ойын сауық отауы
Сәби, балаға қатысты ырым - тыйымдар
09.09.2018 26 753 0 Дауыл

Сәби, балаға қатысты ырым - тыйымдар

Бұл қызықты
Сәби, балаға қатысты ырым - тыйымдар
Сәби, бала. Қазақ халқы ұрпақ қамын ойлайтын, бала өсіріп тәрбиелеуге аса назар бөлетін ұлт. Балалы болуды қалайтын халық. Баласыз болуды үлкен кемістік, кемшілік деп көреді. Қазақ халықта «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп атайды. Қазақ бала туралы «Балаңды бес жасқа дейін хандай көр, он бес жасқа дейін жұмса, он бестен ары онымен досыңдай ақылдас» дейді. Баланы дұрыс тәрбиелеу үлкен ұлағатты іс болмақ. Қазақ халқында балаға қатысты ырым сөздер көп. Олардың бала тәрбиесіне, оның өсіп - өнуіне зор ықпал бар деп көріледі.
Бос бесікті шайқама
Құран сөзін қайтала, білмесе жұрт айта ма?
Әлі бала жатпаған, бос бесікті шайқама.
Ғибрат сөз ұққанға, үйге кіріп, шыққанда.
Өліп - өшіп таңданып, нәрестеге сұқтанба.

• Дүниеге келген нәрестенің кіндігін ақ балтамен кесіп, таза жіппен байлайды да, түбіне күл себеді. Ақ балтаны өзге нәрсеге пайдаланбай, сақтап қояды. Ер баланың кіндігін «үй күшік болмасын» деп қырдан асырып лақтырады. Ал қыз баланың кіндігін «үйдің құты болсын» деген ырыммен ошақ түбіне көмеді.
• Жаңа туған сәбиді емізбестен бұрын таза суға малынған қасқырдың жүнімен ауыздандырады. Ерте кезде қасқыр киелі саналған, сондықтан да бұл ырым бала қасқырдай қайратты да қажырлы болсын деген ниеттен туындаған.
• Нәрестенің ұйқысы тыныш болуы үшін және жын - шайтанды қуу мақсатымен адыраспанды отқа жағып түтетіп, баланы бөлерден бұрын бесікті айналдырып, аластап шығарады.
• Бала бөленген бесіктің үстіне жеті нәрсе (шапан, кебенек, тон, жабу, жүген, қамшы және бесік көрпе) жабады. Кебенек пен қамшы – ел қорғайтын ер болсын деген тілекті білдіреді.
• Ұл баланы қырық күнге жеткізбей, 37 - 39 күнде, ал қыз баланы қырық күннен асырып, 42 - 44 күнге қырқынан шығарады. Бұл – ұл баланың қалыңдығына төлейтін қалың малы аз болсын, қыздың қалың малы көп болсын деген ырым.
• Сәби шалқасынан жатып алаңсыз ұйықтаса, елге белгілі азамат болып өседі, бүк түсіп жатса – уайымшыл, жігерсіз болып шығады, етпетінен жатып ұйықтаса ойшыл болады. Егер аяқ - қолын еркін созып ұйықтаса – болашақ батыр, кемеңгер болады.
• Қыз балаға шашы өссін деп желке жегізеді.
• Баланың желкесі шұқыр болса немесе желкесінен сүйсе, қырсық, кесір болып өседі.
• Баланың орайы екеу болса, екі рет үйленеді, немесе екінші рет тұрмысқа шығады.
• Шөбересінің алақанынан су құйып ішкен қарт жұмаққа барады.
• Балаға шешен болсын деп таңдай жегізеді.
• Батырдың, ақынның, палуанның сарқытын жегізсе немесе олар сәбидің аузына түкірсе, жақсы қасиеті мен өнері балаға қонады.
• Балаға қарсы өтпеу үшін кемпірдің бұтынан өткізіп алады.
• Сәбиге көз тимес үшін бетіне күйе жағып, үстіне киім кигізеді.
• Бойына бала бітпей жүрген әйел баланың ит көйлегін ырым етіп қалап алады.
• Баланың қарын шашын адам аяғы баспайтын жерге көміп тастайды. Өйтпесе, бала бақытсыздыққа ұшырайды.
• Сәбидің аяғын басып тез жүріп кетуі үшін тұсау кесіледі.
• Нәрестені тіл көзден сақтау үшін оның бесігіне, киіміне тұмар ретінде жыланбас, үкі, тоғыз моншақ, күміс тиындарды іліп қояды. Сәбиге «көз тиді» деп секем алған жағдайда сол адамның үйінен бір нәрсесін әкеліп түтетеді.
• Баланы асырап алған ер балаға – асықты жілік, қыз балаға тоқпан жілік ұстатып, көпшілікті бұған куә етеді.
• Үйге кіріп келе жатқан бала есік алдына құлап қалса, үйге береке, ырыс, байлық келді деп қуанады.
• Сәби тоңқайып, екі аяғының астынан қараса, күткен жолаушы немесе қонақ келеді.
• Бала тумай, шетіней берген жағдайда оны басқа адам өтірік сатып алады.
• Әйелдің кезінде жерігі қанбаса, баланың аузынан су ағып жүреді.
• Әйел, не еркек жұмыс істеп жатқан үйге келгенде, қолғабыс жасамаса, баласының белі бүкір болады.
• Бала алғаш жолға шыққанды тоқымқағар жасап тойлайды.
• Сәби анасынан ұстап отырып емсе – сараң, еркін отырып емсе мырза, жомарт болады.
• Сәби көзін ашып ұйықтаса, жары сұлу болады.
• Есіктің тұтқасын жуған сумен көз тиген баланың бетін, екі алақаны мен табанын жуса, тәуір болып кетеді.
• Көзіне жара шыққан балаға сойған малдың немесе кұстың көзінің суын жақса, жазылып кетеді.
• Бала тілін шығарса, яғни, хабар келеді деп жориды. Сәбидің тілі мезгілінде шықпаса, нағашысының үйіне апарып бір қойды сойып, соның ішегімен буындырады.
• Сәби алақанын шапалақтаса, қуанышты хабар келеді.
• Перзентсіз ерлі - зайыптылар мойнына көгеннің бұршағын салып, бала тілейді.
• Бала қаспақ жесе, үйлену тойында жаңбыр жауады.
• Баланың мойны тез және беку үшін оның шілдеханасына сойған қойдың мойын омыртқасын тұтасымен асып, тесігінен шыбық өткізіп, кептіріп қояды.
• Шала туған баланы тымаққа салып, неше күні кем болса, сонша күн кереге басына іліп қояды.
• Қалы, меңі үлкейіп кетпесін деп, қалымен туған балаға «Қалдыбай, Қалдыгүл, Меңдігүл, Анарбай, Анаргүл» деп ат қояды.
• Сәби өз үйіне «ассалаумағалейкүм» деп кірсе, ол үйге кешікпей қонақ келеді.
• Сәби қолындағы заттарын «шашу» деп шашса, ол үйде той болады.
• Жіліктің майын жеген бала боқмұрын болады.
• Бастың миын жеген бала өскенде мидай былжырайды.
• Табалдырыққа шыққан баланың бойы өспейді.
• Ойнағанда жылаған баланың басы таз болады.
• Жасында нәжісін жеген бала өскенде жоқ тапқыш болады.
• Тарғақтың жұмыртқасын жеген баланың бетіне дақ түседі.
• Құлықты езіп табанына жыққан бала жүйрік болады.
• Тігілген көйлектің етегі бүгілмесе сәбидің тілі тез шығады.
• Баланың жыңы бас киімінің байғазысына үкі қадау – ақ тілек.
• 4 - 5 жасар баланы шідерге сигізсе ол малжанды, еңбекқор болып өседі.
• Үйге келген адам бос бесікті тербету арқылы өзінің ұрпақсыз қалғанын үндемей - ақ білдірген.
• Бесікті сатуға, кез келген адамға беруге, саудаласуға, аяқ астына тастауға болмайды. Қазақ халқында бесік ұрпақ жалғастыратын қасиетті бұйым саналады. Баласы көп үйдің бесігін жақсы ырымға жорып, тек жақын туыстары қалап алып, жаңа түскен келіннің отауының төріне қойған. Бесікті ашық қалдырмайды, орап қояды. Бос бесіктің өзін анда - санда отпен аластап, жын+шайтаннан қорғаған.

