ойын сауық отауы
Тіл тарихы: Барлық тіл тең дәрежелі ме?
11.10.2023 268 0 Admin

Тіл тарихы: Барлық тіл тең дәрежелі ме?

Аңыздар
Тіл тарихы: Барлық тіл тең дәрежелі ме?
Грек тілінің беделі жоғары, тұғыры биік болған дейміз. Сонда оның мәртебесі жүздеген жылдар бұрын қолданыста болған тілдерден де жоғары болды ма? Егер солай болса, қаншалықты жоғары еді және ол қандай жолмен дамыды? Тілдер өзгерумен қатар жетіле ала ма? Оларды саралаудың қандай да бір тәртібі бар ма? Егер бар болса, не нәрсеге негізделген?
Бұл жаңалық емес. Адамдар ежелден тілдердің құндылығы салыстырмалы деп ойлайды. ХХ ғасырға дейін адамдардың басым көпшілігі саралау критерийлерінің әртүрлі болғанына қарамастан, мұндай тәртіпті қалыпты құбылыс деп есептеді. Кейбірі жоғары бағаланатын әдебиет пен бай сөздік қорын нұсқады. Өзгелер тілдің мықты империямен байланысты болуын және ол тілде көптеген адамдардың сөйлеуін анағұрлым маңызды санады. Бұл сауал ұзақ уақыт бойы дін тұрғысынан қарастырылып келді және пікірталастар Бабылда (Вавилонда) тілдер бір - бірімен араласып кетпей тұрғанға дейін қолданыста болған түпнұсқа тілдің негізінде өткізілді. Бұл ретте иврит тілі көп дауыс жинады (бірақ барлық жағынан емес).
Бұдан кей тілдердің мәдениеті биік, ал енді бірі жабайы және қарабайыр деген қорытынды туды. ХІХ ғасырда, яғни отарлау дәуірінде еуропалықтарда осындай көзқарас үстем болды. Англия және Франция сияқты отарлаушы елдердің тілдері жоғары деңгейде дамыған деп есептелсе, отар елдердің жергілікті тұрғындары қолданған тілдер көбіне қарабайыр саналды.
ХХ ғасырдың басында көптеген лингвистер мен басқа да ғалымдар мұның тілдік жүйеге қайшы екенін алға тартып, айтылған пікірлерді жоққа шығарды. Солардың бірі – атақты антролог Франц Боас. «Қарапайым» адамдар (Солтүстік Америкадағы үндістер, Оңтүстік Америкадағы бушмеен тайпасы, Австралиядағы аборигендер) қолданатын тілдер мүлде қарабайыр болмай шықты.
Олардың синтаксисі, морфологиясы және дыбыстық жүйелері еуропалық «дамыған» тілдерге қарағанда, күрделірек болуы мүмкін. Ал тың ойды сөзбен жеткізу мен жаңа ұғымдар қалыптастыру – барлық тілге тән қасиет. Жаңа ойлар мен жүрек қылын шертетін нәзік сезімдерді айтып жеткізуге икемсіз тіл болмайды. Барлық тілді барлық мақсатта қолдануға болады. Бірақ тілдің грамматикалық ерекшеліктеріне байланысты кей сөздер айтылып, кей сөздер айтылмауы мүмкін. Әр тіл тіршілікті әртүрлі ұғымдар арқылы әр басқа жолмен бейнелейді. Сондықтан бір тілде айтқан ойды өзге тілде де тура солай жеткізу әрдайым мүмкін бола бермейді. Дсек те «грек, қытай немесе ағылшын тілдерінде басқа ешбір тілде жоқ, соларға ғана тән қасиет бар, терең ойларды тек солар ғана жеткізе алады, ал басқа тілдер оған дәрменсіз» деген идеяны дәлелдейтін еш айғақ жоқ.
Қазіргі лингвистер әдетте «барлық тіл бірдей құндылыққа ие» деген көзқарасты ұстанады. «Адамдардың бәрі бірдей» деген ұстанымға сенетін болсақ, ақылға қонымды жалғыз пікір – осы. Әрбір тіл – белгілі бір халықтың ана тілі. Ал кез келген адам үшін ана тілі – оның жеке тұлғалық келбетінің маңызды бөлігі. Сондықтан бір тілді басқалардан жоғары қою қандай да бір адамдарды кемсітумен тең. Әр ұлт өзінің тілін жоғары бағалап, өзгелердің оған құрметпен қарауын талап етеді. Алайда барша адамзат бірдей құнды болғанымен, әр адамның қарым - қабілеті, таланты, тағдыры да әртүрлі. Тілдерде де солай. Платон мен конфуций кез келген өзге тілде ой айтуы мүмкін еді, бірақ тағдырдың қалауымен олар грек және қытай тілдерінде сөйледі. Кез келген тілді кеңейтіп, дамытып, әмбебап құралға айналдыруға болады. Сондай - ақ жағдайы онша болмаса, кез келген тіл өз қызметін орындай алмай, қолданылу аясы шектеліп, күрделі ойларды жеткізе алмай дәрменсіз болып қалуы мүмкін.
