ойын сауық отауы
Хакімдер (2 бөлім)
03.10.2021 503 0 Admin

Хакімдер (2 бөлім)

Әңгімелер
Абай айнасы – рухани кемелдену
Хакімдер
Құдайға сүйіспеншілік туралы: «Алла тағаланың пендесін махаббат уа мархабатпенен жаратқандығын біліп, махаббатына махаббатпенен ғана елжіремекті Құдайға ғашық болды дейміз» (отыз сегізінші сөз). Бұл Құдайға сүйіспеншіліктің анықтамасы. Алла тағаланың бізді махаббатпен жаратқанын білгенде кімде болса да соған сәйкес сезім қалыптасуға тиісті. Абайдың бұл тұжырымына хакімдер Алла тағаланың хикметін зерттеу арқылы жетеді. Олар өздері ғана түсінумен шектелмей, басқа адамдарға түсіндіруге әрекет етеді. Сондықтан хакімдер де рухани ұстаздар болып табылады.
«Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді. Фиғыл пәнденің[i] қазығы – осы жақсы хакімдер, әр нәрсе дүниеде бұлардың истихражы[ii] бірлән рауаж[iii] табады. Бұлардың ісінің көбі – дүние ісі, ләкин осы хакімдердің жасаған, таратқан істері Әд - дүния мәзрә гәтул - ахирет[iv] дегендей ахиретке егіндік болатын дүние сол», - дейді абай әрі қарай отыз сегізінші қара сөзінде. Бұдан хакімдердің қоғамдағы үлкен рөлі, сондай - ақ қоғам заңдылықтарын, табиғат сырларын ашу мен түсіндірудегі орны да айқын көрінеді.
Енді Абай айтқан «дүние мен адам өмірінің сырына жетсе де, діннің хақ танымына» хакімдер неге жете алмайды деген жайтқа тоқталайық. Басты себеп – хакімдер таза құлшылық жолында емес. Абайдың өзі айтқандай: «Бұлардың ісінің көбі – дүние ісі». Олар ниеті таза болса да, өзімшілдік нәзік сезімдер ықпалынан, яғни атақ - даңқ, сый - құрмет, тағы басқа жалған эго тудыратын өзімшілдік нәзік қасиеттер шырмауынан толық шыға алмағандар.
Кәміл мұсылмандар жүрек көздері ашылғаннан кейін бұл фәни өмірдің кемшіліктерін көре біліп, одан бас тартып, бақи (мәңгілік) әлемге енді ғана бет бұрғандар болса, хакімдер – бұл жолда көп жетістіктерге жетіп, белгілі бір дәрежеге көтерілгендер. Олар материалдық әлемнің ғана емес, сонымен бірге, сол әлемнің бір бөлігі болып табылатын өздерінің денелерінің де кемшіліктерін көре бастайды. Адам бойындағы жақсы мен жаманды айыра біліп, олармен күресу жолына түседі. Исламда адамның өз кемшіліктерін жою үшін болатын бұл күресті «үлкен жиһад» деп атайды. Абай жетілудің бұл деңгейіндегі өз жағдайын былай деп жазады:
Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым.
Өзіме өзім жақпадым,
Енді қайда сыя алдым?
Қалап алған көп мінез,
Қалайша қылып тыя алдым?
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес.
(«Ойға түстім, толғандым»)
Осы жаман мінездерінің себебін әрі қарай былай деп түсіндіреді: «Осынша ақымақ болғаным көрінгенге қызықтым. Ғаділетті жүректің әділетін бұзыппын. Ақыл менен білімнен әбден үміт үзіппін;... Мақтанбасқа мақтанып, деп жүріппін «пысықпын» бұлай өзін - өзі жеріне жете мінездеу рухани жетілген, өз қасиеттерін тек қана жоғарғы деңгеймен салыстырып бағалайтын хакімдерге тән қасиет. Сөйтіп олар өздерінің фәнилік кемшіліктерімен күреске түседі. Егер оларды жеңе алса әулиелік деңгейге көтеріледі. Ал жеңе алмаса сол деңгейде қалады, кейде төмен құлдырайды. Хакімдерден төменгі кәміл мұсылмандар өздерінің кемшіліктерін көре білмегендіктен, олармен күресе алмайды.
Хакімдер туралы Абай әрі қарай отыз сегізінші сөзінде былай деп жалғастырады: «Егер бұлар дін ұстазымыз емес болса да, дінде басшымыз Құдайдың елшісі пайғамбарымыздың хадис шарифі «хайрун нас ман йанфагунас[v]» деген». Абай хакімдер діни ұстазымыз емес, яғни діни ілімді насихаттаушы адамдар емес, халыққа қызмет жасаушы, сондықтан жақсылық әкелуші рухани ғалымдар дейді. Осы ой - пікірін жеткізу үшін ол хакімдердің адамзатқа пайдалы істерін тәптіштей атап, бұл істердің «баршасы нафиғалық[vi] болған соң, біздің оларға міндеткерлігімізге дауа жоқ» деп қорытындылайды.
Абай хакімдер мен ғалымдардың айырмашылығын да ашып береді. Қоршаған ортаның заңдылықтарын Құдай тағала хикметтерімен байланыстырмай, тек қана материалдық әлем заңдылықтары аясында қарастыратын ғалымдар туралы Абай отыз сегізінші сөзінде былай дейді:
«Хакім, ғалым асылында бір сөз, бірақ Ғарафта[vii] басқалар дүр. Дүниеде ғылым заһири[viii] бар, олар айтылмыштарды жазылмыштар, оны нақлия[ix] деп те атайды. Бұл нақлияға жүйріктер ғалым атанады». (жалғасы бар)

