ойын сауық отауы
Аралас неке қауіпті ме?
28.10.2019 3 075 0 Дауыл

Аралас неке қауіпті ме?

Жаңалықтар
Аралас неке қауіпті ме?
Бүгінгі күні елімізде аралас неке тамыры тереңге кеткен әлеуметтік мәселеге айналды. Жыл сайын шамамен 100 мыңға тарта неке тіркелсе, соның 20 пайызын осындай ерлі-зайыптылар құрайды.
Ата-баба салтына сүйенсек, қыз ұзату, құда таңдау, жалпы кәденің бәрі саясатпен орындалатын. Ұрпақ тәрбиесіне қатаң мән беретін халқымыз өзге жұрттан қыз алғанмен, өзге ұлтқа қызын ұзата бермейтін. Ұлтаралық неке отбасын құрған жұптан да, туған-туыс достан да ерекше жауапкершілікті талап етеді. Қазақ халқының «Жатты жақын ететін, ел мен елді табыстыратын қыз бала» деп айтуы бекер емес. Тарихтың терең қатпарларына көз жүгіртсек, ел дауында, жер дауында пәтуаға келу үшін қыз алысып, қыз беріскенін жақсы білеміз.

Қазіргі таңда шекара ашылып, түрлі халықтар толассыз келіп жатқанда тілі басқа, діні басқа адамдармен некелесуге зор мүмкіндік туып отыр. Қазақтың қаракөз бойжеткендері соның салдарынан шекара асып кетіп жатыр. Осындай кезде көкейде заңды сұрақ туындайды. Мұндай некеден отбасында да екі түрлі мінез, екі басқа түйсік, қабылдау, екі діннің тұрғысындағы түсінік болады. Ол тәрбиемізге көлеңкесін түсірмей қоймайды.

Зерттеп көргенімізде, жігіттер жағы аралас некеге құмар болып шықты. Қазақтың атпал азаматтары өзге ұлт қыздарын өмірлік жар етуге құштар. Ал, демограф ғалымдар болса «Оң жақта отырған қазақ қыздары көп» деп дабыл қағуда. Мамандардың пікіріне сүйенсек, тұрмысқа шығатын жас қыздардың саны жігіттерге қарағанда бірнеше есе көп. Қазақстанға өзге елдерден кеп жұмыс істеушілер саны да көбейген. Шетелде қалып оқыған қыздардың да, шетел азаматтарына тұрмыс құрып жатқаны өтірік емес.

Орысқа, түрікке, жапонға тұрмысқа шығып жатқан қазақ қыздарының балалары бізге кім болады? Әрине, екі ұлттың өкілінен туған баланы метистер деп атайды.
Орысша - қазақша сөздікте бұл сөзді «будан» деп аударыпты. Екі ұлт өкілдерінің біріккен жемісін «будан» деп атау сәтті шықпаса да шындығы сондай. Аралас некенің көбеюі «неке және отбасы туралы» заңның шикілігінде боп тұр ма деген ойдың да туындайтыны да шындық. Жапонияда өзге ұлт өкілдеріне қыз бермейді, қыз кетсе елден аластайды екен. Өз елдерінің азаматтарын қалыңмалмен қолдау нәтижесінде қытай азаматтары шетелдік қыздармен үйленіп, сол елде азаматтық алуға ұмтылады.

Естеріңізде болса, шетелге шекара асып білім алуға кеткен қазақ қызы қайтыс болды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Австралияда оқып жүрген 22 жастағы Сағынай Батырханованы күйеуі пышақтап өлтірген. Артында ата - анасы, буыны қатаймаған нәрестесі қалды. Оны өлімге қиған қанішерге не жаза қолданғаны да белгісіз. Шығыс Қазақстанның тумасы Сағынайдың Австралияға барғанына 4 жыл болған. Гриффит университетінің 1 - ші курсында оқып жүрген жас қыздың асыл армандары күл - талқан болып, ажал құшқан.

