ойын сауық отауы
Кітап үзіндісі: Киім — кісінің сырт көркі ғой
23.09.2023 293 0 Admin

Кітап үзіндісі: Киім — кісінің сырт көркі ғой

Әдебиет
Кітап үзіндісі
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.
Әлқисса...
Өзіңе жарасса кие бер. Киім — кісінің сырт көркі ғой. Тек ішің таза болсын, балам.
Қабдеш Жұмаділов "Тағдыр"

"Иманғали Тасмағамбетов пре­мьер-министр боп тағайын­далғанда Әбдіжәміл Нұрпейісов екеуміз оны құттықтап шығу үшін арнайы Астанаға келдік. Кабинетіне кіріп, қолын қысып құттықтап, қызметің баянды болсын деп тілек айтып жатырмыз. Мен қалтамнан екі бес мыңдық теңге шығарып, «екі қалтаңа екі бес мыңдық» деп әзілдеп көрімдіктің ырымын жасадым. Қасымда тұрған Әбекең: – Біреуі менің атымнан, – деді ешқандай әзілсіз. 
***
Ертесін Алматыға қайтпақ боп жолға жиналып жатыр едік Иманғалидың көмекшісі Жүсіпбек Сұлтанмұратов телефон соқты. – Дәуке, Алматыға қашан қайтпақсыздар? – Бүгін, кешкі пойызбен. – Онда билеттеріңізді өткі­зіңіз­дер, не маған бере салыңыздар. Кешкі сағат сегізде Имекең өзінің самолетімен Алматыға бара жа­тыр. Әбекең екеуіңізді аэропортқа әкел деп маған тапсырма берді. Алматыға Имекеңнің самолетімен барасыздар. Мынадай ұсынысты қуана қарсы алдық. Аэропортқа келдік. Самолетке отырдық. «Ту-54» авиалайнерінің бортында бес-алты-ақ адамбыз. Иманғали келді. Ол салонға кірген бетте борт радиоузелінен: «Құрметті премьер-министр! Борт командирі мен экипаж тобы Сізді «Ту-54» авиалайнерінің бортында көргеніне қуанышты. Сапарыңыз сәтті болсын!» деп хабарлады. Сәлден соң бәріміз шайға отырдық. Шай іше бергенде Әбекең костюмін шешті де «ар жағыңдағы киім ілгішке іле салшы» деп костюмін Иманғалиға берді. Иманғали костюмді алып, дастарқан үстінде көтеріп тұрды да: – Дәке, мына костюмге қараңызшы! Әбден тозығы жеткен, бір бүйірінде үш бұрышты жамауы бар. Мынадай костюмді Астанаға киіп келмек түгілі, далаға да киюге болмайды, – деп ренжігендей кейіппен костюмді киім ілгішке іліп қойды. – Бұл кісідей әпендені көрген жоқпын, – деді Иманғали палау жеуге кіріскен кезімізде. – Мен Брюссельде өтетін ЮНЕСКО-ның тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі конференцияға келген болатынмын. Әбекең «Соңғы парыз» романының француз тілінде шығуына байланысты Парижде жүрген. «Ақыры Европада жүр екенсіз, Брюссельге келе салыңыз» дедім де елшілік арқылы шақырту жіберткіздім. Ол Париждегі баспадан машина алып, Брюссельге Конференция­дан бір күн бұрын жетіпті. Екеуміз елшілікте жолықтық. Қалай болса солай киіне салған. Үстіндегі кос­тюмі әлгі мыж-мыж. Ал шалбары­ның санындағы алақандай жамау мен мұндалап адырайып тұр. Жыным келді. «Сіз Брюссельге арық қазу үшін келдіңіз бе, әлде халықаралық конференцияға ма?» – деп біраз ұрыстым. Сөйттім де Брюссельдегі Сауда палатасының бастығы Берлин Иришевті шақы­рып алып: «Мына кісіні шиштай киіндір. Аяғына туфли, үстіне костюм-шалбар, ақ көйлек, қара голстуг сатып ал!» – деп тапсырма бердім. Олар магазиннен кеп, алған киімдерін Әбекеңе кигізіп тұрып көрсетті. – Мәне, енді нағыз делегат болдыңыз, – деп мақтап қойдым. – Қара костюм, ақ көйлек, қара туфли сізге керемет жарасады екен. – Ал, осының аяғы немен бітті дейсіздер ғой? Конференцияға Әбекең баяғы мыж-мыж, жамау шалбармен келіп тұр!". 
Дулат Исабеков "Қаламдастар қалжыңы" "Айқын", 29.01.2022 ж.

