ойын сауық отауы
Балаға ит көйлек кигізу
03.02.2022 735 0 Admin

Балаға ит көйлек кигізу

Салт-дәстүр
Салт - дәстүр сөйлейді
Балаға ит көйлек кигізу
Дүние есігін ашқан сәбиге ең алғаш тігісін сыртына қаратып, киім тігіп кигізеді. Бұл киімнің атын «ит көйлек» немесе «ит жейде» деп атаған. Киімнің бұлай аталуы жайында мынадай қызық аңыз бар.
Тәңірі тағала адамның мүсінін жасағанда, оның кіндігінен алынған бір шөкім балшықтан итті жаратады. Иттің үнемі адамнан айырылмай, қайда барса да, иесінің мал - мүлкін қорып, адамға серік болып жүретін себебі сол екен. Кіндік балшығынан жаралған соң, алғашында оның терісі түксіз, жалаңаш болыпты.
Адам ата жаралған соң, оны қырық күн, қырық түн ит күзетіпті. Ібіліс Адамға жақын келіп:
– Алла сені несіне жаратқан?! Түрің құрысын! – деп, Адамның бетіне түкіріп жібереді. Сол сәтте ит Адамды қорғап, Ібіліске тап береді. Ібіліс итке ашуланып, қаһарын төгеді. Ібілістің қаһары асып түсіп, ит тоңып өледі.
Алла тағала иттің ерлігіне риза болып, оны қайта тірілтіп, денесін жүні қалың терімен қаптайды. Адамның шаңырағынан мекен береді. Ал Ібіліс Адам бетіне түкіргендіктен, адам әр түрлі кеселге шалдығатын болыпты.
Ит Адам ата мен Хауа ана жер бетіне түскен кезде де алғаш рет соларға сенімді серік болыпты. Оларды бәле - жаладан, қауіп - қатерден құтқарып, қорған болған екен.
Жаңа туған баланы да пәле - жаладан қорғасын деп ит көйлек кигізіп ырымдау содан қалыпты. Ит көйлекті бала қырқынан шыққанша кигізеді. Оны шыт, сиса, бәтес, бөз сияқты жұмсақ маталардан жасайды. Тысын сыртына қаратып, шетін бүкпей пішеді. Жағасын ойып, өңіріне баланың басын сыятындай етіп тік тілік жасайды.
Баланы қырқынан шығарғасын ит көйлекті далаға тастамайды. Дауға барған адамдар, жауға шапқан батырлар баласының ит жейдесін қойнына тығып, өзімен бірге ала жүрген. Себебі, «көйлек қауіп - қатерден, пәле - жаладан сақтайды» деп ырымдаған. Баласы жоқ әйелдерге ит көйлекті ырым етіп береді.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Ібіліс пен Нұх Ібіліс пен Нұх
Ібіліс кемеге мінген соң, әркімді азғырып, бүлік шығарып жүреді. Бірде ол қорапта жатқан жүзім ұрығын ұрлап алады. Нұх іздесе, жүзімнің дәні орнында
Ібілістің балалары Ібілістің балалары
Тәңірі тағала Адамды топырақтан жаратып, барлық мақұлыққа орынбасарын тамашалауды бұйырды. Періштелер жиналып, Адамды айналып қарап көрді.
Жезөкше атауы Жезөкше атауы
Ібілістің о баста өкшесі болған екен. Ібіліс қарғыс қамытын киген соң, ерлі - зайыптылардың арасына от салып, араздастырып, ажыратып жіберуді кәсіп
Жақсы есім таңдау Жақсы есім таңдау
Адам ата мен Хауа анаға Жаппар Хақ бір бала беріпті. Екеуі кей кездері балаға таласып қалады екен. Бірі: – Менің балам, – десе, бірі: – Менікі, –
Иттің пайда болуы туралы аңыз Иттің пайда болуы туралы аңыз
Алла Тағала адамның тәнін топырақтан жаратарда Әзірейілді жұмсап, «Жердің бетінен әртүрлі топырақ алып кел» дейді. Періште ұшып жүріп, жер бетінен
Киім – кешекке қатысты ырым - тыйымдар Киім – кешекке қатысты ырым - тыйымдар
Теріс киме бөркіңді, бұзып кетер көркіңді. Ырым, сенім талайды, тәубесіне келтірді. - Теріс кисе не етеді? Оған дәлел жетеді. Алға басқан аяғың,
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×