ойын сауық отауы
Кәміл мұсылмандар
18.09.2021 669 0 Admin

Кәміл мұсылмандар

Әңгімелер
Абай айнасы – рухани кемелдену
Кәміл мұсылмандар

Абай рухани жетілу сатысының алғашқы деңгейіндегі адамдарды «кәміл мұсылман» деп атайды. «Мұсылман» арабтың «мүслим» деген сөзінен шыққан, «Құдацға сенуші» деген ұғымды білдіреді. Ал «кәпір» арабтың «кафара» деген сөзінен шыққан, осыған кері мағынада, яғни «Құдайға сенбейтін» адам деген ұғымды береді. Абай «мұсылман» сөзін барлық адамдарға арнап өзінің бастапқы мағынасында қолданады.
Материалдық жетілу сатысының алғашқы деңгейіне көтерілген адамдар имандылықты қабылдайды дедік. Рухани жетілу сатысындағы кәміл мұсылмандар үшін де имандылық алғашқы шарт болып табылады. Бірақ Құдайға деген ынталы жүрек, шын көңілдерінің тазалығына байланысты олардың имандылық дәрежелері әр түрлі. Кәміл мұсылман деңгейінде Құдайға берілу сезіміне әкеліп, мүлде жаңа сапаға ауысады.
Алғашқы деңгейдегілерде рухани білім болмағандықтан, имандылықты соқыр сенім арқылы қабылдайды. Білімдері толық болмағандықтан, олардың мақсаты осы фәни өмірмен ғана байланысты. Сондықтан олардың имандылығы адамгершілік деңгейінде ғана. Дінді де олар өздерінің материалдық мәселелерін шешу үшін пайдаланады. Қазіргі халықтар арасындағы қақтығыс, соғыстардан бұл жағдай жақсы көрінеді. Дүние жүзінде дін араласпаған соғыс жоқ деуге болады. Сөйтіп имандылықтың төмендігінен діндер халыққа көптеген зардаптар әкеледі. Ал «толық адам» сатысындағы имандылық рухани деңгейде, ол тек қана Алла тағалаға сенімді білдіреді.
Ал кәміл мұсылман деңгейіндегі имандылық мүлде басқаша. Кәміл мұсылман өзінің жан екенін сезінген деңгейден өткендіктен, біріншіден, оның рухани білімі бар, ал екіншіден, оның бұл білімді дұрыс қолдана білетіндей рухани қасиеті бар. Кәміл мұсылман дегеннің өзі нағыз толық мұсылман дегенді білдіретін болғандықтан, оның қасиеттері де осыған сәйкес болуы керек. Ол Алла тағаланың бір екенін, Оның барлық жаратылғандардың иесі, сондықтан барлығы да Соның меншігі екенін біліп қана қоймайды, ол сол біліммен өмір сүреді. Сондықтан ол барлық жандарды бірдей көріп, Абайдың «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген қағидасын толық орындауға ұмтылады және өзіне тиесілі несібеден артықты керек етпейді. Әрбір іс - әрекеттің салдары, яғни қарымта заңы барын ол жақсы біліп, оны еш уақытта бұзбай өмір сүреді. Себебі оның өмірінің негізгі мақсаты, Абай көрсеткендей, Түп Иеге қайту.
Сонымен қатардағы мұсылмандар мен кәміл мұсылмандардың айырмашылығы көңілінің шын ниетте болуында және ынтасында. Абай осыған шақырып, қара сөздерінде дүниелік ниеттерді сынайтыны бар. Егер адамның үлкен сенімі болып, реттегіш тәртіптерді қатаң ұстанатын болса, ол кәміл мұсылман деңгейіне көтеріле алады. Құдайға беріле құлшылық етудің қуаттылығы сондай, көп уақыт өтпей - ақ адам көптеген рухани нәрселерге қолы жеткенін сезіне бастайды.
Абай отыз сегізінші қара сөзінде кәміл мұсылмандардың ақиқат білімді толық білетінін айтады. Олар «Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жақсы менен жаманды айырмақтылық сықылды ғылым - білімді» үйренген, осы төрт маңызды нәрсені танып - білген адамдар.
Барлық тіршілік құбылыстары Құдай тағаланың қолында екеніне және күнәлі істері үшін Құдайдың кәріне ұшырайтынына кәміл мұсылман нақты сенеді. Бұл сенім оны жаман істерден тежейді және имандылықтан шықпауына себепкер болады.
Бұл деңгейде Абай берілген тәртіптерді қатаң ұстану керек екенін ескертеді. Құдайға құлшылық тәртіптерін қатаң сақтаудың маңыздылығын, оның ішкі тазалықтың кепілі және иманның кірленбей, нұрланып тұруына қажетті нәрсе екенін отыз сегізінші қара сөзінде былай түсіндіреді:
«Енді ниет еттіңіз таһарат  алмаққа, намаз оқымаққа, ораза тұтпаққа, бұл тағаттарды ниетіңіз заһирынан  қалыпсыз ғибадатқа жетпегендігі кемшілік емес пе? Сіздің батиныңыз  таза болмағы әуелі иман болып, бұл заһир ғибадатыңыз иманды болған соң ғана, парыз болған, сіздің заһирыңыздағы ғибадат – батыныңыздағы иманның көлеңкесі, һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйырылған».
Бұл арада құлшылық тәртіптерін орындаудың маңыздылығын көрсете отырып, Абай ішкі иман тазалығының қажеттігін айтып отыр. «Бұл сыртқы ғибадатыңыз иманды болған соң ғана парыз болған» деген сөзі де осыны аңғартады. Имандылығы жоқ адамға, сыртқы ғибадатты сақтаудың қажеті шамалы, парыз емес, себебі пайдасыз деуге болады. Ойшыл әрі қарай былай деп жазады:
«Оның үшін ғұламалар иман екеу емес, біреу, бірақ ізгі тағатпен нұрланады, тағаты жоқ болса, күңгірттенеді, бәлки сөну хаупі де бар деген». Бұл арада Құдайға құлшылық тәртіптерін сақтамаған адамның ішкі иманы күңгірттенеді, бәлки сөну қаупі бар деген ой айтылып отыр.
Сонымен кәміл мұсылмандардың басқа қарапайым мұсылмандардан өзгешелігі – олар иманның өзара тығыз байланыстағы ішкі және сыртқы жақтарын (ғибадат сырларын) қатар ескереді. Абайдың өз сөзімен айтқанда, олардың «иманы түгел».
«Менің хаупім бар, олар хас осы ғибадат екен, Құдайдың бізге бұйырғаны, біз осыны қылсақ, мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды» - дейді әрі қарай Абай көбіне ғибадаттың тек сыртқы жағын ұстануға тырысатын көпшілік туралы. Шын иманның нұры, көркі болып табылатын намаз оқу, ораза тұту сияқты сыртқы ғибадатқа Абай «Ол ғибадат күзетшісі еді» (иманның күзетшісі) деген дәл анықтама береді.
«Жә, күзетші күзеткен нәрсенің амандығын ойламай, бір ғна ояу тұрмағын ниет қылса, ол не күзет? Күзеткен нәрсесі қайда кетеді? Мақсат күзетілген нәрсенің амандығы, тазалығы емес пе?» - деп ой таразылайды Абай. 
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі


