ойын сауық отауы
Кітап үзіндісі: Құрмет пе, қамқорлық па?
20.02.2021 932 0 Admin

Кітап үзіндісі: Құрмет пе, қамқорлық па?

Әңгімелер
Кітап үзіндісі
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.
Әлқисса...
Құлағыңызға сыбырлайыншы...
Біздің ауылдың үлкен кісілері нағашы деп атайтын (руы Төртуыл Найман, Бағышай анамыздың руынан болған соң, үлкендер нағашы дейді екен), жасы елулер шамасында, жолдасы ертерек марқұм боп кеткен Нұржамал деген кісі болды. Бір ұл, бір қызы бар - тұғын. Ұлы ертерек үйленген, балалы - шағалы. Қызы сәл кештеу, біз үшінші, төртінші сыныпқа барып жүргенде тұрмысқа шықты. Аты – Аққыз. Сол Аққыз ұзатылып, алты - жеті ай боп қалған кезде ғой деймін, үй ішіндегілеріне хат жазып, үкілі сәлемін жолдапты. Ол кезде хат жазу, хат алу деген бір керемет дүние. Мектептен келе жатып осы қуаныштың куәгері болғаным бар. Нағашымыз латынша қаріп таныған, кейінгі Ахмет Байтұр­сынов­тың төте жазуын (қытай қазақтары басында латынша, жетпісінші жылдардың соңында төтеше жазуға көшкен) тани бермейтін. Мені жолшыбай көріп қалып: «Қызымнан хат кепті. Үйде ешкім жоқ еді, оқып берші, шырағым», – деген соң, апаның үйіне бұрылып кеттім. Конверттің аузын жыртып, оқып жатырмын. Аман - сәлемнен басталған Аққыздың хаты ауыл аймақ, бота тайлақтың хал жағдайын сұрап, өзінің елді қатты сағынғандығын айтып, бір күңіреніп алады екен. Барған жеріне тастай батып, судай сіңгендігін де жеткізіпті. Хаттың соңы «Жеңеше, құлағыңызға сыбырлайыншы», – деп тәмамдалғанда, апам жылап қоя берді. Көзінің жасын сүртіп, қолын жайып, іштей бір­деңелерді күбірлеп, бетін сипады. «Рахмет, құлыным, рахмет», – деп бетімнен сүйді. Ештеңе түсінбей мен отырмын. Әйтеуір, өз шаруамды атқардым. Қалтама толтырып кәмпит салып берген соң, үйге зыттым. Үйге кеп шешеме тындырған ісімді мақтанышпен баяндап жатырмын. Тек хаттың соңында Аққыздың жеңгесіне сәлем жолдап, «құлағыңызға сыбырлайыншы» дегенге апаның жылағанын, қолын жайып тілек тілегенін түсінбегенімді айттым. Шешем де елең ете қалды. «Тәңір жар болсын! Жеңілдігін берсін. Оны біліп не қыласың, түге», – деді де қой­ды. Кейін білдім. Сөйтсек, Аққыздың ішіне шикі ет бітіп, оны жеңгесіне ибалы ишарамен жеткізген түрі екен ғой. Қайдан білейік...
Ырысбек Дәбей "Жылқы атылған жаз"
Құрмет пе, қамқорлық па?
Бірде кітапханадан шығып келе жатып, бір әжеден оңбай ұрыс естідім. Жағдай былай болды.
Мен шығар есікке беттеп едім, мына жақтан жаңағы кісі келе қалды. Әрине, әдеттегідей тартынып үлкен кісіге жол бердім. Ал қызық болғанда әжеміз: «Ер адамсың, өте ғой, шырағым» деп менің бірінші өтуімді қалады. Мен кішіпейілдікке салып: «Апа, өте беріңіз, өте беріңіз!» деп іркеле бердім. Ер - азамат деп сыйлап жол беріп тұрған көненің көзінің арғы көкірегін түсініп үлгерсем де, автобусқа әйел кіріп келген сәтте атып тұрып орын беретін, есікке қатар келіп қалсақ қыздай қымсынып тұра қалатын шартты рефлекс екі аяғыма тас байлап қойғандай алға ілгерітсеші!
Жалтақ - жалтақ етіп әлі тұрмын. Құдай- ау, беріп тұрған жолды да аямадым. Апамыз да: «Түс алдыға! Өзінің еркек екенін ұмытқан сорлы бала - ай!» деп жеңімнен шымши ұстап алға тартты. Маңдайымнан тер бұрқ ете қалды.
