ойын сауық отауы
Қарбызды жаз
12.08.2020 938 0 Admin

Қарбызды жаз

Әңгімелер
Қарбызды жаз
Балалық шақ Талды ауылында өтті. Табиғаты шеберлікпен үйлестірілген, жомарттықпен беріле салынған таңғажайып көрікті, жанға жайлы әсем жердің бірі дер едім. Табиғат төсінде сылдырлап аққан ақтұма мөлдір бұлақ, жасыл желекті көркем құрақ, асқар тау, сыңсыған бау мен сарқыраған мөлдір таза өзен бойында асыр салып ойнап өстік. Қайран, сол бақытты, алаңсыз күндер - ай десеңші... Есіме түссе еріксіз езуіме күлкі жиырылатын кездер жиі болып тұрады.
Балалық шақта қызықты есте қалған бір оқиғамен бөлісейін деп отырмын.
Күніге асыр салып ойнап, кешке ештеңені сезбей ерте ұйықтап қалыппын. Үйдегілердің сөйлеген дауысынан оянып кеттім. Көзімді тырмалап ашып, ас бөлмеге қарай жылжыдым. Сағатқа қарасам, кешкі он. Ас бөлмеде анам мен әкем кешкі шәйін ішіп отыр. Екі сіңлім де күніге ұзақ ойнағаннан шаршап, пысылдап ұйықтап жатыр. Әкем менің ұйқымнан тұрғанымды көрді де:
- Жанкабай, жүрші саған бірдеңе көрсетем,- деді. Мен ұйқылы ояу, ештеңе түсініп тұрғаным жоқ. Анам жымың - жымың етеді.
- Не нәрсе көрсетпекшісіз?- деп, әкемнің артынын ере бердім.
Дәлізге қарай бет алдық, әкем бөлменің жарығын жақты. Өз көзіме өзім сене алмадым. Түсім ба, өңім ба деп ештеңе айыра алмай біраз тұрдым. Көзімді жақсылап уқалап тағы қарадым. Өңім секілді. Дәліз, есік алды толған қарбыз! Көп қарбыз, сансыз қарбыз. Аяқ алып жүретін жер жоқ. Бұл қарбыздар қайдан келген? Фантастика шығар дедім...
Қарағанды жақ салқын, қарбыз өспейді. Үйдегілер қалаға базарға барғанда ғана қарбыз жейтінбіз. Айына 2 - 3 рет қарбыз жесек біз үшін үлкен мейрам болатын. Бес минуттай таң қалып тұрдым. Әкем мен анам ішек сілелері қатып күліп жатыр. Сөйтсем, мен ұйықтап жатқанда, оқиға былай болған екен.
Ауыл Алматы тас жолының бойында орналасқан. Көкөніс пен жеміс таситын камаздар жолда ағып жатады. Сол күні кешке әкем жоқ малды іздеп жайлауға кетеді. Үй жол бойында орналасқан, шағын дүкеніміз болатын. Дүкеннен жолға қажет заттарын алмақшы болып есік алдына бір камаз фургонымен келіп тоқтайды.
Саудасын жасап тұрып, анам мен камаз жүрзізушісі сөйлесіп кетеді.
- Фургонның ішінде не бар?
- Қарбыз!
- Қай жақтың қарбыздары?
- Түркістан.
- Ол жақтың қарбыздары өте дәмді деп естігем...
- Дәл солай, тәте, қарбыз сатып алыңыз!
- Қарбызың қаншадан?
- Килограммы 15 теңге, қанша қарбыз керек сізге?
- Мммм, жақсы. Екі - үш қарбыз алсам алайын онда... Барлық қарбызың қанша тұрады?
- Барлық қарбыз?
- Иә, барлық қарбызың қанша тұрады?
- Барлық қарбызды қайтпекшісіз?
- Қызық болған соң сұрап тұрмын.
- Бір камаз қарбызды алмайтын шығарсыз...
- Балаларды қарбызға армансыз тойдырсам ба дегем.
- Тәте, жақсы қалжыңдайды екенсіз...
- Қалжыңдап тұрғаным жоқ
- Бір фургон қарбызды шынымен де сатып аласыз ба?
Жүргізуші анама қараса, анам қалжыңдап тұрған адамға ұқсамайды. Екеуі біраз саудаласып, ақыры әкемнің асыл тұқымды 2 қошқарына келіседі. Ол екі қошқарды әкем қойлардың санын көбейтем деп әдейілеп ауылға сатып әкелген еді. Олардың бір камаз қарбызға айырбастылып кететінін кім білген. Төрт тұяғы буылған екі қошқар, жанарлары есік алдындағы қарбыздарға түсіп, жаутаңдаған күйі, бос камаздан орын алып, ауылмен қоштасып кете береді.
Әкем үйге келсе, есік алды, дәліз толған қарбыз. Сарайда екі қошқары жоқ... Мән - жәйді білген соң, күліп жібереді. Бір жағынан балалар қарбызға тояр деп, бір жағынан екі асыл тұқымды қошқарын қимай, бір жағынан анамның бұл қылығына қайран қалып біраз жүреді.
Таңертең бұл жаңалықты барлық ауыл естиді. Есік алды мен дәліз толған қарбыз. Біздің үй қарбыз көрмесі секілді. Қаптаған қарбызды көруге бүкіл ауыл келді. Бәрі аң - таң...
Бұл қарбыз енді оңайлықпен бітеді ма? Барлық ауылға тараттық. Аяқ жағында бұзау, қошақан, күшіктер де анамның арқасында қарбызға қарық болды.
Уақыт зырғи берді. Шілде айы бітті, артынан тамыз келді. Қарбыз армансыз желініп жатыр. Қыркүйек келді, сабақ басталды. Сабақтан келе сала түскі ас орнына қарбыз жейміз. Қазан келді. Далаға қар жауды. Әлгі қарбыз бітер емес. Кейде үйге пеш кештеу жағылатын, бізге бәрібір. Тоңып, дірілдеп отырып, қарбызды жей береміз. Бір жақсысы анам оңтүстіктің тумасы болғаннан соң шығар, қарбызды қалай сақтау керек екенін жақсы білетін. Біреуін де шірітпедік.
Бір күні әкем ыза болды.
- Мына қарбыз қашан бітеді, көзін құртыңдаршы?- деп ашуланды.
Сол күні соңғы қарбыз желінді. Далада қар жатыр, күн суық. Әкем мына қарбыз бітті деп қуанып жүр. Қарбызға армансыз тойдық деп біз жүрміз. Керемет есте қалған қарбызды жаз болды.

