ойын сауық отауы
Ұрпақтар үндестігі
13.05.2018 1 790 0 Дауыл

Ұрпақтар үндестігі

Бұл қызықты
ҰРПАҚТАР ҮНДЕСТІГІ
«... Атамыз бізге арнап жазған екен деп мән беріп, зер салып, ойланып оқысаңдар бір - арманымның орындалғаны деп білемін...»
Ата өсиетінен
АТА
КІШКЕНТАЙ ҚЫЗЫМ АЙЖАН биыл мектепке барған. Жаңа ауыр сөмкесін (кейін білдім, бар кітабын толтырып салып алады екен) көтеріп, томпаңдап келеді:
Қанша алдың, қызым?
Көке, бүгін баға қойған жоқ!
Үйге кіре салысымен сөмкесін ашып, сабақ дайындауға кірісті. Ынтасы бар. Сүп - сүйкімдім менің! Айна - ла - й - ын! Өмірдің ең үлкен қуанышы осылар ғой. Сөзі сондай тәтті. Мамасына ақыл айтып, үйдің қамын ойлап жүргені...
Көке, қараңыз... бүгін не жазғанымды?
Бүгінгі сабақта жазған дәптерін ұсынып тұр екен. «Ата» деген жазуды оқыдым.
Бұл не?
«Ата», «Ата» деп екі рет жаздым ғой.
Неге екі рет?
Біреуі - Әбдіхайым ата, біреуі - Сұлтан ата ғой!
Айналайын, ақылдым менің!
Көке, Сұлтан ата көп адамды оқытқан ғой, ә?
Иә, балам, сендерге де ақыл - кеңестерін жазып кеткен.
Мен білемін...
Ал мен атамның өсиеттерін оқығанмын.
Көрші бөлмеден Бақыт пен Мұхтар да екеуі бірдей елеңдеп, қасымызға келе қалғаны.
Ата!
Осынау сөзді қайталап іштеу күбірлеп мен тұрмын.
Ата!
Осынау сөз мен үшін А - сқар Т - аудай А - дам дегенді білдіреді. Саған мәңгі қарыздармын, әрдайым перзенттік махаббатпен басымды ием, АТА!

АТА АҚЫЛЫ
АТА, МЕН СЕНІҢ жалғыз ұлдан көрген тұңғыш немерең едім. Құдайдан тілеп, ұзақ күткеніңнен шығар, мені өте жақсы көрдің. Бірақ, ешқашан есірте еркелетіп, бетіммен жіберген жоқсың. Көбіне қасыңнан тастамайтынсың. Не туралы сөйлессең де, сөз аяғын үнемі сыйластыққа, кішіпейілділікке, ақылдылыққа, т. б. толып жатқан жақсы қасиеттерге әкеліп тірейтінсің. Әрине, оның бәрін түсіндім, қабылдадым деп айту қиын. Бірақ, жақсылыққа деген ынтызарлық, жамандыққа деген жиіркеніш, адалдыққа, шыншылдыққа ұмтылушылық хылқымыздың кейбір жақсы салт - дәстүрлерін қадірлеушілік сияқты қасиеттер біртіндеп болса да көкірегіме жинала берді.
Ата, жалғыз менімен ғана емес, кез - келген адаммен тіл табысып, ашық - жарқын әңгімелесіп кететінсің. Танысын - танымасын, әйтеуір, кездескен кісілердің бәріне жақсылық жасауға ұмтылатынсың. Бір жанұяның түтіні түзу шықпай, отбасында жанжал өрбісе, болмаса ауыл адамдарының арасында негізсіз кикілжің, қақтығыс етек алса, үнемі сол жерден табылатынсың. Елдің тату - тәттілігі мен отбасы сыйластығы үшін бар күшіңді салатынсың. Сондықтан, жұрттың бәрі сені ардақтайтын, құрметтейтін.
