ойын сауық отауы
Он сегіз тозақты азат ету
12.11.2020 732 0 Admin

Он сегіз тозақты азат ету

Әңгімелер
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар
Он сегіз тозақты азат ету
Ер - Сайын әйелімен бес жыл тұрды, бірақ олардың балалары болмады. Әкесі мен шешесі: «Сен әйел алдың, отау тіктің. Бірақ сенің мұрагерің жоқ. Бізді қуант, ұлың болатындай бір амалын тап!» - деп құлағының етін жеді.
Сонда Ер - Сайын Екі - Өндір - Ұланға шығып, тастарды бір жерге үйіп, үлкен оба жасады. Сырыққа бес түсті мата байлап, «Уа, Тәңір, рақымыңды төгіп, маған ұл бере гөр!» деп Көкке жалбарынады.
Осы кезде Көктен «Уа, күшің асып, қуатың тасып туған батыр, Еркіліктің он сегіз тозағын азат ет, Еркілікханның өзін өлтір! Егер осы сынаққа төтеп берсең, ұлың болады!» деген бір зор үн шықты.
Батыр Көктен түскен әмірді естіп, сенімді аты Хангилге ер салды. Ұзындығы үш құлаштықсары хайдак (жақсылықтың белгісі ретінде қолданылған орамал) алды. Сосын әкесі мен шешесіне кіріп, Еркілікке аттанып бара жатқанын айтты.
Әке - шешесі оған: - Еркілікке сексен сегіз жылда жетесің, - деді.
Мен он алты жылда жетемін! – деп батыр батысты бетке алып аттанып кетті.
Жортып келе жатып жол - жөнекей жел тудырып, желмен бірге ұша жөнелді. Хангил жарты күн ұшқанда – алдыңғы аяқтарына қанат бітті, тағы жарты күн ұшқанда – тұлпардың артқы аяқтарына қанат бітті. Сол ұшқаннан мол ұшып, сексен сегіз жылдық жолды сегіз жарым күнде еңсеріп, Еркілік ханның патшалығына келіп қонды.
Сол кезде Еркіліктің Арыслан - Тарғытай (Арыстан басты) есімді ұлы үш қабатты темір сарайдың төбесіне шығып, келе жатқан батырды көріп, әкесіне: «Құдды қырық мың қосын келе жатқан сияқты, ал келе жатқан бар болғаны бір адам!» - дейді. Еркілік шығып қараса, Ер - Сайынның төбесі көк тірейді, табанының астында жер тітірейді. Еркілік сонда оған қарсы үш жүз салт атты шерік жіберіп, сарайының барлық қақпаларын тарс бекітіп жауып алады.
Ер - Сайынның асудан көрінуі мұң екен, қарсы шыққан салт аттылардың қолдарынан найзалары сырғып түсіп, өздері сеерйіп сеспей қатты. Ол сарбаздарға су шашып, зорға тірілтіп алды.
Темір сарайға желе - жортып жеткенде барлық үш құлып өзінен - өзі қаңғыр - күңгір десіп шешіліп кетіп, қақпалар мұның алдынан айқарыла ашылады.
Еркілікке кіре сала Ер - Сайын оның алдына сары хайдактыжайып салды. Еркілік олан: - Кімсің, қайдан жүрген жансың? – деп сұрады.
Батыр қалай үйленгенін, Тәңірден ұл сұрағанын, сонда Тәңір оған он сегіз тозақты азат етуге әмір бергенін баяндады. Еркілік кітабын алып, мұның баянын тексере бастады. Онда «Ер - Сайын келіп, он сегіз тозақты азат етеді» делінген екен. Сонда Еркілік: - Мұнда жазылған жазу сен жайлы емес пе екен осы соның сәті келді! – деді де, ұлы Арыслан - Тарғытайға он сегіз тозақтың қақпаларын ашуға бұйырды.
