ойын сауық отауы
Кемпір өлді, Қол ұстатар және тағы басқа кәделерді білесіз бе?!
04.08.2018 2 422 0 Дауыл

Кемпір өлді, Қол ұстатар және тағы басқа кәделерді білесіз бе?!

Бұл қызықты
Кемпір өлді, Қол ұстатар және тағы басқа кәделерді білесіз бе?!

Қазақ халқының қызық ұзатын, ұлын үйлендірерде ғасырлар бойы желісін үзбей жалғасып келе жатқан өзіндік салт - дәстүрлері бар.
Ежелгі қалыптасқан дәстүр бойынша, қазақ жұртында отау тігудің бірден - бір жолы – құда түсіп, қалың мал төлеп үйлену арқылы жүргізілді.
Қазақтар көбіне балаларды атастыру арқылы үйлендіретін. Атастыру – екі жан достың әйелдері бір мезгілде аяғы ауырласа, бөпелер тумай - ақ олардың өзара келісуі. Дегеніндей болса, уақыты келгенде екі жасты үйлендіретін. Егер екеуі де ұл, не қыз болса, онда олар өскен соң әкелеріндей дос болып өтуге тиісті болған.
Сондай - ақ екі жастың көңілдері жарасса, жігіт сүйгенін алып қашып үйленуі де ертеден келе жатқан үрдістің бірі. Мұндай жағдайда жігіт жағы айып төлеп, көп шығынға батады.
Сол сияқты жігіт өзіне ұнаған қыздың әкесіне сөз салу арқылы да үйленеді. Бұл рәсім – «қыз айттыру» деп аталады.
Жігіт үйленер алдында әуелі өзіне ұнайтын теңін іздестіреді. Бұл дәстүр – «қыз көру», «жар таңдау» деп аталады.
Сұлулыққа жаны үйір халқымыз ғасырлар бойы ерге адал жар, сенімді серік болар қыз баланың сымбаты мен келбеті, мінезі мен ақылы, тәрбиесі мен өнегесі қандай болу керектігі жөнінде дәстүрлі талғамы мен өлшемін қалыптастырған.
Халықтық түсінік бойынша: «Тегіне қарап қызын ал», «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «Шешеге қарап қыз өсер» дегендей, текті қыздың белгісін туған анасының мінезі, үлгі - өнегесі және қызына берген тәлім - тәрбиесі айқындайды. Әдетте, «текті жердің қызы әдепті, көргенді, инабатты, іске шебер, қиыншылыққа төзімді» болып келеді.
Өскен ортасы мен ата - анасының артынан жаманат сөз ергізбейді. Сол себепті бабаларымыз «Аяғын көріп асын іш, шешесін көріп қызын ал» деп өсиет қалдырған.
Басы бос бойжеткенді киген киімінен бірден таныған қыз көрушілер қызының ұнағанын оның әке - шешесіне сөз емеурінімен сездіреді. Қыз шешесі: «Қызымның ұнағаны рас болса, бір белгі тастап кет», — дейді. Жігіт әкесі үйдің төріне қамшысын іліп, «Құдалықтың басы осы болсын» деп, бір жорға байлайды екен. «Ұнатқан қызыңа сыйла» деп шешесі аманат қылған үкілі тақия, сырға, сақиналарын жігіт бойжеткенге ұсынады. Осындай жоралғылардан кейінол үйдің қызы «үкілі қыз», «сақиналы қыз» атанады да, «қыздың басы бос емес, біреудің қалыңдығы» деп танылады. Төрдегі қамшы құда түсу тойы болғанша ілулі тұрады. Қыз әкесі бір – бір жарым жыл жігіт үйінен жаушы күтеді. Осы шамада жігіт жағынан еш хабар болмаса, қыз үйі жігіт әкесінің қамшысын кері қайтарады. Бұл салт «қамшы қайтару» деп аталады да, «қызымның басын босаттым» деген ишараны білдіреді.
Жаушы – қыз айттыруға баратын өкіл. Ол жөн - жосықты білетін, сөзге шешен, әзілге жүйрік адам болуы шарт. Міндеті – қыз әкесін көндіріп, бойжеткенге құда түсіп, құдалыққа келер күнді белгілеп қайту.
Жаушы ауылдан аттанарда шалбарының бір балағын етігінің қонышының сыртына шығарып, екінші балағын қонышқа сұғындырып қояды. Бұл – сапары сәтті болу үшін істелетін ырым. Сондай - ақ «жолым ақ болсын» деген ниетпен әрі арнайы құдалыққа келе жатқанын білдіру үшін ол астына қызыл ат (ақ түсті ат) мініп келеді. Жаушы бойжеткеннің үйіне кірген бойда қызға «Қарағым, көрпе сал» деп бұйырады. Бұл әдет оның осы үйге құда түсіп келгенін білдіреді. Егер қызының басы бос және жаушыны ұнатса, қыз әкесі бір жақын туысын, не ержеткен ұлын шақырып, «Қане, бір мал әкеліп сой», — деп бұйырады. Отағасының бұл ісі – «Құда түсуге келген кісіні қарсы аламын» деген мақұлы.
Қыздың ата - анасы қарсы болмаса, жаушының өтінішін қабыл алып, екі жақ құда болысады. «Құдалық берік болсын» деген ырыммен қыз үйі жаушыыға «шеге шапан» аталатынжағалы шапан жабылады.
Жаушы келген соң, жігіттің туған - туыстары құдалық қамына кіріседі. Көргені көп, салт - дәстүр, жөн - жобаны жақсы білетін сөзге шешен, өнерлі адам бас құда болып тағайындалады. Қыз ауылының алыс - жақындығына қарай жиын құрылып, құдалыққа аттанады.