Абай айнасы – рухани кемелдену: Әулиелер Абай айнасы – рухани кемелдену: Әулиелер
Құдай тағала барлық жан иелеріне мейірімді болғандықтан, Ол сұраған тілекті орындайды. Бұл Құдайдан нені сұрап, нені сұрамауды білудің маңызын
Абай айнасы – рухани кемелдену: Рухани жетілу сатысы Абай айнасы – рухани кемелдену: Рухани жетілу
Рухани жетілу сатысындағы толық адамдардың басқалардан екінші айырмашылығы – олардың өмірлерінің түпкі мақсаты. Толық адамдардың мақсаты – Түп Иеге
Абай айнасы – рухани кемелдену: Адам өзінің жан екенін түсінуі Абай айнасы – рухани кемелдену: Адам өзінің жан
Адамның жан дүниесі тазарып, білімі толысқан сайын өзін балайтын нәрселер шеңбері өсе береді. Ондай тұлғалар кемелдену барысында отбасы мүддесінен
Абай айнасы – рухани кемелдену: Адам өзінің жан екенін түсінуі Абай айнасы – рухани кемелдену: Адам өзінің жан
Жан иелері ләззаттанып, өмірдің рақатын көру үшін бұл әлемде де бірігеді. Бұл – материалдық бірігу. Рухани әлемде кішкентай жандар Жоғары Рух арқылы
Абай айнасы – рухани кемелдену: Адам өзінің жан екенін түсінуі Абай айнасы – рухани кемелдену: Адам өзінің жан
Адамның имандылығы дамып, белгілі бір дәрежеге жеткенде оны бұл өмірдің қызығы жалықтырып, одан да жоғары ләззат барын сезе бастайды. Ол ізденіс
Абай айнасы – рухани кемелдену: Сезім қанағаты Абай айнасы – рухани кемелдену: Сезім қанағаты
Абайдың он бесінші қара сөзінен есті кісі мен есер кісінің әрекетін салыстыруға болады. «Әуелі – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×