ойын сауық отауы
М. Әуезов / Абай жолы
02.12.2021 1 349 0 Admin

М. Әуезов / Абай жолы

Әңгімелер
Ұлы Даланың рухани жауһары
М. Әуезов / Абай жолы
Абай бейнесін жасауда ақын өмірінің белгілі оқиғалары кеңінен суреттеледі, оның шығармаларындағы әуез - сарындар, мотивтер, идеялар пайдаланады. Бірақ жеке өлеңдерге иллюстрация, жалаңаш еліктеу, қайта баяндап беру дегеніңіз атымен жоқ, Абай сөздері, диалогтағы, монологтағы лебіздер түп - түгел ақын лексикасын, синтаксисті ескере отырып, тыңна жасалған, Мұхтар тудырған.
Ұлы ақын, ұлы скүрескер шытырман, қат - қабат ғұмыры диалектикалық қайшылықта реалистік шыншылдықпен ашылады. Бір жағынан бұл қазақтың жаңа жазба әдебиетінің классигі, өмірдегі іздері халық санасында сайрап жатқанын нақты, тарихи тұлға болса, екінші жағынан бұл ұлы жазушы қиялында балқып туған зор талант, мәні бар, мың сан қыры жарқыраған, образдық, символдық қуаты күшті, дүниежүзі өнеріндегі биік, көркем, ұмытылмас әдеби бейнелердің бірі. Адамдар рухының мың сан өзара шарпысуын кең көлемді, терең психологиялық талдау арқылы ашып берген күрделі романдағы ең үлкен сезім ағыстарының бірі – сан - салалы махаббаты алуан түрлі құлпырған көрік бояуымен, сәт кезеңдегі әуез - сарынымен, бұлқына жосыған күй - толқынымен бейнеленген, көлденең көк аттыға елеусіз ғана көрінетін туған жердің тау - тасы, өзен - көлі, аймақ - даласы жазушының шабытты, қаламында қайтадан жаратылғандай болып, құлпырып, жайнап, небір ғажап қалыпта көрінеді, қыс, көктем, жаз, күз – бәрі бар. Нөсерлетіп, жаңбыр жауады, ат құлағын көрсетпей боран соғады.
Абайдың аналарына (Зере, Ұлжан), бауырларына (Оспан, Шәке, Кәкітай), достарына (Ербол, Базаралы, Дәркембай), балаларына (Әбіш, Мағауия) деген ыстық ықылас, қымбат пейілін биік адамгершілік тұрғысынан өмірдің сан қилы кезеңіне лайық қалыпта суреттеген жазушының ерекше ден қойып, зор шабытпен, ақындық ғаламат қуатпен бейнелеген психологиялық сезімі – ғашықтық сырлар, махаббат әуездері. Бұл күй, бұл қалып ең алдымен Абай басына тән.
Табиғатынан ерекше сезімтал, рухы таз, бала күнінен халық әдебиетінен сусындап, жадында тұтып, шығыс поэзиясынан ғашық жырларын оқып, тәрбие алған жас бозбаланың сұлулыққа, пәктікке, әсемдікке құлауы – Тоғжанмен тұңғыш танысуымен дөп келеді. Бұл бір ақынға, асқақ тұлғаға жарасып келіскен романтикалық ғажайып махаббат. Екі жағы да өртеніп, жанып, лаулап тұр. Сол күйлерді жазушы бірде Абай, бірде Тоғжан толғау, монологтары, тебіренісі, лебіздері арқылы жас ғұмырдың салтанат жыры етіп төгілтеді. Астарлар, тоғысулар, ұласулар Ләйлі - Мәжнүн, Қозы - Баян, Таьяна - Онегин болып жалғасады.
Түптеп келгенде, Тоғжан тазалығы, сұлулығы, пәктігі абайдың әсемдік мұратының биік нысанасы секілденіп кетеді, ол қанша ұсынса қолы жетпес алып тұғыр мәңгі тарқамас ұлы сағыныш, орны толмас арман секілді. Бұл күйлердің жалғасы, жаңа замандағы соны көрінісі болып Әмір - Үмітей, Әбіш - Мағыш, Дәрмен - Мәкен махаббат хикаялары, сол сапардағы қасіреттік халдер, романтикалық серпіндер ішкі толқынды әлемді жайып салған, биік адамгершілік тұғырлардан шырқалған қымбат, асыл, жалынды ән болып төгіліп, мол сарынды симфониядай бойыңды балқытып, жан - жүйеңді елжіретеді. Бұл арнада батыр, бағылан Базаралы мен нұржүзді, науша Нұрғаным ара - қатынасы, сыйластық, сүйіспеншілігі оқшау әсер етіп, естен кетпей, ойда қалып қояды. Шығармадағы диалектикалық қайшылық, тартыс, күрес сан - салалы, тарам - тарам, жүлге - жүлге. Әуелде зорлықпен оқудан қол үзген Абай темір ноқта кигендей болып, сүйгенінен айрылып, атастыру жөнімен үйленіп, опық жейді. Бір - бірте з әкесінің жуандығынан басталған әділетсіздік толқыны оны басқа жағаға, қорланғандар, қорғансыздар тобына қарай ығыстырады. Дұшпан жаттан да, жақыннан да шығады. Бір әкенің екі баласы Абай бір қиырға, Тәкежан екінші қиырға тартады. Күндестік отын бықсытып жүрген Күнке, Мәніке, Қаражан, Ділдалар анау. Олардың жалғасы болып жауыздықтың жас жолбарысы Әзімбай өсіп келе жатыр.
