ойын сауық отауы
Оғыз қаған жайлы миф
23.03.2022 901 0 Admin

Оғыз қаған жайлы миф

Аңыздар
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар
Оғыз қаған жайлы миф
Оғыздар, байырғы түркі руларының одағы, бірінші мыңжылдықтың басынан бастап, негізінен, Сырдария өзенінің сағасында өмір кешкен. Бұл жайында Орхон - Енисей жазуларында, атап айтқанда, Күлтегін туралы поэмада мағлұматтар бар.
ІХ - Х ғасырларда оғыздар мемлекет құрып, астанасы Сырдарияда болды. Бұл қала Жаңакент немесе Жаңа Гузия деп аталды. 965 жылы оғыздар Киев Русімен одақтасып, сонымен бір мезгілде бұл кезде күшейіп алған Хазар қағанатымен соғысады. Бұл шайқаста оғыздар жеңіп шығып, өз ықпалын Каспий теңізінің солтүстік - шығыс жағалауына дейінгі аймаққа жүргізеді. Орыс князьдарымен бірге Еділ бұлғарларына жорыққа аттанып, оларды Еділ мен Кама өзендері аралығындағы шайқаста тас - талқан етеді.
ХІ ғасырда қыпшақтардың қысымымен оғыздар артқа, өздерінің бұрынғы шекараларына қарай шегінеді. Оғыздардың елеулі бөлігі қыпшақ, қарлұқ, қаңлы руларымен және басқа түркі халықтарымен араласып кеткен.
Көне түркі әдебиетінің теңдессіз ескерткіші – «Оғыз - нама» дастанының мазмұнына үңілейік. Кітаптағы мәтіннің басында бұқаның – Оғыздың суреті тұр. Баяндау ежелгі түркілердің, дәлірек айтқанда, ежелгі түркі билеушісі – қағанның ұлы туған бағзы замандардан басталады.
«Ежелгі түркі билеушісі – қағанның ұлы өмірге келді. Бала қара көзі мен қара қасы қиылған сұлу болды, жалпы, елден ерекше сипатта туылды. Нәресте айлап емес, күн санап өсті. Қырық күн дегенде аптал азамат болып, барлық жігіттерді еркін басқарды. Тамақ жегенде үлкен адамды жолда қалдырды, сөз сөйлегендегі мәні ақсақал қарияны таңырқатты. Осы бір ерекше баланың атын әкесі Оғыз деп қойыпты.
Оғыз Көкпен тілдесуді ұнататын. Бір күні оңашада Аспан Құдайы Тәңірмен сырласып отырса, кенет әлем түрлі - түсті бояуға малынып, Күннің нұры, Айдың арайы жерге шашылады. Сол кезде көктен ғажайып сұлу қыз түседі. Шашы тобығына жетеді. Жігіт оны бір көргеннен ғашық болып қалады. Ару қыз Тәңірдің батырға тартқан сыйы болатын. Оғыз қызға ойланбастан үйленеді. Айы - күні жеткенде әйелі үш ұл табады. Тұңғышына Күн, ортаншысына Ай, кенжесіне Жұлдыз деп ат қояды.
Оғыз аңға шығып жүреді. Бір күні ол ағаштың қуысынан ай мен күндей сұлуды көреді. Оғыз оған да ғашық болып қалады. Ақыры тілегіне жетіп, біраз уақыт өткен соң әлгі қыз оның екінші әйелі болады. Бұл әйелінен Көк, Тау және Теңіз есімді балалары дүниеге келеді.
Күн өткен сайын Оғыздың даңқы жалпақ жаһанға жайыла береді. Шығыс қағаны – Алтын Оғыздың асқан даңқын естіп, керуенмен елшілерін аттандырады. Қыруар алтын - күміс, жақұт, інжу - маржан тарту етіп, құзырына бас иеді. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір, Оғыздың көңіліне желік бітіп, көрші елдердің бәрін өзіне бағындыруға бел буады. Айтты – бітті. Қалың қолмен Оғыз жорыққа шығады. Қырық күн жол жүріп, Мұзтау деген таудың етегіне жетеді. Әдеттегі дағдысымен Оғыз екі қолын көккке жайып Тәңірге жалбарынады. Сол сәтінде оған аспаннан көк түкті, қою жолды бір арлан бөрі түседі. Бөрі тіл қатып: «Ей, Оғыз қаған, мен саған жол бастайын. Соңымнан ер!» - дейді.
Бірнеше күннен кейін алдына көк бөріні салған Оғыз бен оның әскері Еділ дариясына жетеді. Сол арада Оғыздың әскері жаумен шайқасады. Сұрапыл соғыс болып, төңірек түгел қанға боялады. Алғашқы жеңіс қымбатқа түседі.
Арлан бөрі тағы да алға шығып, шеріктерді бастай жөнеледі. Оғыз қаған соңынан ереді. Бір күні олар Синд жеріне табан тигізеді. Мұнда да қырғын шайқас болып, жас көсем екінші жеңісін тойлайды. Синд жері бұған бағынып, бас иеді. Оғыз қағанның уәзірі – Ұлық Түркі деген ақ сақалды қарт бар еді. Сол кісі бір күні түс көреді. Түсіне, кемпірқосақ сияқты, күншығыстан күнбатысқа қарай иіле тартылған алтын садақ және қасында ұшы терістікке қарап жатқан үш күміс оқ кіреді. Уәзір көргенін Оғызға айтып береді. «Ей, Оғыз қағаным! Тәңірім саған кең байтақ ел, Ұлы мемлекет сыйлайды. Ештеңеден қорықпа, ештеңеден тартынба! Жер бетінде саған бағынбайтын, сенің алдыңда басын имейтін мемлекет жоқ», - дейді. Оғыз қартты бар зейінімен тыңдайды.
Ерте ме, кеш пе, Тәңір хабар жіберіп, не істеу керектігін айтатынын ол өзі де білетін. Ертеңіне балаларын шақырып алып: «Ей, ұлдарым! Қартайып, қайратым кеміген сияқты. Көзім бұлдырайды. Тізем дірілдейді. Жағым түсіп, кемиек болдым. Аң аулауды көңілім сүюші еді, бірақ ендігі кезек сендердікі. Күн, Ай, Жұлдыз, үшеуің күншығысқа барыңдар. Көк, Тау, Теңіз, үшеуің күнбатысқа барыңдар», - дейді.
Күншығысқа аттанған Күн, Ай, Жұлдыз көп құс - аң аулайды. Қайтар жолда бір алтын садақ тауып алып, олжаны әкелеріне әкеліп береді. Оғыз қаған алтын садақты үш бөлікке тең бөліп сындырады да: «Ей, менің үлкен ұлдарым! Осы садақ сияқты, мықты және мерген болыңдар!» - дейді.
Батысқа кеткен Көк, Тау, 1теңіз де көп аң - құс аулайды. Қайтып келе жатып үш күміс оқ тауып алады. Бұған қуанған Оғыз қаған оқтарды үшеуіне бөліп беріп: «Ей, кенже ұлдарым! Бұл оқтар сендердікі болсын. Сендер де оқ сияқты кезеулі тұрыңдар!» - дейді.
Сонан соң Оғыз қаған зор құрылтай шақырады. Жаулап алған жерлерін ұлдарына бөліп беріп, мынадай баталы сөздер айтады:
«Ей, менің қайратты, қайсар ұлдарым! Мен көп өмір өткіздім, қиындығын да көрдім, жемісін де жедім. Көп шайқастарда жауларымды табаныма салдым. Айғыр мініп, бел астым. Жауларымды жылаттым, олар маған жау болғанына өкінді. Достарымды қуанттым, олар маған дос болғанына сүйінді. Бар ғаламды жаратушы, Тәңір борышын өтедім. Артымда көп ізгілікті іс қалдырдым. Енді жұртымды сендерге тапсырдым», - дейді.