Әсіресе жас балаларды жақсы көретінсің. Қашанда қамқор болып жүретінсің. Әсіресе, жетім - жесір мен тәрбиесі қиын балаларға келгенде көмегіңді аямайтынсың. Бар өмірін ұстаздыққа арнаған өзіңе, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі» деген атақ берілген - ді. Иә, шын мәніндегі нағыз ұстаз едің - ау... Бала, бала деп соққан жүрегің өзгеше болатын.
... Ауруханада операция жасалып, қатты қиналып жатқаныңда да, «Сәкен, Сәкенім!» деп үйдегі сол кездегі кішкентайымыз, бес жасар інімнің атын қайталай беріпсің. Кішкентай немерелеріңнің болашағына алаңдағаныңның әсері ғой. Олардың тағдыры қалай қалыптасады екен деп, өмірден өтіп бара жатсаң да, уәйімдепсің. Әрқайсының атын атай беріпсің. Денсаулығы болмай жүрген інім Кәрімнің есіміне де бірнеше мәрте тоқталыпсың. Өлім мен өмір арпалысып жатса да, ұрпағыңның қамы болыпты ойыңда.
Ата, өзіңнен әр нәрсені бір сұрай беретінмін. Бәріне де салмақты жауабың дайын. Бар ықыласыңмен түсіндіретінсің.
Тағы да сондай бас қосуда:
- Ата, жақсы деген не? - деймін ғой, баяғы.
- Е, айналайын жақсыны білгісі келетін өзіңнен. Жақсы дегеннің бойында ізгілігі, қайырымдылығы, адалдығы болады.
- Ата, ал жаман деген немене?
- Е - е, жаманның бойында қараулығы, арамдығы, күншілдігі сезіліп тұрады.
- Ата, қашан мен жақсының қатарында боламын?
- Е, айналайыным - ай, үлкейгенде жақсының қасиеттерін игеріп, кездескен қиындыққа көне білсең, бәле - жалаға сабыр етсең, жақсының қатарында болғаным деп есептегін.
Иә, онда бар - жоғы жеті жастағы балдырған едім ғой. Содан бері қанша жыл өтсе де, осынау сөз жадымнан шыққан емес. Ата, өзің берген тәрбиенің арқасында қанаттанып өстім. Әйтеуір, жаманның қатарында жоқпын деп есептеймін. Ал жақсының қатарын толықтыру мақсатында талмай ізденіп, өзің айтқан сөздерді жадымда сақтап келемін.

АТА ӨСИЕТІ
ӨЗІҢ ДҮНИЕДЕН қайтқаннан кейін, үйдегі, бөлмеңдегі жазу үстеліңнің ішінен бізге, немерелеріңе, көрмеген шөберелеріңе өзіңнің ақ батаңды айтып, ақыл - кеңестеріңді жазып кеткен екі қалың дәптерің табылды. Өмірде айтып жүргеніңді аз көріп, зерделеріне тоқысын, зер салып оқысын деп ұрпақтарыңа арнайы хат жазып қалдырыпсың.
«Көңілімде туған түйінді ойларымды, келешектегі ұрпақтарым сендерге арнаймын. Аталарыңның ақыл - кеңестерін, өзінше айтқан өсиеттерін әр кез оқып тұрыңдар. Бәлкім, айтқандарымның ішінен пайдалы бір нәрсе табарсыңдар», - деп басталған жазуларды оқыған сайын ізгіліктің, адамшылықтың нұрын, шапағатын алғандай болып, көзімнен мөлдір тамшылар төгіле бастайды.
Жазғандарыңның және біреуі былай жалғасатын:
«Адамдарға, ақ пейілді жандарға жақсылық жасаңдар. Мен мынадай жақсылық істеп едім, ол оның қарымтасын қайтармады, жақсылық істемеді деп есептеспеңдер, қарақтарым. Жақсылық жасау – адамның Адамдығын көрсетеді...»
