ойын сауық отауы
Абайдың хакімдігі: «Қаны қара бір жанмын, жаны жара»
23.09.2023 183 0 Admin

Абайдың хакімдігі: «Қаны қара бір жанмын, жаны жара»

Әдебиет
Абайдың хакімдігі: «Қаны қара бір жанмын, жаны жара»
Абай заманы, өзі, тұстастары туралы шындықты ашық айтқан. Өзі туралы көңілінің тоқ кезі – тек жастық шағы. «Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ», - деп ол ойсыз өткерген өмірін ғана қаны қараймаған, жаны жараланбаған дәуірге жатқызған. Ал санасы сараланып, ой кіргеннен бастап кешкен ғұмыры – азап. Өзін - өзі азапқа салу – данышпандар болмысы. Ақылды жанның қайғысыз өмір кешуі мүмкін емес. Оның үстіне ғұлама – тек дана, ойшыл ғана болып қалмай, періштеге қызмет ететін ақын. Абай әрі ойшыл, әрі ақын, сондықтан мынау қиюы кеткен тұрмысты көріп отырып, үлгісіз болашаққа құлаш ұрған еркін арман - қиялсыз, жетелеген жетім ботадай әлдебір күштің жетегінде кетіп бара жатқан халқын көргенде қандай асқақ шабыт романтика болуы мүмкін? Бірақ осы сөз болып отырған өлеңде Абай қоғам, халық туралы айтып отырған жоқ, бар мәселе жеке өзіне тіреліп тұр. Бұл халді әдебиетшілер лирикалық қаһарманның толғанысы ретінде түсіндірер. Бұл жерде мәселе лирикалық қаһарманда емес, тіпті, қажет десеңіз, осы өлеңде ешқандай лирика жоқ. Әрине, бұл жеке адамның (субъектінің) дүниетанымдық толғанысы және де әлдеқандай дерексіз, аты - жөні жоқ біреудің емес, Абайдың нақтылы дүниетанымдық ой - тұжырымдары. Ол ештеңеге алаң болмай, әлек болмай, өзін ішқұса қылған ойларын ақтара салған. Оны өзі де аңғарып, өлеңді: «Сырымды тоқтатайын айта бермей», - деп аяқтайды.
Ақынды қинап отырған жеке өз басының қайғысы болса, мәселе сонша күрдкліленіп: «Қаны қара бір жанмын...», - деп күңіренбес еді, жағдайдың ауырлығы сонда – осынау бір қайғылы болмысты өзінен өзге біреулер түсінсе немесе ақынның айтқанына еріп, оны тыңдаса, тіптен болмаған жағдайда ойдағысын толық айтып кетуге ерік берсе ғой. Жоқ не тыңдамайды, не ермейді, не ақынға ерік бермейді. Сонда осыншама ойды, ерікті тұншықтырып тұрған не немесе кім? Менің ойымша, ол – Тағдыр.
Адам өзін - өзі жеңуі ықтимал, ал тағдырын жеңе алмайды. Біз тағдыр дегенді сырттан танылатын күш деп түсініп келдік. Рас, тағдыр – фаталистік мәндегі күш, бірақ бұл оның бір элементі ғана, одан өзге тағдырды құрастыратын, жасайтын күштер бар. Абай солар туралы айтқысы келіп, шарасыздық білдіріп, өзін - өзі қиналысқа салып, қанының қарайғанын жасырмаған. Әрине, тағдыр деген мынау екен деп Абай жіліктеп берсе, оған қарап біз тағдырға анықтама берсек, тағдыр ұғымын ойыншыққа айналдырған болар едік.
Мәселе олай емес, тағдыр адамды талқыға салады, оны толғандырады, ойландырады, қапаландырады, қуантады. Неге бұлай болады деп оны бір сөзбен түсіндіру мүмкін емес. Жалпы мәселенің тас - талқанын шығарып, оны түсінікті, ұғынықты қылып тастауға әуестенушілік ақылдылықтың белгісі емес. Ақылды адам ақылдың шектеулілігін сезінеді, сондықтан да ол тағдырды да, болмысты да өзінше жете түсіне алмай қапа болады. Бұл – заңдылық. Бірақ оны ұғып түсінуге әркімнің өресі жете бермейді. Әлемдегі барша құбылысты түсіндіріп берген адамды ақылды деп айта алмаймыз. Ақылды адам – әлемнің тылсым екендігін, яғни сол тылсым дүниедегі өз орнын анықтауға ынталанған жан. Әлем сыры – Алланың құпиясы, ғылым тілімен айтсақ, табиғаттың құпиясы, болмыс онтологиясы. Адамға табиғат (Алла) білмекке құмарлық берген. Бірақ құмарлықты өлшеусіз беріп, білуді шектеген, сондықтан адам болмысында құмарлық пен білместік арасында мәселе бар.