Бір жағынан жамандық қауласа, екінші жағынан жақсылық көктей бастайды. Исі Ырғызбай дұшпаны есепті Дәркембай, Базаралы бірте - бірте жақындай түсіп, ақыры Абай қасынан табылады. Өз бауырында жаралған қанаттары қандай: әбіш, Мағауия, Дәрмен, Көкбай өле - өлгенше - ақ адал пейілімен, таза достығынан айнамаған Ерболды айтсаңшы.
Көшпелі мәдениетке тән этнографиялық, тұрмыс - салттық, сенім - нанымдық, адамгершілік - моральдық көріністердің барлық белгілерін толық та кең, терең де дәл қамтыған шығармада ерекше ықшамдылық, лаконизм бар. Қазақ елінің бар дәстүрі, арғы замандарда басталған, тіпті шариғаттың өзі де мұртын бұза алмаған белгілі адамға ас беру, жылы өткенше өліктің артын күту, азалы үй тігіп, ат тұлдап, қаралы көш жүргізу, дауыс айтып, көрісу дәстүрі Бөжей өлімі тұсында кеңінен бейнеленеді. Екінші қайтара мұндай жағдаятқа оралу жоқ.
Әншілік, серілік, аңшылық, саятшылық, құсбегілік өнерлерінің үлкен - үлкен бір - бір тарауларда арнайы түрде суреттелеуінен осындай көркемдік шарттарын, қаламгерлік қатал позицияны аңғарамыз. Сол секілді мезгілді уақыты жеткен соң, өзіне тиесілі көркемдік - эстетикалық міндетін атқарғаннан кейін қосалқы персонаждар ұлы оқиға арнасынан түсіп қалып, олардың орнын жаңа, басқа мақсат үшін көрсетілетін кейіпкерлер басып, соны жағдаят, тың әрекет бел ала бастайды.
Өмірдің небір тамаша нұрлы жақтары – әже мен ананың перзентке деген шексіз махаббаты (Зере, Ұлжан – Абай(, аға мен іні арасындағы қаяусыз адалдық (Абай – Оспан), өле - өлгенше сызат түспеген тамаша достық (Абай – Ербол), мәңгілік махаббат (Абай – Тоғжан), азамат басын сыйлап жасалған қарымтасыз жақсылық (Абай – Салтанат), ерегеспен кек алу (Тәкежан малын қуып әкету, Оразбай аулын шабу), жігіттіктің ләззатты түндері (салбурын аңшылық), ақындық шабыттың тәтті сәттері (өлең туған мезгілдер), биік әнмен қауышқан бақыт (Біржанның келуі, Әйгерімнің Татьяна әнін салуы), туған жердің ыстық құшағы (жайдау суреттері) секілді сан - алуан кез - кезеңдер романда айрықша бейнелі, кең тынысты, өрнекті, ырғақты бай тілмен, дәстүрлі прозаның реалистік әдістерімен, зор шабытпен суреттеледі.
Іштей өзін - өзі қажап, екіұдай болып арпалысып, ой ұшығына жете алмай, қате қадам басып, бармақ шайнап, от басынан опық жеп, ортасына сыймай, шідер үзіп кетіп, басты тауға, басқа соғып, ұрт қимылға барып, содан таяқ жеп, қылмысты атанып, жазықсыз жаза шегіп, көп уақыттан кейін туған жерге оралып, саналы әрекетке көшкен Базаралының іші - сыртын жазушы тамашалай отырып, іш тартуын жасырмай, ашық пейілмен жарқырата көрсетеді. Бұл тұлға жазушы қаламынан ертеректе туған ірі қиыл иелері Бақьығұл, Ұзақтардың рухани туысы, дәлірек айтса, әлем әдебиетіндегі күрескерлер қатарынан еркін аттап барып, тең қосылған, үздік қаһарман.
