ойын сауық отауы
Кітап үзіндісі: Бұл дүниенің біз білмейтін жұмбағы көп
12.09.2021 770 0 Admin

Кітап үзіндісі: Бұл дүниенің біз білмейтін жұмбағы көп

Әңгімелер
Кітап үзіндісі
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.
Әлқисса...
Тұт ағашының торлаған қауын тәрізді тілім - тілім боп жарылып кеткен қабығының қуыс - қуыстарына ұя салатын бір шырылдауық жәндік болады. Оны бала кезімізде талай ұстап ойнағанбыз. Түрі шыбынға да, шіркейге де ұқсамайтын осы құртақандай жәндікті ғылым тілінде цикада деп атайды екен. Цикада өзінің «әншілік өнері» жағынан шынында да шырылдауық шегірткеге тартқан. Сыбызғы үніндей жіп - жіңішке даусымен ертелі - кеш әндетеді де жатады. Олар біреу - екеу боп емес, жүз шақтысы, тіпті мың шақтысы жабылып хор айтқандай дауыс қосып шырқай жөнеледі. Бұлар ән салудан, сірә, жалықпаса керек.
Егер қолынан келсе ол барша әлемді әнге айналдырып, қайғы - қасірет атаулының бәрін біржола ұмыттырып жіберер еді. Бір ғажабы — осы ұлы музыкант мына жарық дүниеде небәрі бір - ақ күн өмір сүреді. Иә, солай Цикаданың анадан туып, көз ашып, шексіз өмір мұхитын көрген күні — сол өмір атаулы әлеммен мәңгілікке қоштасқанда күні болып табылады. Ол мәңгілік өмірден өз сыбағасына тиген бір күндік ғұмырды өзіне қанағат қылатын сияқты. Тіршілік иесі ретіндегі өзінің барлық борышын ол осы бір тәуліктің ішінде түп - түгел өтеп шығады. Туылып та, өмірді кызықтап та, артына мұрагер ұрпақ қалдырып та, әлемге ән сыйлап та, ең бастысы — өз ғұмырының санаулы сағаты соғып біткен сәтте абыржымай, қайта құйқылжыта әнге басып, мына жарық дүниемен көңілді түрде қоштасып та үлгереді. Қияметтей қиын тағдырына, көзді ашып - жұмғанша сырғып өте шығатын бір - ақ күндік өміріне зәредей налымай, өз сыбағасына артық бір минут та ғұмыр тілемей, ол үшін ешкімге жалынбай, жалбарынбай, қыңқ етпей өліп кете беретінін айтсаңызшы!
Тегінде, адамға жетпейтін ең киелі қасиет осы шығар. Әйтеуір өмірдің қызығына көзіміз тоймайды ғой, сірә. Ажал аузында жатсақ та «тағы бір күн, тағы бір сағат, тағы бір минут» деп жалмаңдап, тіршіліктің етегіне қос қолдап жабысып, тырмысып қатып қалатын қомағайлық әдетіміз бар емес пе? Бұл не озі? Өмірге құштарлық па? Әлде мәңгі - бақи көзі тоймайтын ашқарақтық па? Мүмкін, екеуі де шығар. Кім білсін.
Немат Келімбетов "Үміт үзгім келмейді"
Шай үстінде келіндеріне кеңес айтып отыратын әжем: "Осы сендер кедей бір байды немесе аурудан арықтап әрең жүрген біреу палуанды қамқорлығына алыпты десе сенесіңдер ме? Қисынға келе ме?", - деп сауал қоюшы еді. "Жоқ" дейді келіндер. Ендеше: "Мен сенімен теңмін, артық болсам артықпын, кем емеспін, - деп қос қолын мықынына қойып шәбеленіп тұрған әйелді ері қамқорлығына ала ма? Алайын десе де қисынға келе ме? Анау үлкен қазанды кіші қазанның ішіне салам деу ақымақтың ісі емес пе? Естеріңде болсын, күйеулеріңе кішірейіп құрмет қылмайды екенсіңдер, оның қамқорлығына кірем деп ойламаңдар. Бірақ ер адамның шынайы қамқорлығына бөленген әйел екі дүниеде де бақытты ғой. Ол егінші болсын, етікші болсын, әйтеуір адал еңбегімен бір уыс бидай тауып әкелсе де сені бүкіл ықылас, пейіл, ынты - шынтысымен асырайды. Әйелдің, отбасының бақыты деген осы емес пе шырақтарым?!", - деп соқырға таяқ ұстатқандай әңгімесін анық айтушы еді.
Ұларбек Нұрғалымұлы "Дайағашшы"
Осы үлкендер деген қызық халық. Бір менің әжем емес, қай - қайсысы да балаларға шетінен өсиет айтқыш, жөн сілтегіш, ақылгөй келеді. "Олай етпе, бұлай ет, ананы істеме, мынаны істе" деп тәптіштеп тұрғанда, таңдайларынан шаң көтеріледі. Ал енді өздеріне қараңдаршы. Не қилы жаман мінез, жөнсіздік осы үлкендердің арасынан шықпай ма? Ұрлық істеп, сотталып жататындар кімдер? Үлкендер. Мас болып, қатын - баласының үрейін алып, үйінде шұрқан шығаратын кімдер? Үлкендер. Бәлеқорлар, жемқорлар, жалақорлар — бәрі үлкендерден шығады. Ендеше, олар бізге, балаларға, ақыл айтып, жөн сілтемес бұрын, әуелі өздерін өздері түзеп алса, қандай жақсы болар еді.
Бердібек Соқпақбаев "Менің атым Қожа"
Бұл дүниенің біз білмейтін жұмбағы көп. Дүние о басында түп - түзу, дұрыс жаратылса керек. Бірақ кейін - кейін күштілер шыққан, әлсіздер шыққан. Әділетсіздік содан туған. Шын әділет – тепе - тендік. Адамдардың бәрі тең болуы керек. Ал адамдарда ондай теңдік бар ма? Біреу семіз, біреу арық. Әлемнің терезесі тең емес. Біреудікі биік, біреудікі аласа, ал біреудің терезесі шынысыз, қозы қарын ғана қампаяды. Ендеше, шын әділет еш уақытта, еш заманда да болмақ емес. Қазіргі әділет, әділет деп жүргеніміз – соның жұрнағы ғана.
Шерхан Мұртаза "Ай мен Айша"
Жақсылық пен жамандық жағаласып, адалдық пен арамдық айқасып, оңы мен терісі, қойы мен бөрісі алысып өткен осы тірлікте жасынан жан баласына жақсылық тілейтін, басқаға қайырымшыл, қамқоршы болу парызым деп білетін жандар бар. Өзінен бұрын өзгенің қамын қарастырып, хал - жайына қарағыш, адамдарды жарылқауға бар, азаптауға жоқ. Ақылы мен ары сай. Ақ ниетті жүрекпен, әділетті ту еткен алып тұлғалы адамдар өмірде көп - ақ. Бұлардың адам үшін аяры жоқ. Қайнар бастауындай шөлдегеннің сусыны. Олар жеміс ағашы секілді, кім қолын созса да іркілмей иіліп тұрады. 
Әбілсейіт Ақбаев "Қара боран"
... Ер басына қиын іс түсетін де кез болады. Шетте жүрген жалғыздың жұбайынан басқа серігі бар ма, қызым мені жерге қаратпайды, серігіңе жарайды, шырағым. Қарның ашса қуырып же, шөлдесең қайнатып іш, бәріне шыдайды. Тек қорлық көрсетуші болма.
Тахауи Ахтанов "Шырағың сөнбесін"
Газеттегі мақалаларды оқып шыққаннан кейін менің ойыма сонау жайлауда жатқан бір қарт шопан айтқан сөз түсті. Социалистік Еңбек Ері Ілияш Қызырбаевпен әңгімелесіп отырғанымызда, бір реті кеп қалған тұста, мен Ілекеңнен «Махаббат деген не өзі?» деп сұрадым. Қарт шопан қой бағуға байланысты емес бұл сұраққа да ойланып жауап береді.
– Ол – әр үйдің алтын діңгегі ғой, шырақтарым, – деді.
– Сонда кемпір мен шал сіздерде де махаббат бар ма? – деді менімен бірге келген жас зоотехник Ілекеңе бәйбішесі Ақнұрды нұсқай әзілдеп.
– Осы сен күннің нешеу екенін білесің бе? – деп, Ілекең зоотехник жігітке қарсы сұрақ қойды.
– Білемін, аспанда жалғыз ғана күн бар.
– Жоқ, - деді шопан бурыл басын шайқап, - күн екеу, оның бірі көкте болса, бірі жүректе. Жүректегінің аты – махаббат. Махаббат мекендемеген жүрек қысты күні қар астында қалған қараңғы үймен тең.
Ілекең өзіне сұрақ қойған жігітті осылай жеңіп кетті.
Ә. Нұршайықов "Махаббат, қызық мол жылдар"

