ойын сауық отауы
Тұлпар - Пегас туралы миф
25.08.2021 1 480 0 Admin

Тұлпар - Пегас туралы миф

Аңыздар
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар
Тұлпар - Пегас туралы миф
Көшпелі халықтар байырғы замандардан бері өздерінің сенімдіәм адал серіктері – аттарды киелі жануар деп есептеп, оларды қисапсыз көп бейнелеген. Аттардың сурет - бейнелері скиф - сақ дәуірлерінің алтын бұйымдарынан, жартастарға қашалған көптеген таңба - бедерлерден табылып жатыр.
Көшпелілер тіршілігі Қамбар ата түлігімен тікелей байланысты болғандықтан, жылқыға алуан түрлі мифологиялық және ертегілік қасиеттерді дарыта отырып, оларды мифтердің, ертегілердің, аңыздар мен батырлық жырлардың кейіпкерлеріне айналдырған. Әлбетте, қанатты аттардың қиял - ғажайып бейнелері, сиқырлы қанатты мақұлықтар жайлы наным - түсініктер өте ерте замандарда - ақ пайда болған.
Тұлпар туған Бурылдың
Қолтығында бар қанат...
«Қобыланды батыр»
Табиғатынан аңғал қазақтар арғымақтардың жауырынының астына көзге көрінбейтін кішкентай қанаттар жасырынған деп білген. Тұлпар иуғанда, осы қанаттары зақымданбас үшін, биенің қарынын жарып, құлынды суырып алған. Әлбетте, бие жантәсілім етеді. Бірақ бұл – желден жүйрік, теңдессіз ұшқыр арғымақтың садақасы. Тұлпарлар – болашақ қанатты аттар (грек мифологиясында – пегастар) дәл осылай, даңқты батырлар мен олардың аттары жайындағы жырларында суреттелгендей өмірге келуі тиіс еді.
Тұлпарларда қанаттың болуы олардың Жоғарғы Әлемге қатыстылығын паш етеді. Жоғарғы Әлемнің өкілдері ретінде қанатты аттар көптеген сиқырлы қасиеттерге ие. Мысалы, ат ертегінің басты қаһарманына құйрығының немесе жалының бір тал қылын беріп, өзі көзден ғайып болады, дәл керек кезінде батыр осы қылды тұтатып, оны әп - сәтте шақырып ала алады («Керқұла атты Кендебай», «Делдаш батыр»). Олардың мұндай сиқырлы қасиеті Самұрық құстың кереметімен салыстыруға келеді. Қаһарман оның қауырсы жүнінің бір талын тұтатса, құс жәрдемдесуге жан дәрмен болып ұшып келеді.
Әп - сәтте ғайып болу немесе әп - сәтте ғайыптан сап ете түсу қасиеті қанатты аттардың басқа әлемдерге де сапар шегуге қабілеттілігін танытады. Олар өзінің иесін аспанға самғатады, онымен бірге Жерасты әлеміне түседі, әртүрлі бәлелерден аман - есен алып шығады. Жоғарғы Әленің жан иесі ретінде аттар адамға қызмет етеді, тек жақсылық жасайды. Әрдайым жәрдемдесіп, қиындықтан құтқарады, ақыл - кеңесін айтады. Өмірдегі сияқты, ертегідегі ат та әрқашан көшпелінің қасында, оған дәйім көмек жасауға әзір.
Өзінің сиқырлы құдіретінің арқасында қанатты аттар басқа жануарларға айналып, кейіптерін де өзгерте алады.
Көне эпостарда батыр мінетін тұлпар болашақ иесі ержеткенше, табында, жай жылқылардың арасында үсті - басын қотыр басып, көзге қораш жабы кейпінде жүреді. Бала есейіп, кәмелетке толғн кезде қотыр тай да түлеп, шын келбетімен қкнап шыға келеді.
Қазақтарда батыр туғанда оның аты бірге туады деген ескілікті нанм бар. Мифологиялық түсініктерге сенер болсақ, мұндай ат батырға Көктен, Жоғарғы Әлемнен ұшып келеді.
Көшпелі халықтар үшін ат толарсақтан су кешіп, тілерсектен қан кешкен қанды жорықтарды, кескілескен шайқастарды бірге өткізген жан серігі болғандықтан, тәңіршілдік ғұрып бойынша, иесі өлген кезде арғымағын да қоса жерлеген. Адам мүрделерінің қасынан жылқы сүйектері табылған көптеген қорымдар осыны айғақтайды. Өмірге батырмен бірге келген ат о дүниеге де сол иесімен бірге аттануы керек.