Осынау өнегелікке жетелейтін, азаматтыққа үндейтін, бабаның ұрпағына дейтін махаббатын сездіретін, ешқандай том кітаптарға айырбастамайтын баға жетпес өсиеттеріңді әркез қолға аламын. Сарғыш тартқан парақтар ата сағынышын жеткізгендей. Ондағы тебіреніспен жазылған қолтаңба соншалықты қадірлі, қымбат маған.
Үтір - нүктесімен әрбір әрпіне дейін таныс болса да, өсиет дәптеріңді әрі қарай парақтаймын:
«... ӨМІР НЕТКЕН ТАМАША! Жарық дүниеде өмір сүріп, қаншама адамға жолығасың. Қаншама ізгілікті, қуанышты, жақсылықты көресің. Еңсең биіктейді, жаныңды нұрландырады. Өмірге, адамға ғашық бола түсесің.
Ақ бар жерде қара болатыны белгілі ғой. Сондықтан да қайғы - мұңды, жалғыздықты, қатыгездікті де көресің. Оған да дайын болу керек. Ойланған үстіне ойлана түсесің. Ақыл да бекерден бекер келмейді. Түйсік барда түйін жаса. Мәселені өзің шешуге тырыс. Қиналсаң жақыныңмен ақылдас. Ең бастысы мақсатыңның айқын екенін сезе біл! Өсу, оқу, есею, биіктікті алу – оңай емес.
Еліңнің өскені – сенің еңсеңнің биіктегені.
Ұрпағыңның өскені – мерейіңнің өскені.
Әрбір қабілетті жас - жеткіншектен, соңымдағы ұрпағымнан – сендерден үміт күтемін, қарақтарым менің... Е, құдай сол үмітім алдамаса екен. Жарықтарың сөнбей, жалындарың өшпей, үміт жолындағы сенім биігінен көріне береді деген ойдамын...»
Иә, үлкен жүректі өзіңнің өсиетіңдегі осынау сөздер қанша рет оқысам да өз мәнін жоймайды. Сонау сегізінші сыныптың оқушысы кезеңінен оқып келемін. Яғни 19 жылдан бері. Оқыған сайын жаңа сырды ұққандаймын. Оқыған сайын ер жете түскенімді сеземін.
«Әкім!» «Әкім - тай - й!» деп шақыратын дауысың құлағымда жаңғырғандай. Дәл қазір де осылай атап, ақ жарқын әңгімеңді ақтарып отырған секілдісің.
* * *
Міне, елге деген, ұрпаққа деген махаббат! Иә, жақсылық сатылмайды. Ол санада серпіліс туғызып, жүректерде бүршік атады екен. Қаншама жан, біз білмейтін қаншама адам атамның жақсылығын айтып, егілгенде, жүрегің шымырлайды, жан дүниеңе сәуле боп тарап жатады. Не деген құдіретті, не деген қасиетті жан едің, ата?! Не деген ақылды, не деген дана едің, асыл ата?! Кішкентай жүрегіңе қаншама адамдар сыйып кеткен десеңізші. Сол кезбен ғана өмір сүрмей, ертеңгі күнді ойлап, алаңдаған екенсің - ау... Бүгінгі ел де өзіңді ұмытқан жоқ. Тәуба, іздеушілерің аз емес екен. Қараңызшы, Қайнар, Ұялыжар, Ықыластемір, Теспе, Ынтымақ, Бірлік, Алтынтөбе атты жеті ауыл түгелімен сіздің атыңызды атап тұрып алды. Өзіңіз жасаған бір кездегі жақсылық ондаған жылдардан соң адамдар санасында оянды. Жақсылық, ізгілік жаңғырық тәрізді қайтып оралды. Ынтымақтан жаңадан ашылған мектепке сіздің – Сұлтан Ысқақовтың есімі берілді. Бұл – 1989 жылдың 30 тамызы еді.
Ұқсатам өршіл тұлғаңды,
Ақша қар жапқан шыңдарға.
Жүректен туған жырларды,
Асқар тау – ата тыңдар ма?
Толқындар соғар жағаға,
Ағыстар қайта оралмас.