Сол секілді шетелге білім қуып барған қандас қаракөздер басқа діннің жетегінде кетіп жататыны жайлы әңгімелер айтылады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөздің астарына мән беріп зерделеп көрелік. Өз еліңнің саф ауасы мен туған топырақтың қадір - қасиетін сонда ұққандай боласыз.

Белгілі бір ағамыздың ұлты басқа әйелі қайтыс боларда жұбайына өзін христиан зиратына жерлеуді өтініпті. Оған басымызды шайқап, қайран қалғанымызбен, аманатқа қиянат жасалған жоқ. Марқұм жеңгеміз христиан зиратына апарып қойылды. Ал, әлгі ағамыз арада бірнеше жыл өткенде дүниеден озып, мұсылман зиратынан мәңгілік мекен тапты. Қырық жылдай отасқан ерлі - зайып­тылардың ақтық жолдары осы­лайша екіге айырылып кетті ақыры…

Менің Алматыда тұратын жақын құрбымның қызы өте білімді, инабатты, ибалы қылығымен сүйсіндіріп, өрімдей болып бойжетіп келе жатты. Үнемі жайраңдап тұратын қызғалдақтай құлпырған нәзік бойжеткеннің балғын жүзіне көз салып, жанымыз жадырап, жайнап қалушы еді. Құрбым да қазақтың әдемі әдет - ғұрпымен қыз ұзату тойын жасауды армандап отыратын. Көзінің ағы мен қарасындай жалғыз қызғалдағы болғасын жасауын дайындап, болашақ күйеу баласын қиялдап жүретін. Озық ойлы бір оқыған қазақтың қара домалақ жігітіне бұйырса дейтін. Қызы мектепті үздік бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсті. Ағылшын тілінен аудармашы мамандығын алу мақсатында үздіктердің қатарында «Болашақ» бағдарламасымен Англияға оқуға кетті. Арман қуып шетел асқан жас қыз білім алуға емес, бейне бір күйеу іздеуге кеткендей. Сол жерде жапон жігітімен танысып, көңіл жарастырады. «Естімеген елде көп, есек мінген сартта көп» деп біз бұл хабарды құрбымның 50 жылдық тойында бір - ақ білдік. Тойдың үстінде келіп таныстырғанда тіліміз байланып қалғандай болып, үніміз шықпай, абдырап қалдық. Құрбымыз бізге айтуға жүзі шыдамай, жүрегі көптен ауырып, күпті боп жүр екен. Көз жасы телегей - теңізге айналған ол «Қызым ағаттық жасады, қазақтың қара домалақ баласы маған күйеу бала болуға жазбапты. Мен қызыма риза емеспін. Мінезі де өзгерген. Тым ашушаң боп кеткен» деп булығып жылап шерін тарқатып алды. Ал, қызы болса жаңағы шынашақтай түрі кәріс тектес жігітке бізді таныстырып, мәз болып жүр. Ол жігіт тойдың ортасына таман оқшаулана берді. Бәрі жақтырмай қарағасын ба, әлде, біздің қазақи салт - дәстүріміз оған ерсі көрінді ме? Әйтеуір, бөлектеніп қалды. Не де болса осы елдің азаматтығын алу ма деп қалдым ойы. Болашағынан үміт күткен ана арманы ше? Үкілеген әке үміті ше? Қалай болғанда да көңіл күпті, жұмбақ әлемге қадам басқан бойжеткенді көргенде жүрек шіркін шым ете қалады. Әсіресе, сырлас құрбымды қатты аядым. Өз қандасыңа қосылғанға не жетсін. Шүйіркелесіп күйеу баласымен сөйлесіп, ағынан жарылып әңгімелесе де алмайды. Жүрегін жаралап кеткен бауыр еті – баласы болған соң байғұс ана бәріне көніп отыр. Келешегін кімге тапсырарын білмей, өзегі өртеніп әке жүр көңілсіз. Тойдан жұпыны көңіл күймен біз де қайттық мұңайып.