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Кітап үзіндісі: Ғашықтық – ақымақтықтың бір ағайыны Кітап үзіндісі: Ғашықтық – ақымақтықтың бір
Әлі лайланбаған мөлдір бастаудай баланың ашық жаны бұл дүниеден ойлағанының бәрі бола бермейтінін, үмітінің бірі жеткізсе, бірі алдамшы сағымдай
Кітап үзіндісі: Күн ашықта мойнымда, күн жауғанда қойнымда Кітап үзіндісі: Күн ашықта мойнымда, күн жауғанда
Қазақтың сыры осы. «Күн ашықта мойнымда, күн жауғанда қойнымда» деген қазақ безбеннің басындай ауытқиды. Я достасуға, я қостасуға жарамайтын – осы
Кітап үзіндісі: Адам топ әскерді алдап, өлімге апара алса да, өзіне зұлымдықты қойғыза алмайды Кітап үзіндісі: Адам топ әскерді алдап, өлімге
Жалпы, бала кезде адам "мен де өлуім мүмкін - ау" деп, ойламайды ғой. Өлетіндер ылғида басқалар секілденіп тұрады. Бердібек Соқпақбаев "Өлгендер
Кітап үзіндісі: Теңіз терең емес, адамның жаны терең. Кітап үзіндісі: Теңіз терең емес, адамның жаны
Теңіз терең емес, адамның жаны терең. Су түбінде жатқан зат жел толқытса ғана шықпақ. Ой түбінде жатқан сыр шер толқытса да шықпақ емес. Шықса, шер
Кітап үзіндісі: Уақыт деген падиша шықты да, бәріміз соның басыбайлы құлына айналдық Кітап үзіндісі: Уақыт деген падиша шықты да,
Философия қайда, мен қайда, Мұқан - ау? Дүниежүзінде әйелдерден шыққан қай философты білесің? Білмейсің. Ешкім де білмейді. Өйткені әйел философиясы
Кітап үзіндісі: Адамзат бақытты болу үшін Кітап үзіндісі: Адамзат бақытты болу үшін
Адамзат бақытты болу үшін, ең алдымен, өзінің кім екенін анық білуі керек. Яғни өзінің әулие емес, күнәһар пенде екенін мойындауы керек. Оны
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×