ойын сауық отауы
Кітап үзіндісі: Үлкен махаббатты армандау үшін
25.10.2020 1 261 0 Admin

Кітап үзіндісі: Үлкен махаббатты армандау үшін

Әңгімелер
Кітап үзіндісі
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.
Әлқисса...


Шөл дала соншалықты үлкен әрі шексіз, сондықтан сен өзіңді құмның бір түйіршігі ретінде елестетесің.
Пауло Коэльо "Кемел"

Өмір ауылынан кейбіреулер бұралаңы ұзақ азапты жолмен барады, ал енді біреулері қысқа да қызықты даңғыл жолмен барады. Бірақ шыққан жері де, баратын жері де біреу ғой. Ол - өмір мен өлім сапары. Қалған қарекетің - алдамшы дүние, бекершілік. Иә - иә бәрі де бекершілік...
Оралхан Бөкей "Өз отыңды өшірме"

Үлкен махаббатты армандау үшін, алдымен өзің соған лайық болуың керек. 
Шоқан Əлімбаев "Данышпандық субстанциясы"

Мұңаю – қыздарға жараспайды. Сіз жаңбырдай егілгеніңізбен, мен найзағайдай қаһарыма мінгеніммен өзгерер дәнеңе жоқ. Көлік сынса да, сағымыз сынбасыншы, қарындасым.
Айгүл Жұбаныш "Жаңбыр жауса екен"

Созақ датқасы Бабажан тіпті қаннен - қаперсіз жатса керек, бір нөкері келіп «жау келіп қалды, тұрыңыз!» десе, «Созаққа Кенесарыдан бөтен жан бата алмайды. Кенесары қайда, Созақ қайда!» деп жауап беріпті. Нөкері: «Келген сол Кенесарының өзі!» — десе, «Шырағым, жылағысы келген бала әкесінің сақалымен ойнайды. Ұлытауда хандығын тойлап жатқан Кенесары құс болып ұшып келмесе, қайдан келеді, ойыныңды қой!» — деп ақырыпты.
Ілияс Есенберлин "Көшпенділер"

Келеңсіздіктер адам басына кез - келген сәтте кезігеді. Бірақ пенде біткен әр уақытта келтелі істің түйінін тауып, шырмауын жазады. Ал жүрекке түскен дақ орнынан қозғалмайтын ауыр тастай. Ағыны қатты судың толқыны да, дүлей дауыл мен үскірік аязда ол жараны жібіте алмайды. Адам қолымен жасаған зіл батпан қайғысын өзі ғана көтеруі тиіс!
Айгүл Жұбаныш "Жаңбыр жауса екен"

Адамның көңілі тоқ, төрт құбыласы түгел болса — ұйқы мен оянудың арасында сондай бір тәтті сәттері болады, оны бірден сілкіп тастап, ұшып тұруға дәтің бармайды. Тек мені елегізіткен бір нәрсе... оң жағым ойсырап бос жатыр. Ойбай - ау, Қасымбек менен бұрын тұрып кетіпті.
Күйеуінің өзінен бұрын тұрғаны жас келіншекке жараспайтын — ақ нәрсе. Егер елде, ауылда болсам, жас келіннің әр қадамын баққан, сумаңдаған әйелдердің сүйір тіліне ілінер едім. Мұндай жағдайда мен үшін бір тәуірі біз елден алыста — Батыс Белоруссияда жүрміз. Күйеуім Қасымбек әскери адам, аға лейтенант.
Ал әскер дегеннің заңы өзіне басқа болады екен, күн демейді, түн демейді, кез келген уақытта жөнеле береді. Әрине енді, жай уақытта мен бұрынырақ оянушы едім, бірақ, соңғы кезде Қасымбек менен бұрын тұратын әдет тауып алды. Мен оянып кетіп түрегелейін десем де: «Жоқ, сен жата тұр, саған қазір күтіну керек»,— деп тұрғызбайды.
Бұрын дәл сондай бір әйел жанды мінезі жоқ, кәдімгідей байсалды — ақ жігіт болатын. Көрінеу көзге ерсі — елпілдеп әйелінің асты - үстіне түсіп, иіліп — созылып киіміңді әперіп жатпайтын. Орыстың еркектері сияқты су тасып, отын жарып та ұятқа қалдырмайтын.
Енді қазір тіпті өзгеріп кетті. Басқасын айтпағанда — таңертең тұрып алып шай қоятынды шығарды. «Қой құрысын, ұяттағы», — десем, «Бұл жер ел іші емес, бізді ұялтатын адам жоқ»,— деп дес бермейді. Айтатыны: «саған ауыр көтеруге болмайды».
Ондай ауыртпалықты әзір өз басым сезе қоймасам да, күйеуімнің айтқанына көне салған боп, оған әйелдің жұмысын істетіп қоятын бір жаман әдет тауыппын. Ондай сәттерде, үш айдан бері өлердей сағынып жүрген ел - жұртымның алыста болғанына шүкірлік етем.
Тахауи Ахтанов "Шырағың сөнбесін"