Дәстүр бойынша, алдымен ақ жол тілеп, құдалық берік болуы үшін бір мал шалынады. Оның бауыздау қанына қол батырып, бата бұзбауға серттеседі. О баста бауыздау қаны құйылған бата аяққа екі жақтың сөзін сөйлейтін бас құдалар найзаларының ұштарын батырып, қаннан дәм тату арқылы жүзеге асырылған бұл ырым «қанға қан қосылады, енді туыс болдық» деген ишаратты білдірген. Мал бауыздағанда бата берген құда «бауыздау құда» деп аталады.
Құдаласу үстіндегі ең жауапты сәттің бірі – құйрық - бауыр асату дәстүрі.
Құйрық пен бауыр туралған қос табақ екі жақтың сөзін сөйлер құдалар алдына тартылады. Бұл екі жақ енді шынымен бауыр, туыс болады жеген сөз.
Құдалық әбден қызған сәтте «Қуаныштарың құтты болсын!» деп кіріп келген бір топ әйел шашуды сылтау етіп, құдаларға үлкенді - кішілі құрттарды жаудырады. Шашу үстінде басы жарылып, көзі іссе де ешкім ренжімеуге тиіс. Әйелдер шашудан соң «құда тартуға» кіріседі. Қонақтарға жеке - жеке талап қойып, біріне ән, екіншісіне күй, үшіншісіне жұмбақ шештіріп, жаңылтпаш айттырады. Талапты орындай алмағандар тиісті жазаларын алады.
Құда түсу тойы аяқталған соң, киіттің үлкенін жігіттің әкесіне кигізіп, өзгелеріне жолының үлкендігіне қарай ат мінгізіп, түйе жетектетіп, риза қылып шығарып салады.
Есік - төр көрсету тойының мақсаты – қалыңдық жағынан келген құдаларды күйеудің ағайын - туғандары, ел - жұрты, бақ - дәулетімен таныстыру. Той аяқталысымен жігіт әкесі қалыңмалдың алғашқы бөлігін бөліп береді. «Өлі - тірілердің сауап - саулығы үшін» деп күйеу әкесі «өлі - тірісіне» бір мал қосады.
Жігіт әкесі қалыңмалды түгел не жартылай төлеп болған соң, ұлын қалыңдығымен кездестірудің қамын ойластырып, бұл ниетін құдасына білдіреді. Құдасынан хабар алған соң ұлының жанына 5 - 6 өнерлі жолдас жорасын қосып, «ілуге» бөлек сыйлық, «есік ашарға» бірнеше мал, жыртыс пен түрлі кәделерге арналған мата мен орамал, сақина мен сырға, жамбы мен күміс теңгелер, басқа да ұсақ - түйек сый - сияпаттарды жеке қоржынға артып,, оларды қайын жұртына жібереді.
Күйеу баланың ресми қалыңдығымен кездесуге баруын «ұрын бару», осыған орай ұйымдастырылған той «ұрын той» деп аталады. Тойдың мақсаты – бірін - бірі сағынған екі жасты оңаша кездестіру, еркін сырласып, махаббат жайлы сыр шертуге мүмкіндік туғызады.
Олардың келе жатқанын ести сала, кексе әйелдер күйеу балаға арнайы үй тігеді. Күйеу бала алдынан қарсы шыққан қыздың жас жеңгелеріне 20 - 30 аршын мата — «ентікпесін» береді, үй тіккен әйелдерге «шатыр байғазысын», балдызын көргені үшін «балдыз көрімдігін» сыйлайды. Қыз әкесі күйеудің жолдастарын үйіне қонақ қылады. Қыз әкесінің босағасын аттасымен күйеу жолдас босағаға «ілу» іліп, түрлі сыйлықтар береді. Ауыл үлкендеріне көрінбей, қыз - келіншектердің ортасында отырған күйеу балаға қайын атасының дастарқанынан төс салынған дәстүрлі табақ тартылған кезде, ол иіліп тағзым етіп, турап таратады да, «төс салар» кәдесін береді. Бұл кеште ауыл жастары күйеудің келу құрметіне «қынаменде» деп аталатын ойын - сауық ұйымдастырады. Түн ортасына дейін ән айтылып, түрлі ойындар ойналады. Ертесінде күн ұзаққа ән шырқалып, күй тартылып, күрес, алтын қабақ, ат жарыстары өткізіліп, «қыз қашар» тойы тойланады. Күйеу бала «қыз қашарға» бір жорға не қымбат жағалы киім байлайды.
Кешкі той кезінде бойжеткеннің бір жеңгесі күйеуді жасырын қайын атасының үйіне шақырып келеді де, осы қызметі үшін «күйеу қашырарын» алады. Оған қосымша күйеу бала қалыңдығымен кездескенше төмендегідей ырымдарды орындап, кәделерін үлестіреді: атасының желісінің жанынан өте бере «желі тартар», үйге жақындай бергенде жүресінен отыра қалып, ит болып ырылдаған жеңгесіне «ит ырылдатар», үйді айнала бере күйеу алдына бақан тастаған жеңгесіне «бақан салар» — жорға не түйе береді. От орнына жеткенше күйеу жігіт әруақтарға, отағасы мен қыз шешесіне арнап үш рет иіліп тәжім етеді. Ізеттілікке риза болған қыз шешесі алладан амандық сұрап, күйеу балаға алғыс - тілектерін білдіріп, бір кесе ақ ұсынады.
Осы сәтте қалыңдықтың төсегінің алдына өтірік өлген болып жатып алған бір кемпірді «кемпір өлді» кәдесін беріп, тірілтіп алады.