Қанатты аттың мифологиялық бейнесі қазақ ертегілерінде, ерлік жырларында, аңыздарында ғана емес, сонымен бірге Таңбалы тас жартастарында қашалған бедерлерден бастап замани туындыларға дейінгі бейнелеу өнерінде де кездеседі.
Әр дәуірдегі түркілерде, Жетісуды мекендеген сақтарда, батыста өмір кешкен скифтерде қанатты тұлпарлардың алтын және мыс суреттері мол ұшырасады. Мұның өзі осы халықтардың мифологияларының ортақтығын, этникалық тамырларының бірлігін дәйектейді.
Қанатты аттардың суреттері әртүрлі көркемдік мәнерде жасалған әрі өздерінің қазақ фольклорындағы сипаттамаларына толық сәйкес келеді.
Діни түсініктердің дамуына орай фольклордағы жануарлар бейнесі де біршама өзгерді. Көшпелі бәдеуилерде Мұхаммед (с. ғ. с.) пайғамбар аспанға Алланың тағына Пырақ дейтін қанатт тұлпарға мініп самғағаны туралы миф бар. Осынау аттың бас жағы адам кейіпті, денесі жылқынікі, бірақ арқасында қанаттары болған. Бұл – қанатты аттың түр - сипаты біршама өзгертілген бейнесі, яғни өзімізге таныс кентавр, бірақ оның қанаттары бар һәм мекен - тұрағы – аспан. Сондықтан, мұсылмандық нұсқасында Пырақтың жауырындарының астынан қанат өскен, басы – адамдікі, денесі – аттікі.
Қазақ ертегілерінде Төменгі, яғни Жерасты әлемінде тұратын аттар туралы да әңгімеленеді. Мысалы, «Жарты Төстік» ертегісіндегі Құла Шолақ деген қанатты ат Төменгі әлемде тіршілік етеді. Сол сияқты «Қанатты қара ат» ертегісіндегі қанатты аттың енесі де Жерасты мақұлығы, яғни жеті қат жер астында тұратын тұлпар.
Сондай - ақ ертегілерде суда тіршілік ететін мақұлықтар: теңіз, өзен немесе көл аттары да ұшырасады. Олар Төменгі әлемнің өкілдері болып табылады.
Егер Жоғарғы әлемде мекен ететін жылқыларда құстардың қасиеттері болса, Төменгі әлемнің жылқыларында жер асты мекендеушілерінің қасиеттері болуы тиіс. Сондықтан олардың дене тұрқы немесе құйрықтары жылан тәріздес. Осындай мақұлықтар көне грек мифтерінде де кездеседі. Мысалы, теңіз патшасы, құдайы Нептунға жылан денелі аттар қызмет етеді.
Сонымен, үш жұмбақ әлемде әртүрлі аттарды ұшыратамыз: Жоғарғы әлемде – қанатты тұлпарлар, Ортаңғыда – өзімізге үйреншікті, сақараның қолтума арғымақтары, Төменгіде – жерасты патшалығының аттары.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Кентаврлар жайлы миф Кентаврлар жайлы миф
Жылқыны адамның осыдан үш мың жылдай уақыт бұрын қолға үйретіп, азия мен еуропада көлік және жүк тасу құралы ретінде пайдаланғаны мәлім. Христофор
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар: Химера Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар: Химера
Химера – Құдай тектес, арыстан басты, ешкі денелі, жылан бөкселі, аузынан от бүріккен тажал. Оны құдайлардың сәуегейлікпен айтқанындай, сымбатты
Грифтер. Грифондар Грифтер. Грифондар
Грифтердің (арыстан - құстардың) аримаспілермен толассыз күресін баяндай отырып, Геродот оларды «қанатты құбыжықтар» деп атайды.
Сфинкс Сфинкс
Сфинкс – жантайып жатқан адам басты арыстан. Сондықтан, сфинкс патша билігінің символы ретінде қабылданып, мазарлар мен ғибадатханаларды күзетеді.
«Аң мәнері» туралы мифология «Аң мәнері» туралы мифология
Ежелгі мәдениетті зерттеу, көне түркі мәтіндерін тәржімелеу, ежелгі түркілердің мифологиясын еуропалық үлгілермен салыстыра зерделеу барысында Жер
Жазылар естеліктер мен туралы Жазылар естеліктер мен туралы
Жазылар естеліктер мен туралы, Біреулер жан еді дер өр тұлғалы. Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін, Бүтінделмей кеткен бір ер - тұрманы.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×