Біразға дейін осы бір жағымсыз әсерден арыла алмай сергелдеңге түстім. Тіл тазалығы, діл тазалығы, дін тазалығы деп өзі азғантай ұлтымыздың рухын көтеріп, демографиялық ахуалымызды дұрыстаймыз деп жүргенде, қазақтың қаракөз қыздарының өзге ұлттың мәртебесін биіктетіп, салт - санасынан беймағлұм жапон, қытай, ағылшынның қолтығында кете берсе келешегіміз не болады? Қыран дегені – қырғи боп шықса, сырбаз дегені – сұмпайы боп шықса, күні ертең кімге өкпелейді? «Ел іші – алтын бесік», «Ерден безсең де, елден безбе», «Отан – оттан да ыстық» деген даналар айтқан мәйекті сөздердің түп - төркініне үңілсеңіз, ата - бабаларымыз басынан өткен ұлы дала ұлағатын тарих қойнауынан екшеп алып, кейінгі ұрпақ біз бен сіздерге мұрағатқа қалдырғанын ұғу қиын емес.

Сондықтан әр қадамымызды аңдап баспасақ, өкінішке ұрынуымыз мүмкін. Желкілдеп өсіп келе жатқан жаңаөспірім бойжеткендеріміз осы жайды ұғынуы тиіс. Қалай десек те аралас неке абырой әпермейді. Осы орайда бізге сабақ болар жағымсыз оқиғалар жетерлік. Сіңлілеріме айтар кеңесім қазақтың қара шаңырағының түтінін түтетіп, өз отаныңның отына жылынғаның жөн. «Өз балаң өзегіне тепсең де кетпейді, кісі баласы кісендесе де тұрмайды» дегендей, кісі есігінде мөнтеңдеп күн кешкен кімге жайлы дейсіз. Әйтеуір, бір шикілігі болары анық. Көзсіз батырлық ерлікке жатпайды. Нәзік жанды қазақ қыздарының мөлдір әлеміне де келмейді. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей өзіміздің қазақтың төредей жігіттерінің етегінен ұстағанымыз құба - құп. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген ұлағатты ұстанып, үйірімізден адаспайық. Ұлт дәстүрін ұлықтаудан, ел мұратын ардақтаудан жаңылмайық! Тірегіміз — тіліміз болып, жүрегіміз ұлтымыз деп соқсын. Ақ жаулықты ардақтаған, асыл ойды салмақтаған аналар аманатының шырақшылары бола білейік!

Ажырасу – бүгінде қоғам дерті. Ажырасу – бүгінде қоғам дерті.
Ажырасу – бүгінде қоғамның басты дерті. Басқа - басқа, қазақ үшін аса қауіпті дертке айналып отырғаны жасырын емес.
Еркек әйелінен көп нәрсе талап етпейді... Еркек әйелінен көп нәрсе талап етпейді...
Үйленгеннен кейін де қыдыруын тоқтатпайтын еркектер бар, әп-әдемі әйелі бола тұра неге олай жасайды?
Қазір қазақтар қалай өмір сүреді? Қазір қазақтар қалай өмір сүреді?
Жаһандану дәуірінде әлем жұртшылығының бір - бірімен алыс - берісі артып отыр. Мұндай мүмкіндікті жақсы пайдаланған елдер дүниежүзі халқының назарын
Мың жасаған ағаш Мың жасаған ағаш
- Мың жасапты мына ағаш, Көпті көрген о да қарт. Қыз бен жігіт аралас Қарай қалдық тұра қап.
Құйрық - бауыр асату салты Құйрық - бауыр асату салты
«Ұлың өссе – ер жеткені, қызың өссе – бой жеткені» деп білген халық ұл бала ер жетіп, қыз балиғатқа толғаннан соң, әр ата - ана «ұлын ұяға, қызын
Жас жұбайларға арналған кеңес Жас жұбайларға арналған кеңес
Неке дегеніміз екі адамның қуаныш пен қайғыны бөлісуі, сондай-ақ көптеген күнделікті мәселелерді шешуге тиіс болып табылатын бірлесе өмір сүруі.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×