Ұларбек Нұрғалымұлы “Дайағашшы”
Мен сенің көрмейтіндігіңе өкінгенім жоқ. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, жас басыңнан өкпе ауруын жамап алғаныңа қабырғам қайысып еді. Сонау бір жылымық шақта, «Жылымық» деген суретті көтеріп сенің жаныңда тауға өрлеп бара жатып, адамның сыртқы дүниені, ортаны, жалпы табиғатты сезінуі, қабылдауы жайлы тұңғыш рет ой түсіп еді. Содан бері көру үшін тек қана көздің болуы жеткіліксіз, әлемдегі әр затты анықтап көру үшін жанның да жанары болуға керектігін бағамдағанмын.
Оралхан Бөкей "Жылымық"
Сенің халқың бар, Тәуке!
- Тағы қандай кеңес айтасыз, Батыр аға? – деді ханзада еркелей сөйлеп.
– Не себепті Түркістан сарайы емес, мына құлазыған далаға келдік? Маған дала өмірінен, қаладағы қарбалас тірлік қызықтырақ. Неше түрлі адамдар, жер – жерден келген көпестер мен саяхатшылар, арасында қызықты кітабын пұлдап тұрып алатын саудагерлер мен ел кезген дәруіштер. Күнде бір қызық, бір той. Оның үстіне “Жау жоқ деме, жар астында” деген. Аяқ астынан жау шапса мына дала төсінде қорған болар қамал бар ма?
- Халқың бар! Сенің халқың бар, Тәуке. Басынан соры арылмаған халқың бар. Құшақ ашқан адамы кеудесіне пышақ ұрған аңқау жұртың бар. Жатса – тұрса Алласынан тілек тілейтін, өзгеге иненің жасуындай қиянат етпейтін елің бар. Ұлы әкеге қарап оқ жонған, қызы шешеге қарап тон пішкен, келіні қонақ күтсе күлімдейтін, отағасы үйге келсе ерім дейтін, текті жұртың бар. Халқыңның жанайқайын білгің келсе сарайда отырма, қамалға тығылма. Қамалға тығылса халқыңнан қадірің кетер, қадірсіз ханның елінен береке кетер! - деген екен.
Рысбек Рамазанұлы "Патшалар һәм падишахтар құпиясы"
Өлім — жаратылыстың бұлтартпай бұғаулайтын тұзағы. Біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Уақыт шіркін мидың ине көзіндей тесігінен құмсағаттай сырғып өте шығады. Смерть — это приговор природы, не подлежащий обжалованию! Соны анық біле жүріп өмір сүру — адамзаттың ұлылығы. Қалай десең де, өлімнің аты ызғарлы, тіпті асарын асап, жасарын жасап, немере, шөбере, туажат сүйіп өлсе де, тіршіліктен қайтады. Қурай сынды дей алмайсың. Суық қара жерге, қараңғы көрге мәңгі жалғыздыққа аттанады. Айналасындағыларды дір еткізіп, бір сәт алды - артына көз жіберуге мәжбүр етеді. Күйкі - күйбеңмен қоқыс дүние үшін кеткен асыл уақытына өзегі өртене өкініп, алдағы күнін басқаша барлайды. Той үстінде өкпелескен, өлім тұсында татуласады. Жүз көріспей жүрген ағайын арасындағы араздық осындайда ымыраға келіп, жымдасады. Тірілер тірлігіне іштей тәубе етіп, жарық дүниенің қадіріне жетуге тырысады. Міне, не үшін құрметтеу керек өлімді!
Зейнеп Ахметова "Шуақты күндер"
"Нәпсі" деген не?
Шәкәрімше айтсақ "сырт айналса жүрекке жалын салған". Нәпсі құмары бір көрмеге сондай сұлу, мінсіз десе де болады.
... Қысқасы бастағы көзге сенуге болмайды. Ол - алдайды. Ол - жалған: бастағы көз арқылы нәпсі (жануарлық жан, құмарлық) көреді. Ол сені алдап тұр. Шаруасын бітіріп алған соң айнып шыға келеді. Сөйтіп адам танымы қателікке ұрынады. Сондай бір нәпсі жалғанның арбауына түскен қазақтың "сырқатынан" айығып, құмарлықтың мастығы тарқаған кезде шығарған бір мақалы бар: "Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады" - деген. Ал шын мәнінде "жаман қатын" қыз кезінде де жаман болған. Бірақ оны көретін көз қайда? Егер ол жігіт бас көзімен қарамай, ақыл көзімен (жүректің көзімен) қараса, дәл мұндай опынатын жағдайға түспес еді.
