ойын сауық отауы
Кітап үзіндісі: Көз өзіне сенеді, құлақ өзгенің сөзіне сенеді
12.02.2022 598 0 Admin

Кітап үзіндісі: Көз өзіне сенеді, құлақ өзгенің сөзіне сенеді

Әңгімелер
Кітап үзіндісі
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.
Әлқисса...
Абайдың түсі
... Камалия шешеймен менің де кездесуіме тура келді. Сонда Абай жайында айтқан естелігі бар еді.
- Бір күні атам таңертеңгі шайға күндегіден көңілсіздеу келіп отырды, - дейді Камалия. Әйтеуір жүзінен бір реніштің жайын анық аңғардым. Шай ішіліп болған соң, мына бір жайды қозғады.
- Бүгін түсімде өзім бұрын еш көріп білмеген төрт адам мені бір жаққа алып кеткісі келген ыңғаймен әурелей бастады. Егер бұл адамдар алып кеткендей болса, қайтып келмегім қиындайтын сияқтанып қысыламын да, көмекке біреулердің келуін өтініп дабыстадым. Менің бұл үрейлі даусымды ешкім де естімеді білем, көмекке тірі жан да келмеді. Қараңғыда әлгі төрт адамды тануға тырыстым. Бірақ, мен білетін адамдардың бірде - біреуіне ұқсамайды. Олардың менің қысылғаныма көңілдерін бөліп жүргендері бір байқалмады, керісінше қалай да мені әкетудің қамын ойластып жүр.
Кейін, мені әкетудің бір жайы жетіспегендей болды ма, ақыры өзара сөйлесіп, үш күнге дейін қажеттілерін жасап алып қайта оралмаққа уәделесіп қараңғылыққа еніп қарасын өшірді. Түсін осылайша ауыр тыныс алып айтып шыққан атам әлден соң, тағы да былай деді:
- Төрт адам мені қыспаққа алып жүрген төрт құбылам емес пе екен? Үш күнде қайта оралмағы үш ай болмасын. Сол үш айдан кейін дүниеден көшетін болам ба? – деді біртүрлі күңіреніп. Мен атамның сөзінің барлығын жақсылыққа жорыдым...
Бірақ, атам жоруымды еш естігенмендей сыңай танытып, жауап бермей үн - түнсіз отыра берді. Дәл сол үш айдың аяқталар тұсында атам қайтыс болды...
Кәмен Оразалин "Абай ауылына саяхат"
Адамның бағасы қадірі барда ғана. Қадірің кеткен соң, бағаң да кетеді. Ендеше, шамаң келгенше қадіріңді кетірмеу керек.
Сәбит Мұқанов "Мөлдір махаббат"
Адамның аласы ішінде емес пе. Адамдар бірін - бірі білмейтіндіктен де ағаттық жасай ма... Адамдар сыр сандығында қандай жиһаздар барын білмейтіндіктен де күпіршілік ойлай ма бір - біріне...
Оралхан Бөкей "Жұмбақ шал"
Жалғанда не қиын, қазақтың ру таласын шешу қиын. Бірақ оны шешудің қандай қажеті бар? — Әбілқайыр хан мырс - мырс күлді. — Шыңғыс тұқымының хан тағына осыншама ұзақ отыруының себебі де осында емес пе? Егер ру - ру боп бөлінген бар қазақ бірігіп кетсе не болар еді? Жоқ - жоқ, бұл жұрт — абайлап ұстамасаң қолыңды алып түсер қылшылдаған ұстара. Абайлап ұстаудың жалғыз жолы — біріне - бірін бақтырып қою. Сонда ғана бұл өткір ұстара қауіпсіз.
Ілияс Есенберлин "Көшпенділер"
Менің әкем бай да болған жоқ, кедей де болған жоқ. Әкемнің тірі кезінде мен талай рет ашықтым да, жалаңаяқ, жалаңбас жүрген кездерім де болды. Әкем сараң кісі емес еді. Мен оның 54 жасында көрген жалғыз ұл баласы едім. Әсіресе, біздің қазақ жалғызынан несін аяйды... Әкем мені еркелетіп өсірген жоқ. Әрине, қолынан келгенше шамасына қарап тарылтқан жоқ. Есептеп беріп, есептеп алып отырды ол кісі.
Мен Жамбылда оқып жүрген кезім еді. Әкем базарға екі қой айдап келіп әрқайсысын алты сомнан сатты. Менің киімім тозған еді. Үбианның да, Әлиманның да (менің үлкен апаларым), жеңешеңнің де (менің өгей шешем) киімдері тозып, жұпыланып отыр деді әкем.
– Ал екеуміз ақылдасып, мына он екі сомды қарыштайықшы. Билік сенде болсын, – деп күлімсіреп маған қарады да, – Ал алдымен кім үшін қарыштаймыз? – деп сұрады менен.
– Алдымен үйге қарышталық! – дедім мен.
