ойын сауық отауы
Халық күнтізбесі: Мүшелдің жалпы сипаты
22.10.2021 1 132 0 Admin

Халық күнтізбесі: Мүшелдің жалпы сипаты

Бұл қызықты
Халық күнтізбесі: Мүшелдің жалпы сипаты
Алтын Орда мемлекеті ыдырап, Қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі ғасырларда мүшел жылдары, ежелгі түркілердегідей күн мен түннің жазғытұрғы теңелуі кезінен – наурыздан басталып отырған. Наурыздың жыл басы екендігі халық санасына сіңіп кеткен. Бұл жайтты өлең - жырлардан да айқын көруге болады. «1923 жылдың қазақ күнтізбесінде»: «Ит жылы бітіп, доңыз жылының басталуы 22 март» деп, атап көрсетілген. Оны жазған кісілер жай айта салмаған, өздерінен бұрынғы деректерді пайдаланған.
Мүшел жылдары ақындардың айтыстарында да жиі ұшырап отырады. Айталық, ақсұлу Орысқызымен (ХІХ ғасырдың аяғы) айтысында Кеншімбай Қабанұлы (1865 - 1925) былай дейді:
Сиыр жыл Сырдан шығып, бардым Орға,
Хат жаздым темір қалам алып қолға,
Жағалбайлы елінде бар екен деп
Есіттім ақын қыздың даңқын сонда.
..........................................................
Елімнен кісі өлтіріп шыққаным жоқ,
Бұл жаққа келіп едім ақ іспенен.
Екі жылы елдеріңде мейман болдым,
Кешегі өткен сиыр барыспенен.
Керей Намаз ақын (ол жөнінде әзір нақты мағлұмат жоқ) Құлтума Сармұратовпен (1830 - 1915) айтысында:
Еліңді зар еңіреткен ұлу, қоян,
Сенің құрып қалғаның Тәңірге аян.
Ішер тамақ, киерге киім таппай,
Бала - шағаң жеп өскен бақа - шаян, -
дейді. Мұнда 1891 - 1892 жылдардағы жұт айтылады. Бұл жұт Майлықожа Сұлтанқожаұлының (1835 - 1898) өлеңдерінде де айтылған:
қоян жылы жаумады көктен жаңбыр,
қабағы шаруалардың болды салбыр.
Қысты күні болғанда қар тынбады,
Хайуанға өлім жетті аштан әрбір.
Доскеймен айтысында Үкілі Ыбырай былай дейді:
Әрбір айтқан өлеңім халқыма аян,
Сараңдарға біткен мал – шаққан шаян.
Байды сабап, жарлыны жаншып өткен,
Естен қалмас кешегі тақыр қоян.
«Ақ қоян» жөнінде Ілияс Жансүгіровтың бір ауыз өлеңін келтірейік:
Болмаса түлкі алдырған, қасқыр атқан,
Бір қазақ таба алмайсың қысты ұнатқан.
Өтіпті «ақ қояндай» қырғын қыстар,
Түкірік түспей қатқан, жұрт жұтатқан.
Бейімбет Майлиннің 1917 жылғы наурызда жазған «Ұлу» атты өлеңі бар. Содан бір үзінді келтірейік:
Ұлу келіп көтерді елдің обалын,
Мал жұтатып, сынын алды қораның.
Нақ ұлудай ұлытқан жоқ қазақты,
Аты шулы былтырғы өткен «қояның».
Өттің енді, сол сыйыңмен барып тұр.
Қылғаныңа тарих әбден қанып тұр.
Улап - шулап, аттандырып ұлуды,
Жаңа жылға қазақ көзін салып тұр.
«Қайырлы жыл болғай ед» деп сұранды,
Жақсылықты күткішпіз ғой шыдамды,
Ізгі ниет, адал жүрек, ақ жүзбен,
Қарсылаймыз жаңа жылыды – «жыланды»...
Қоян жылы 1915 - 1916, ұлу жылы 1916 - 1917, жылан жылы 1917 - 1918 жылдарға келген.
Бұл өлеңдерде адамның жасы жөнінде ешқандай мәселе жоқ, тек жылдар жүйесі, халықтың тұрмысы, шаруалардың жұтап, күйзеліске ұшырауы т. с. с. айтылады. Демек, «мүшел есебі адамның жасын санауда ғана қолданылған» деген пікір бекер, дәлелсіз, білмей айтыла салған. Мүшел халық күнтізбесінен берік орын алған. Әрине, ол адамның жасын есептеуде де қолданылған. (жалғасы бар)

жиған - терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Халық күнтізбесі: Мүшелдің жалпы сипаты Халық күнтізбесі: Мүшелдің жалпы сипаты
Кейбір авторлар мүшел есебінің саяси және экономикалық рөлі болған жоқ, ол тек адамның жасын есептеуде ғана қолданылды деген пікірді айтқан. Бұл
Мүшелдің жалпы сипаты Мүшелдің жалпы сипаты
Мүшелдегі жылдар рет санына қарай аталмайды. 12 түрлі хайуанның атымен аталып отырады
Мүшел жас дегеніміз не? Мүшел жас дегеніміз не?
Қазақша жыл санау Халықтық жыл санау есебінде 12 жыл аты бар болса, олар туралы деректер VIII ғасырдағы "Күлтегін” ескерткіштері мен ХІ ғасырда өмір
Мүшелдің жалпы сипаты Мүшелдің жалпы сипаты
Жылдарды мүшелдеп санау ресми түрде қашан басталғаны әзір белгісіз. Ежелгі түркілердің ресми түрде мүшелдеп есептей бастаған уақыты ұмытылған, Алтын
Байырғы қазақ күнтізбесіндегі айлардың жүйелері Байырғы қазақ күнтізбесіндегі айлардың жүйелері
Шілде – жылдың бесінші айы, жаз ортасы. «Шілде» атауының екі мағынасы бар. Бірі – «қырық күндік уақыт кесіндісі», екінші – «отыз күндік азаматтық ай».
Халық Халық
Әлқиссаның әжесі - "Әліппеден" Ә дегеннен ғибрат алып келем. Ұлттар үшін Жүз томдық жыр сездігі Ұлы сөзден басталар ХАЛЫҚ деген.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×