Арыслан - Тарғытай Ер - Сайынды тозақ қақпаларына ертіп келген кезде, олар өздері ашылып кетті. Сол арада бес түсті кемпірқосақ пайда болып, барлық тұтқындар тозақтың қапас зынданынан кемпірқосақтың бойымен Көкке көтеріліп, аруақтарға айналды. Бұдан соң Ер - Сайын мен оның серіктері мәңгілікке қамалған адамдар жатқан тозаққа келді. Олардың шеккен азаптарының шегі мен шеті көрінбеді. Мұндағы қақпалар ашылмады. Сонда Ер - Сайын Тәңірдің құрметіне он сегіз дұға оқып, үрлеп жібергенде, есіктер айқара ашылды. Бес түсті кемпірқосақ тартылып, барлық тұтқында көкке көтеріліп, аруақтарға айналды. Тек жалғыз Алашы - Үкір - Қара - Батыр ғана қалып қойды. Ер - Сайын оны көтере алмады. Қолынан көтерсе – қолдары үзіліп, белінен көтерсе – аяқтары ажырап қалды. Содан амалы құрып, Еркілікке келіп: - мұның мәнісі не ол не істеуі керек? – деп сұрады. Сонда Еркілік: - Бұл адам дүниеге жеті рет келген. Жердегі өмірге әрбір келісінде ол өзінің әке - шешесі мен ұстазын өлтіріп отырған. Жылына бір дәннен алып отырғанда тарыға лық толған сексен қамба қашан босаса, Алашы - Үкір - Қара - Батыр сонда ғана азат болады, - деп жауап қатты.
Ер - Сайын өзінің ауыр алдаспанын суырып алып: - Мен барлық он сегіз тозақты азат етуге тиіспін. Қара - Батырды да кешірім жасап, шығар. Әйтпесе, менің шаруам бітпейді. Егер сен мұны босатпасаң, өзіңмен шайқасамын, - деді.
Еркіліктің бұған айтқаны: - Ол мұндай күйге түскен өзі, мейлі, жата берсін. Мен, Еркілік хан, жаман - жақсы істерді тексеру үшін туғанмын, ақ - қараны анық білемін, қара қылды қақ жарамын. Сен үшін оны жиырма бір жылға еркіндікке жіберейін. Бірақ осы мерзім өткеннен кейін ол өзінің ескілікті орнына қайтадан келуі керек. Осылайша, саған жер астындағы он сегіз тозақты азат қылуға әмір еткен Көктің қалауы орындалады.
Еркіліктің өзіне көмектесуге әзір екенін білген Ер - Сайын қызбалығы үшін ғафу өтініп, қылышын қынабына салып қойды.
Еркілік хан оған мәңгі өлмеуі үшін аржан толтырылған алтын ыдыс сыйлады.
Ер - Сайын Еркіліктен: - Ең үлкен ізгілік пен ең үлкен күнә қандай? – деп сұрады. Еркілік: - Ізгіліктің үлкені – ашты тойындыру, аяқсызды барар жерге жеткізу. Күнәнің үлкені – балағаттау, өкпе - реніш және ұрып - соғу, - деп жауап берді.
Ер - Сайын үйіне қайтпақ болғанда, Еркілік хан оған оң сапар тілеп, ыстық уәлаят арқылы жүруге кеңес берді. Батыр Хангтлге қарғып мінді. Арсылан - Тарғытай Хангилді тізгінінен жетеледі. Олар қисапсыз мал: түйе, жылқы, сиыр, қой өріп жүрген бір жерге келді. Адамдар найзамен піскілескен, өне бойлары жарақат, қарындары шұрқ - шұрқ тесік, қан судай аққан. Қатты азап шеккен, қиылдауға шамалары жоқ. Олардың жапан далада ыңырсыған зар дауыстары сай - сүйекті сырқыратады.
Ер - Сайын Арыслан - Тарғытайдан: - Бұлар мұндай күйге қалай түскен? – деп сұрады. Ол сонда: - Он екі мемлекет өзімен - өзі соғысты, осы соғыста жараланған адамдар Еркілікке жете алмай, сақараны кезіп жүр. Оларды Көкке аттандыршы! – деп жауап қайырды.
Сол арада Ер - Сайын Тәңірге жалбарына тіл қатып, кемпірқосақ орнатып, азап шегушілерді Аспанға көтеріп жіберді.
