ойын сауық отауы
Құдайтану баяны: Таухид: ислам құдайы
23.09.2023 293 0 Admin

Құдайтану баяны: Таухид: ислам құдайы

Аңыздар
Құдайтану баяны: Таухид: ислам құдайы
Кейбір арабтар бірқұдайлық империялық ниеттен ада бейтарап нұсқасын табуға тырысқан болуы керек. Бұрынырақ, V ғасырда Палестиналық христиан тарихшысы Созомен: «сириялық арабтар Ибраһимнің байырғы дінін қайта жаңғыртты» деп жазды. Ибраһим Құдайы әлі Тәурат пен Інжілді түсірмеген кезде өмір сүрді, сондықтан ол яһуди де, христиан да емес еді. Ислам пайғамбарының алғашқы биографы Мұхаммед ибн Исхақ (767 қайтыс болған): Мұхаммедке алғашқы уахи келмей тұрып, меккелік төрт құрайыш Ибраһимнің ақиқат діні ханифилікті (Ханифийа) қайта жаңғыртуға күш салғанын айтады. Батыстық кейбір ғалымдардың пікірінше, бұл шағын ханифийа тобы жәһилия кехеңіндегі рухани ізденісті білдіретін қияли тұжырым ғана, алайда тіпті ойдан шығарылған дүниенің де деректі негізі болуы тиіс. Төрт ханифтің үшеуі алғашқы мұсылмандарға жақсы таныс: Абдолла ибн Жәһш – Мұхаммедтің немере інісі, Барака ибн Нәуфәл – оның алғашқы рухани ұстазы, ал Зейд ибн Әмр болса, Мұхаммедтің жақын серігі әрі Ислам империясының екінші халифы Омар ибн Хаттабтың ағасы болатын. Аңыз бойынша, Мұхаммед Сирия мен Ирак жеріне Ибраһимнің дінін іздеп сапарға шықпастан бұрын, Зәйд біраз уақыт Қағбаның қабырғасына сүйеніп тұрып, сол кездегі дәстүрге сай қасиетті жерді айналып, тәуап жасап жатқан құрайыштарға: «Ей, құрайыш, жанымды құдірет қолында ұстаушының атымен ант етемін, менен басқа ешбірің ибраһимнің дінімен жүрмейсің», - деді. Жүзін мұң шалған ол: - «Уа, Құдайым, егер саған қалай құлшылық қылу керектігін білгенімде, солай құлдық етер едім. Бірақ мен оны білмеймін...», - деді.
Зейдтің уахи туралы арманы Хира тауында, 610 жылы рамазан айының он жетінші түнінде орындалды. Мұхаммед ұйқыдан оянған сәтте, Құдайлық ғажайыптың құшағында қалғанын түсінді. Кейінірек ол тілмен жеткізе алмайтын бұл тәжірибені нағыз араб рухында жазып қалдырады. Оның айтуынша, періште оған былай деп бұйырды: - «Оқы!». Яһуди пайғамбарларының Құдайының сөзін айтудан жасқанғаны сияқты, Мұхаммед те қарсылық білдірмек болды да: - «Мен сәуегей емеспін!» - деді. Ол өздеріне жоғарыдан келген сәуегейлік сөздерді буырқана қайталап, Арабияны кезіп жүретін ғайыптан хабар таратушы қаһиндердің бірі емес. Алайда періште оны оны қапсыра құшақтап алғаны соншалық – Мұхаммедке дем жетпей қала жаздады. Одан әрі төзе алмайтын халге жеткен кезде періште оны босатты да қайтадан: «Оқы!» деді. Бұл жолы да келіспеген Мұхаммедті шыдамы жеткенге дейін періште тағы да қатты қысып тұрды. Ең соңында, жанын қинаған құшақтан босаған сәтте, Мұхаммед өз аузынан жаңа Киелі кітаптың сөздері төгіліп жатқанын сезді:
«Барлық болмыс атаулыны жаратқан Жаратушы Иеңнің есімін атап барып оқы, Адамзатты ұйыған қаннан жаратқан! Оқы! Өйткені сенің Раббың шексіз жомарт. Адамға Ол қаламмен жазуды үйретті. Және оның білмейтіндерін де білдірді».
Осылайша, Құдай сөзі алғаш рет араб тілінде айтылды және бұл кітап кейінірек Құран (дауыстап оқу) атымен аталды.
Мұхаммед бойын үрей билеген күйде оянып, жан дүниесі астан - кестен болды. Есін жиған сәтте, түйелері жоғалғанда жүгінетін, «жиіркенішті сәуегей - каһин болдым ба?» деген ой шырмап, үрейлене бастады. Жұрт каһиндерді «жын ұрған» және «бұлар адамдарға кез келген сұмдықты істеуі мүмкін» деп ойлайтын. Әрбір шайырдың жеке жыны болатынына, соның әміріне бағынатынына сенетін. Кейінірек мұсылман болған Иасрибтік шайыр Хасан ибн Тәбиттің айтуынша, көз алдында пайда болған жын оны жерге алып ұрып, аузынан жалынды сөздерді суырған сәтте, ақындық қабілеті ашылып кеткен. Сыртқы күштің ықпалымен шабыттанудың Мұхаммед білетін жалғыз жолы – осы, сондықтан да оны, бәлкім, мәжнүн, яғни «жын ұрған» болуым мүмкін деген ой қатты қажытқаны соншалық – өмір сүргісі келмей кетті. Шайырларды бұрыннан ұнатпайды, олар болжамдары мағынасыз, ақылға сыйымсыз, былшыл болып көрінетін және Құран шумақтарының дәстүрлі араб поэзиясынан өзгеше болуына әрдайым күш салатын. Дәл сол сәтте үңгірден атып шығып, өзін жардан тастауға бекіген еді. Алайда тау қиясында оны тағы да бір елес қарсы алды. Кейін оны Жәбірейіл періштеге теңеді:
«Сосын, мен шықтым да, таудан түсе бере көктен шыққан дауысты естідім: Ей, Мұхаммед, сен Алланың елшісісін, мен – Жәбірейілмін. Мен басымды көтеріп, жоғары қараған сәтте, Жәбірейілдің адам кейпінде көкжиекке аяқтарын тіреп тұрып, былайша сөйлеп жатқанын көрдім: «Ей, Мұхаммед, сен – Алланың елшісісің, мен – Жәбірейілмін». Мен не артқа, не ілгері жүрместен тұрып қалдым, одан жүзімді бұрып әкеткен кезде, қайда қарасам да, оны дәл сол қалпында көріп тұрдым». (жалғасы бар)