Болған оқиға
Автор: Жанна ИБРАЕВА, Нұр - Сұлтан қаласы
тел: 8 - 702 - 153 - 22 - 08
эл. почта: zhanna_ibraeva_o@mail. ru

Таза бұлақ - Міржақып Дулатұлы Таза бұлақ - Міржақып Дулатұлы
Бар екен таудан аққан таза бұлақ, Түк ел жоқ маңайында қылған тұрақ. Жағалай біткен ағаш жапырақты, Жайқалып күн мен желден тұрған қорғап.
Байғұс бала - Мұхтар Жақсылық Байғұс бала - Мұхтар Жақсылық
Көлеңкелеп отыр едім көк талды, Бір кішкентай маған қарай оқталды. Рұқсат сұрап жайғасты да жаныма, Аға, сенде МАМА бар ма?., деп қалды.
Танысқанда сен он бес - ақ жаста едің, Танысқанда сен он бес - ақ жаста едің,
Танысқанда сен он бес - ақ жаста едің, Мен де сонда өзгеше едім, басқа едім. Тұрдың үнсіз дәл алдымда мөлтілдеп, Мөлдір көзден үзіліп түскен жас па
Болу үшін космонавт Болу үшін космонавт
«Болам десең космонавт, Қиын өнер ол», - деді. Әкем: «Осы бастан - ақ Есепке алғыр бол», - деді.
Әкеме Әкеме
Әкем біреу, анам да біреу менің, Мен жығылсам сүйенер тіреулерім. Олар барда мереке, көрген емен Қабақтарын шытқанын, түнергенін.
Бір күні Бір күні
Бір күні, ерте оянып, жаттым ойлап Көп шыбын өрмелеген уық бойлап Ұшқан боп жақындасып бір-біріне Тайдырып, орнын қозғап, түртіп ойнап
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×