Сонымен бірге бойжеткеннің жеңгелері шымылдық ашқанына «шымылдық ашар», төсек салғанына «төсек салар», қалыңдығының қолын ұстатқанына «қол ұстатар», құшақтатқанына «қыз құшақтатар», шаш сипатқанына «шаш сипар», көрпе жапқанына «көрпе қимылдатар» кәделерін алады да, күйеу бала мен қалыңдық екеуін оңаша қалдырады.
Ұрын той аяқталған соң қыз үйі күйеу баланы жол - жоралғысымен аттандырып салады. Қайын атасы күйеу баласына жүйрік, жолдастарына бір - бір ат мінгізеді. Жігіт жағының бос қалған қоржынын түрлі кәделерге арналған сый - сияпаттарымен лық толтырады. Бұл сыйлықтар «қап түбі» деп аталған. «Жеңгелерім мен қайын сіңлілеріме» деп қалыңдығы сақина, білезік, жүзік, сырғалар түйілген орамал береді. Қалыптасқан дәстүр бойынша, қыздың жеңгелері мен тойшы жастар күйеуді қоршап, ауылдан жаяу шығады.
Ұрын той өткеннен кейін күйеу жігіттің қалыңдығымен кездесіп тұруына ешкім кедергі келтірмейді.
Бұдан соң жігіттің әкесі қалыңмал берудің қамына, ал қыз жағы қалыңдықтың жасауын дайындауға кіріседі.
Қалыңмал төлеу кейбір зерттеушілердің түсіндіріп жүргеніндей, қызды сатып алу үшін берілетін құн емес, керісінше, қалыңдықтың жасауына, сәукелесіне, той малына, кәделі алыс - берістеріне жұмсалатын қаражат көлеміне сай төленетін төлем.
Дереккөзі: kazgazeta. kz

Қазақ халқының салт - дәстүрлері Қазақ халқының салт - дәстүрлері
Салт - дәстүр ата - бабамыздан қалған асыл мұра. «Әр елдің салты басқа» дегендей қоғамдағы әрбір ұлттың өзіне тән ұстанымдары мен наным - сенімдері
Ұмытылған ұлт дәстүрлері: Тоғыз Ұмытылған ұлт дәстүрлері: Тоғыз
Тоғыз Халық мәдениетінде дәстүр ретінде ежелден қалыптасқан «тоғыз» деп аталатын салттың екі түрі бар. Бұлардың аталуы бірдей болғанмен, қолдану жолы
Ұмыт болып бара жатқан қазақтың салт – дәстүрлері Ұмыт болып бара жатқан қазақтың салт – дәстүрлері
Құрсақ той, құрсақ шашу — келіннің аяғы ауыр екенін білген ене жақын туыстарын, көршілерін шақырып, мол дастархан жаяды. Бұл мерекенің мақсаты —
Қазақ халқының салт – дәстүрлері Қазақ халқының салт – дәстүрлері
Ырымдар мен нанымдар. Оң және теріс бата, жылан арбау, күн жайлату, ауруды емдеу, кәрі жілікті іліп қою, отқа май салу, дуалау, бәдік, алғыс –
Қыз таңдау дәстүрі. Қазақ халқының салт - дәстүрлері Қыз таңдау дәстүрі. Қазақ халқының салт -
Қыз бен жігіт арасындағы туыстық жеті атаға толуы.
Салт - дәстүрлер Салт - дәстүрлер
КИІТ – дәстүрлі үйлену салтындағы құда - құдағилардың бір - біріне киім түрінде берілетін арнайы сый - сияпаты, кәдесі. Киіт кигізу алғаш құдалардың
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×