ойын сауық отауы
Тіл тарихы: Гректерден үйрену
05.02.2024 375 0 Admin

Тіл тарихы: Гректерден үйрену

Аңыздар
Тіл тарихы: Гректерден үйрену
Грек тілінің бай әрі даңқты тарихы талай сыннан өтті. Алғашында грек тілі Грекия аумағында қолданылды. Кейін Жерорта теңізінің шығысындағы мемлекеттердің реси тілі атанды, сол қызметті мыңдаған жылдар бойы атқарды. Бір кездері көптеген аймақ жойылып кетті. Бірнеше ғасыр бойы негізгі тілдің көлеңкесінде қалып, қарапайым шаруалар ғана қолданатын тілге айналды. Бірақ уақыт өте келе, қайта жанданды. Бүгінде ол осыдан үш мың жыл бұрын өзінің түп - тамыры пайда болған аймақта ресми тіл болып саналады. Бұл жағдай тілдер тарихының ерекшеліктерін айқындайды. Ал әрі қарай қандай өзгерістерге ұшырайтыны белгісіз. Егер б. з. д. 400 жылы әлдебіреу грек тілінің жүз жылдан кейін дүниежүзінің сол кездегі аты мен заты белгілі жарты бөлігінің ресми тіліне айналатынын болжаса, ол есі дұрыс емес адам саналған болар еді.
Әйтсе де жағдай осылай болды. Бұдан байқайтынымыз, тілдердің тағдыры мемлекеттердің тағдырына ұқсас болады екен. Диалектілердің қалай дамығанына да тоқтала кеткеніміз жөн. Тілдің ауқымды аймағында вариациялық формалар қатар жүреді. Олардың әсерінен диалектілер пайда болады. Герман тобындағы қазіргі түрлі тілдер негізгі тілдің бір - бірінен алшақтап, уақыт өте келе, диалектілерге бөлінуі арқылы пайда болған.
Мұндай мысалдар жетерлік. Әсіресе үндіеуропалық тілдер тобынан айқын байқалады. Кейде ол қалыпты немесе болмай қалмайтын процесс ретінде қарастырылады. Алайда грек тілі тарихынан олай емес екенін байқаймыз. Ежелде, дәлірек айтсақ, екі мың жыладн астам уақыт бұрын бір - бірінен айырмашылығы айқын, өзіндік жазуы бар бірнеше грек диалектісі болды. Бірақ олар бөлініп, жеке тіл ретінде дамымады, жағдай мүлде басқа сипат алды. Сөйлеу мен жазудың ортақ формасы қалыптасып, таныла түсті; нәтижесінде өзге диалектілерді түгел ысырып тастады. Олардың ауызша және жазба формалары жойылып кетті. Қазіргі грек тілінде де диалектілер бар. Бірақ олар koine деп аталатын ортақ формадан дамыды және оның ежелгі эолик, дорик т. б. диалектілерге ешқандай қатысы жоқ.
Бірақ мына бір қызық жағдайды айта кетпесек болмайды. Пелопоннестің бірқатар ауылында тұрғындар өзге гректер түсінбейтін цакониан тілінде сөйлейді. Бұл тіл ежелгі дорик диалектісінен тараса керек. Бұдан ежелгі диалектілердің тұрақтап қалған жағдайда бөлек бір тілге айнала алатынын байқаймыз. Алпауыт империялар тілдің доминант формасын қалданғандықтан, өзге диалектілер жойылып кетті.
Бұдан тілдер диалектілерге бөлініп, жаңа тілдерге айналуы тиіс деген заң жоқ екенін түсінеміз. Егер адамдар жан - жаққа тарап, саяси біртұтастық болмаса, арада біраз уақыт өткеннен кейін, бөліну процесі басталады. Ал егер ортақ мемлекет болып, тілдің белгілі бір түрі дәріптелсе, өзге диалектілер әлсіреп, жойылып кетуі ықтимал. Яғни тілдік жүйедегі өзгерістер тілді қолдану кезінде болатын өзгерістерге тәуелді емес. Негізі, тілдік жүйеде болатын өзгерістер саяси және әлеуметті жағдайларға байланысты.
