ойын сауық отауы
Темір адам жайлы миф
25.04.2022 536 0 Admin

Темір адам жайлы миф

Аңыздар
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар
Темір адам жайлы миф
Көшпелілер темір кенін өте ерте замандарда өндіре бастаған. Бұл олардың дүниені түйсінуіне әсерін тигізді. Топырақты қопарыстырған кезде адам тікелей жерасты патшалығына баса - көктеп кірді. Сол себептен де ежелгі металл өндірушілер мен ұсталар Төменгі әлемнің жын - перілерімен тілдеседі деп есептелген. Сібір түркілерінің нанымдары бойынша Жерасты елдерінің қожайыны Еркілік ханның өзі тұңғыш ұста болған. Тіпті, оның ұлдарының аттары да металға қатысты қойылған: Темірхан, Шойын Қара, Жалпақ Темір Жауырынды. Олардың үйлері мен сарайлары, арбалары мен күймелері темірден соғылған.
Жерасты патшалығының билеушісі Темір ханның есімі қазақтың мифологиялық ертегілерінде әлденеше рет кездеседі. «Ер Төстік» ертігісінде жерасты патшалығының ханы Темір Ер Төстік пен оның жолдастарын алдап - сулап қарсы алып, темір үйде ұйықтауға жатқызады, содан соң үйді айналдыра лаулатып от жағып, олардың көзін жоймақшы болады.
«Күн астындағы Күнікей қыз» және «Тотан батыр» ертегілерінде Күнікей сұлудың әкесінің аты да – Темір. Күнікейдің өзі жерасты патшалығында тұрады.
Осындай кеңінен танымал кейіпкердің бірі – жер асты дәуі Шойынқұлақ («Ер Төстік» ертігісі). Әртүрлі ертегілерде және сақараның бақсы - тәуіптерінің сарнау жырларында Шойынқұлақ қолдаушы жын ретінде шақырылады. Қазақ бақсылары мен шамандары зікір салған кездерінде:
Сол - сол, сол - сол, сол жатыр,
Жағасында соның қол жатыр.
Сонша қолдың ішінде
Шойынқұлақ деген дәу жатыр, -
деп сарнайды.
«Ер Төстік» ертегісінде Шойынқұлақтың жаны оның темір денесінен бөлек сақталатындығы айтылады. Жан – балапанда, балапан – жұрт көзінен жасырын сандықта, сандық – қайқы қара еліктің ішінде. Ежелгі түркілер адамдардың жанын құстарға, балапандарға жасырып қоюға болады деп есептеген.
Алтай мифтеріндегі Шойын қара мен Шойынқұлақ – жалпы түркі халықтарына ортақ мифологиялық бейнелер.
Алайда, олардың ішіндегі ең үрейлі, жеккөрініштілері – металл өндіруге және өңдеуге байланысты жындар – жезтырнақтар. Қазақ ертегілерінде олар, әдетте, әйел болып келеді. Еркек жыныстылары тек бірен - саран ертегілерде ғана бой көрсетеді. Жезтырнақтар өздерінің өткір металл тырнақтарын қару етіп жұмсайды. Кейде осы тырнақтарымен кісінің қарнын жарып, денесін паршалап, өлтіріп те тастайды.
Жезтырнақтар – адам жегіштер, сондықтан, оларды адамды тұтасымен жұтып жіберетін мақұлық, яғни жалмауыз деп атайды («Мерген және оның ұлы» ертегісі). Кейде олардың қақ маңдайында жалғыз көздері болады («Аламан мен Жоламан», «Жайық пен Еділ» ертегілері). Жезтырнақтардың киімдері басынан аяғына дейін теңгелермен, моншақтармен, алтын және күміс түймелермен, жапсырма - ілгектермен әшекейленеді. Металл әшекейлер шаштарына қоса өріледі. Олар жүргенде осының бәрі сыңғырлап, тіпті қаңғырлап кетеді («Боран есімді батыр», «Шора батыр» және басқа ертегілер).
