ойын сауық отауы
Сиырдың жапасы туралы
27.11.2023 515 0 Admin

Сиырдың жапасы туралы

Денсаулық
Сиырдың жапасы туралы
Ұмытпасам, 1982 жылдың маусым айының басы. Жаркент өңірінде Қастеев атындағы мектепте мұғалім боп жүрген кезім. Сабақ аяқталып, оқушылар демалысқа шыққан, тек 8 және 10 сынып оқушылары емтихан тапсыруда.
Бір күні түстен кейін жасы үлкен ағайлар: «Имяров деген оқушының әкесі «Ұлымның емтиханды кілең «беске» тапсырғанын жуып беремін! Ер мұғалімдер сол үшін үйрек базасына келсін!» деп сәлем айтып жіберіпті. Кеттік сол жаққа!» – деп мені де өздерімен бірге алып кетті. Мектепте бірінші жыл жұмыс істеуім болғандықтан менде ағайларға қарсы уәж айтатындай қауқар да жоқ еді. Директордың орынбасары Мұқаш ағай бастаған 15 шақты ер мұғалім 3 машинаға отырып, айтылған жерге жөнелдік.
Үйрек фермасы ауылдан 5 - 6 шақырымдай жер. Шақырған кісі ферманың меңгерушісі екен. Бізді жақсы күтті. Қуырылған үйрек етін тау қылып үйіп тастады, көкөніс пен ішімдік те жетерліктей. Әңгімеміз жарасып, екі жарым сағаттай уақыт дастархан басында отырып қалдық. Күн ыстық. Бір кезде ағайлар суға түсейік деп, бәріміз қайтадан көліктерге отырып, ауылдың сыртында Бабилян деп аталатын каналға келдік. Бір жерде аққан су арнаның бетон қалыптарынан жерге құйылып, әрі қарай арық болып ағады екен. Су жоғарыдан түскен жер ойылып, кішігірім тоған секілді болып қалыпты, сонда шомылдық.
Бастапқыда суға түспей жағада тұрған интернат меңгерушісі Баймұрат ағай елдің:
– Су рахат екен! Түспейсіз бе?! – деген шақыруына көніп, жейдесін шеше бастады. Сонда байқадық, ол кісінің оң жақ иығы мен жауырыны бұжыр - бұжыр тыртық екен. Математик Қалибек ағай таңырқап:
– Баймұрат, қолыңа не болған?! – деп сұрады. Баймұрат ағай:
– Ә, бұл ма? Бала кезде үй ішінде жүгіремін деп үстіме пеш үстінде қайнап тұрған шәугімді аударып алғанмын. Соның кеселінен үстімнің бәрі жара болып, бітелмей кетті, – деп жауап қатты.
Бәріміз де жамырасып, бастарымызды шайқап, жанымыз ашығандығын білдіріп жаттық. Осы кезде Тоқтамыш деген жасы бәрімізден үлкен ұйғыр ұлтты ағай:
– Сендер қазақ болсаңдар да күйгенге қарсы қазақтың қолданатын емін білмейді екенсіңдер! Оны қолданғанда денеде тыртық тұрмақ, бір де бір дақ та қалмас еді! – деді. Бәріміздің құлағымыз елең ете қалды.
– Ол қандай ем еді? – деп сұрадық.
– Тыңдасаңдар, мен сендерге бір қызық әңгіме айтып берейін! – деді Тоқтамыш ағайымыз.
Ол кісінің әңгіме айтқанда, маңғаздана, майын тамызып айтатыны бар еді, сол әдетіне салып мынандай қызық хикая айтып берді.
– Бала кезімде мені қазақтар асырады. Асыраған әке - шешем мал бағушы еді. Бірде мынандай оқиға болды. Жазғы күні жайлаудамыз. Мен ол кезде 12 - 13 жастамын. Әке - шешем малда болып, 70 - тен асқан атамызбен бірге үйде ұсақ балалар ғана қалғанбыз. Түс уақытында көрші үй жақтан қатты айғай шығып, іле - шала екі көзі шарасынан шығып кеткен сол үйдің мен қатарлы Сәрсен деген баласы табалдырықтан сүріне жүгіріп кірді. Оның аптыққан сөзінен біз сол үйдің 10 жастағы қызы мосыдан қайнап тұрған бір шелектік шәугімді түсіремін дегенде ыстық суды үстіне қотарып алғанын білдік. Ол үйде де ересектерден ешкім жоқ екен. Атам бастап бәріміз жүгіріп көрші үйге бардық.