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Құдайтану баяны: Әуелгіде (жалғасы) Құдайтану баяны: Әуелгіде (жалғасы)
«Болмыстың» он сегізінші тарауында J Құдайдың Ибраһимге Хеврон маңындағы Мамре орманында көрінгенін айтқан. Ибраһим назарын салғанда, «күндізгі
Құдайтану баяны: Әуелгіде (жалғасы) Құдайтану баяны: Әуелгіде (жалғасы)
Бастапқы кезде адамдар барлық нәрсенің Алғашқы Себебі және көк пен жердің Иесі – Құдайды жаратты. Ол кезде оның бейнесі де, ғибадатханасы да,
Құдайтану баяны: Әуелгіде (жалғасы) Құдайтану баяны: Әуелгіде (жалғасы)
Монотеистік діндердің үшеуінде де мифтің зор маңыз атқарғанына қарамастан, біз әлі яхвенің Шығуда қатал және жендет Құдай болып қалмағанына көзіміз
Құдайтану баяны: Әуелгіде Құдайтану баяны: Әуелгіде
Алайда Яхве деген кім? Ибраһим бас иген Құдай Мұсаның да Құдайы ма, тек аты бөлек пе? Қазіргі таңда бұл сұрақ өте маңызды. Бірақ Тәурат, бір
Құдайтану баяны: Әуелгіде Құдайтану баяны: Әуелгіде
Құдайдың өлімі, әйел құдайдың сергелдеңі мен екеуінің Құдай патшалығына жеңісті оралуы – әлемнің көптеген мәдениетінің тұрақты діни сюжеті. Ол
Мүбәрак күндер мен түндер Мүбәрак күндер мен түндер
Ислам күнтізбесі бойынша алғашқы ай – мухаррам айы. Жаңа жыл осы аймен басталады. Мухаррам айы – Құран Кәрімде құрметтелген төрт айдың бірі.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×