Адамдар сияқты, әйел жезтырнақтардың әкелері, күцеулері болады. Олар бала тауып, ұрпақ өрбітеді. Еркек жезтырнақтардың кейбіреулері жалғыз көзді немесе көздері төбелерінде болуы мүмкін («Құйттай ұлдың саяхаты», «Шора батыр» ертегілері). Кейбіреулерінің жеті басы болады («Батыр мен бала» ертегісі).
Жезтырнақ, жалмауыз, дәу, дию, Төбе көз – осы мифтік және ертегілік кейіпкерлердің барлығы аттары әртүрлі болғанымен, темір ғасырда туындаған бір ғана жын - пері, жауыздарды бейнелейді. Жезтырнақтар мен алып дәулер, әдетте, апандар мен үңгірлерде, яғни жерасты патшалығында тұрады. Қыздарды ұрлап әкетіп, жер астында күңдікке салады. Үңгірлерде олардың қисапсыз қазынабайлықтары жасырылған.
Ертегілерде батырлар, құралайды көзге атқан мергендер жезтырнақтармен және жалғыз көзді дәулермен жекпе - жекке шығып, оларды садақпен, мылтықпен атып өлтіреді, дуалы семсермен жайратады («Мамай батырдың арманы», «Батыр мен бала» ертегілері).
Дәу (дию) – бағзы замандардағы түркі, иран, араб мифтерінде кең таралған ертегілік кейіпкер. Дәулердің бастарында мүйіз өседі. Сондай - ақ олар түр - түсімен де ерекшеленеді: соған қарай Қара дәу, Қызыл дәу, Ақ дәу болып бөлінеді. Әдетте, әйел - дәулердің бойлары еркектеріне қарағанда аласарақ келеді.
Осынау мифтік мақұлықтардың кейбірінің құйрықтары болады. Көне түркілік мифтік мақұлықтарға біресе тырнақ, біресе азу, біресе құйрық пен мүйіз, тұяқ жалғап, денелеріне жүн қаптатып, еуропалық сипаттарға жақындаймыз. Мифтік мақұлықтардың барлығының сурет, кескіндері жартастарда бағзы адамдар мен жануарлардың сұлбаларымен қатар тұрады.
Кейінірек ислам мифологиясынан қазақ фольклорына құты мен құмырадан, шамнан шыққан жын келді. Дәулердің (жезтырнақтардың) және сол сияқтылардың қасиеттерін түгел бойына жиған бұл мифтік бейне зәрдәштан (зороастра) тамыр тартады. Өйткені, ол өлгендерді отқа өртеу жорасымен байланысты. Өртегеннен кейін қалған күлді құмыраға салып, оны мықтап тығындап тастаған. Аузын ашса, жын сыртқа шығып кетеді деп сенген.
Бір қызық нәрсе, ежелгі түркілердің тас бедерлерінде дәулер өгіздермен бірге бейнеленген. Бұл тосын жағдай, себебі, жер асты және жер үсті әлемдерінің өкілдері қатар тұруға тиіс емес.
Айталық, көе үнді мифологиясында зұлым сайтан Махиша өлген бұқаның денесінен шығып жатқан түрінде бейнеленген. Монғол мифтерінде өлілер патшасы Яманың икондарда қара бұқаға мініп келе жатқаны кескінделген. (Осынау зұлымдық сайтандары мен патшаларының өз мойындарына адамның бас сүйектерінен алқа тағатын әдеттері бар. Оларға қарағанда жезтырнақтардың мойындарына тек металл заттар мен моншақтардан жасалған алқа таққан, аяқ - қолдарында жүзік, білезіктер болғаг).
Ежелгі алтайлық мифтерде жер асты әлемінің әміршісі Еркілі те қара өгізге мініп жүретіні суреттелген.
Осылардың бәріне өгіз не үшін керек болған? Рәміз белгілерінде мүйізді, құйрықты, тұяқты пайдалану үшін бе?
