ойын сауық отауы
Уақытыңды басқар: Бос уақыт түсінігі
18.09.2021 1 260 0 Admin

Уақытыңды басқар: Бос уақыт түсінігі

Пайдалы кеңестер
Уақытыңды басқар: Бос уақыт түсінігі
Исламда «уақытты бос өткізу» деген түсінік жоқ. Құран аяттарында да, Пайғамбар (с. а. с.) хадистерінде де уақытты бос өткізбеу керектігі бұйырылған. «Инширах» сүресінде «Әрбір қиындықпен бірге жеңілдік бар» екендігі баяндалады, артынша «Ендеше, бір істі бітіріп босаған соң, бірден басқа іске кіріс» деп әмір етіледі. Яғни, бір міндеттен, бір құлшылықтан, бір жұмыстан босап, қиындықтан соң жеңілдікке қол жеткізгенде «іс тынды» деген оймен рақатқа беріліп кетпей, қайтадан тер төгіп еңбек етіп, басқа құлшылыққа, басқа іске кіріс, қызмет ет, парыз амалды орындасаң, нәпіл құлшылыққа көңіл бөл, намазды аяқтасаң, дұға етуді баста, солайша қиындықтың артынан еретін жеңілдіктер арта түссін және әрдайым көптеп шүкір етушілерден боласың.
Бос өткізу өмірді –
Ақымаққа көңілді.
(мақал)
Аятта бізге бір істен басқа іске ауысу арқылы демалу керектігі көрсетілген. Мұны «жұмыс істеу арқылы демалу» деп атауға болады.
Алла Елшісі (с. а. с.) мүміннің аптадағы мейрам күні ретінде сипаттап кеткен Жұма күні жайлы айтылған аятта бос уақыттың қалай өткізілуі қажет екендігі турасында маңызды жайт тілге тиек етіледі: «Уа, иман еткендер! Жұма күні азан айтылып намазға шақырылғанда, дереу (құтба тындап, намаз оқу арқылы) Алланы зікір етуге асығыңдар, шаруаларың мен сауда - саттықты доғара тұрыңдар. Біле білсеңдер, бұл өздерің үшін әлдеқайда қайырлы болмақ. Намаз өтелген соң жер бетіне тараңдар және (адал кәсіп қылып) Алланың шексіз шарапатынан ризық - несібелеріңді іздеңдер».
Бұл аятқа назар аударар болсақ, мейрам күнге қатысты екі маңызды жайттың айтылғанын көре аламыз:
1. Жұмыстан толықтай бір күн бойы алыстап кету емес, тек намаз уақытында уақытша тоқтатып қою.
2. Намаздан соң жер бетіне тарап, Алланың шексіз шарапатынан ризық - несібелерді іздеуді жалғастыру.
Яғни, сатушы саудасына, ғалым ілім ізденуіне, шәкірт дәрісіне қайтып, мақсатына жету жолында тер төгіп, Алладан ісінің нәтижелі болуын сұрайды. Тек бос уақыт өткізбеуі керек. Аятта Алла Тағала Өзі білдіргендей, жұма күні болғанына қарамастан, адал еңбекпен ризық табу жолына түсуге рұқсат етілген. Тіпті мешітте қалып ғибадат етумен уақыт өткізетін сахабалардың өздері де Алла Елшісінің сүннетін орындау үшін жұма намазынан соң базарға бет алып, онда біраз уақыт болғаннан соң қайтадан мешікте оралатын болған.
Адамзаттың ардақты ұстазы – Пайғамбарымыз (с. а. с.) ешқашан қолы бос отырмаған. Айша анамыз (р. а.) бұл жайлы «Үй ішінде қолы бос отырғанын ешқашан көрмедім» деген.
Жетелі мен іскерге жеті күннің бәрі сәтті.
(мақал)
Олай болса, мұсылман баласы яһудилер мен христиандар секілді толықтай бос уақыт өткізетін апталық демалыс не мейрам күнінен аулақ болуы қажет. Олардың қасиетті кітаптарында сенбі күні жұмыс істеуге тыйым салынғандығы белгілі. Себебі олардың сенімі бойынша, Алла Тағала көктер мен жерді алты күнде жаратқаннан соң шаршап (біз Алланы мұндай нұқсандықтан пәктейміз), жетінші, яғни сенбі күні демалған. Сондықтан ол күні жұмыс істеуді харам санаған.
Алла Елшісі (с. а. с.) көптеген хадистерінде адамдарды бос уақыты мен денсаулығының қадірін білуге үндейді. Имам Бұхари риуаят еткен бір хадисте былай делінген: «Адамдардың көбі қадірін білмейтін екі нығмет бар: денсаулық пен бос уақыт».
Басқа бір хадисте былай делінеді: «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: өлмей тұрып өмірдің, ауырмай тұрып денсаулықтың, қартаймай тұрып жастықтың, кедейленбей тұрып байлықтың, көп жұмысқа тап болмай тұрып бос уақыттың қадірін біл!»
Бұл кеңестердің барлығы уақытты бос өткізбей, барынша тиімді пайдалану үшін айтылғанын көре аламыз. Осындай ескертулерден сабақ алған ғалымдардың бірі Алла Тағаланың адамды жақсы көрмеуінің бір белгісі оның уақытын босқа өткізуіне жол беруі деп атаған. Алла ондай адамдарды ең құнды нығметтен мақұрым қалдырған.
«Қиямет күнгі ең ауыр есеп – бос уақыттың есебі».
Муауия ибн Курра
Адам баласы әрдайым қайырлы іспен айналысып, бос уақыт қалдырмай, сол арқылы нәпсі мен шайтанға еш мүмкіндік бермеуі керек.
Бос отырған адам қажетсіз сандырақтарға кіре бастайды. Сөйтіп, бос мылжыңымен өзіне де, өзгелерге де зиянын тигізеді. Сол себепті әзірет Омар (р. а.) ұлдарына мынадай ескерту жасайтын:
«Таңды атырған соң бәрің сан - саққа тараңдар, әркім өзіне бір іс тапсын. Бір жерде үймелеп отырмаңдар. Өйткені бір жерге жиналып отырсаңдар, бір - біріңмен келіспей қалып, араларында реніш шыға ма деп қорқамын».
«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтпақшы, адамның бос отыруы – шайтан үшін таптырмайтын мүмкіндік. Ол дереу бос отырған адамның ойына түрлі жамандық салып, азғыра бастайды. Күнәға итермелейді. Сол себепті өмірінде бос уақыт болмауы тиіс.
«Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды».
Ахмет Яссауи
Шайтан адам баласындағы бостықтың орнын толтырады. Ал адам бір жұмыспен айналысқан уақытында бос болмағандықтан, шайтанның оған жол табуы қиындайды. Солайша жұмысы көп адамның жамандық ойлауға да мұршасы келмейді. Жамандық ойламағандықтан, жамандық жасаудан да аулақ бола алады.
Бір хадисте уақытты бос өткізудің немесе ешбір пайдасы жоқ істермен шұғылданудың шайтанның адам тәубе етпесі үшін тапқан айласы екендігін баяндайды:
«Алла Тағала Адамды (а. с.) жаратып, періштелерге және әзәзілге оған сәжде етуді бұйырғанда, әзәзіл тәкаппарлық жасап пейіштен қуылған уақытта: - Әй, Раббым! Сенің құдіретіңе ант етіп айтамын. Адам баласының кеудесінде жаны бар екен, азғырғаным азғырған, - деді.
Алла Тағала: - Ей, малғұн! Құдіретім мен ұлықтығыма ант етемін. Егер пенделерім тәубе етіп истиғфар айтса, күнәларын кешіремін, - деді.
Алла Тағала Құранда «Күнәларды Алладан басқа кім жарылқайды?! Сондай - ақ олар (мүміндер) істеген істеріне біле тұра қасарыспайды» деген.
Осы аят түскенде Ібіліс (қарғыс атқыр) әскерлерін бар даусымен айқайлап шақырған екен. Сонда алай - дүлей болып, басына топырақ құйылып кетеді. Шөлдегі, көлдегі барлық жердегі қызметкерлері келіп: - Әй, жетекші ұлығымыз, саған не болды? – деп сұрайды. Шайтан - малғұн: - Құранның мына бір аяты түсті. Енді адам баласының бірде - біріне кесіріміз тимейтін болды, - деп мұңаяды. Қызметшілері: - Ол қайсы аят? – деп сұрағанда, жоғарыдағы аятты оқып берді.
«Яғни, бұл аяттың мағынасы – мүміндер істеген ісін мойындап, Аллаға әрдайым истғфар айтып, тәубесіне келіп, тәкаппарлық көрсетпей өзін төмен санап, ғибадаттарының қабыл болуын Алладан сұрап жүреді екен», - деп түсіндіреді.
Қызметшілері: - Олай болса, біз оларға пайдасы жоқ, сауапсыз істерді көрсетеміз. Сонда олар өздерін «тура жолдамыз» деп ойлап тәубе етпей, истғфар айтпай жүре береді, - деді. Шайтан (қарғыс атқыр): - Ондай болса, дұрыс екен, - деп көңілі жай тауып, қуанып қалады».
«Егер де екі иықта отырып амалдарыңды жазатын періштелерге парақ сатып алып беру өздеріңе міндеттелгенде парақ сатып алуды азайту үшін аз сөйлейтін едіңдер».
Әбу Әли Даххақ