Павлодар қаласының
«Дарынды балаларға арналған №8 лицей - мектебі» ММ
Абаильденова Нұргүл Қуандыққызы

Бесікке қатысты тыйымдар мен ырымдар Бесікке қатысты тыйымдар мен ырымдар
Бос бесікті тербетуге болмайды. Бос бесікті тербеткен жаман ырым саналады
Туыстық атаулар сыры: бала Туыстық атаулар сыры: бала
Бала (ұл / қыз) – ата-анадан тараған ұрпақтарды айтады. Жеті атадан санағанда бірінші буыны. Олар жынысына қарай «ұл», «қыз» деп аталады. Балалы үй
Киім – кешекке қатысты ырым - тыйымдар Киім – кешекке қатысты ырым - тыйымдар
Теріс киме бөркіңді, бұзып кетер көркіңді. Ырым, сенім талайды, тәубесіне келтірді. - Теріс кисе не етеді? Оған дәлел жетеді. Алға басқан аяғың,
Ыдыс - аяққа қатысты ырым - тыйымдар Ыдыс - аяққа қатысты ырым - тыйымдар
Ыдыс - аяққа қатысты ырым - тыйымдар Ыдыс - аяқ. Қазақ халқында ыдыс - аяқ, қап жабдықтарға қатысты салт - дәстүр, әдет - ғұрап, сенім - наным,
Баланың бақытына жауапты кім? Баланың бақытына жауапты кім?
Мейірімді жүрек баланың жүрегіне жол табады. Әр баланың өз несібесі мен ырыздығы болады. Баланы жақсы көру мейіріммен тәрбиелеу әр ананың қолынан
Кіндік кесу дәстүрі Кіндік кесу дәстүрі
Екі жас үйленіп жатқан кезден кіндік шеше болуды қалап алатын әйелдер болады. Ол үшін алдымен екі жасты арнайы қонаққа шақырып, өз дастарханынан дәм
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×