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
[i] Адам ісі деген мағынада.
[ii] Шығару, алу.
[iii] Таралу, айналым.
[iv] Дүние – ахиреттің егіндігі (бұл дүниеде жасалған игілікті іс ақыретте жеміс болады деген мағынада).
[v] Адамның жақсысы адамға пайда келтірген адам.
[vi] Пайдалы, өнегелі іс.
[vii] Арафа (таудың аты). Зуль-Хиджа айының 9-күні. Бұл күнде қажыға барғандар Арафат тауына шығады.
[viii] Шынайы ғылым.
[ix] Дәстүрлі ғылымдар.

Хакімдер Хакімдер
Абай ұстаздардың бұл тобындағы адамдар жайлы отыз сегізінші қара сөзінде былай дейді: «Олай болғанда хикмет Құдайға пенде өз ақылы жетерлік қадарін
Кәміл мұсылмандар Кәміл мұсылмандар
Абай рухани жетілу сатысының алғашқы деңгейіндегі адамдарды «кәміл мұсылман» деп атайды. «Мұсылман» арабтың «мүслим» деген сөзінен шыққан,
Абай айнасы – рухани кемелдену: Әулиелер Абай айнасы – рухани кемелдену: Әулиелер
Құдай тағала барлық жан иелеріне мейірімді болғандықтан, Ол сұраған тілекті орындайды. Бұл Құдайдан нені сұрап, нені сұрамауды білудің маңызын
Абай айнасы – рухани кемелдену: Рухани жетілу сатысы Абай айнасы – рухани кемелдену: Рухани жетілу
Рухани жетілу сатысындағы толық адамдардың басқалардан екінші айырмашылығы – олардың өмірлерінің түпкі мақсаты. Толық адамдардың мақсаты – Түп Иеге
Абай айнасы – рухани кемелдену: Адам өзінің жан екенін түсінуі Абай айнасы – рухани кемелдену: Адам өзінің жан
Адамның жан дүниесі тазарып, білімі толысқан сайын өзін балайтын нәрселер шеңбері өсе береді. Ондай тұлғалар кемелдену барысында отбасы мүддесінен
Абай айнасы – рухани кемелдену: Адам өзінің жан екенін түсінуі Абай айнасы – рухани кемелдену: Адам өзінің жан
Адамның имандылығы дамып, белгілі бір дәрежеге жеткенде оны бұл өмірдің қызығы жалықтырып, одан да жоғары ләззат барын сезе бастайды. Ол ізденіс
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×