Өтті ғой бәрі, өтті ғой... Өтінем сенен, кекті жой. Қосылмас рельстердің де, Қосылар шағы жетті ғой... 
Мұқағали Мақатаев "Көшеді өлең немесе өшеді өлең"
Қыз — кілті жоғалған сандық. 
Ілияс Есенберлин "Алтын құс"
Дүниеге ең күшті әдебиетшілерді сыйлаған жүз миллионнан көп халқы бар ұлттың, бұл күнде өз жазушыларын оқитын оқырмандары жоқ. Бұл ұлттың алпыс пайызы сауаттылық дейтін нығметтен жұрдай болып отыр. Мектептерде оқушыларға дұрыс білім беріліп жатқан жоқ. Өмірді түсінудің жолын үйретіп жатқан жоқ, адамның бойындағы сезімдерді қозғап жатқан жоқ. Миллиондаған адамдардың милары, құнарсыз топырақ секілді, ешқандай жеміс беріп жатқан жоқ. 
Григорий Петров "Мінсіз мұғалім"
Әдемілікті ақшамен өлшеуге болмайды. 
Оралхан Бөкей "Жетім бота"
– Дұрыс өмір сүргенім үшін сыйды осы жерден аламын ба? – деп сұрадым, енді білгім кеп бара жатқан соң. 
– Көп сый алуым керек деп ойлайсың ба? – деді әлгінің бірі. Қайсысы екенін бірақ ұға алғам жоқ. 
– Енді, өмір бойы ішімдік ішпей, темекі шекпей, жүріс жүрмей... – деп жатыр ем, әлгінің бірі қайта: – Оның сыйын тіріңде көрдің емес пе, ұятты болғаның жоқ, айналаңды уайымға салғаның жоқ, теңселіп, адасып, қатардан қалғаның жоқ, – деді байыппен.
 – Шүкір еткенім ше? Кейде тамақтан да тарылып, аш қалып жатсам да, мінезімнің көркемдігін бұзбайын деп, үнемі шүкір еткенім ше? 
– Оның әрине сүйкімді, бірақ, сәл көптеу талпынып, еңбек етіп, тырысып көрсең нетті? Жолыңды ашып, ыңғайлы бағыт сілтеуге барымызды салдық, іздеуден бас тарттың. Содан ақыр-аяғы сені дәл осы күйді сүйетін болар деп шештік. Таңырқап отырмын. Өкпем де бар сияқты.
 – Солай бола тұра, балаларымның аузынан жырып, мұқтаждарға садақа бергенім ше? – деймін тірімде мақтан еткен ісімнің бәрін тізіп.
 – Сонда садақаны "қайырымы болсын" деп беріп пе ең? 
– Намазға жығылғаным ше?! Бес уақыт сәждеге басымды тигізіп, ораза тұтқаным ше? "Солай етіңдер" деп өзгелерге шаршамай айтып жүргенім ше?! Ол да есептелмей ме?! 
Торғын Жолдасбекқызы "Елес"
Ата бізге: «Қатарыңнан озсаң да, халықтан оза алмайсын. Сондықтан халықтың алдында басыңды иіп жүр», «Халықтың жолымен жүріңдер, адаспайсыңдар. Халықпен бірге болыңдар, жалғыздық көрмейсіңдер», – дейтін. Осы сөзі Шолпан жұлдыз секілді өмірлік бағыт-бағдарымыз болды. Қанша атақ-даңққа кенелсек те, халықтың алдында басымызды иіп келе жатырмыз. «Алдыңда қазулы көр тұрса да, шындықты айтудан тайсалма», – дейтін. Менен журналистер қандай атақ-марапаттарым бар екенін сұрап жатады. Бүкіл дүние жүзінде ешкімде жоқ атағым бар. Ол — «Момышұлының келіні» деген сөз. 
Зейнеп Ахметова "Теңбіл тіршілік"
Менің ойымша, адам дүние-мүлікке ғана емес, өз тағдырына да қанағат ете білу керек. Құдайдың бергеніне қанағат жасап, шүкірлік етіп, тәубеге келудің өзі де ұлылықтың бір белгісі болса керек. 
Әзілхан Нұршайықов "Мәңгілік махаббат жыры"
"Факты деп заңға сүйеніп, құтылсаң құтылып кетерсің. Бірақ, біліп қой, ел-жұрттың азап-тозағынан безіп, оның қайғы-қасіретін бөліспегенің үшін, адам санатынан шығып, өмірден шірік болып, қарабет атанып өтесің. Саған факты да, жаза да осы", — дедім. 
Шыңғыс Айтматов "Құс жолы"
Қазақтың малын, жанын аямай қимылдайтын жұмысы – сайлау. Сондықтан, ел сендерді құрметтейді, басына көтереді. Алдарыңда құрдай жорғалайды. Оған сендер желігіп, мастанбауларың керек. Жуандардың жылмаңдағанына мастансаңдар, кедейдің соры қайнағаны. Біздің бар сенетініміз жастар, сендер. Сендер байдың атына, қымызына, мамық көрпе, жастығына сатылып кетсеңдер, еңбекшілердің қожалығын өмірі орната алмаймыз. Зəуде біреуіңнің ісің шығып, пара алғаның білінді бар ғой – биттей аяйды деп ойламаңдар! Сендердің таныстығың, жолдастығың бір тиынға керек емес. Біз ортақшылдармыз: бізде бауыр жоқ, бізде тура жол бар. Ондай жамандықтарың білінсе, тура атыласыңдар... 
Жүсіпбек Аймауытов "Әңгімелер жинағы"
– Ертеде пайғамбар ма, әулие ме бір кісі болған екен. Құдай не тілеседе тілегін қабыл қылыпты. Күндердің күні оның алдына келген бір адам: "Құдай сенің тілегіңді қабыл етеді екен, маған да бір дұға қылшы. Жарлы-жақыбай адам едім, мен де бір өсіп-өнейін", – дейді. Жалынып-жалпайып болмаған оған Құдайдың досы: "Жарайды, мен тілек тілеп, дұға қылсам, екі түрлі адамға айналасың. Бірі – ілім-білімі мол ғұлама ғалым боласың. Екіншісі – мал-мүлкіңнің есебі жоқ, лықсыған байға айналасың. Қайсысын таңдайсың?", – дейді. Жарлы кісі жоқшылықты көп көргенін айтып, бай болуды қалайды. "Бай болсаң кедейді ұмытпа. Оларды құл қылып жұмсап табан ет, маңдай терін жеме. Садақа беруді ұмытпа. Бұл айтқанымды орындамасаң қарғысқа ұшырайсың", – дейді Құдайдің досы. Екеуі серттеседі. Тілек қабыл болады, жарлы байға айналады. Бірақ дүниеге қызығып, көзін шел басқан сорлы серттен таяды. Малын бағып, жерін еккен жұмысшылардың жалақысын дұрыс төлемей, еңбегін жейді. Садақа беруді ұмытады. Берген уәделерін орындамайды. Оны іздеп келіп, тәубеге келуін ескерткен Құдайдың досын келеке етеді. Сол сәтте-ақ ол қоңызға айналыпты. Жерде жатқан сиырдың жас тезегін домалатып, басы ауған жаққа лағыпты. Содан бастап ол қайда бара жатқанын өзі де білмейді, ұзақ күні боқ домалатумен өтеді екен. Елдің табан ет, маңдай терін жегені үшін өзінің жиған боғы өзіне бұйырмайтын жәндікке айналыпты. 
Ырысбек Дәбей "Қоңыз"
Дүниеде өзің ұната бастаған жігітке ұнайтыныңды сезінуден артық бақыт бар ма екен. Кеудемде толқыған бақытымды шайқап алудан жасқандым ғой. Туғалы дәл осындай күйге түспеп едім... Махаббат дейтін ұлылық әлде осы ма екен?! 
Софы Сматаев "Біз құлмыз ба, кімбіз?"