Ортақ жазу тілі диалектілік айырмашылықтардың азаюына септігін тигізеді, әсіресе әлеуетті елдің жоғарғы билігі қолдау көрсетсе, ол жылдамдай түседі. Грек тіліне қатысты мысалдар – тілдің мыңдаған жылдар бойы бөлінбей, белгілі бір аймақта тұрақтай алатынының айқын дәлелі. Мысырдағы жағдайдың да осыған ұқсас тұстары бар. Бірақ біз Грекиядағы диалект жағдайы туралы көбірек білеміз. Соған қарап, белгілі бір қорытынды жасай аламыз. Кафаревуса мен димотики жазу нұсқаларының арасында болған қақтығыстардан тілдің белгілі бір деңгейде саясатпен де байланысты екенін байқаймыз. Архаикалық және консервативті жазу формасы ауызша тілге жақын қазіргі грек тіліне қарсы қойылды. Қай формаға таңдау түсетіні тілдің артықшылықтарына түк те байланысты емес. Ол көбінесе адамның өзге салалардағы сақтау мен инновацияларға деген ұстанымына байланысты. Лингвистикалық консерватизм мен саяси консерватизм үнемі бір - біріне сәйкес келе бермейді. Бірақ Грекияда екеуі де тең дәрежеде және оған бірнеше мысал келтіруге болады.
Дегенмен грек тіліне қатысты ең маңызды факт – оның грек мәдениетінің көрсеткіші болуы. Батыс мәдениетінің түпнегізі болып саналатын ойлар мен идеялар ежелгі грек мәдениетінен бастау алған. Гректер эпос пен драма сияқты әдеби жанрдың бірнеше түрін ойлап тапты. Ал шығармалардың грек тілінде жазылғаны айтпаса да түсінікті. Бұл тілдің жазба формасы бай лексикасы мен алуан түрлі мәтіннің арқасында адам іс - әрекетіне арналған әмбебап және пайдалы құралға айналды.
Македониялықтардың грек тілін империяның ресми тілі ретінде таңдауының басты себебі – осы. Ежелден гректермен аралас - құралас болған римдіктер империяның шығысындағы елдерде грек тілін ресми тіл ретінде қалдырды. Грек тілінің беделі мәдениеттің дамуында маңызды рөл атқарғандықтан жоғары болды. Биліктегілер онымен бәсекеге түсе алатын ештеңе ұсына алмады, қайта оны өңдеп, өз мүдделеріне пайдаланды. Кейінірек христиан дініне қатысты маңызды жазбалардың тілі болуына байланысты бұл тілдің мәртебесі одан сайын жоғарылай түсті.
Бірнеше империяның құрылуы мен құлауын бастан өткерген грек тілі өзінің тағдырындағы мәдени мәртебесін қандай жағдайда да жоғалтпады. Бұл – тілдің саяси күштен асып түскенін көрсететін, сирек кездесетін жағдай.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Тіл тарихы: Жаңа грек тілі Тіл тарихы: Жаңа грек тілі
Константинополь қаласы жаулап алынғанмен, грек тілінің тарихы аяқталған жоқ. Грекия Осман империясының құрамында болған жылдары, яғни XV ғасырдан
Тіл тарихы: Грек алфавиті және диалект Тіл тарихы: Грек алфавиті және диалект
Сапфо өлеңдерін Лесбос аралына тән эолик диалектісінде, ал Платон Афина қаласында тұрған жылдары аттик диалектісінде жазды.
Тіл тарихы: Барлық тіл тең дәрежелі ме? Тіл тарихы: Барлық тіл тең дәрежелі ме?
Грек тілінің беделі жоғары, тұғыры биік болған дейміз. Сонда оның мәртебесі жүздеген жылдар бұрын қолданыста болған тілдерден де жоғары болды ма?
Тіл тарихы: Грек тілінің жаратылысы Тіл тарихы: Грек тілінің жаратылысы
Ақын, философ және ғалымдардың қолдануына байлданысты грек тілі көп өзгеріске түсті. Бұған дейін болмаған жаңа сөздер, сөз тіркестері және сөйлемдер
Тіл тарихы: Өзге тілдерді жұтып қою Тіл тарихы: Өзге тілдерді жұтып қою
Алғашқы император үлкен әрі халық тығыз қоныстанған ауданды басқарды, бірақ ол бүгінгі Қытайдан анағұрлым кішкентай еді. Жалпақ тілмен айтқанда, Цинь
Тіл тарихы: Иероглифтер Тіл тарихы: Иероглифтер
Сына жазуларына интерпретация жасау оңай болмаған, өйткені кей символдар өз бейнесінің мағынасын, кейбірі сөздің дыбыстық бейнесін беруі мүмкін.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×