Сәулесін сепкен санаға,
Өзіңдей ешкім бола алмас.
Алаулап атты нұр таңың,
Ізгілік үміт үзбейді.
Артыңда қалған ұрпағың,
Қасиетіңді іздейді.
Келгендей үнің құлаққа,
Маржанын ойдың теремін.
Қайдасың ата бірақ та,
Теңіздей шалқар тереңім?!
Жылылық есіп өткен күн,
Шапағатыңнан нәр алдым.
Қарлығашындай көктемнің,
Сағыныш болып оралдың.
Өзіңе деген ынтазар көңіл осылай өлең боп өрнектелді. Бұған сазгер Сүгірәлі Сапарәлиев «Ұстаз ата» деген ат қойып, ән жазды.
1992 жылдың 25 - 26 сәуірінде 80 жылдығыңа орай Ұялыжарда мектепаралық ақындар айтысы өткізіліп, ауылдастарың мектебіңнің алдына өзіңе ескерткіш орнатты.
* * *
Мұның бәрін сендерге текке айтып жатқаным жоқ, балаларым. Және мақтаныш үшін де емес. Бар әңгіме - өздеріңе арнаған өсиетін, тілегін жеткізу. Айжанның сөзінен кейін, бүгін соның реті келген секілді. Немерелері, шөберелері осынау мұраны қадірлей - қастерлей, бағалай білсе, ұрпақтан - ұрпаққа өтер қымбат қазына болмақ. Сендерге жеткізу мен үшін үлкен борыш, әкелік парыз, қасиетті аманат. Сол аманатқа адал болыңдар! Аталарыңның рухына кір жұқтырмаңдар. Үнемі осы өсиетті оқыған сайын парасат биігіне көтеріліп, үлкен жүкті иығыма артқандай боламын.
Міне, ата дегеннің салмағы мен үшін осылай. Ал сендер сол ардақты атаның шөберелерісіңдер – Бақыт, Мұқтар, Айжан! Аталарың арман еткен тереңдік пен биіктіктің қасиетін ұғынса деген ойдамын.
Украиндарда мынадай сөз бар екен: «Адамның үш жұты бар, олар - өлім, кәрілік және жаман бала». Әрине, өлім мен кәрілік - болмай қоймайтын құбылыс. Әкелік абыройыңа, мәртебеңе әсер ететін жаман баладан құдай сақтасын. Ал сендердің жаман болуға қақыларың жоқ!
Әкім Ысқақтың Жүректегі жазулар Күнделік эссесінен
Толық нұсқасын қарау

Мінезің қара жерден ауыр болсын Мінезің қара жерден ауыр болсын
Сырым жас кезінде Есентемір Бөкен биге батасын алайын деп және ақыл сұрайын деп ат, шапан алып барады. Барып қонақ болғаннан кейін Бөкен Сырымнан
Ұзату тойына арналған тілектер Ұзату тойына арналған тілектер
Бала бақытын қыздан іздейді, Қыз бақытын түзден іздейді - деген екен дана бабаларымыз. Біздің қызымыз бақытын сіздің шаңырақтан іздеп тапты.
5 минутыңды әзіл әлеміне бөл 5 минутыңды әзіл әлеміне бөл
Бірде айлы түннің аясында Қожа мен әйелі оттың жанында демалып отырыпты.
Менің кішкентай тамшым Менің кішкентай тамшым
Бәрін де түсінесің, білесің. Өмірге мұның керек екенін ұғасың. Әйтсе де, бастан өткерерің азап, ауыр қиналыс... Ауыртпалықты өткенде көрдің.
Мұрын көтеру Мұрын көтеру
Жармас басты тұқырту, Негізсіз дер ме мұнымды, Көкжиек болдым жұрт құрлы, Көтеріп көке мұрнымды.
Ескі жұртта Ескі жұртта
Айтсаңшы, көке - ау, қай маңда, Орны менің үйімнің? Қанып ең талай айранға, Қолынан әжем Тиынның.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×