Ақша – өмір сүру үшін ауадай қажет құрал. Ақша – керек десеңіз, тіршілік барысындағы басты құндылық. Дей тұра, ол ешқашан да шешуші роль атқара алмайды. Өйткені, өз арын ақшадан да биік қоятын адамдар бұрын да болған, қазірде де бар, бұдан кейін де бола береді. Олар ақшаны рух ұлылығы арқылы жеңеді. Ал, байлық атаулыға құныққан пенделер осы қасиеттен, қасиет емес - ау, адами құндылығынан біржолата айырылады. Бұл – рухани аурудың симптомы. Мұндай адамдардың жүрегін ақша басып қалады. Жүрек байғұс соғуын соғып тұрады. Тек қалың ақша куперінің ар жағынан. Ең сүйкімсіз науқас осылар. Оларды қоғам қабылдағысы келмейді. Бірақ қабылдайды. Сырттай. Ақшаның құдіреті де сонда.
Шархан Қазығұл "Оңашадағы онлайн ойлар"

Адам баласының өткен өмірі бір түс емес, қуанышты да, қорқынышты да, қайғылы шақтары да болады. Түс кейде қайта оралады, ал өмір қайта соқпайды. Оның қуанышы да, қайғысы да өткен күннің ауқымымен бірге кетеді. Соны қуаныш, жаңа қайғы, — жаңа өмірге із салады.
Ілияс Есенберлин "Ғашықтар"

Кімге беремін бұл асықты? Өз жаныңда жатсын. Жарық дүниеге келгенде көрген жалғызым - ау...
Бұл не қылғаның?.. Бәрі қолынан келгенде қиянат қылмау қолыңнан келмегені ме жарығым - ау. Құдайдан көрген зәбір тірліктің заңы шығар, адамнан көрген зәбір қымбат, жарығым - ау. Соны неге түсінбедің? Қалайша түсінбедің, құлыным - ау! Хайуанның да обалы жібермейді деуші еді, адам обалы қайтіп жіберсін...
Бұл дүниеде ешкім ештеңені өзімен бірге алып кетпейді. Жаманшылық істесең де, жақсылық істесең де — бәрі осы дүниеде қалады.
Қызығыңды көреміз бе дегенде істеген зәбір - қиянатыңды маған арқалатып кеттің бе?! Мен бұдан қалай құтыламын...
Төлен Әбдік "Қыз Бәтіш пен Ерсейіт" ("Өтелмеген парыз")

Алдымда менің жол жатыр. Бұралаң, бұлтарысы көп өмір жолы. Талай жыл жүріп келем, жүріп келем. Өріне шығып сүйінген, ойына түсіп күйінген де күндерім бар. Сонда да жүріп келем. Адал жүріп келем. Ойға алған көп дүниені тындырғандаймыз, асыл мұраттың біраз биігіне көтерілгендейміз. Көкжиек кеңейіп, жол шеті құбылып, ұзара түскен, қол жетпес арманша шалғайға тартып, шақыратын сияқты жұмбақ алысқа. Бір ғажабы, елегізімейтінге ұқсаймын...
Сафуан Шаймерденов "Қарғаш"

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі


Кітап үзіндісі: Бойдағы міні шашынан көп болса да, өзімен күресіп жүрген бір адамды көрмейсің Кітап үзіндісі: Бойдағы міні шашынан көп болса
Жақсы де мейлің, жаман де мейлің, өзінің жеке өмірі жоқ, өзге кісінің өмірінен тыныс алып, тіршілік ететін адамдар болады екен. Олар ағашқа біткен
Кітап үзіндісі: Махаббат пен опасыздық бір ыдысқа сыймайды Кітап үзіндісі: Махаббат пен опасыздық бір ыдысқа
Егер әркім қорғасыннан алтын жасай беретін болса, алтынның құны қорғасындікіне пара - пар болып кетпей ме? Пауло Коэльо "Алхимик" Махаббат пен
Кітап үзіндісі: Уақыт деген падиша шықты да, бәріміз соның басыбайлы құлына айналдық Кітап үзіндісі: Уақыт деген падиша шықты да,
Философия қайда, мен қайда, Мұқан - ау? Дүниежүзінде әйелдерден шыққан қай философты білесің? Білмейсің. Ешкім де білмейді. Өйткені әйел философиясы
Кітап үзіндісі: Сурет салғым келмейді. Кітап үзіндісі: Сурет салғым келмейді.
Ұлттық мақтаныш - ұлт азаматының мызғымас заңы, қасиетті ісі. Кімде - кім өз ұлтын құрметтеп, оны мақтаныш етпесе, ол барып тұрған азғын. Әзілхан
Кітап үзіндісі: Астана сөзі қайдан шыққан? Кітап үзіндісі: Астана сөзі қайдан шыққан?
Біздің заманымыздағы адамдар ақылдың eтeгінeн ұстап алып, oның құлына айналған, ал өмірдeгі шын мәніндe eң қымбат eшқашан өкінбeйтін нәрсeлeр –
Кітап үзіндісі: Адамзат бақытты болу үшін Кітап үзіндісі: Адамзат бақытты болу үшін
Адамзат бақытты болу үшін, ең алдымен, өзінің кім екенін анық білуі керек. Яғни өзінің әулие емес, күнәһар пенде екенін мойындауы керек. Оны
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×