– Біз – үйдегі, сен түздегі адамсың ғой, қарағым! – деді әкем тағы да жылысырап, – алдымен сен керегіңді алғын, қарағым!
– Маған... Маған... – дедім мен сасқалақтап не айтарымды білместен. – Маған еш нәрсенің керегі жоқ.
– Саған еш нәрсенің керегі жоқ, – деп әкем мырс етіп күлді де, – біз үйдегілерміз, сен түздегісің, – деп қайталады.
– Жоқ, шынында маған ештеңе керек емес!
– Тұра тұр, балам, сабыр ет! Күз өтіп, қыс түсіп келеді. Саған жылы тужурка керек. Ол – бір! Үстіңде бірақ ішкі киімің бар. Моншаға барғанда...
– Иә, моншаға барғанда ауыстыратын ішкі нәрсем жоқ. Басқа балалардікі бар, – деп даусым дірілдеп, – Менің шұлғауым да жоқ... Мұрнымды сүртетін орамал да жоқ, – деп жылап жібердім.
– Ай, балам! Сені бұндай босаң деп ойламаушы едім. Бұның не, қарағым?.. Бұрын неге айтпадың?
Мен ұялып төмен қарадым. – Ал екеуміз де бір үйдің еркектеріміз. Алдымен шайханаға барып шай ішіп алалық та, одан кейін ақылдасып барымызды қарыштайық, – деп әкем қолымнан жетектеп шайханаға ертіп барды.
Одан кейін магазиндерді араладық. Керек - жарақтарымызды алдық.
«Бай болып көргенім жоқ, кедей болып өлгенім жоқ» дейді қазақ біз сияқтыны, қарағым! – деді әкем қоштасып тұрып. – Барына шүкір етелік... Ақшада тіл жоқ, қайда жұмсасаң сонда кете береді... Біз сияқты адамдарға бір тиын – маңдай тері. Мә, саған тағы да 25 тиын. Керегіңе орынды жаратып жұмсауға тырыс, шырағым... Әкем кетті. Мен қалдым".
Бауыржан Момышұлы "Ұшқан ұя"
Көз өзіне сенеді, құлақ өзгенің сөзіне сенеді.
Дінмұхамед Қонаев "Ақиқаттан аттауға болмайды"
Жаулап алған бүкіл әлемнен түбі саған тиері екі құлаш қара жер ғана ғой, дүние жүзін билеймін деп жанталаса берудің қандай қызығы бар?
Ілияс Есенберлин "Алмас қылыш"
Пайғамбарымыздың хадисінен «тек қана жақсы сөйлеңдер» деген жолдарды ұшыратамыз. Бұндағы «жақсы сөз» — қарақан бастың тілеуінен озбайтын жәй сөз емес, көркем сөз болса керек. Аға буын солай сөйлей алды. Мәселе бізде. Өмір сүрудің арзан қызыққа бет бұруының астарында да құлақтан азған құлықсыздығымыз жатуы әбден мүмкін. Сөзі көркем болмаған жанның, өмірі қара байыр. Өйткені сөз заттанады...
Шидәттің қолдан тұрғызған жұмағы секілді, әлем - жәлем өтірікпен бой көтерген, ізгі сөзден жүген ұстаған қоғамның ақырзаманға ұшырайтынын елестетудің өзі қорқынышты. Қызыл сөздің қырманы қызып - ақ жатыр...
Ырысбек Дәбей "Әкелеріміз айтатын әңгіме"
- Ойлану керек екен...
- Сен ойлама. Әрекет жаса. Адам баласын құртатын сол ой.
- Адам баласын құртатын ой емес, ойсыздық шығар, аға.
Оралхан Бөкей "Атау кере"
Бір студент айтып еді: «Біздің университетте пәленбай деген ғалым бар. «Ұлтым» деп күңіренеді - ау, шіркін! Сағаттап сөйлеген сөзі Жүсіпбек Аймауытовтың бір сөйлеміндей әсер етпейді», – деп. Неге солай екен? Аузының дуасы қашқан деген осы шығар. Ауылға сыйлы, ағайынға құрметі зор кісілікті адамның реніштен туған сөзінің өзі бір әулеттің сүйегіне таңба болып кететін қазақ емес пе едік...
Ырысбек Дәбей "Әкелеріміз айтатын әңгіме"
Қанша мәрте..
- Қанша мәрте сен қорыққан нәрсе болмай қалды?
- Қанша мәрте сен үміт үзген нәрсе ойдағыдай болып шешілді?
- Қанша мәрте шығар жолы жоқтай көрінген жағдайдан шығатын жол табылды?
- Қанша мәрте бір іс қолыңнан келмейтіндей сезіліп, аяғында қолыңнан келді?
- Қанша мәрте үстіңнен қара бұлт үйіріліп, бірақ жаңбыр жаумай қалды?