Дұрысында, өгіздер металл тасуға неғұрлым қолайлы көлік екені сөзсіз. Өгіз жегілген арбалармен ежелгі түркілер темір кенін балқыту пештеріне, ал одан дайын темірді – ұсталар мен басқа қолөнершілердің шеберханаларына тасыған. Жылқылардың дәл осылардай темір тасуға шамасы жетпегендіктен, өгіздер темір және басқа металдарға байланысты мифтер мен ертегілердің басты кейіпкерлеріне айналды.
Орыс ертегілеріндегі Кощейдің қиял - ғажайып бейнесі өзінің қасиеті жағынан жезтырнақтарға жақын. Ол жұрттан аулақ, шалғай түкпірде тұрады. Кощей адамдарға жамандық жасайды, жас сұлу қыздарды ұрлап, оларды қапаста ұстайды. Оның жаны өзінен алыста, емен басындағы сандықта сақталған. Сол сандықтың ішінде – үйрек, үйректің ішінде – жұмыртқа, жұмыртқаның ішінде – ине бар. Егер осы инені сындырса, ажалсыз Кощей өледі. Қазақ ертегілеріндегі жезтырнақтар, дию - дәулер және басқа, түрлі жын - шайтандар осындай қасиетке ие. Кощей – жер астындағы байлықтың қожасы. Оның ажалсыз атануының өзі жанының денесінен бөлек тұруымен және оны табудың қиындығымен байланысты. Кощей бейнесі көне түркі ертегілері мен мифтерінен славян ертегілеріне тым әріде, бағзыда ауысқан тәрізді. Мұның ешкімге ұқсамайтын, өз алдына жеке кейіпкер емес, кірме бейне екендігін қазақ мифтері мен ертегілерінде осы аттас жер асты мақұлықтары ұшырасатындығы да айқындай түседі. Мысалы, «Ер Төстік» ертігісінде жерасты әлемінің ханы Темірмен қатар Кеще ханның аты аталады. Алтай халықтарының мифтерінде Кочо ханның есімі кездеседі.
Орыс ертегілеріндегі Кощей де патша, оның да сарайы темірден соғылған. Кощей бейнесінің сыртқы және ішкі белгілері көп жағдайда оның жерасты патшалығы туралы, Төменгі әлем туралы көне түркі ертегілерінің кейіпкері бола алатындығын паш етеді.

жиған - терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Шыңғыс хан туралы Шыңғыс хан туралы
Шыңғыс хан – көптеген түркі - монғол халықтарының мифологиялық қаһарманы. Оның бейнесі ақиқат тарихи тұлғадан, ХІІ ғасырдағы қолбасшы, монғол
Тіршіліктің соңын немесе ақыр заманды болжау Тіршіліктің соңын немесе ақыр заманды болжау
Адамзат өмірінің тарихы ұзаққа созылған сайын дүние күнәға батып, жамандық қанат жая түседі. Пенделерінің күнәсі батпаңдап көбейгендіктен қасиетті
Тұлпар - Пегас туралы миф Тұлпар - Пегас туралы миф
Көшпелі халықтар байырғы замандардан бері өздерінің сенімдіәм адал серіктері – аттарды киелі жануар деп есептеп, оларды қисапсыз көп бейнелеген.
Ақсақ Темір мен түрік әміршісі Баязит туралы Ақсақ Темір мен түрік әміршісі Баязит туралы
Ертеде Ақсақ Темір түрік әміршісі Баязитті жеңіп, оны тұтқынға алыпты дейді. Сол Баязитті Ақсақ Темірдің алдын алып келсе, оның денесі бір жағына
Шатыр Шатыр
Темір жол бойы бағана, Сымында көктем құстары. Жып – жылы қазір далада, Дала да үйдей қыстағы.
Жол әсері Жол әсері
Даланы байтақ қарашы, Жолына темір төсеген Жайқалған жас тал жағасы, Жүргендей болдық көшемен.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×