Нәпсінің қорлығын әбден көрген жан одан құтылуды армандайды. Ол құтылуды Шәкәрім "өлім" деп атайды. Өлім болғанда адамның өз өлімі емес, оның жануарлық нәпсісінің өлімі. Нәпсісі өлмей адам құмарлықтың азабынан әсте құтылмақ емес. Сондықтан ойшыл өлімді армандайды, нәпсінің қазасын аңсайды. Бірақ бұл оп - оңай бола қалатын шаруа емес. Оның да жөн - жобасы бар, жолы бар. Нәпсіден қалай құтылуды Ынсап біледі, бірақ ол нәпсінің үйіндегі зынданда жатыр. Енді қалай болғанда Ынсапты босатып алу керек, сонан соң ол Нәпсіден құтылудың жолын көрсетеді, құмарлық ауруының емін табады.
Омар Жәлелұлы "Харекет"
Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай жамандығымды жасырғалы қылам. Сөйтіп жүріп, адам атануға ұялмаймын.
Шәкәрім Құдайбердіұлы "Шығармалары"
Тура жолға түсу — Тәңірдің қалауы, ал оны талап ету – әрбір тіршілік иесінің міндеті.
Мәлік Отарбаев "Ойқазан"
Кез - келген адам бақытты болғысы келеді. Бірақ сол бақыт та сор да аспаннан жаумайды, айналаңдағы адамдардан ауысады. Біреу саған жақсылық, бақыт боп кезігеді. Махаббат, достық дегеніміз - сол адамның адамға беретін бақыты. Ал сенің жолыңа жуа боп бітіп, қызыл көз бәледей қырсыққа ұрынатын да - сол адам. Оқ екеш оқ та өздігінен атылмайды. Мылтықтың шүріппесінде адамның сұқ саусағы тұрады.
Қабдеш Жұмаділов "Көкейкесті"

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Кітап үзіндісі: Теңіз терең емес, адамның жаны терең. Кітап үзіндісі: Теңіз терең емес, адамның жаны
Теңіз терең емес, адамның жаны терең. Су түбінде жатқан зат жел толқытса ғана шықпақ. Ой түбінде жатқан сыр шер толқытса да шықпақ емес. Шықса, шер
Кітап үзіндісі: Махаббат пен опасыздық бір ыдысқа сыймайды Кітап үзіндісі: Махаббат пен опасыздық бір ыдысқа
Егер әркім қорғасыннан алтын жасай беретін болса, алтынның құны қорғасындікіне пара - пар болып кетпей ме? Пауло Коэльо "Алхимик" Махаббат пен
Кітап үзіндісі: Уақыт деген падиша шықты да, бәріміз соның басыбайлы құлына айналдық Кітап үзіндісі: Уақыт деген падиша шықты да,
Философия қайда, мен қайда, Мұқан - ау? Дүниежүзінде әйелдерден шыққан қай философты білесің? Білмейсің. Ешкім де білмейді. Өйткені әйел философиясы
Кітап үзіндісі: Сурет салғым келмейді. Кітап үзіндісі: Сурет салғым келмейді.
Ұлттық мақтаныш - ұлт азаматының мызғымас заңы, қасиетті ісі. Кімде - кім өз ұлтын құрметтеп, оны мақтаныш етпесе, ол барып тұрған азғын. Әзілхан
Кітап үзіндісі: Астана сөзі қайдан шыққан? Кітап үзіндісі: Астана сөзі қайдан шыққан?
Біздің заманымыздағы адамдар ақылдың eтeгінeн ұстап алып, oның құлына айналған, ал өмірдeгі шын мәніндe eң қымбат eшқашан өкінбeйтін нәрсeлeр –
Кітап үзіндісі: Адамзат бақытты болу үшін Кітап үзіндісі: Адамзат бақытты болу үшін
Адамзат бақытты болу үшін, ең алдымен, өзінің кім екенін анық білуі керек. Яғни өзінің әулие емес, күнәһар пенде екенін мойындауы керек. Оны
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×