жиған - терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Тарихи түптөркін: Арал қаласы, Арал теңізі Тарихи түптөркін: Арал қаласы, Арал теңізі
Арал – Қызылорда облысы, Арал ауданының орталығы, 1938 жылдан облысқа бағынышты қала. Қала аты Арал теңізі атынан қойылған. Арал теңізі – Өзбекстан
Тарихи түптөркін: Ақсүмбе, Ақтау, Ақтоғай, Ақтөбе, Ақшағат Тарихи түптөркін: Ақсүмбе, Ақтау, Ақтоғай,
Ақтау – қала. 1964 жылдан Шевченко аталып келді де, 1992 жылдан тарихи әділдік жеңіп, қайтадан Ақтау аталды. Маңғыстау облысының орталығы. Каспий
Шұғылалы шартарап: Анталия қаласы Шұғылалы шартарап: Анталия қаласы
Бастапқыда қала Аталия деп аталды, өйткені оның негізін қалаушы Пергамон билеушісі Атал 2 болды.
Ежелгі түркілердің мифтері Ежелгі түркілердің мифтері
Біздің дәуірімізге дейінгі 46 жылы ғұн (хун) империясы Солтүстік және Оңтүстік болып екіге бөлінді. Сол уақыттан бастап ол ыдырап, әлсірей берді,
«Аң мәнері» туралы мифология «Аң мәнері» туралы мифология
Ежелгі мәдениетті зерттеу, көне түркі мәтіндерін тәржімелеу, ежелгі түркілердің мифологиясын еуропалық үлгілермен салыстыра зерделеу барысында Жер
Әлемдік топан су қаптауы жайындағы аңыз Әлемдік топан су қаптауы жайындағы аңыз
Әлемдік топан су қаптауы жайындағы аңыз Жер бетіндегі барлық халықтарда бар. Солардың бірінде тақуалығы ескеріліп, Құдай тарапынан белгі алған Нұх
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×