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Кітап үзіндісі: Бақ та, дәулет те өткінші Кітап үзіндісі: Бақ та, дәулет те өткінші
Он сегіз мың ғаламның тереңіне қанша сүңгісең де, маңдайың тірелетін бір ғана құпия бар, ол – қу дүниенің баянсыздығынан басқа түк те емес... Басқа
Кітап үзіндісі: Әр жүректе асыл адамгершілік, айнымас махаббат болсын Кітап үзіндісі: Әр жүректе асыл адамгершілік,
Фонограммамен ән айтатын әншілерге сахнаға гүл алып шығып, оны иіскетіп, бірақ бермей қайтып әкету керек, - дейтін Бәкең.⠀⠀ Зейнеп Ахметова "Әзіліңді
Кітап үзіндісі: О дүниеде мəңгі ұйықтайтын болған соң, бұл дүниеде аз ұйықтаған лазым. Кітап үзіндісі: О дүниеде мəңгі ұйықтайтын болған
Соқырлық пен саңыраулық қатар дамыған қоғамда жаңаға орын сақталмайтыны аян. Жаңа деп отырғаны – өскiн.
Кітап үзіндісі: Күн ашықта мойнымда, күн жауғанда қойнымда Кітап үзіндісі: Күн ашықта мойнымда, күн жауғанда
Қазақтың сыры осы. «Күн ашықта мойнымда, күн жауғанда қойнымда» деген қазақ безбеннің басындай ауытқиды. Я достасуға, я қостасуға жарамайтын – осы
Кітап үзіндісі: Адам топ әскерді алдап, өлімге апара алса да, өзіне зұлымдықты қойғыза алмайды Кітап үзіндісі: Адам топ әскерді алдап, өлімге
Жалпы, бала кезде адам "мен де өлуім мүмкін - ау" деп, ойламайды ғой. Өлетіндер ылғида басқалар секілденіп тұрады. Бердібек Соқпақбаев "Өлгендер
Кітап үзіндісі: Теңіз терең емес, адамның жаны терең. Кітап үзіндісі: Теңіз терең емес, адамның жаны
Теңіз терең емес, адамның жаны терең. Су түбінде жатқан зат жел толқытса ғана шықпақ. Ой түбінде жатқан сыр шер толқытса да шықпақ емес. Шықса, шер
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×