Суға күйген қыз есінен танып жерде жатыр. Басынан басқа денесінің барлығы дерлік күйген секілді, көйлегі денесіне жабысып қалыпты. Не істеу керек? Ең жақын емхана бұл жерден 100 шақырым жерде. Хабар беретін жайлауда телефон да жоқ. Сол кезде атам жерді сызып көрсетіп, Сәрсен екеуімізге тездетіп қыздың бойымен бірдей болатындай шұңқыр қазуды бұйырды. Ұзындығы бір жарым метрдей, ал ені мен тереңдігі екі қарыстай болатын шұңқырды жан ұшыра қаздық. Екеуміз де қорқыныш пен үрейден, cосын қызды аяғанымыздан жылап жүрміз. Жұмыс аяқталған соң атам бізге шұңқырға сиырдың жас жапасын әкеп тастауды бұйырды. Қолымызға кішірек арбашаны алып, ол жұмысты да жүгіре жүріп жасадық. Малдың бәрін әке - шешеміз өріске айдап кеткендіктен қора бос тұр, оларда сиырдың жапасы көп. Біз шұңқырды жапаға толтыруға аз қалғанда, атам бізді тоқтатты да, жерде сұлқ жатқан қызды көтеріп, әлгі шұңқырға жатқызды. Қыздың денесі толығымен жапаға шөгіп кетті, тек шұңқырдан басы ғана қылтиып жатты. Үшеуміз кезек - кезек қыздың басын төмен түсіп кетпесін деп сүйемелдеп, ымырт үйірілгенше отырдық. Біз кезде қыз көзін ашып, су сұрады. Атамыз оған шәйнекпен салқын су берді, бірақ шұңқырдан шығармады.
Атамның айтуы бойынша, біз Сәрсен екеуіміз су мен сүлгі әзірлеп қойдық. Бір кезде атам қызды шұңқырдан көтеріп шығарып, шөптің үстіне жатқызып, көйлегін шешіп тастап, біз берген сумен үстін жуып, сүлгімен сүртіп, көрпеге орап, үйдің іргесіне жатқызып қойды. Сол кезде байқағаным, қыздың денесі сүттей ағарып, сөлінің бәрін жапа сорып алғандай болып көрінді маған. Тек жапа тимеген мойны мен басы ғана қарайып тұр.
Кейінірек, жоғары сыныпта сол қызбен бірге оқыдым. Денесінің киімнен ашық жерлерінде бір де бір тыртық пен жара көрінбейтінін байқаймын. Бір сұрағанымда ол қыз денесінде күйіктің еш табы қалмағанын айтқан еді. Міне, халықтық медицинаның құдіреті! Баймұрат, сені де сол кезде сиырдың жас жапасына түсіргенде, денеңде тыртық түгіл, бірде бір дақ қалмас еді! – деп аяқтады әңгімесін Тоқтамыш ағай.
Бұл әңгімені бәріміз қызыға тыңдадық. Біреулеріміз оған сенді, екіншілеріміз сенбедік.
Кеш бата үйге қайттық. Ол кезде жаңадан үйленгенмін. Келіншегіміз екеуіміз Әлімғожа мен Шекерхан есімді ақжарқын кісілердің ауласындағы екіауызды тоқалтамда тұратынбыз.
Әлімғожа ағайдың анасы қайтыс болған. Әкесі Сейітжан атамен жиі әңгіме - дүкен құрамыз. Сол күні мен ол кісіге Тоқтамыш ағайдан естігенімді айтып, ол әңгімеге нанбағанымды жеткіздім:
– Ата, мен ол кісінің айтқанына сенбедім. Дәрігерлер де күйген жерді толығымен емдей алмайды ғой. Менен бір жас үлкен Ерлік деген нағашы ағам бала кезінде арқасында жейдесі өртеніп, жарты сағатқа жетер - жетпестей уақытта ауылдағы ауруханаға жедел жеткізіліп, дәрігерлерден дер кезінде ем - дом көрсе де, әлі күнге дейін арқасы бұжыр - бұжыр тыртық болып қалған. Ал сиырдың жапасынан кейін денеде еш дақ қалмайды дегенге сеніңкіремей отырмын. Бұл туралы сіз не ойлайсыз? – дедім.
Ақсақал шүңірек көздерін жерге қадап біраз кідіріп отырды да:
– Онысын білмедім. Олай да болуы мүмкін, – деп барып, өзіне тән баяу қалыппен, дауысын еш көтерместен бір әңгімені бастап кетті. – Менің мынадай бір әңгіме естігенім бар. Соны айтып берейін.
Баяғы заманда бір бай жас жігіттерді жалшылыққа алып, аяқтарына аппақ теріден жасалған мәсі кигізіп, оларға мынандай шарт қояды екен: «Бес жыл малымды бағасың. Егерде бес жылда мына мәсіні тоздыратын болсаң, онда саған қалағаныңды беремін: басыңа үй тігіп, әйел алып беремін, алдыңа мал салып, қыста малыңды қыстатын, ал жазда жайлауға шығаратын жайылым жер беремін! Бірақ бес жылда бұл мәсіні тоздыра алмасаң менен құр қол кетесің! Жұқалтаң теріден жасалған мәсіні қолына алып, байға келген жігіттердің барлығының да ойы бірдей болады екен: «Тәйірі! Осы мәсіні бес жылда тоздырып жібермеймін бе?!» Осы ойға алданып, талай жігіт келісіп, байға қызмет жасаған екен. Жұмысқа тұрған бойда жігіттер мәсіні қысы - жазы суға да салады, тасқа да салады. Алайда олардың біреуі де аталған уақытта мәсіні тоздырмақ түгіл, оған сызат та түсіре қоймапты. Әрине, жалданған жігіттің бәрі де бес жылдан соң еш кеткен уақыттарын жоқтап, бастары ауған жаққа кете барған деседі.
