ойын сауық отауы
Абайтануға айқындама: Үй университеті
27.11.2023 183 0 Admin

Абайтануға айқындама: Үй университеті

Әдебиет
Абайтануға айқындама: Үй университеті
Абайдың кітапқа деген құрметі ерекше болған: бар ынта - ықыласымен, иждихатын сала оқыған, жарықтық.
1885 жылдың жазында американдық саяхатшы Джордж Кеннан мен суретші Форст семейге келеді. Екі жиһангер осыдан екі жыл бұрын, яғни 1883 жылы ашылған қалалық кітапхана қорымен танысып, оның байлығына қайран қалады.
Мамандығы журналист Джордж Кеннан өзінің естелігінде былай деп жазады: «Мен Спенсер, бокль, Льюис, Милль, Тэн, Леббок, Гексли, Дарвин, Лайель, Тиндаль, Уэллес және сэр Генри Мэннің шығармаларын, Скотт, Диккенс, Мариэт, Жорж Элиот, Жорж Мак - Дональд, Эккерман - Шатриан, Эдгар По және Брет Гарттың романдары мен повестерін көріп қатты таңқалдым. Әсіресе ғылыми шығармалар мол, оның көбісі саяси экономия жөніндегі шығармалар екен».
Шетелдік тілші саяси жер ауып келгендермен әңгімелесіп, олардан «Ибрагим Құнанбаев деген қыр қазағы кітапханадан Милль, Бокль және Дрэперді алып оқиды» дегенді естиді. Бір студенттің: «Рас па?!» деген сұрағына Абайдың досы Леонтьев: «Рас болғанда қандай, екі кеш бойы тексергенде менің көзім жеткені, ол, әсіресе ағылшын философтарын тесіле оқып, зерттеп жүр» деп жауап беріпті. Көрдіңіз бе, Абай өз ортасында ғалым ретінде мойындалған. Кеннанның «Сибирь и ссылка» атты кітабынан алынып отырған оқиға осының бір куәсі.
Жаңағы Кеннан атап өткендер – бәрі де Еуропа елдері басына көтерген ғалымдар мен жазушылар. Абайдың елге алдыртып, жатып - жастана оқығаны осы авторлар. Яғни ақын тек көркем әдебиетті ғана емес, ғылыми шығармаларды да көп оқығанын еске алу керек.
«Білім - ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек», - дей келе Абай 32 - қарасөзінде ғалым адам болудың алты бірдей шартын талдап - түстеп береді. Соның үшеуін келтіре кетелік. «Әуелі – білім - ғылым табылса, ондай - мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керекті болар еді деп іздемекке керек...» «Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек...» «Үшінші – әрбір ақиқатқа тырысып иждихатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең де айырылма! Егерде ондай білгендігің өзіңді жеңе алмаса, кімге пұл болады?» Аталмыш шарттарды Абай өзінің жеке өмір тәжірибесінен алып айтқаны сөзсіз (олар бүгінгі талапты жастарға да аса құнды кеңестер болып табылады).
Ысқақ баласы Кәкітай (180 - 1914) Абай мен Михаэлис достығының куәгері. Оның айтқандарын келтіре кетелік. «Абай ағам Әбішті орысша тіл үйренуіне жақсы деп орыс үйіне пәтерге қойды, Көкбай да басқа пәтерге шықты, сонда Абай ағам қасына мені алып қалды. Көшірлікке Мырзаханның Баймағамбетін ұстады.... Сол қыстай Семейде болғанда, Абай ағама үзбей Михаэлис деген орыс досы келіп тұрады. Кейде оның қасына еріп Долгополов және Гросс деген адамдар еріп келеді, түн ортасына дейін әңгімелесіп отырып қайтысады. Мен олардың сөзін түсінбеймін, олар кеткен соң, Абай ағам мынадай жағдайларын айтады. «Бұлар бір топ оқымысты, білімді, халық қамын ойлайтын, әділдікті көксейтін, көптің теңдігін қорғайтын жандар екен. Сол істері патша өкіметіне қарсылық деп білген патшаның қолшоқпарлары орталық қалада тұрса, елді азғырады деп Сібірге жер аударып, осы Семейге жіберген екен».
Кәкітай атаған үшеуі де Абай ауылына барып, қонақ болып қайтқандар.
Абайды ғылымға тартқан Евгений Петрович Михаэлис – ондаған зерттеу еңбектің авторы. Ол 1882 жылы Алтайдың тау - тасын, жәндік әлемін зерттемекке Өскемен қаласына қоныс аударып, сонда тұрақтап қалады (жалғыз қызы Л. Хотимская естелігінде «Әкем орыстың халық әндерін сүйіп айтушы еді» дейді. Михаэлис қай жерде жүрмесін отырыстың сәні болған. Абай пәтерінде қысқы кештерде ол ән салғанда Абай да қосылып, екеуі талай - талай дуэтпен әндеткені сөзсіз).
Абайдың өз бетінше білім нәрін алуы әсте университеттен кем емес.
Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға,
Алла асыраған пендесі аш бола ма?
Ержеткен соң, сыймайсың кең дүниеге,
Зар болып, тыныштық пен баспаханаға. (1882 ж.)
Бұл шумақ Абайдың тырнақалды аудармасы. Лермонтовтан аударған, түпнұсқасы неміс ақыны Шиллердікі. 1881/82 жылдары жақсылық пен жамандық, әділет пен қиянат, мейірім мен қараулық мәселелерінде Пушкин, Лермонтов, оған енді Шиллер, Гете қосылып, Абайдың қуануы, күрсінуі, жүрек лүпілі солармен қатар естіледі. Еркіндікті, адамгершілікті, шынайы махаббатты аңсаған шайырлар өзара қабыса табысты. Әсіресе Лермонтовтың кітабын дәйім үстелінде ұстаған (28 өлеңнен тұратын таңдамалы жинағы).
Ел ішінде Абайға Құдайдан құт дарығанын мойындаған адамдар көп. Ал сырт көздер ше? Тұрағұл өзінің белгілі естілігінде әкесіне берген екі лебізді келтіреді. Бірі – орыс зиялысы Н. Долгоплоовтың «Сен басың алтын адамсың!» дегені, екіншісі – Дала генерал - губернаторы Цеклинскийдің «Сен заманнан басың асқан адам екенсің!» деген сөзі. «Ол айрықша парасатты әрі ақылды адам». Абайға Семей уезінің начальнигі К. С. Навроцкийдің берген бағасы осы. Бұл үшеуі де көңілжықпас әншейінгі мадақтар емес, Абайдың дархан дарынын, білімдар ғалымдығын өзге ұлт өкілдерінің мойындауы болып табылады.
Үй университеті деген сөзімізді қайта жалғайық. Абайдың қолынан кітап түспегенін көне көздер айтады және Семейден Аралтюбеге кітап, қағазды тәуір - ақ тасымалдады деседі. Ақын үшін өз үйі бір университет болды деген сөз. Қай ауылында болмасын, кешкілікте дөң басында оңашаланып, ой қорытып отырған Абайды көзге елестету қиынға соқпайды.
Абай өзінің ойын, мінезін өзгерткен осы кезең. «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күкнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалппысың?» (15 - сөз). Он жылдай кейінде жазылған бұл пікірін Абай өзінің білім жинаған шағынан алып отырғаны талас тудырмаса керек.
Михаэлис бес жыл бойы Абаймен жақын араласып, оның мейлінше мол еңбектенгенін, орыс - батыс әдебиетін еркін меңгергенін көріп - біледі. Бай кітапхана жинағанын һәм қолға түскен кітаптарды қатарынан оқи беретін ғадетін де байқап жүреді. «Сіздей қабілетті кісіге ғылымның сала - саласы бойынша жүйелі білім алған абзал» деп жаңаша оқу тәсілін ұсынады және зерттеушілік іске бет бұруға ақыл - кеңесін береді. Өз бетінше оқып - тоқумен университет бітіргендей білім қоырн жинаған Абай енді ғалымдық жолына ауысатын болады.