Әуезовтің үлкен суреткерлік шеберелігінің терең ашылып көрінетін айқын тұсы – адам кескіндерін бейнелейтін шақ. Кейіпкер алғаш әрекет сахнасына шыққан бетте автор оның қолбетінің есте қаларлық сипат - белгілерін суреттеп береді. Адамның жалпы тұрпаты, бойы, дене бітімі, қимыл - қозғалысы, әсіресе, бас бітімі, бет пішіні, көзі, мұрны, ерні, тісі атамалап көрсетілмей, бір - бірімен байланыста, әрекет, қимыл үстінде, жанды - тірі қалыпта, сан - алуан көңіл - күймен толқыған, тебіренген, ренжіген, қуанған, жек көрген сәтінде бой көрсетеді. Жазушының қырағы көзі әр түрлі нәсілді, сан алуан әулетті діл өріп, анық танып қапысыз танытады. Суретші қалам бір - біріне ұқсамайтын ондаған адамның реалистік портретін жасайды, олар тұтас көрмелерді толтыруға жетіп жатыр. Әуезов құдіретімен жаратылған әйелдер бейнелері бірінен - бірі өткендей сұлу, нұрлы, әсем: тоғжан, Қуандық, Салтанат, Әйгерім, Үмітей, Керімбала, Нұрғаным, Мағыш, Мәкен. Атпал азаматтар, батыр жігіттер қандай: Базаралы, Балағыз, Оспан, Дәрмен, әбіш, қыртысты билер, қат - қабат жуандар: Бөжей, Оразбай, Әзімбай.
Осынау қалың шоғырдың бір тұғырында – Құнанбай, бір тұғырында – Абай. Екеуінің де үй ішінде, көпшілік ортасында, далада, шұрай топ алдында, отырған, жүрген, ат үстінде, ойға батқан, ашуға мінген шақтардағы, әр кездердегі шешім қабылдап, билік айтқандағы кескін - келбеті барша бояуымен көз алдыңызға келеді. Бірі – қаттылықтың, зорлық - зомбылықты, екіншісі адамгершіліктің, әділет - мархабаттың бейнесіндей.
Жазушы кейіпкер келбетін сомдау үшін автордың баяндау, персонаждың өткен күндерін еске түсіру, өзіндік сөздік сипаттама, басқалардың берген бағасы, психологиялық саралау, ой ағымы, диалог, монолог, полилог секілді көркем көркемдік құралдарды мейлінше еркін қолданады. Қаһарман оңаша күйде, екеуара, топ ортасында, мәжіліс үстінде, әрекет - күрес басында, қолма - қол шайқаста, бір қуаныш, бір қайғыда, барлық болмысымен толық ашылып, оқырман назарына түседі. Әрбір кейіпкердің мойнына жүктелген көркемдік мақсат, идеялық салмақ бар. Романның басынан аяғына дейін көрініп, характерлік даралығымен толық ашылатын ұлы қаһармандар бір төбе болса, жеке оқиғаларға, эпизодтарға ғана қатысатын кейіпкерлер де бар.
Өмір сахнасына бір буын келіп, өсіп, жетіліп, күресіп, шайқасып, жақсылы - жаманды тіршілік кешіп, мерзімді уақыт өткен соң, ажал тармағына ілінді. Көшті келесі ұрпақ жалғастырады. Тағы да қуаныш, тағы да қайғы. Тағы да талас, тағы да күрес. Сол мәңгілік майданның әлеуметтік психологиялық - философиялық роман беттеріне түскен ақиқаты, шындығы оқырманды эстетикалық ләззатқа бөлеп, сан тарау тебіреністе ойға жетелейді. (жалғасы бар) 

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

М. Әуезов / Абай жолы М. Әуезов / Абай жолы
Қазақ әдебиетінің тарихындағы дала тағдырын мұхит тектес тереңдікпен толғаған «Абай жолы» роман - эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің көпке дейін,
Нұрлан Ноғаев: қазақ қоғамын ұлтсызданудан қорғауымыз керек деп мәлімдеді Нұрлан Ноғаев: қазақ қоғамын ұлтсызданудан
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қазақ қоғамын ұлтсызданудан қорғауымыз керек деп мәлімдеді. Аймақ басшысы бұл туралы облыста өткен республикалық
Туған өлкем Туған өлкем
Көгінде күн нұрын төккен, Жерінде гүл жұпар сепкен. Неткен сұлу, неткен көркем! Осы менің туған өлкем!
Біз, қазақтың екі ақыны, біргеміз Біз, қазақтың екі ақыны, біргеміз
Біз, қазақтың екі ақыны, әрқашанда біргеміз, Түрлі сыпсың сөздерден де, Ызғар шашқан көздерден де, Заман мен заң өзгергенде, Бүлінген жоқ іргеміз.
Ақынды ақын оятпаса, болмайды Ақынды ақын оятпаса, болмайды
Ақынды ақын оятпаса, болмайды, Ақынды ақын таяқтаса, ол - қайғы. Ақынды ақын сүйемесе, болмайды, Ақынды ақын күйелесе, ол - қайғы.
Абай......Айнан Абай......Айнан
Абай......Айнан АБАЙ - қазақ есімі, ел ағасы. Абай есімінің мағынасы әр түрлі: абайлағыш, байқағыш, ойшыл деген түсінігі бар. Бұл есім қазір халық
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×