Жағалтай есімді бір сіңірі шыққан кедей жігіт те сол байға жалданған екен. Ол да не жасаса да әлгі мәсіні тоздыра алмаған дейді. Уәделенген уақыт жақындаған сайын малдың артынан жүрген жігіттің ұнжырғасы түсіп, басы салбырап, күні бойы терең ойға шомып отырады. Бірде жапан түзде оған жолаушылап жүрген бейтаныс қария кезігіп қалады. Екеуі амандасып, жөн сұрасады. Жағалтай жолдан шаршап келген шалды қосқа түсіріп, сусын беріп, қолдағы барымен тамақтандырады. Біраз отырған соң байқампаз қария жігіттен:
– Балам, көңілің бір нәрсеге құлазып жүрген секілді ғой. «Қуанышыңмен бөліссең – қуанышың артады, қайғыңмен бөліссең – қайғың кемиді» деген сөз бар. Нендей нәрсеге қапаланып жүрсің? Айт, менің де бір септігім тиіп қалар, – деп сұрапты.
Жігіт жауап беруден қашқақтаса да, үлкен кісі қолқа салуын қоймапты. Шал болмаған соң жігіт өзінің мұңын қарияға шағып, болған істің мән - жайын тәптіштеп айтып беріпті. Ақсақал қолын созып:
– Бері әпкелші аяғыңдағы мәсіні, көрейін, – дейді. Жігіт ұсынған мәсіні әрі - бері ұстаған қария былай депті:
– Шырағым, бұл мәсі тегін мәсі емес! Бұл мәсі адамның терісінен жасалған! Сондықтан мұны еш тоздыра алмайсың. Оны тоздырудың бір ғана амалы бар: күнде таңертең мәсіні сиырдың жапасына салып, жас тезекті кешіп жүр, сонда ғана мәсіні тоздырасың!
Қария осыны айтып, қош айтысып, өз жолымен жүріп кеткен екен. Жағалтай ертеңінен бастап таңертең малды өріске айдар алдында сиырдың жапасын кешеді екен. Бейтаныс қария айтқандай - ақ 3 - 4 күннің ішінде әлгі мәсінің сау тамтығы қалмай, тоз - тозы шығып кетіпті. Мұны көрген бай жеңілгенін мойындап, уәдесін орындаған дейді. Осылайша Жағалтай мұратына жеткен екен, – деп Сейітжан ата әңгімесін аяқтады. Мен ойланып қалдым. Шындығында да сиырдың жапасы адам терісіне өте қатты әсер ететін сияқты ғой? Мұны ғалымдар зерттеді ме екен? (Әлеуметтік желіден алынды).

Айлардың да құпия сырын білейік Айлардың да құпия сырын білейік
Жылдың төрт мезгіліне сәйкес келетін айлардың ұзақтығын өзіміздің саусақтарымыз арқылы анықтауды да біліп жүргеннің артықшылығы болмас.
Сыныптағы шу неден болады? Сыныптағы шу неден болады?
Мұғалімнің ең бірінші қорқынышы да, төзімінің жетіспеуі де сабақ кезінде орын алатын оқушылардың шуы.
Мектеп оқушысының күн тәртібі Мектеп оқушысының күн тәртібі
Мектеп оқушысының уақытты тиімді пайдалануы – оның мектепте табысты үлгерімінің кепілдігі ғана емес.
Қазақстанда жаңа оқу жылына арналған демалыс кестесі бекітілді Қазақстанда жаңа оқу жылына арналған демалыс
Бұйрыққа сәйкес, орта білім беретін ұйымдарда оқу жылы 1 қыркүйекте басталады.
Құт болсын білімде қадамың! Құт болсын білімде қадамың!
Білім жол бәріне аңсарлы, Ой зерек болса оған ұнадың. Сендерді күлімдеп қарсы алды Мектепте мейірімді мұғалім. Қарсы алды сыныбың, партаң да,
Егер мектепте тәлімгер болып істейтін маман, қазан айында жұмысқа қабылданса, ақылы демалысқа қай уақытта және қанша күнге шыға алады? Егер мектепте тәлімгер болып істейтін маман,
ҚР Еңбек кодексінің 105 - бабына сәйкес қызметкерге жұмыс істеген бірінші және келесі жылдары үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы жұмыс беруші мен
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×