- Қанша мәрте қорқынышқа тап болып, керек болса әне - міне өлетіндей болдың, бірақ қазіргіге шейін тірі жүрсің?
- Қанша мәрте соңы жоқ бәлеге душар болдың, бірақ кейін құтылып шықтың?
- Қанша мәрте еңіреп жыладың, бірақ кейін көз жасың бетіңде құрғады?
Алла Тағала саған сан жетпес мәрте жәрдем берді, ал енді сен тағы да мұңаюға және сары уайымға батуға себеп табасың. Әлде саған Алла Тағаланың барлық нәрседен Құдіретті, Күш - қуатты, Ұлы, Мейірімді, Мейірімді, Естуші, Көруші, Кешіруші және тәубелерді Қабыл алушы екені белгілі емес пе?!
Аид әл - Қарни "Мұңайма"
Өмір болған соң санаңа талай нәрсе кіріп, шығады. Күнделікті қоғамдық көліктерде келе жатып мәлкілдеген шал - кемпірлерге амалсыз орныңды берген кезде де "жатпай ма екен үйінде. Осыларға не бар екен таң атпай қақшаңдап" деп, іштей бір қомпылдап алып, нарау қозғаласың. Біреудің жақсылығына да ішімізден қуанып кетпесек те, өтірік мәз болған сыңай танытуға мапандай боп алдық. Үйреншікті ғадет. Ниетті қойып, жасап жүрген іс - әрекетіміздің күнәлісіне үңілерге уақыт тапшы. Қашан, қайда адамшылыққа жат пиғылдарға орын бергеніміз туралы дерек атымен жоқ. Біздікі сол өмірге келіп қалған соң әйтеуір жүрген секілді...
Ырысбек Дәбей "Әкелеріміз айтатын әңгіме"
Оқу - оқу деп жүріп, өзінің тәк - тәгінен қағажу қалып, еркін ержеткен менің барлық мінезімді әкем жаратпайды. Оның ойынша «менің үйге тигізер ірістей де пайдам жоқ, есіл - дертім дала. Шошаңдап жүріп не мылтыққа түсіп, не машина қағып өлтірмесе, жасым жиырмаға жетер - жетпестен еркек шашты біреуге үйленемін де, әке - шеше дегенді ұмытып, соның айтқанына көніп, айдауына жүріп, әлгінің қалаған жағына лағып кетемін». 
Дулат Исабеков "Гауһар тас"
Дүниеде әйелден берік, әйелден айқын еш нәрсе жоқ, ендеше еркектің одан өзге сүйенері және жоқ. 
Әзілхан Нұршайықов "Ақиқат пен аңыз"

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Кітап үзіндісі: Өмірдің мәні беруде! Кітап үзіндісі: Өмірдің мәні беруде!
Қолыңызда бармен бөлісуге тырысыңыз. Бөліскен сайын байи түсесіз. Өмірдің мәні беруде! Данияр Жігітбек "26 жылда қалыптасқан 26 қағида"
Тұрмыс құру екі жас бірін - бірі көріп - біліп, сүйіскенде ғана баянды болмақ Тұрмыс құру екі жас бірін - бірі көріп - біліп,
Тұрмыс құру екі жас бірін - бірі көріп - біліп, сүйіскенде ғана баянды болмақ. Махаббат кеңесшіні керек етпейді, оған өктемдік жүрмейді. Барар жерді,
Кітап үзіндісі: Ауыздан шыққан анттың бәрі орындалса, адам адам емес, баяғыда - ақ періште болған болар еді! Кітап үзіндісі: Ауыздан шыққан анттың бәрі
Ауыздан шыққан анттың бәрі орындалса, адам адам емес, баяғыда - ақ періште болған болар еді! Бердібек Соқпақбаев "Өлгендер қайтіп келмейді"
Кітап үзіндісі: Күн ашықта мойнымда, күн жауғанда қойнымда Кітап үзіндісі: Күн ашықта мойнымда, күн жауғанда
Қазақтың сыры осы. «Күн ашықта мойнымда, күн жауғанда қойнымда» деген қазақ безбеннің басындай ауытқиды. Я достасуға, я қостасуға жарамайтын – осы
Кітап үзіндісі: Адам топ әскерді алдап, өлімге апара алса да, өзіне зұлымдықты қойғыза алмайды Кітап үзіндісі: Адам топ әскерді алдап, өлімге
Жалпы, бала кезде адам "мен де өлуім мүмкін - ау" деп, ойламайды ғой. Өлетіндер ылғида басқалар секілденіп тұрады. Бердібек Соқпақбаев "Өлгендер
Кітап үзіндісі: Адамзат бақытты болу үшін Кітап үзіндісі: Адамзат бақытты болу үшін
Адамзат бақытты болу үшін, ең алдымен, өзінің кім екенін анық білуі керек. Яғни өзінің әулие емес, күнәһар пенде екенін мойындауы керек. Оны
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×