ойын сауық отауы
Бөтен елде бар болса
02.04.2016 3 483 0 Дауыл

Бөтен елде бар болса

Өлеңдер
Абай Құнанбаев

Бөтен елде бар болса
Ежеттесің, сыйласың,
Сыбырлас, сырлас көп болған,
Көптен тату қимасың.
Басыңа жұмыс түскен күн
Татулықты бұрынғы
Не қылып ол ойласын?
Ашып берер жауыңа
Өзі көрген қоймасын.
Желіккен жауың кез болса,
Араздығы сөз болса,
«Бәрекелді батыр» деп,
«Мықты боп бара жатыр» деп,
Мақтап - мақтап қоздырар.
Ескі досын көргенде,
Есебі жоқ ант ішіп,
Аруақ, құдай айтысып,
«Сыр алғалы айттым» деп,
«Жауыңды алдап қайттым» деп,
Құдайдан қорықпай, антұрған
Иман жүзін тоздырар.
Келіп - кетіп кеп жүріп,
Мен досыңмын деп жүріп,
Дұспандығын оздырар.
Алдайды деп жауыңа,
Ел тарттырмай баурыңа,
Көрінгенді азғырар.
Кеселді болып бітеді
Жақсыға біткен жақындар.
Жау жағадан алған күн
Өздері иттей тақымдар.
Үйде отырып ескенде,
Бәрі шешен қақылдар.
Аулаққа шығып біріне
Бірі сөзін мақұлдар.
Жау көп болса басыңда,
Бірі қалмас қасыңда,
Жетектесең, табандар.
Далаға шығып, өзіңді
Жаудан бетер жамандар.
Жалбарынып күн көріп,
Жақынын сатып, жөн көріп,
Қалтаң - құлтаң амалдар.
Туысқанға кекшілі
Жас баладан бетер - ді,
Ойлау да жоқ, білу жоқ
Келер менен кетерді.
Жақынға еріп, мал салмай,
Жауды көріп, жан салмай,
Қайдан ғана біледі
Ауыр менен жеңілдің
Арасымен өтерді?
Жолдас аз боп сасқанда,
Әуел сонан есітесің
«Ат үстінен көтерді».
Ауыр жұмыс кез болса,
Араздығы сөз болса,
Араз кісі болғансып,
Сылтау етер бекерді.
Үйренбейді кісіден,
Кіржіңдеп жүріп кекер - ді.
Оңалып егер алдыңыз
Әр жерден - ақ көбейер
Ажарлыңыз, малдыңыз.
Пәленшені ұрам деп,
Түгеншені қырам деп,
Таршылықта қайраңдап,
Кеңшілікте ойрандап,
Көп батырға қалдыңыз.
Егер тілін алсаңыз,
Бірі қалмас кісіден,
Егер тілін алмасаң,
Бықсып шірір ішінен.
Әркімде - ақ бар ғой туысқан,
Қайсысы жауды қуысқан?
Күн жауғанда қойныңда,
Күн ашықта мойныңда,
Арылмас міндет болған соң,
Әркімнің көңлі суысқан.
Жақсыға біткен ағайын
Өз үйіңде кезексіз
Шешен келер сартылдап.
Біреу білер жер келсе,
Сөз таба алмас қалтылдап.
Қалжыңға келер шорқақтау,
Жауға келер қорқақтау,
Еркін жерде ызақор,
Томырық келер тарқылдап.
Әдеппенен тамылжып,
Мінезі тәтті болмайды,
Сасық паңдау келеді,
Қырт мақтаншақ оңбайды,
Кісімсініп жалпылдап.
Біреуге өктем іс қылса,
Өз күшім деп ойлайды.
Егер күші жүрмесе,
Бағанағы жақсының
Қылғаны деп қоймайды.
Жат айбынар ісі жоқ,
Жау айдынар күші жоқ,
Өз еркіне жіберсең,
Еш нәрсеге тоймайды.
Қалжыңы теріс, сөзі ұрыс,
Айтқан сөзге көнбейді,
Өз тентегін көрмейді,
Қазан бұзар бір қырыс.
Сондай кесел туысқан
Қай жерінен болады
Көңілге медеу, ол тыныс?
Жалығуды пәледен
Жұрт ұмытты біржола.
Шыныменен тамам ел
Кете ме екен ит бола?
Ішкені мас, жеген тоқ,
Уайым айтар біреу жоқ,
Тым болмаса болмады
«Бұлт ала, жер шола».
Келелі кеңес жоғалды,
Ел сыбырды қолға алды.
Ел ішінде бітімші
Түгел алып қайтпайды
Сұрай келген бір малды.
Ел жамаған билер жоқ,
Ел қыдырып сандалды.
Астыртын барып жолғасқан,
Ақша беріп жалғасқан,
Ақысын әрең сол алды.
Орыс сыяз қылдырса,
Болыс елін қармайды.
Қу старшын, аш билер
Аз жүрегін жалғайды.
Орыссыз жерде топ болса,
Шақырған кісі бармайды.
Бітім қылып бір кісі
Адал малын алмайды.
Қызығы кеткен ел бағып,
Қисыны кеткен сөз бағып,
Ендігі атқа мінгендер
Күнде ертеңге талмайды.
Бас қосылса арысқа,
Кім шабады намысқа?
Жатқа қарар беті жоқ,
Жалынбай тұрар к... жоқ,
Ісі кетер шалысқа.
Ел бүлігі Тобықты
Көп пысыққа молықты.
Малдының малын көре алмай,
Борышын түгел бере алмай,
Көрінгенге обықты.
Қазақтың малын сапырып,
Көп бәлеге шатылып,
Кесепатқа жолықты.
Өзінен шыққан жақсылар
Түзей алмай зорықты.
Бөтен елдің адамы,
Тынбаған соң арамы,
Көңілі әбден торықты.
Саудагер қашты бұл елден,
Несиесін жия алмай.
Бұралқылар сандалды,
Жуандарға сыя алмай.
Сенімсіз болды алашқа,
Барымтасын тыя алмай.
Нанымы жоқ, анты бар,
Ел нұсқасы кетті ғой,
Елмін деген салты бар.
Әлі күнге уайым
Қылған жан жоқ, ұялмай.
Абай Құнанбайұлының басқа өлеңдерін қарау

Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра. Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра.
Үлкен өзеннің бойында бір балықшы өмір сүріпті. Жас күнінде күнкөрісі тәп - тәуір болады. Кейіннен заман өзгеріп, жақсы күндер көрген түстей зу етіп
Арыстан менен кісі - Спандияр Көбеев Арыстан менен кісі - Спандияр Көбеев
Мықты болсаң күшіңе серік болсын ақыл, Бес күндік дүниеге еріп болма ғафыл, Кейінгі балалардың пайдасы үшін, Көрсетіп тәржімамен айттым нақыл, Құр
Ана жыл әскер шығып, оңнан - солдан Ана жыл әскер шығып, оңнан - солдан
Ана жыл әскер шығып, оңнан - солдан Соғысып жердің жүзі қанға толған. Сол кезде Америка деген елде Уолдер Белдет дейтұғын бір бай болған.
Көжекбайға Көжекбайға
Бөтен елде бар болса Ежеттесің, сыйласың, Сыбырлас, сырлас көп болған, Көптен тату қимасың,
Сабырсыз, арсыз, еріншек, Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Сабырсыз, арсыз, еріншек, Көрсе қызар, жалмауыз, Сорлы қазақ сол үшін, Алты бақан ала-ауыз.
Абай Құнанбаевтың өлеңдері №2 Абай Құнанбаевтың өлеңдері №2
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ. Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ. Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды, Ой желке, үңірейген болса сағақ. Теке
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×