонымен, Шираз елінде,
Екі - үш күннің бірінде
Құмыршаға құюлы
Шарап тұрад быжылдап,
Құмыршасы тым сәнді - ақ,
Әшекейлі, оюлы.
Сөз - бұл емес, сөз кейін,
Тақсырларға тимейін,
Кезек келер бір күні.
Тыңдаушы неге демесін,
Мысық - тышқан кеңесін
Айтпақшымын бұл жолы.
Күндерде бір күн бір тышқан,
Сықси көзді сұр тышқан
Кіріп келді бір үйге.
Үй болғанда, оңаша,
Тізілген қаздай құмырша,
Таң болды тышқан бұл күйге.
Мойнын тығып мықшиып,
Жылти көзі сықсиып,
Жалт - жұлт етті, қараңды.
Қараңды да таранды,
Тамсанды да жаланды,
Тыя алмады араңды.
Сілекейі сорғалап,
Шықты жылжып жорғалап,
Болар - болмас жалады.
Тағы татып қарады,
Тәтті у бойға тарады,
Бойы балқып барады.
Татқан сайын тәтті су,
Тәтті суы - тәтті у,
Жылти көзі жайнады.
Күш қосылды күшіне,
Мысық түсті есіне,
Тышқан тілді шайнады.
Қолды сермеп жіберді,
Үйдің іші түнерді,
Күңгірт тартты көз алды.
Ықылық атты, «ық» деді,
«Тоқта, тоқта, тоқ!»- деді,
Өзінен өзі сөз алды:
«Ай, дүние жалған - ай,
Іште кетті - ау арман - ай,
He көрмедік мысықтан?!
Қанымызды ішті ғой,
Баста қайғы күшті ғой,
Өтті - ау өмір құсып қан!..
Аңдып тұрып тап беред,
Тап бергенде шап беред,
Талайға ол сұм салды ауыз.
He қылмады қанды ауыз?!
He қылмады жалмауыз?!
He қылмады ол жауыз?!
Әттең, дүние - ай, не керек,
Көп жаманға кез болып,
Десіп жүр ғой ол жаман!..
Бір көрінсе көзіме,
Көрсетер ем өзіне,
Қалмас еді ол да аман!
Мынау батыр жүрекпен,
Мынау балуан білекпен
Алып ұрып, байлар ем!
Танытар ем әкесін!
Шағар едім шекесін!
Қос құлағын шайнар ем!»

Толық нұсқасын жүктеу

Сүлеймен патша туралы хикая Сүлеймен патша туралы хикая
Сүлеймен патшаның Зуһра атты сұлу әйелі болыпты. Бір күні әйелі Сүлейменге: – Мені сүйсең құстың сүйегінен үлкен сарай соғып бер. Сол сарайда тұрғым
Әділдік көрмеген үшін төреге айтылған сөз Әділдік көрмеген үшін төреге айтылған сөз
Тақсыр - тақсыр дегізіп тамсандырдың, Сөйтіп жүріп аяққа қан салғыздың. Жар жүрмейтін ісіме жан алғыздың, Ақырында малымнан құр қарлғыздың!
Есек пен бұлбұл Есек пен бұлбұл
Тойған есек шөпті оттап маңайдағы Сонырқап шатқа кетті қай - қайдағы. Тентіреп өлкені өрлеп келе жатып, Жолықты бір бұлбұлға тоғайдағы.
Жүсіп хан Жүсіп хан
Бар екен де, жоқ екен, Аш екен де, тоқ екен, Ертек, ертек, ертекте: Ала қарға - азаншы, Қара қарға - қазаншы, Шымшық терген шөпшекті.
Сүй жан сәулем Сүй жан сәулем
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да! Жылы, тәтті у тарады қаныма. Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін, Патша тағы, бүкіл дүние малына.
Жазды күні қалада Жазды күні қалада
Қала, рас, өнер-білім қайнаған жер, Тұтқын ғып надандықты байлаған жер, Егілген ескіде өнер ағашының Жемісі, қызыл гүлі жайнаған жер.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×