баспаға әзірлеген
Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Тіл тарихы: Грек алфавиті және диалект Тіл тарихы: Грек алфавиті және диалект
Сапфо өлеңдерін Лесбос аралына тән эолик диалектісінде, ал Платон Афина қаласында тұрған жылдары аттик диалектісінде жазды.
Пәлсапа пернелері: Шан Ян (Гунсунь Ян) Пәлсапа пернелері: Шан Ян (Гунсунь Ян)
Әйгілі қытай ойшылы, даосизм және конфуцийшілдік іліміне қайшы келетін философиялық - саяси легизм (фа - цзя, заңгерлер мектебінің) – ілімінің
Абайтануға айқындама: Жайлау – сайран Абайтануға айқындама: Жайлау – сайран
Көшпелі тұрмыс заманында құдық бар, бұлақ бар жерлерде күзеу (күзек деп те атайды) қоралар соғылатын. Сол күзеудің бірі – алты - жеті жерінен атқылап
Қазақ әдебиеті әлемінен: Айқап журналы Қазақ әдебиеті әлемінен: Айқап журналы
«Айқап» – қоғамдық - саяси және әдеби журнал. 1911 - 1915 ж. ж. Троицк қаласында айына бір рет, кейін екі рет шығып тұрды. Оның 88 саны 1000 - 2000
Қазіргі мәдениетаралық коммуникация мәселелерінің өзектілігі Қазіргі мәдениетаралық коммуникация мәселелерінің
Мәдениетке қатысты барлық мәселелердің өзектілігі бүгінгі таңда адам нанғысыз өткір сипат алды. Түрлі халықтың мәдениетін зерттеу – мәдениеттану
Ұстаздар жалақысы көбейтілуі мүмкін Ұстаздар жалақысы көбейтілуі мүмкін
ҚР Бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиев Үкiмет үйiнде өткен баспасөз мәслихатында 2017 жылдың бюджетiнде сағаттар санын азайту есебiнен
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×