жиған - терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Құранда аталған уақыт түрлері Құранда аталған уақыт түрлері
Құранда ең көп «күн» сөзі кездеседі және уақыт ұғымынан пәк болған Алла Тағаланың құзырында да «күннің» бар екендігі айтылып өтіледі: «Раббыларыңның
Нәпіл намаз оқудың мәкрүһ уақыты Нәпіл намаз оқудың мәкрүһ уақыты
Таң атқан уақытта сол таң намазының сүннетінен басқа ешқандай нәпіл намазы оқылмайды. Хадисте: «Таң намазынан бұрын және таң намазы кірген кезде, таң
Намаз уақыттарының күн тәртібіндегі орны Намаз уақыттарының күн тәртібіндегі орны
Жоғарыда атап өтілген түсіндірмеден төмендегідей қорытынды шығаруға болады: парыз намаздардың асыл мұраттарының бірі – мұсылман баласына күнделікті
Уақытыңды басқар: Намаздың маңызы Уақытыңды басқар: Намаздың маңызы
Намаз арқылы түн мен күндіз сырлы тәртіпке орнығады. Өмір ғибадатқа негізделген уақыт түсінігіне сәйкес реттеледі.
Мүбәрак күндер мен түндер Мүбәрак күндер мен түндер
Аптаның ең қадірлі күні. Құран Кәрім әмірі бойынша аптасына бір рет оқылуы парыз етілген намаз осы күнге сәйкес келеді.
Салауат айтудың сыры Салауат айтудың сыры
Салауат cөзі араб тілінде көп мағына береді. Дұға, намаз, береке деген мағыналарымен бірге Пайғамбарымызға Алла Тағаладан игілік тілеу мағынасында да
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×