Тағы біраз уақыт өткенде екеуі Бақ - Модон ағашына келіп жетті. Оның бұтақтарына шиқылдаған, жылаған балалар мен балапандар қонақтапты. Арыслан - Тарғытай: - Бұлар әлгі қырғын соғыста өлген балалардың жандары, - деді.
Ер - Сайын Тәңірге жалбарынып, бұларды да Көкке жөнелтті. Осыдан соң Арыслан - Тарғытай Ер - Сайынмен қоштасып: - Сен де біздің он сегіз тозағымызды азат еттің, енді біз бауыр болдық, - деді де, кейін қайтты.
Ер - Сайын өз еліне жөнелді. Сексен сегіз жылдық жолды он алты күнде еңсерді. Шекараға жақындап келген соң Ердеңе - Торхо - Қара - Ұла тауына шығып, өз ауылына қараса, отауының үстінен алтын баған көрді. Ал Көктен сары хайдак салбырап тұр екен. Ер - Сайын «Тілегім орындалып, ұлды болған екенмін!» деп ойлады.
Жүрегі қуаныштан лүпілдеп, туған ауылына келді. Хангилдің ер - тоқымын алып, жүгенін сыпырып, табынға қоя берді. Ер - тоқым мен сауыт - сайманын үйге кіргізіп, сары шапанын киді. Сол кезде ыңылдап әндетіп, алтын тақта еңбектеп жүрген бір жас шамасындағы, алтын айдарлы баланы көрді. Ер - Сайын баланы қолына алды.
Қуанышқа кенелген батыр күллі халықты тойға шақыруға әмір етті. Түйелерге теңдеп, қымыз бен шарап келтіртті. Қысырақ бие қымызын күрпілдетіп, қисапсыз мал сойылды. Қазан - қазан ет асылып, той тағамы мол болды.
Хан ханымымен, Ер - Сайын әйелімен төрге отырды. Әрбір қонаққа үлкендігі телегей - теңіз, әрқайсысын жетпіс адам көтере алмайтын жетпіс түрлі сый табақ тартылды.
Сернелі той сексен күнге созылды. Ұлан - асыр ойын тоқсан бес күн толастамады. Күннің шығуын тоспай тойлай берді, тойды күн батса да тоқтатпады. Шалдардың сақалы шарапқа малынып, саусақтарының арасынан ақ май ақты. Ер - Сайын шаттыққа кенелткен барлық адамдардың өмірлері талай да талай жылдарға ұзарды.

жиған - терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Тақуа жайық - Нама және оның үлкен ұлы Тақуа жайық - Нама және оның үлкен ұлы
Тақуа Жайық - Наманың Балықшыдан басқа екі ұлы Созұнұл мен Сары - ұлға Үлкен Тәңір батасын беріп, оларға былай деген: «Сендерден зерделі ұрпақ:
Тақуа жайық хан. әлемдік топан су қаптауы туралы миф Тақуа жайық хан. әлемдік топан су қаптауы туралы
Жайық – Үлкен тәңір құдіретінің құрамдас бөлігі. Жайық жер бетінде адамдар арасында тіршілік етеді. Үлкен Тәңір оны адамзатты барлық жамандық пен
Ер - сайынның ерліктері Ер - сайынның ерліктері
Ер-Сайын – Үлкен Тәңірдің кіші ұлы. Ол Жерге адамдарға әділет орнату үшін жіберілген. Тойбон атты хан билік құрған бір елде Ұлақшын деген шалдың
Еркіліктің жауыздығы Еркіліктің жауыздығы
Еркілік сайтанның патшалығы жойылды. Енді ол Үлкен Тәңірді мазалап, өзіне қандай да бір жер бөліп беруін сұрады. Сен мені патшалығымнан айырдың, сол
Мал-жанға берілетін бата Мал-жанға берілетін бата
Е, Құдайым, оңдасын, Мың саулығың қоздасын. Сегіз түйең боталап, Сегіз келін қомдасын.
Қара бұлт Қара бұлт
Даланың күнге күйіп, аптап өткен үстінен Бұлт шықты қаптап көктен. Қуанды шаруалар «я, Құдайлап!», Жерді бір суарар деп қурап кеткен.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×