Тіл – бірегей құбылыс. Әр тіл басқа тілдердің бәрімен тең дәрежеде қарастырылуға тиіс. Алайда тілдер барлық ойды ұғынықты жеткізе алмайды. Олао тұтастай тілдік қызметті атқару және бүкіл ойды жеткізу әлеуетіне ие, бірақ оны тілдердің бәрі бірдей ойдағыдай атқара бермейді. Тілдер барлығына шамасы жете бермейтін адамдар сияқты.
Белгілі бір тілдегі адамдардың тұрмыс - тіршілігіне қажет сөздер деп айтылған болатын. Белгілі бір тілде пайда болған сөздер өзге тілдерге таралғанда, өзге ортаға сөздермен бірге ол мәдениеттің элементтері де ауысып келеді. Олардың мағынасы да, формасы да көбінесе өзгеріске ұшырап жатады. Бұған грек тіліндегі сөздер мысал болады. Сөздердің бір тілден екінші тілге енуі loanwords (кірме сөздер) деген терминмен анықталады. Негізі, бұл атау адасушылыққа әкеп соғады. Сөздер өзінің иесіне ешқашан қайтып келмейді. Өзге тілге ену процесі аяқталғаннан кейін, олар жаңа тіл мен жаңа мәдениеттің бейімделген бөлшегіне айналады.
Бұл жақсы құбылыс па? Пікірлер әртүрлі. Адамдардың басым бөлігі «өз ана тілі мен мәдениеті сыртқы әсерлерден барынша қорғалуы тиіс» деп ойлайды. Бұл пікір орынды да. Себебі әр тіл – белгілі бір ұлттың дара жетістігі. Егер ол басқа тілдің қасиеттерін өзіне сіңіріп алса, соған ұқсай бастайды, өзіндік қасиетін жоғалтып, бірегей болудан қалады.
Зерделесек, бұл – негізсіз пікір. Қандай да бір тілге жаңа сөз енгенде, сол тілдің сөздік қоры байи түседі, әрі оның функционалдығы артады. Егер ол дәл сондай мағына беретін ескі сөздің орнын басса, тілге ешқандай пайда келмейді. Бірақ мұндай жағдай сирек кездеседі. Әдетте жаңа сөздер тілдің қызметін жақсарта түседі.
Тілдердің бәрі шексіз мүмкіндікке ие. Алайда кей тілдер өздерінің сөздік қоры (идиомалар мен сөз тіркестерін қоса алғанда) арқылы ойды жеткізудің артықшылықтарын пайдаланады. Олар сөздер мен сөз тіркестерінің кіруіне кедергі жасамай, қайта мүмкіндік туындатады. Осылайша тілдердің сөздік қоры айтарлықтай байып отырады. Ал грек тілі белгілі бір деңгейде «донор» қызметін атқарып, өзге тілдердің дамуына жол ашты.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Тіл тарихы: Грек тілінің жаратылысы Тіл тарихы: Грек тілінің жаратылысы
Ақын, философ және ғалымдардың қолдануына байлданысты грек тілі көп өзгеріске түсті. Бұған дейін болмаған жаңа сөздер, сөз тіркестері және сөйлемдер
Он екі мың жыл бұрын қанша тіл болған? Он екі мың жыл бұрын қанша тіл болған?
Хойсан тобына он тіл кіре ме, жиырма тіл кіре ме, австралиялық тілдер 250 ме, 700 бе? Бұл жөнінде ұзақ айтысуға болады, неше түрлі тіл көп екені ғана
Тіл тарихы: Тіл не себепті пайда болды? Тіл тарихы: Тіл не себепті пайда болды?
Тілдер қалай пайда болды деген сұрақ туындайды, ал бұл қисыны қиын мәселе. Адамзат тілі – өзара байланыстың ең жақсы дамыған және ең бейімделгіш
Қырық мың жыл бұрын ба, екі миллион жыл бұрын ба? Қырық мың жыл бұрын ба, екі миллион жыл бұрын ба?
Ақиқатында, археология бізге әртүрлі кезеңдерде қолданылған тастан және сүйектен жасалған құралдар туралы мәлімет береді. Мүсін, гравюра және
Тілдік топтар қалай қалыптасты? Тілдік топтар қалай қалыптасты?
Үндіеуропа және банту тілдері туралы аз айтылмады. Екі жағдайда да бірнеше мың жыл бұрын әлемнің едәуір бөлігінде бір тіл тобы үстемдік құрды.
Ол кездегі тілдер қазіргі тілдерге ұқсас болды ма? Ол кездегі тілдер қазіргі тілдерге ұқсас болды ма?
Терімшілер мен аңшылар қоғамындағы тілдер туралы бірінші және ең маңызды айта кететін нәрсе – ол тілдердің де басқа тілдердей екені. ХІХ ғасыр
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×