Абай – білмекке өте құмар жан, алайда ол өз құмарлығын әманда тежеуге мәжбүр. Өйткені ол жүрегінің мұз болатынын, амалсыз тағдыр бір күн кез болатынын, өткір тілінің де мұқалатынын біледі. Ақын өзінің бұл өмірдегі орнын анықтауға тырысып бағады. Байыппен қараған кісіге ақын өмірден түңілмеген, бірақ өмірдің мәнсіздігі туралы ой қозғаған. «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей, мен келмеске кетермін түк өндірмей», - деп кәдімгі Батыста айтып жүрген экзистенциализмге де салынған. Бұл жақсы ма, жаман ба, ақынды мақтағанымыз ба әлде даттағанымыз ба? Ойлаймыз, екеуі де емес. Әңгіме Абай дүниетанымы туралы, бұл мәселенің қойылысы сонымен құнды. Бізге қажеті – әлемге Абай көзімен қарау. Сол арқылы ақынды тану. Абайдың өлеңдерінің түсінігі күрделі, ал сол түсінікті түсіндіру қиын іс, біздің айтып оытрғанымыз үнемі Абай түсінігі болып шықпауы заңды, себебі біз ақыннан кейін әлемдік мәдениеттен өзге кітаптар оқыдық, философияның арғы - бергі тарихымен таныстық, сондықтан Абайдан кейінгі айтылған ойлар ақынды талдауда еріксіз араласа береді. Олар Абайды тануда кей сәттерде болысады, ал кей мәселелерде бөгет жасайтындары бар. Мысалы, Абайдың «Қаны қара бір жанмын, жаны жара» деген ойын түсіндіруде қазіргі еуропалық философияның еш қажеті жоқ. Қаным қарайды деп атам қазақ ертеден айтып келеді. Оның мәнісі бар. Қанның қараюы басқа түскен ауыр қайғыны білдіреді. Бұл қазаққа түсінікті, қайғы тек жалғыз адамға ғана тән емес, ол қайғыны жұртшылық ортақ болып бөліседі. Абай болса өзге жұрттан оқшауланып: «Қаны қара бір жанмын...» - деген. Мұнда ол өзінің бір, яғни жалғыз екендігін баса айтып отыр. «Моласындай бақсының жалғыз қалдым, тап шыным», - дейтіні де сондқтан.
Жалғыздық – даралықтың, данышпандықтың белгісі. Мың сан адамдардың ішінде жүріп жалғызсырау, ол адамның өзгелерден тым ілгері кеткендігі, теңін таппағандығы, айтқан сөзін естір құлақтың болмағандығы. Жалғыздық – Абайдың рухани күйзелісі, оның қанын қарайтып, жанын жаралап тұрған да сол.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Абайдың хакімдігі: «Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді...» Абайдың хакімдігі: «Замана, шаруа, мінез күнде
Абай өзгерісті мойындаған. Дүние бір қалыпта тұрмайды, ол күнде өзгереді. Неге десеңіз, дүниенің мазмұны – өзгерісте. Сондықтан алдымен «өзгеріс»
Абайдың хакімдігі: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас...» Абайдың хакімдігі: «Алланың өзі де рас, сөзі де
Абай Платонның: «Сократ маған дос, бірақ одан ақиқат зор», - дегеніндей, өзі мұсылман бола тұрып, діни сана ауқымынан шығарлық ой айтқан. Себебі ол –
Абайдың хакімдігі: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас...» Абайдың хакімдігі: «Алланың өзі де рас, сөзі де
Абай өз замандастарын да, кейінгі ұрпақ – біздерді де Алла туралы жеңіл әңгімеден аулақ болуға шақырған. Абай ұғымында ол «ақылға» сыймас шындық,
Абайдың хакімдігі: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас...» Абайдың хакімдігі: «Алланың өзі де рас, сөзі де
Қазақ топырағында Абайға дейін Алланы тану мәселесімен шұғылданған ойшылды жыға білмейміз. Өздерін сопылармыз деп атаған тақуалар (әулиелер) да «Алла
Мен – табиғат бөбегі. Қасым Аманжолов өлеңі Мен – табиғат бөбегі. Қасым Аманжолов өлеңі
Мен – табиғат бөбегі, Еркін жанмын еркемін. Аузымда жастық өлеңі, Еркелеп күйім шертемін.
Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма
Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма? Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма? Махаббат, ғадауат¹ пен майдандасқан, Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×